ЕЛБАСЫ ҮКІМЕТТІ СЫНАДЫ
ЕЛБАСЫ ҮКІМЕТТІ СЫНАДЫ
Өткен жұмада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үкіметінің кеңейтілген мәжілісіне аса ашулы келді. Үкіметтің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берген Елбасы осыдан бірнеше ай бұрын Үкіметке біраз мәселелерді қатаң түрде тапсырғанын, алайда оның біразының орындалмағанын қадап айтты. Мәселен былтыр Үкіметке тапсырылған 33 тапсырманың 11-і ғана орындалыпты.
Елбасының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді дегелі біраз сарапшылар өздерінің болжамдарын алға тартқан еді. Көп болжамның бірі – Министрлер кабинетінің отставкаға кетуі, Келімбетовтің Ұлттық банкі басшылығымен қоштасуы және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Өмірзақ Шөкеевтің оңтүстік астана – Алматыға басшы болып келуі, күштік құрылымдардың біразының, соның ішінде Мемлекеттік хатшы лауазымының жойылуы болғаны анық. Алайда болжаушылардың бұл сәуегейлігінің ешбірі жүзеге аспады. Елбасы Үкімет жұмысына аса қанағаттана қоймаса да, әлі де біраз өмір сүруіне бата берді.
ЕЛДІ ДҮРЛІКТІРГЕН ДЕВАЛЬВАЦИЯДАН СОҢ…
Жиындағы әңгіме ауанын үш мәселе төңірегінде түйіндеуге болады. Оның алғашқысы, әрине, жұртты біршама дүрліктіріп барып басылған – девальвация мәселесі. Жұртты тыныштандыруға әрекеттенген Елбасы қап-қап ұн алудың қажеттілігі шамалы деді.
– Бізде 20 миллион тонна астық бар, яғни ұн сатып алуға толық жеткілікті. Күнделікті өмірде тұтынатын – нан, ет, сүттің – бізде бірнеше жылға жетерлік қоры бар. Демек, дүрлігудің қажеті жоқ, – деді ол.
Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, теңге девальвациясы арқылы отандық экономика 6 пайызға өсуі тиіс. Бұл ретте Елбасы Қайрат Келімбетовтің теңге девальвациясы жайында тек сол күні түнде естігенін жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, банк басшылығы бұл қадамды талай ой өткелегінен өткізіп қабылдаған. Әрі оның негізді және сенімді қадам екеніне сенімді.
Теңгенің курсына қатысты жауапкершілік Ұлттық банк пен Үкіметке жүктеледі. Бюджет қазынасына түсетін қаражаттың молаюы құптарлық шара. Бұл қаражат халыққа – зейнетақы, жалақы болады және кірістің өсуіне алып келеді деген ол әлеуметтік төлемақылардың өсетіндігін жеткізді. Мәселен, биылғы сәуірден бастап, зейнетақы – 14 пайызға, яғни биыл қаңтардан 9 пайызға өскен зейнетақы тағы да 5 пайызға өспек. Жаңа жылдан жеті пайызға өскен әлеуметтік төлемдер тағы да бес пайызға өсіп, жиынтығы – 12 пайызға ұлғаймақ.
Елбасы әкім-қараларға бағаның күрт өсуін бақылауды тапсырғанымен, бүгінде қара базарлар мен дүкендерде баға 10-20 пайызға өсіп кетті, жалақы мен зейнетақының өсуі инфляцияның шаңына ілесе алмайтындығымызды көрсетіп отыр.
– «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына енетін компаниялар тобына сәуірден бастап, кәсіпорындар мен өндірістерде жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысын 10 пайызға өсіруді тапсырамын. Алайда бір орында отырып, үстел сүртуден әріге бармайтын кеңсе қызметкерлеріне жалақыны өсірудің қажеті жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Демек жалақы тек зейнеткерлер мен жұмысшылар үшін өседі. Ал онсыз да халі мүшкіл, қағаз кеміруден қолы босамайтын кеңсе қызметтерінің нәпақасы өзгеріссіз қалуы әбден мүмкін.
ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ АҚСАП ТҰР
Үкіметтің ақсатып тұрған тағы бір саласы – инвестиция тарту мәселесі. Елбасы елде шетелдік инвесторлардың тілін таба білетін саяси курстың қалыптаспай отырғандығын тілге тиек етті. Сонымен бірге, егер Ахметов үкіметі инвесторлар үшін жайлы климат жасай алмаса, оны таратуға дейін баратындығын сөз етті. Бұл ретте Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың атына сын ескретпе көбірек айтылды.
– Индустриализация трансұлттық компаниялардың келуімен ғана жүзеге асады. Солармен бірге ірі өндіріс орнын ашамыз. Бізде осы мәселелерді шешуге қабілетті адамдар жоқ, шетелдіктермен тіл табыса алатындар жоқ. Мәселе осында. Бұл істі әлде сіздер жасайсыздар, әлде басқа үкімет жүзеге асыратын болады. Өйткені бұл өте маңызды. Біздің артықшылықтарымыз мол, алайда соны қажетінше пайдалана алмай отырмыз, – деді Елбасы Ерболат Досаевқа шүйліге отырып. Елдегі инвестициялық климатты бұдан да жақсарту үшін, мамыр айына дейін комиссия жасақтап, инвесторларды ынталандыру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды:
– Бұл мәселеге қатысты жасалған келісімдер мен келісім-шарттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Инвестиция кедергісі аз, жұмыс істеу мүмкіндігі қайда болса, сонда құйылады. Біз халықаралық деңгейдегі көлік-логистикалық жүйені құруға тиіспіз. Бұл үшін барлық ұлттық логистикалық активтерді біріктіріп, «Қазақстан Темір жолының» басшылығындағы әріптестер альянсын құру қажет, – деді ол.
ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖАЛҒА ЖЕР БЕРІЛЕДІ
Осы кездесудегі ең маңызды әңгіменің бірі – жерді шетелдік инвесторларға жалға беру мәселесі болды. Тақырып шетелдік инвесторлардан жұмыс күшіне ойысқанда, бұған дейін қазақ қоғамының күшті қарсылығына ұшыраған, жерді шетелдіктерге жалға беру туралы әңгіме қайта қозғалды.
– Қазақстанда жұмыс күшi жетiспейдi, қытай қаптап кетедi дейдi. Мың шақырым құбыр тарттық, Өзбекстаннан берi қарай мұнай құбырын салдық. Мың қытай бiр жылда салды. Құбырды салып бiтiрген соң бiрi қалмай кеттi. Неден шошитыны бар?! Бiр жылдың iшiнде мың шақырым құбырды кiм салады, айтыңдаршы?! Бұл мәселенi шешу үшiн не қажет? Заңнаманы өзгерту керек пе, үкiметтiң шешiмi қажет пе? Осыны шешейiк. Бұл мәселенi шешу үшiн не қажет? Заңнаманы өзгерту керек пе, үкiметтiң шешiмi қажет пе? Осыны шешейiк. Жердi жалға берудi 10 жыл деп белгiледiк. Батыста 9 жылдан бастап елу, жүз жылға бередi. Он жыл дегенге кiм келедi? Бұл жалға беру ғой, несiне қорқамыз? Неге жердi дұрыс пайдаланбаймыз? Бiзден арабтар жер сұрап жүр. Қытайлар да “жалға жер берiңдер, өнiм өндiрейiк” дейдi. Айтпақшы, мына көршi Қытайда нашар жағдайдың өзiнде гектарына 30 центнер өнiм алады. Бiз олардан кембiз бе? – дедi Н.Назарбаев.
Бұған дейін шетелдіктерге жерді жалға беру әңгімесі жоғары мінбеден екі рет көтерілген еді. Ең әуелі, Жамбыл облысынан соя егетін алқаптан қытайларға 10 мың гектар жер беру туралы әңгіме көтеріліп, қоғам қатты наразылық танытқан соң, басылған еді. Екінші рет осы әңгімені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көтергенде қоғам тағы шулаған болатын. Бұл жолғы әңгіме теңге девальвациясының көлеңкесінде қалып кетті ме, жоқ әлде бұған да көндігетін сыңайлымыз ба, әзірге қоғамның қарсы реакциясы байқалмайды.
ҮКІМЕТ КАЗАРМАЛЫҚ ЖАҒДАЙДА ЖҰМЫС ІСТЕЙ МЕ?
Елдегі кәсіпкерлікті дамытуға Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінетін болады. Бұл қаржы экономиканы несиемен қамтамасыз ету үшін бөлінбек.
– Ел экономикасы, біздің кәсіпкерлер ұзақмерзімді несиеге зәру. Сыртқы қаржылар жетпейді. Бұл мемлекет қорын экономикаға шұғыл жәрдем көрсетуге мәжбүр болғанда қолданатын шараларымыздың бірі. Ұзақмерзімді несиелер үшін 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылдадым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы Үкіметті жатпай-тұрмай, күн-түн 24 сағат жұмыс істеуге шақырды. Әрине, Үкімет мүшелері бас изесіп тарасты. Алайда бұл бас изесу бұның алдындағы бас изесуге ұласып кетпесіне кім кепіл. Өйткені Ахметов үкіметі бұған дейін де Елбасын жерге қаратпауға бірнеше рет уәде берген болатын.
АХМЕТОВ ІСКЕ КІРІСІП КЕТТІ
Осы мәжілістен кейін Елбасы қабылдауында Премьер-министр Серік Ахметов пен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов болды. Кездесудегі басты мәселе тағы да девальвацияның халыққа кері әсер етпеуі жайында. Елбасы бірінші кезекте азық түлік бағасын бақылауға алуын тапсырды. Сондай-ақ, бағаның қолдан жасанды өсірілмеуі, валюта айырбастау пункттерінде спекуляцияға жол берілмеуі тиіс деді ол.
– Бұрынғы бағамды ұстап тұру үшін біз маусым-тамызда ұлттық резервтен 2,7 млрд. доллар, ал қаңтарда – 2,2 млрд. доллар саттық. Мұндай бағытта жағдайдың бақылаудан шығып кетуі мүмкін еді. Қазіргі уақытта бағамның өзгеруіне қатысты түрліше баға берілуде. Көпшілігі бағам 20%-ға өзгерді, демек барлық тауардың бағасы да екі-үш есе өсуі тиіс деп ойлайды. Сол себепті кеше Үкіметпен және облыстар әкімдерімен бірлескен отырыс өткіздік, онда біздің алдымызға ең басты міндет – инфляция деңгейін 6-8% шегінде қамтамасыз ету талабы қойылды. Бұл орындалатын міндет деп ойлаймын. Мысалы, 2009 жылы инфляция деңгейі 6-7%-дан асқан жоқ. Бұл үшін бізде оны ұстап тұрудың барлық амалы бар, – деді Қайрат Келімбетов Елбасымен кездесу барысында.
Премьер-министр Серік Ахметов сауда нүктелерін тауарлық өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету, айырбас пункттері, жанар-жағармай құю стансалары және базарлармен қоса барлық бағыттар бойынша күнделікті мониторинг жүргізу мәселелері жөнінде үлкен кеңес өткізілгенін хабарлады. Үкімет басшысы бүгінде мұнай өнімдерінің әлеуметтік маңызды түрлері – АИ-92, АИ-80 бензині мен дизель отыны бағасын 30-45 күн бойы көтермей сатуға қажетті жанар-жағармай елдің қоймаларында жеткілікті екенін де айтты. «Соған байланысты аталған жанар-жағармай түрлерінің бағасын көтеруге еш себеп жоқ», – деді С.Ахметов. Бұған қоса алдағы аптада әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 35 түріне қатысты шешім қабылданып, бағаның минималдық шегі белгіленеді.
Ал сейсенбі күні Үкімет мүшелерінің екі аяғын бір етікке тыққан Серік Ахметов бірден аудан әкімдеріне шүйлігіп, он бірдей аудан әкімін орнынан алып тастады. Оларға тағылған айып, ауданда кәсіпкерлікті дамытуға қажетті жағдай жасай алмағандығы.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ