Өлі сөзді   тірілткен актер

Өлі сөзді   тірілткен актер

Өлі сөзді   тірілткен актер
ашық дереккөзі

 Оның рольдерінің дені драмалық кейіпкерлер. Бірақ комедия жанрының да ауылы оған алыс емес. Жандарбек рольдерінің жиі есте қалатыны да сондықтан, ол барлық ролін шынайы ойнайды. Шынайылығы сол шығар, оны кейде көрермендер сахнадағы кейіпкерімен жиі шатастырып алып жататыны. Сызылтып ән салатын, төгілдіріп би билейтін, сегіз қырлы, бір сырлы жанның өмірі өнермен біте қайнасқан. Жандарбек Садырбаев ойнаған әрбір роль көрерменіне шуақ сыйлайды. Жағымды ролін көрсе көрермен қуанады, жағымсыз роліне ренжиді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз осындай ерекше актер, өзгеше дарын иесі. 

– Жандарбек, өнер адам­да­ры­ның көбі бала кезінен өнерге жақын болғанын, ән салғанын, домбыра шерткенін айтып жатады. Негізінде, бала біткеннің көбі кішкентай кезінде ұстаз, дәрігер, ғарышкер болуды армандайтыны өмірдің заңы. Сіз ше? Сіз кім болуды армандадыңыз?
– Шынымды айтайын ба? Мен бала кезімде басқа сала туралы мүлдем ойлап та көрмеппін. 7-сыныптан бастап, бокспен айналыс­тым. Әкесіз өскендіктен, анамыздың көңіліне кірбің түсірмеуді ойладық. Мектепте оқып жүргенімде «киноға түсетін адам боламын» деп айтады екенмін жанымдағы балаларға. Ондай адамды актер деп атайтындығын кейінірек анамнан естідім. Мектеп бітіретін жылы «Кім болам?» тақырыбында шығарма жаздық. Сол шығармамда актер болатынымды, киноға түскім келетінін жазған едім. Мектеп қабырғасында жүргенімде өнер үйірмесіне қатыстым. Ансамбльде домбыра шерттік. Сыныптағы үш бала бірігіп, «Тамашаны» ойнайтын едік. Кейінірек, гитараны да меңгеріп алдым. 11-сыныпқа дейін мектептегі барлық іс-шараларды ұйымдастырып, басқаруды меңгердім. Академияға да қиналмай, бірден оқуға түстім. Ұзынтұра қалпым бар, шашым бұйра-бұйра, бас қазандай, арықпын. Әрі спортпен айналысқандықтан, барлық әдістерді оңай меңгеріп алдым. 
– Емтиханда қандай сауалдар келді? Есіңізде ме?
– Ең бірінші актерлік шеберліктен хайуанаттарды көрсеттім. Содан кейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасынан Қодардың өлімін оқығаным әлі есте. Менің Өнер академиясына түсуіме бірден-бір себепші болған адам белгілі актер Бақытжан Әлпейісовтің жеңгесі Отаркүл апай болды. Ол кісі бізге әдебиет пәнінен сабақ берді. Бұрын актер деген сахнаға шығып, елді күлдіру деп ойлап келдік қой. Тереңдеп келсек, актер дегеніміз мүлдем басқа адам екен. Отаркүл апай бірде маған: «Үйге Бақытжан ағаң келді. Тез кел», – деп қоңырау шалды. Үйіне барсам, Бақытжан аға гастрольден келіп, шашын алдырып отыр екен. «Жандарбек деген сен бе?» – деп сұрады Бақытжан аға. Ол кісі: «Тек материал дайындап беруден ғана көмектесе аламын, ары қарай ойнап көрсете алмаймын. Себебі, оған сенің өз табиғатың керек», – деді. Қолыма материалдардың бәрін әкеп берді. Қодардың өлімін және Оспанхан Әубәкіровтің біраз сықақтарын жаттауға берді. «Қодардың өлімінен мына жерге дейін жатта», – деп 2-3 бетті белгілеп көрсетті. Бүкіл мәтінді судыратып жаттап алдым. «Судыратып жаттап оқуға болмайды. Жан-дүниеңмен түсініп, көрерменге жеткізуге тырыс», – деді Бақытжан аға. Отаркүл апай да: «Қодардың сөздерін қарапайым тілмен, өз түсінігіңмен жеткізуге тырыс», – деді. Академияда ректор Есмұхан Обаев болатын. Емтиханды Нұрқанат Жақыпбай мен Ғазиза Әбдінәбиева қабылдады. Нұрқанат Жақыпбайдың тобына қабылдандым. Бізге би сабағынан емтиханға дейінгі дайындықта Алмат деген ағай сабақ берген. Бағыбек Құндақбаевтың күйеу баласы. Тегін ұмытып қалдым. Сол кісі 3-курстан би училищесіне келуімді өтінді. Биге ерекше икемділігімді байқаған болуы керек. «Жоқ, мен биші емес, актер болғым келеді», – дедім. Бірақ кейін ол кісі бізге академияда төрт жыл сабақ берді. Сынақты Нұрқанат ағай, Есмұхан Обаев, Дариға Тұранқұлова қабылдады. Тағы да біраз танымал адамдар болды. Содан «иттің» дауысын салдым. Боксер болдым. Күрестім. Алла сәтін салып, сынақтан оңай өтіп кеттім. Көзді ашып-жұмғанша, төрт жыл өте шықты. 2 курста Нұрқанат ағай Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында бас режиссер болып тұрды. Жастар театрында «Алтын кілт» деген Буратино туралы қойылымды сахнаға шығардық. Осылайша, алғаш сахнаның дәмін таттық. Студент болып жүріп, массовкада талай ойнадық. Тиын-тебенімізді алып тұратын едік. Осы театрдың қабырғасында өстік. Академияны бітірмей тұрып, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа келдім. Марқұм Қайрат Сүгірбеков ол кезде академияда сабақ беретін. Қайрат аға: «Жандарбек, драма театрында «Абылай хан» деген қойылым болғалы жатыр. Сол қойылымға Абылайдың жас кезіне байқау өтіп жатыр. Сенің дене-пішімің, түр-тұлғаң келіп тұр. Соған барсаңшы», – деді. Басты арманым – Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында ойнау. Құстай ұштым. Қойылымның режиссері – Болат Атабаев. Болат аға мені көріп: «Сенің көздерің, бұйра шаштарың, қоңқиған мұрның Тұңғышбай ағаңа келеді екен», – деді. «Көрейік, жасайық», – деді. Академияда жүріп, Тұңғышбайдың қолын ұстап көрмеппін. Ол кезде Тұңғышбай аға бізден үлкен курстарға сабақ береді. Қолыма мәтінді берді. Данагүл апай мен Қымбат апай Топыштың ролін ойнайды. Менің ролім Абылайдың зынданға түсіп қалған кезі. Теледидардан көріп жүрген атақты адамдардың мысы басты ғой деймін, сахнада тұрып, жаттаған сөзімді ұмытып қалдым. Топыш сахнада «Абылай ханнан тұқым алып қалайын» дейді. Кейін рөлге қабылдандым. Екінші құрамда ойнадым. Өнер жолындағы алғашқы ролім «Алтын кілт» болса, одан кейінгі Әуезов театрындағы ең бірінші ролім Абылай хан болды. Екінші актісінде Абылай ханның баласы Әмірсананы ойнадым. Абылай ханды таққа отырғанға дейін ойнадым, одан кейін Тұңғышбай аға ойнады. Драма театрындағы ең бірінші режиссерім Болат аға деп есептеймін. Қолынан келгенше көмектесіп жүрді. Академияда ойнаған ролдерімізді қатырдық деп, Халық әртісі сынды жүрдік. Театр қабырғасына келгенде «Қайда келдім, не оқыдым, не істеп жүрмін?» деген сұрақтар туды. Болат аға жасыма лайықты рольдерге бекітіп отырды. Қолымнан келгенімше, театрдағы ролдердің бәрін сәтті ойнауға тырыстым. Көбінде екінші, үшінші құрамда ойнадым. Ерінбей сөздердің бәрін жаттадым. Пульттің астында бір адам сиятын орын бар. Сол орынға барып, көрінбей жатып аламын. Мені көрермендер көрмейді, актерлер көріп тұрады. Сол жерде жатып, барлық актерлердің қалай ойнайтынын бақылаймын. Актерлер ауырып қалуы мүмкін, сол кезде дайын тұруым үшін. Арнайы спектакльдерді көп көремін. Кейбір актерлердің кейбір қимылдарын «ұрлауға» тура келеді. Рольді дәл беру үшін қажет. Біреуге еліктемесең болмайды ғой, тұтас көшірудің қажеті жоқ, әрине. Өзіңше ойнау керек. Әр актердің қалай жұмыс жасайтынын бақылап, білген де жөн. Соның барлығынан қолымнан келгенше үйренуге тырысам. Әлі де үйреніп келе жатырмын. Болат ағаға деген алғысым зор. 
– Сіздің рольдеріңіздің көбі бірде драмалық, бірде комедиялық, бірде трагедиялық кейіпкерлер…
– Шынымды айтсам, трагедияны да, комедияны да, драманы да ойнадым. Адам болғаннан кейін бір ролім бір роліме ұқсап кететін кездер болатын шығар. Дегенмен, ұқсатпауға тырысамын. Даусымның бояуын өзгертуге тырысамын. Кеше де осылай еді, бүгінде осындай ма деуі мүмкін көрермен. Кейбіреулер «саған комедия жақын ба, драма жақын ба?» деп сұрайды. Менің көңіліме драма жақын сияқты. Комедия актерімін деп айта алмаймын. Комедияны ойнау бөлек, драманы ойнау бір бөлек. Халықты күлдіремін деп қисая беруге де болмайды. Роль алған кезде сахнаға шығып, әр адамның образын қарап шығам. Өйткені жанымдағы әріптестеріме ұқсамауым керек. 
– Мәселен, «Үйленудегі» Ануч­кин­ді бір жылда он рет ойнауыңыз мүм­кін. Он роліңіздің бәрін бір-біріне ұқ­сата аласыз ба?
– Жоқ, ұқсата алмаймын. Айырма­шы­лықтар болады. Бір рольдің барлық қадамын қайталап отыру мүмкін емес. Кейде бірдей болуы мүмкін, кейде бір нәрсе қосып жіберуің де мүмкін. Анучкинге төрт-ақ рет дайындалдым. Сериалға түсіп жүрдім де, екінші құрамдағы жігітке «мені жоқтатпа» деп айтып кетемін. Менің сериалда жүргенімді біледі, бірақ мені режиссер іздей бастаған соң, спектакльге түбегейлі кірісуіме тура келді. Содан кейін 1-2 рет дайындыққа келдім. Сосын «кейіпкерім кім еді?» деп қарастыра бастадым. Сөйтсем жаяу әскер капитаны екен. Жаяу әскер капитанының аяғы ақсақ болуы да мүмкін. Мина жарылуы мүмкін, оқ тиюі мүмкін. Сөйтіп, сахнаға балдақ алдырдым. Барлығы «режиссер олай айтқан жоқ қой» деп жатыр. Менің басты мақсатым – өзге кейіпкерлерден ерекшелену болды. Орыстардың араққа жақын екендігін ескеріп, кейіпкерімді араққа жақындау етіп ойнадым. Мінезін, іс-әрекеттерінің бәрін соған сай ойнаттым. Сөйтіп, кейіпкерімді өзгелерден ерекшелендірдім. Өз образыңды өзің байытпасаң, бәрі бірдей болып қалуы мүмкін. 
– «Аршын мал алан» спектак­лін­дегі Сүлейман ше? 
– «Аршын мал аландағы» Сүлей­ман­ды сомдағанда қатты қиналдым. Басында маған ол рольді берген жоқ. Менің көп рольдерім сондай. Басында бермейді де, кейінірек береді. Басында бір-екі актерге беріпті, ал олардың неге жасамағанын білмеймін. Бұл рольді алған соң, біраз жүрдім. Ешқашан әзірбайжандармен араласып көрген емеспін. Мінез-құлықтары қандай? Олардың болмысы қандай болады? Сосын әзірбайжан ұлты туралы ұзақ іздендім. Әуелде шешендерге біршама жақын болар деп ойладым. Бірақ Тұңғышбай аға мұның дұрыс еместігін айта берді. Мен ол кісіге: «Әзірбайжандардың қандай да бір қасиетін көрсетіңізші?» – деп едім. Тұңғышбай аға маған: «Әзірбайжандардың киносын көр», – деді. Бір күні әзірбайжандардың бағдарламасын көріп қалдым. Олардың көзқарастарын байқадым. Олар бізге қарағанда еуропалықтарға жақын. Қолдан келгенше классикаға жақындату керек болды. Тағы да қасымдағыларға қарадым. Менің бірінші мақсатым – қасымдағыларға ұқсамау. Басында кішкене толықтау болдым да, мәнерім қазақтарға ұқсап кете берді. Репетицияның барлығында аяғымның ұшымен жүрдім. Монологтарымда мақтанып сөйлеу керек болды. Олар өздері мақтаншақ халық. Соның бәрін түсіне бастадым да, образға ақырын-ақырын ене бастадым. «Сенің ролің шықпады», – деп Тұңғышбай аға ылғи айтады. Әдейі намыстансын деп айтады екен ғой. Премьерадан кейін бәрінің аузында бірінші Сүлейманның ролі болды. Бірақ актерлердің де, көркемдік кеңестегілердің де аузында мен болдым. Менің түрім де жалпы қазаққа келіңкіремейді. Шашымның бұйралығы мен мұрт қоюым, қысқасы тұп-тура әзірбайжан болып шыға келдім. Әзірбайжандардың ұйымынан, елшіліктен адамдар келіп көріпті қойылымды. Олар «мына әзірбайжан актерді қайдан тапқансыңдар?» депті. Атырауға барғанда да осы қойылымға әзірбайжандар келді. Мен қойылымнан кейін түсірілімдерім болып, Алматыға тез ұшып кеттім. Сөйтсем, онда да кейіпкерімнің характерін дұрыс көрсеткенімді көп айтыпты. 
– Бұл сіздің жағымды рольдеріңіз, ал жағымсыз кейіпкерлеріңіз ше? Мәселен, «Империядағы кеш…» спектакліндегі бизнесменнің бейнесі.
– «Сыған серенадасында» Абзал­дың ролін ойнаймын. Әлі де ойнап жүр­мін. Сол қойылымды Таразға апарып, қойғанымыз бар. Сөздерін Исраил аға жазған ғой. Қалай жазады, солай орындаймын. «Әй, қу қаншық. Не деп кеттің, ей, қу қаншық, жаңа ғана туғансып» дейтін жері бар. «Бай іздеген байталша, әуейіңмен әуестігің байқалса, айтпады деме, аяғыңнан ұстаймын да айырам» деген бір сөзі бар. Бірақ сол тұсты қайталап, үш рет айтам. Спектакль бітті. Далаға шығып тұрсам, екі жігіт келді. «Сен қалай-қалай сөйлейсің?» дейді маған. Спектакльді тура мағынасында қабылдаған ғой. Оның кейіпкерімнің сөздері екенін, ол тек роль екенін айтып, әзер ақталдым. Осы спектакль бір Тараздың өзінде екі рет қойылды. Одан кейін Тұңғышбай ағаның ауылына да барып қойдық. Ол жақта да маған солай деп келді жігіттер. Басты рольдердің бірінде Зәуре Көпжасарова ойнайды. Ол да Тараздың қызы. Сөйтсем, олар Зәуренің таныстары екен. Біріншісінде күлдім де қойдым. Екіншісінде жағамнан ұстай бастады. Сосын мен де жағасына жармасып, себебін сұрадым. Сөйтсем «Сен неге біздің қарындасымызға қаншық деп тұрсың?» деді. «Оқыған адам болсаңдар, өкпелеріңді режиссер мен авторға барып айтыңдар» дедім. Мен алқашты да, байды да, кедейді де ойнаймын. Мен автордың сөзін айтам. Өлі сөзді тірілтем. Сөйтіп олар оның роль екенін түсініп барып кетті. Театр – өмірдің айнасы. Сол рольдегі адамды көріп тұрып көрермен өмірде осындай адамдар бар ғой деп ойлауы керек. Соңғы рет осы қойылымды ойнағанымызда, «жаптым деген етегің қаншама рет түрілді, тесер ме еді төбеңді, кесер ме еді тіліңді» деп ұрысатын жерім бар. «Жетер, жетті енді, сенің сасық-пасық ойларыңнан» деп гүлмен көкірегімнен бір ұрады да тастап кетеді. Залда «басынан ұр, басынан ұр» деп бір кемпір айғайлап жатыр. Ондай сөздерді көп естимін. Демек, мен өз ролімді жеткізе білдім деп ойлаймын. Халық енді-енді театрға көптеп келіп жатыр. Тоқырау кезеңінде қойылған «Абылай ханда» көрерменнен сахнадағы актерлер көп болатын. «Ақын. Періште. Махаббат» қойылымында да жағымсыз кейіпкерді сомдаймын. Мұқағали ағаға арнап шығарылған. Өз басым жағымсыз кейіпкерлердің жағымды жағын көрсетуге тырысамын. Ол қанша жағымсыз кейіпкер болғанымен, оның да өмірге деген өзіндік көзқарасы, мақсаты бар ғой. «Империядағы кеш…» спектаклінде бизнесменнің рөлін сомдаймын. Ақшасы жоқ адамдарды кекетіп, мұқататын тұсы бар. Ақшаның буы ғой енді. Әйеліме айтатын жаман сөздерім бар. Сонда залдан маған «сауап!» деп айқайлап отыратындар бар.
– Актердің рольде ерекше жар­қырап көрінуі жанындағы серігіне байланысты бола ма? 
– Иә, жаныңдағы серігің мықты болмаса, ешнәрсе істей алмайсың. «Жалғыздың аты шықпас» дегендей, жаныңдағы серігің мықты болса, озасың. Кейде кейбір әріптестердің әсерінен тосылып қалатын сәттер болады. Ойыңдағы нәрсе болмай қалады. Ойнай бересің, бірақ өз ішіңдегі дүние орындалмайды. Ашуланып, кей кезде жылап жібересің. Оларды да түсінуге болады. Пендеміз ғой бәріміз. Сахнаға шыққанда әсер ететін нәрселер болады ғой. Жиырма жасымда «Абылай ханда» Әмірсананың рөлін ойнағанда Тұңғышбай ағамен серік болдым. Ол кісі менің әкем Абылайды сомдады. Сол сахнада Абылайға айтатын сөзім бар. Сахнаға шыққанда сол сөзімді ұмытып қалдым. Сахнада Тұңғышбай ағамен көзім тіресіп қалды да, аяғым дірілдеп, сөзімді айта алмай қалдым. Сол кезде Тұңғышбай аға мырс етіп күлді де, менің айтатын сөзімді өзі айтып, «сен маған осылай дейін деп тұрсың ғой» деп өзі айтып, өзі жауап беріп, іліп әкетті. Сөйтіп, «боссың, бар» деп шығарып жіберді. Спектакль біткеннен кейін, Тұңғышбай ағадан кешірім сұрадым. Ұмытып қалғанымды айтып едім, аға да күліп: «Жас кезімізде біздің де басымыздан мұндай жағдайлар өткен. Қысылма», – деп басымнан сипады. 
– Сахна саңлақтарынан үйрен­ге­ніңіз көп пе? Аты аңызға айналған тұл­ғалардың ішінде кімдермен үзеңгілес бол­дыңыз? 
– Естайдың «Қорланында» Бикен апамен массовкада отырамыз. «Абылай ханда» Шолпан Жандарбекова маған ақ батасын береді. Ол кісінің бірде сахнаға заманауи көзілдірікпен шығып кететін тұсы бар. «Кейуана батаңды бер!» деп басымды көтеріп қарасам, Шолпан апа әндетіп қоя берді. Шолпан апама қарап, күлкі қысып тұр. Сахнада тұрып, күле алмайсың ғой. Өзім соғысқа кетіп бара жатырмын. Сондай қызық болған. Сосын Уайс ағаларыммен бірге сахналас болдық. Жұмабай Медетбаев, Фарида Шәріповамен бірге ойнадым. «Қыл көпір» деген спектакльде Хадиша Бөкеевамен әріптес болдым. Хадиша апай дегенде еске түсіп жатыр. Театрға алғаш келген кезім. Достық-Шевченко көшесінде келе жатсам, Хадиша апам тұр аялдамада. Қолында үлкен екі пакеті бар. Ол кісілер бізді танымайды ғой ол кезде. Жанына келдім де, «Хадиша апай, саламатсыз ба!» деп бірден пакетін алып жатырмын. Ол кісі маған қарап та үлгерген жоқ. «Әй, балам, балам» деді де, «Милиция!» деп айғай салсын. Барлық ел маған қарап тұр. Содан пакетті тастай салдым да, тұра қаштым. Сол жүгіріп қашқаннан Абай көшесіне дейін жеттім. Ол кезде Ерлан, Дулыға, Жалғастармен бірге тұратынбыз. Театрдағы ең кішкентайы мен. Келе салып, жігіттерге жағдайды айтып бердім. Олар әлі күнге дейін күледі. Хадиша апайға кейін бұл жайды айтуға ыңғайсыздандым. Әнуар Боранбаев, Кәукен Кенжетаев сынды үлкен кісілерді көріп қалғаныма тәубе деймін. Мен театрға 1998 жылы келдім. Содан бері көп актерлерді көрдім. «Жүйрік аттың қасында қотыр ат ұялғаннан шабады» дегендей, Ерлан Біләл, Дулыға Ақмолда, Бекжан Тұрыс, Жалғас Толғанбай сияқты ағаларымнан көп нәрсені үйрендім. Қалай образға енуді, қалай ойнауды, қалай сөйлеуді солардан үйрендім.
– Соңғы кездері көрермендердің ара­сында спектакльдерге көңілі тол­майтындар көп. Көп актерлер дайындықсыз келеді. Бұған не себеп? «Актерлер ақша табудың жолына түсіп кетті» деген пі­кір­лер­ді жиі естиміз. Сіз де солай «қара қазан, сары баланың» қамымен жү­ресіз бе?
– Ол да бар шығар енді. Қазіргі заман ақшаның заманы болды ғой. Ресейдің өзінде актерлер айына екі-үш мың доллар алады деп естимін. Оны өзім көрген жоқпын. Олар бай тұрады дейді. Біз де елден кем тұрып жатқан жоқпыз. Бірақ біздің тапқан қаражатпен бір отбасыны асырау мүмкін емес. Мысалы, менің төрт балам бар. Әйелім, шешем, қарындасым бар. Үш бөлмелі үй. Сондықтан біздің қазіргі жалақымен өмір сүру мүмкін емес. «Өнерді сүйсең ессіз сүй» дейді. Біз сондай жанбыз. Аяқ-қолымыз жұмыс істеп тұрғанда, керекпіз ғой кез келген жерге. Барлық нәрсеге шынайы қарау керек. Мен әлгіндей балаларды да түсінемін. Бірақ той мен театрды шатастырып алмау керек. Актер болғаннан кейін тойды басқарсаң да, оны нақышына келтіріп басқару керек. Ал театрға келгенде, оның бәрін ұмыт. Ақ пен қараның арасын қоюлатып жібермеу керек. Екеуінің орнын білу керек. «Біреу дайындықпен келеді, біреу дайындықсыз келеді» дейді. Білмеймін. Ол да көңіл-күйге байланысты ғой. Біреу ауырып тұруы мүмкін. 40 градус температурамен де ойнаған кездерім болған. Қодарды ойнаған кезде құлағым естімейді, актердің аузына қараймын, ол біткенде ғана сөйлеймін. Бізде қазір екі құрам деген жоқ. Бір құрам ғана ойнайды. Ауырып қалсаң ғана екінші құрамды шығарады. 
– Жалпы, екі құрам деген не үшін керек? Көбіне бірінші құрамға мықты актерлер жиналады да, екінші құрамға әлсіздерді біріктіреді. Неге?
– Бізде барлығы бұйрық бойынша бекітіледі. Мен актерлерді бір-бірінен әлсіз, не болмаса мықты деп бөле алмаймын. Ол көрерменннің қабылдауына байланысты ғой.
– Сізде бірінші құрамда болуға ұмтыласыз ба, әлде екінші құрамда да ойнай бересіз бе?
– Әрине, бірінші құрамда ой­науға тырысасың. Ол біздің пси­хо­ло­гиямызда берік орныққан. Жақсы ой­на­саң бірінші, жаман ойнасаң екінші құрамда боласың деген ой дұрыс емес, ме­ніңше. 
– Биылғы маусым сізге қандай жаңа рольдер ұсынбақ?
– Биылғы маусымда армандаған рольдерім көп еді, әрине. Бұл маусым ашылғалы роль алмадым, шынымды айтайын. «Отеллода» сенатор деген роль бар екен. Соның бірінші сенаторын алдым. Соған ақырындап дайындық басталуда. Ресейден келген режиссер. Оның жұмыс істеу әдісі бөлек екен. Әлі алда талай рольдерім болар. Қазірше кино, сериалдарым бар. Театрда ойнасаң, белгілі бір мөлшерде ғана көрерменің болады. Ал кино арқылы көбірек көрермен жинайсың. Олар сосын театрға келе бастайды деп ойлаймын. 
– Бос уақытыңыз бола ма? Немен айналысасыз?
– Бос уақыт бола бермейді. Түсірілімге барып келеміз, театрда қойылымдар. Қазір менің салмағым ауырлап, жалқау болып кеттім. Ендігі бір атқарар шаруам – арықтау. Арықтап, Жандарбектің қандай екенін көрсетсем деп жүрмін. 
– Қазақ актерлерінің шет елдерде танылуына неге мүмкіндік жоқ? Мәселен, сізге Ресейде немесе өзге елдерде киноға түсуіңізге болмай ма?
– Біздің актерлер тар шеңберде қалып қоятыны рас. Былтырғы жылы Иранға, Кореяға барып келдік. Театрдың көркемдік директорды Еркін Жуасбек жуық арада Англияға барамыз деп отыр. Кино арқылы танылмаса, актерлерге театр арқылы шет елдерге танылудың ауылы әлі алыс. Барлық елдерді байланыстыратын өнер. Өнер арқылы биіктеуге де болады. 

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС