Мемлекеттік тіл: КОРЕБЕЙНИКОВА ҚЫЗМЕТТЕН КЕТТІ

Мемлекеттік тіл: КОРЕБЕЙНИКОВА ҚЫЗМЕТТЕН КЕТТІ

Мемлекеттік тіл: КОРЕБЕЙНИКОВА ҚЫЗМЕТТЕН КЕТТІ
ашық дереккөзі
280

«Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театрындағы дайындық кезінде
хор әртісі Ербол Нариманов пен хор жетекшісі Елена Коробейникованың арасында қазақ
тіліне қатысты араздық туған. Ресми тілді білмегені үшін әртіс жетекшіден сөгіс
естіпті.  «Орыс тілінде сөйле» деп, әртістен
талап еткісі келген Коробейникова ақырында қызметінен айрылды.

  Бұл мәселе неден
туындаған?Дайындық барысында хор жетекшісі Е. Коробейникова Е. Наримановтан
материалды орындауын сұраған. Хор әртісі дайын еместігін айтып, қазақша
сөйлеген. Мұны естіген хор жетекшісі Коробейникова әртістен орыс тілінде жауап
беруін талап етеді.  Әртісті дайындықтан шығарып
жіберген хор жетекшісі  орысша білмегені
үшін оның үстінен арызданатынын да айтқан екен. Бұдан кейін мәселе ушығып, хор
әртістері Е.Коребейникованың тарапынан болған бұл жағдай алғаш рет еместігін
айтып, мемлекеттік тілді білмейтін хор жетекшісінен бас тартатындықтарын
ескертіп, басшылыққа арыз жазады.

  «Астана-Опера»
театрының директоры ТөлегенМұхамеджанов осы
мәселеге қатысты хор әртістерімен және хормейстерлермен ашық жиналыс өткізіп,
мәселенің байыбына қаныққан соң, хор жетекшісін қызметінен босатты. Мәселенің
оң шешімін тапқанына, Мұхамеджановтың мемлекеттік тілге қатысты мәселеге оң
көзқарас танытқанына бәрекелді дестік! Бірақ Коребейникова сияқты «орысша
сөйлеуді» талап ететіндер театрда ғана бар ма? 
Қазақ тілін тасада қалдырғысы келетіндерді кез келген ірі компаниядан
кездестіретініміз анық қой. Бұл орыс ұлты немесе өзге ұлт өкілдеріне ғана
қатысты дүние емес, көптеген қаракөздеріміз де қазақша сөйлеуден сүрініп
жатады. Мемлекеттік тілді қолдап, тілді қорғап, жанашырлықпен шырылдап жүрген  шенеунік көргеніңіз бар ма? Жоқ! Орысша сөйлей
алмайтындар да, қазақша сөйлеуді талап ететіндер де қарапайым қызметкерлер
ғана. Қазақ тілінің жанашыры да солар. Өйткені олар ана тілінің нәрін туғаннан
бойына сіңіріп өскен адамдар. Туған тілінің намысын қорғағысы келетіндер де
солар. 

Театрдағы тілге қатысты дау оңтайлы
шешімін тапты. Ал шешімін таба алмай жүрген тілдік мәселелер қаншама?!  Мемлекеттік тіл қашанғы саудаға салына
береді? Елбасымыз халыққа Жолдауында «2025 жылға қарай Қазақстан халқының 95
пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс» деген еді. Енді бір он жылда қазақ
тілінің жағдайы өзгереді деп күткенімізбен,  мемлекеттік тілдің кеңінен өрістетуді бүгіннен
бастағанымыз дұрыс емес пе? Қашанғы мемлекеттік тілді  сотпен, заңмен, арызбен қорғаймыз? Мемлекеттік
тілде сөйлегені үшін кінәлі болудан шаршаған жоқпыз ба?

«Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,
Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?
Мейірімге зарықтырған заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Туған жердің лайланды-ау тұнығы.

Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай», – деп Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне ән шығарған Төлеген
Мұхамеджанов Коребейникованы жұмыстан босату арқылы мемлекеттік тілдің құқығын
қорғап қалды. Ендеше, тілдік мәселені кез келген мекеменің басшысы осылайша
табанды түрде  қорғайтын болса, тілдің де
мәселесі түбегейлі шешіледі деген сөз. Тілімізді қорғайық! Еліміздің болашағы –
тілімізде екенін ұмытпағанымыз жөн. Тіліңді түзе, бесігіңді түзе! Тілге деген
көзқарас, шындап келгенде, елімізге деген көзқарас. Сондықтан оған бей-жай қарауды
ұмытуға тиіспіз.

Тілді қорғау – ұлтты қорғау! Ұлтты қорғау
– мемлекеттің келешегін ойлау! Мәңгілік ел идеясы да осында –яғни, ұлттың тілі
мен ділінде! Ендеше, ұлттық құндылықтарымызға абай болайық! Оны көздің
қарашығындай сақтау – әрбір қазақстандықтың өз қолында. 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары