СӘЛЕММЕН, АҒАҢ ҒАДІЛША!

СӘЛЕММЕН, АҒАҢ ҒАДІЛША!

СӘЛЕММЕН, АҒАҢ ҒАДІЛША!
ашық дереккөзі

1988 жыл. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісімін. Қызметкерім Әмірхан Меңдеке. Жыл басында Алаш арыстары ресми түрде ақталып, олар туралы алғашқы материалдар біздің газетте жариялана бастаған. Орталық Комитеттің ұйғарымы солай. Идеология хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің тактикасы. Партиялық басылымдардан бұрын алдымен осы әдеби газет арқылы «жол ашып» алу керек. Шерхан бастаған «жалаңтөстер» іске қызу кірісіп кеткенбіз. Алматыдағы алаш рухты азаматтармен қоса шетте жатқан, заманның зобалаңын көп көрген, әйгілі арыстармен кезінде таныс-біліс болған аяулы ағалармен де жан-жақты хабарласа бастадық. 

Олардан сұрайтынымыз – естеліктер, мақалалар, тағы басқа да құнды деректер. Сондай күндердің бірінде редакциямызға сұңғақ бойлы, ашаң жүзі, алпыстар шамасындағы бір адам келіп кірген. Таныстық. Сөйлестік. Ғаділша Қаһарманов деген кісі екен. Көкшетаудың Бурабайынан. Сол жерде ұзақ жыл мектеп директоры болыпты. Бізді ең қызықтырғаны – бұл адамның әкесі (Қаһарман) атақты Мағжанның туған ағасы көрінеді. Ал Ғаділшаның өзі бала кезінде ұлы ақынның көз алдында өсіпті. Міне қайда олжа! Кейін «Жәжеке» деген (Мағжанды кіші ағайындары осылай атаған) аса құнды естеліктер жинағын шығарған («Қазығұрт». 2005) Ғаділша Қаһарманұлымен мен осылайша танысқам. Бұл таныстықтың соңы аға-інілік жақсы сыйластыққа ұласқан. Оның нәтижесі қандай болды? Ұлы ақынға қатысты қандай игілікті жұмыстар істелді? Төмендегі хаттар осы сұрақтарға біраз жауап берер деген ойдамын.

(Өкінішке қарай, Ғаділша ағама тағдыр «Жәжеке» кітабын көруді жазбапты. Ол 2000 жылдардың басында дүние салған екен).

Дидахмет

Құрметті Дидахмет!

Сізге сәлем жолдап амандығыңызға ортақ болушы – ағаңыз Ғаділша. Мағжанның немере інісі. Мүмкін ұмытып қалған болуыңыз да. Сізге келуші кісілер көп қой, дегенмен де мені ұмытпас деп сенгендікпен екі рет телефонмен звондап, сізді таба алмадым. Оған қарамастан, өзімнің сізге берген уәдемді орындап, естелігімді (Менің өтінішім бойынша Мағжан туралы жазылған естелік – Д.Ә.) жазып жіберіп отырмын. Мүмкіншілігі болғанша, «Қазақ әдебиетіне» бас­тырып шығаруыңызды күтем.

Мен адресімді сізге берген едім. Сонда да болса қайталаймын:

476433, п.Боровое

ул.Советская 18/36

Тел.71-3-68

Көргенше қош-сау болыңыз.

 * * *

Ғаділша аға!

Саламатсыз ба?

Хатыңызды алдым. Пейіліңізге рақмет! Мақаланың шыққанына өзім де қуанып қалған жа­йым бар. Біріншіден, Мағжан – бәрімізге ортақ азамат қой. Ол кісінің өмірбаяны өстіп толыға берсе, кейінгі ұрпаққа бізден үлкен кәде болмақ. Екіншіден, берген уәде орындалуы керек. Мен сізге сондай уәде бергенмін, міне ол орындалды. Айтпақшы, бұл мақала осы күйінде келесі жылы «Жалын» баспасынан жарық көретін «Бес арыс» деген кітапқа кірмекші. Рецензент «Жақсы естелік» деген баға беріпті. (Кітапты құрастырушы – мен.).

Ғадеке, қайтар жолда соғам десеңіз – оған да ризамыз. Егер жұмыста болмай қалсам, үймен хабарласыңыз. Адресім: Алматы қаласы, Ленин даңғылы, 107/2, 32 пәтер. тел.: 65-47-87.

Сәлеммен Дидахмет.

12 желтоқсан, 

1989 жыл. 

* * *

Құрметті Дидахмет!

24/V-89. күні жазған ха­тыңызды алып, өте риза болып, қуанышым қойныма сыймай отыр. Үлкенді сыйлап, хатымды аяқсыз қалдырмай, жа­уап берумен қатар, мақалама баға бергеніңе де көптеп алғыс айтам.

Ал, басындағы сынмен келтірген дәлелдерімді алып тастауға да болар. Мүмкін мен оны туыстық қызғанышпен де жазып жіберуім.

«Бес арыс» атты кітапқа қосамын деген қуанышты хабарыңа өте ризамын.

Бұл маған мінгізген жүйрік атың болар.

Осылай адал еңбек етіп, ұзақ өмірмен жемісті еңбекті сізге бағыштаймын! Кей азаматтар айтқан сөздерінде тұра алмай кетті ғой.

Биылғы сіз таныстырған «Өркендегі» Есжан Айнабеков осы күнге дейін менің статьямды шығара алмай жүрген көрінеді. Қолынан келмейтіні бар, жалған айтпау керек еді ғой. Бұл тек сізге айтылған көңіл ғой.

Дидахмет! Мүмкіншілік та­уып, тағы да сол ағай мен жеңгей (Мағжан мен Зылиха) жөнінде де естелік пен олардың махаббаты жөнінде жазам ба деген ойым бар. Бұрыннан ойда жүруші едім, жинаған мәліметтерім бар. Оны жазып болған соң өзіңізге жіберермін, сынарсыз.

Қазір менің айналысып жүргенім: Мағжан ағайдың өмірге қайта оралып келуін туыстармен және халықпен бірге атап өткізуді Солтүстік Қазақстан облысының Обком партиясымен келістік. Оргкомитет құрғызып, сол туған жерде Сасықкөл басында 22 июльде өткізуге келісіп, кеше келіп отырмын.

Программа үлкен, іске асса жөн болар еді. Ол кісінің атымен мектеп, балалар кітапханасы, сов­хоз, көше аталатын болды.

«Приз для журналистов им. М.Жумабаева» тиянақталатын болды облыс бойынша.

Жазушылар одағынан О.Сү­лей­меновті шақырамыз де­генді айтады. Ал сіздің газеттен де келу керек қой. Оған өзіңіз келсеңіз қалай болар? Мүмкін мен шақыру қағаз жіберсем қайтер екен?

«Қазақфильмнен» де шақырған дұрыс шығар. Өзіңіздің қандай ақылыңыз бар тағы да осыған қосатын.

Сәлеммен ағаң Ғаділша

4/VІ-89

* * *

Құрметті інішек Дидахмет!

Міне, қолымда 48-нөмерлі «Қазақ әдебиеті», қуанышым қойныма сыймай, сол қуаныш сезімімді сізге жеткізуге асығыспын. Көп күттім, сарғайдым, үмітті үзген едім, бірақ сәті түсті, жарық көрді ғой еңбегім. Сізге көптен-көп алғыс айтып, ағалық жүректен үлкен денсаулық, семьялық бақыт, еңбекте зор табыс болып, бақытың арта берсін. Міне, кеше мен осы Мерке санаториясына демалысқа келіп, орналасып жатырмын. Мұнда 28 декабрьге дейін болам да, Жаңа Жылға сіздерде болармын. Жаңа Жылда бір болып, бір-бірімізге тілек айта ала алсақ, өте жақсы болар еді.

Жеңгеңнің қысқы каникулы да сол кезде басталады ғой. Ол да Алматыға келіп қалды. Ол үшін қолыңыздан келсе, бізге 2 билет «Тамашаға» ұйымдастыра алсаңыз жақсы болар еді. Бұл жеңгеңнің көптен арман еткені еді.

Жеңгең риза болса, ағаң да гүл жайнайды ғой. Осыны бір ойластырып көрші.

Маған хабарын қысқа түрде беріңіз.

Сәлеммен ағаң Ғаділша.

(Ұмытып барам, менің мақалама екеуіміз қосқан Сәкеңнің аты жазылмай қалыпты ғой?

Ол маған өкпелейді ғой тағы).

 6/ХІІ-89.

Құрметті Дидахмет!

Сәлем жолдап, амандығыңа ортақ болушы ағаң – Ғаділша.

Алдымен сұрағым, өткенде мақалаға гонорар жібермеді ғой сіздің есепшілер, ол қалай болғаны. Мүмкін менің адресім дұрыс болмағаны ма?

Екіншіден, мына мақаламды саған тағы жіберіп отырмын, ретін табарсың газеттің бетінде жарық көруіне.

Машинка тауып, бастырғанша көп уақыт өтті ғой.

«Бес арыс» деген кітабың шыққан жоқ па? Соны да күтудемін.

Дидахмет! Саған тапсырыс, егерде кімді шақырамыз деген ой болса… Мағжанға арналған творчестволық конференцияға. Ол 23 наурызда өтпекші. Астанада. Соған мені шақыртатындай ретін қарастыр. Оны «Қазақ әдебиетінің» 8-нөмірінде оқыдым. Бақыт Сарбалаевтың мақаласында айтылыпты.

Мен жуырда Қызылжарда болып келдім. Совхоздың атын әлі бермеген. Соны барып қозғап қайттым. Музейдің де экспонаттарында –Хамза Абдуліннің туыстары. О да мені қатты ренжітті. Хамзадан құтыла алмадық қой. Мағжан өзі тірі болғанда, бұл (…) аузын да аша алмас еді. Көзі жоқ болған соң, аузына келгенін шата беретін (…) адам екен.

Мен туысымды таза ұстағым келеді.

Бұл туыстық борышым.

Мені сөкпе, қарғам.

Сәлеммен ағаң Ғаділша.

25/ІІ-90.

* * *

Қарғам Дидахмет!

Соңғы салған хатыңды алдым, көптен-көп алғыс айтып, саған зор денсаулық тілеймін. Сәлем жолдаушы Ғаділша ағаң.

Бүгін «Қазақ әдебиетінің» 12-нөмірін алып, редакция алқасының құрамында болғаныңа қатты қуандым. Сендердің ілгерілек өскендерің бізге үлкен қуаныш, арқа тірейтін тірек болып таныласың.

«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» деген сияқты. Бұдан жыл бұрын сенімен бірінші рет және «Қ.Ә.» қызметкерлерінің ішінде жылы ишаратпен амандасып танысқан едің. Және менің еңбегімді де жарыққа шығаруға да көп еңбегің болды ғой.

Бөлім меңгерушісі болғаныңа үлкен тілек айтумен бірге, құт­тықтауды да жөн көрдім, қабыл ал бауырым!

Ал, Әмірхан Меңдекеевке өзің тапсырып берсең болғаны ғой, өзіңмен бірге істейді ғой, арасында есіне салып отырарсың.

Петропавловскіден Обкомның идеология бөлімінің басшысынан хат алып отырмын, музейге қоятын заттар іздестіріп жатырмыз, соған көмектессеңіз дегенді айтады. Мүмкін солай қарай жүріп кетем бе деген ойым бар.

Жазушылар одағынан хабар жоқ. Бүгін 26/ІІІ, ендігі қалған 2 күнде мен олардан шақыру болады деп сенбеймін.

Дидахмет! Өзің менің еңбегіммен оқып таныса алдың ба?

Сәлеммен ағаң Ғаділша. 

27/ІІІ-90 ж.

* * *

Құрметті ініміз Дидахмет!

Сәлем жолдап, сізден сәлем күтуші ағаң – Ғаділша.

1989 жылы Астанада қолын қусырып, бірінші мені таныған да, менің естеліктерімді кітап етіп жазып (бастырып – Д.Ә.),бүкіл оқырманға таныстырған да сіз едіңіз. Одан алды 4-5 хат жазып, хабарласып тұрған едің. Сол ниетің маған қанат беріп, Мағжан бауырым жөнінде көптеген мақала жазуға себепкер болғаныңды жасырғым келмейді, тағы да сіздің сол хаттарың турасында да ойларды топтап жазармын деген ойым бар.

Жуыр арада Омбы қазақтары шақырып, барып қайттым. Олар Мағжанның 105 жылдық тойын өткізуді менен қолқа қылып сұраған соң ризалығымды бердім. Оған Қазақстаннан кімді шақырамыз дегенде, мен сенің фамилияңды атадым және Мұхтар Мағауинды. Осыны есіңе ұста, келетін боларсың.

Ал Дидахмет! Менің Мағжан, Зылиха, Граждан жөнінде жазып қойған 10 шақты бет қолжазба естелігім бар, соны «Түркістанға» бастырып, оқырманға жеткізуіңді күтем. Жібер десең дайын тұр. Хабар күтем. Сағыныш сәлем күтем.

 Ғаділша ағаң

15/Х-97

* * * 

Қарғам Дидахмет!

Амандықта болуыңа әрқашан да тілектеспін. Мен де сондай тілекпен кәрілікке берілмей, жастармен жанасып өмір кешіп жүрмін. Мағжан ағамыздың әруағы шығар мені қолдап, сақтап жүрген.

Ал, Дидахмет! Мына мақаламды жіберіп отырмын, мүмкіндік болғанша қысқартпай сақтап бастырарсың.

Машинкаға басқанда бір данасын маған бастыр, оны биыл барғанда өз қолыңнан алармын.

Мұхтар Мағауиннен ретін тауып менің еңбектерімді қашан бастыратынын білерсің.

Сәлеммен ағаң Ғаділша

 6/ХІ-97 ж.

* * *

Құрметті Дидахмет!

Сәлем жолдап, амандыққа ор­тақтасушы ағаң Ғаділша.

Биыл осы наурыздың 28-інде «Ардагерде» болуға путевка алып, жүруге әзірленіп жатырмыз.

Дәм жазса, сонда 24 күн жатып, емделіп қайтамыз ба деген ойдамыз. Сенің «Түркістан» газетінде менің мақаламды жарық көрсетіп, шығарғаныңа өте ризамын.

Бірақ көп қысқарып шыққан. Өкпем жоқ, оған ренжіме!

Мың да бір алғысымды айтам саған. Реті келсе тағы да қолжазбаларымды ала барармын.

Бірақ, фотографың болсын. Мені бір рет фотоға түсіріп, бір шығарсайшы. Сен оны істемесең, кім істейді?

Маған сенің адалдығың мен адамгершілігің ұнайды, сондықтан да осылай сенімді, батыл айтам.

Кездескенше, қош сау бол. 

  Сәлеммен ағаң Ғаділша

ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ ТҰҚЫМЫ

 («Жәжеке» кітабынан)


1930 жыл Жұмабай әулетіне қырын келіп, қаһарын төгіп, ата қонысынан ажыратып, қаңғыртып жіберді. Ал 1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргін одан да асып түсті, ұрпақтың түбіріне балта шапты. Абақтыға жауып, атты, құрбан қылды тірісін. Мағжанның туыстары «халық жауының тұқымы», «алашордашылар» деп айыпталып, аузымызды аштырмай, мүлдем көшеде де жүруге болмай қалды.

Мен ол тұста 13 жастағы бала едім. Мектепте оқып жүрген кезім. Көшеде келе жатсаң кейбіреулер: «Әне, қасқырдың бөлтірігі, халық жауының інісі», – деп көзге шұқығандай қолымен шошайтып көрсетіп, кіжінетін. Оларды көрмегендей, естімегендей болып тез-тез басып жүгіріп кететін едім. Бұл жастар аса айтпайтын, үлкендерден шығатын сұрқиялық қылықтар еді.

1940 жылы мен Қызылжарда қазақ орта мектебінде оқып жүргенімде мені комсомолға мүшелікке алмай, үш рет комсомолдың жалпы жиналысында қарап: «Қаһармановты комсомолға алуға болмайды, ол Мағжан Жұмабаевтың інісі, халық жауының тұқымы», – деп әшкерелеп, мұғалімдер бастап беріп, оны көп комсомол қолдап, біреулері маған сұрақ қойды: «Мағжан саған үйіңе барғанда не деді, қандай әңгіме айтты, оның қай өлеңін жатқа білесің?» – деп. Өзіммен бірге оқитын, отряд пионервожатыйы болып істейтін жолдастарым да осы сауалдарды жаудырды. Осы қызу талқылаудың соңында мектептің аға пионер вожатыйы Рәшида Азаматова сөз алып сөйлеп, менің қоғамдық жұмысыма қорытынды баға беріп: «Әке үшін бала жауап бермейді, комсомолға Қаһармановты қабылдауға болады. Адал оқушы, тәртіп сүйгіш. Оны тағы да қоғам жұмысында сынап, байқауға болады», – деді.

Комсомолдың жалпы жиналысында Рәшиданың ұсынысы өтімді болды. «Қаһарманов Қызыл ту көшесінде тұратын он кісі саутсыздарды іздеп тауып, олардың сауатын ашып оқытсын. Күзгі жаңа оқу жылында тағы да комсомол жиналысында қаралсын» деген шешім қабылданды. Бұл тапсырманы орындау үшін Қызыл ту көшесінде үй басы жүріп сауатсыздарды есепке алып, бір үйдің моншасында төрт ай оқытып, тапсырманы тыңғылықты орындадым. Оның орындалғанын тексеру үшін Қызылжардың қалалық оқу бөлімі комиссия жіберді. Олар сауатсыздардың жазып-сызып есеп шығаруын, оқуын тексерді. Тек сол комиссияның тексеру қорытындысы менің адалдығыма кепіл болды. Осыдан кейін үшінші рет комосомолдың жалпы жиналысында мені тағы қарап, талқылап, қызу мәселе қозғалды. Менің комсомолға мүшелікке өтуімді жақтаған аға пионер вожатыйлар: Рәшида Азаматова, Ғалым Мұқаметжанов, Ігіберген Фазылов. Осылайша менің комсомолға мүше болып өтуім көптеген әуре-сарсаңнан соң ғана мүмкін болған еді.

1941 жылы Отан соғысы басталысымен мен майданға өзім сұранып кеттім. Жағарыдағыдай жексұрын атақтан арылар ма екенмін деп. 1942 жылы Қызылжардың қалалық әскери комиссариаты берген жолдамамен Ташкентке барып, Шыршық әскери училищесіне курсант болдым. Бірақ училищені бітіргізбестен майданға, Орлов – Курск доғасына апарып салды. Осыдан бастап соғыс біткенге дейін майданда болып, екі рет жараланып, тек 1946 жылы елге қайттым. Жеңіспен қайтып келгеннен соң, «халық жауының тұқымы» деген қаңқу сөзден құтылғандай болдым. Бірақта көңілде сенімсіздік болды, біреу болмаса біреу айып қыла ма деген. Сондықтан нағашы жұртым Шортанға көшу ниеті жөн көрініп, шешемді Көкшетау облысына қарасты Бурабай станциясында тұратын Байғожа нағашыма апарып, өзім оқуға Алматыға кеттім. Онда жиен апаларымыз Жамал, Зыхатай, Софья, Мәрзия тұратын. Солардың жәрдемімен Абай атындағы педагогикалық инс­титутына түсіп, оны 1952 жылы бітіріп шықтым да, сол Көкшетау облысында мұғалімдікте қалдым. Енді мені бұл жерде «халық жауының тұқымы» деп ешкім де атамады. Бұл елде мені тек апайдың баласы, «жиен» деп қана таныды.

«Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дегендей, менің туған жеріме деген құмарлығымда шек жоқ, қайда жүрсем де Қызылжарды аңсап, сағынышым арта беретін. Оның көшесінде ағам Мағжанның табанының ізі жатқандай болатын. Сондықтан болар туған жерге асығуым. 1954 жылы ауысып Қызылжардың қазақ орта мектебіне оқу бөлімінің меңгерушісі болып барған едім, сол өзім оқыған, комсомолға өткен мектебіме. Мені оқытқан оқытушыларым Әбілманов, Р.Хасенов әлі мұғалім болып істеп жүр екен. Мен комсомолға өтерде жанымен мені жақтаған Рәшида Азаматова бастауыш сынып мұғалімі болып істейді екен.

Қызмет бабында бәрі жақсы, «сіз-біз» – деп тұрады. Бірақ оқу жылы аяқталып, емтихан басталарда мені қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі (Дигтерова, я Дигтаренко ма, ұмытып қалдым) шақырып менімен көп әңгімелесті. Оқу-тәрбиеге байланысты мәселелер жөнінде пікірлесті. Тек сөз соңында: «Сіздің ұжымнан арыз түсті, сізді «халық жауының баласы, ағасы алашордашыл ақын болған» дейді, осы рас па?» – деп сұрағанда не дерімді білмей тосылып қалғаным бар.

Жасырмай түгел ағымнан жарылып айтып бергенімде ол: «Өсек-аяңның бәрін өзіңіздің жолдастарыңыз жеткізіп отыр. Менің ақылымды алсаңыз, қызмет орныңызды өзгертуге тура келеді», – дегенді айтты.

Мен қарсыласпай, қайтадан Көкшетау облысы, Шортан ауданына ауысып кеттім. Тағы «жиен» деген атқа жарыдым. Ал КГБ менің сыртымнан бақылау жүргізіп жүргенін де сездім. Бірақ жергілікті жұртшылық, ата-аналар сыйлап, сүйіспеншілікпен қарап, сенім артып, 4 дүркін жергілікті Кеңестің депутаты етіп сайлады. 30 жыл мектепте директор, зав.районо, инспектор болып еңбек атқардым. Коммунистік партияның мүшелігіне өттім. Обком профсоюза Пленум мүшесі болдым. Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болдым. Үгіт ұжымының меңгерушісі болып та істедім. Сөйтіп, «халық жауының тұқымы» деген аттан қызмет бабында мүлдем арылдым.


ӘКЕ МЕН БАЛАНЫҢ АҚЫРҒЫ 5 МИНУТ ТІЛДЕСУІ


Әкем екінші рет 1937 жылы тамыз айының 5-інде тұтқындалды. Есілкөлдің милициясында (Омбы облысы). Ағасы Әбәммүсілімді шілде айында Булаев милициясы тұтқындағанын естісімен әкем Қаһарман Бекенұлы Жұмабаев бір түнде осы отырған Чистов сов­хозынан Есілкөлге қарай көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда құйып тұрған жауынға да қара­мастан отбасын екі арбаға дүние-мүлкімен тиеп, асығыс көшті. Ағаш-ағаштың арасы жолсыз, тек темір жол сол жақта, соны нысана тұтамыз. Таң ата Есілкөлдің темір жол көпірінен өтіп Торыат ауылына бет қойып, ат шалдырып ағаштың бауырына тоқтадық. Әкем: «Сен шай қайната бер, мен дүкенге барып тұз, темекі алып келейін», – деп кетіп қалды. Шешем шайды қайнатып, күттік-күттік, әкем келмеді. Шешем қатты мазасызданды. Оның күйін көріп тұрған мен атқа жайдақ міне салып дүкен, базар маңынан әкемді қарастырдым, бірақ кездестіре алмадым. Милиция алдынан өтіп бара жатыр едім, әкем терезеден саусақтарын айқастыра тор қылып көрсетіп «мен тұтқындамын, тез ауылға кетіңдер», – дегендей белгі берді. Бұл хабарды шешем естігенде, дауыстап өкіріп тұрып жылады. Қарындасым Күлнарбану да, мен де жылап-сықтаумен болдық. Енді аттарды жегіп басқару менің ісім болды. Торыат ауылына әзер жеттік, жер езіліп кеткен жауын суынан. Екі-үш күннен кейін әкемді іздеп Булаевтың милиция түрмесінен таптым. Оның терезесінен әкем: «Мені Қызылжарға жөнелтеді»,–дегенді айтты. Қызылжардың ақ түрмесінде жатқанда (14.08.1937 жылы) сотталды да 1937 жылы 31 тамызда атылды. Оны бізге 1990 жылы ғана айтты. Алғашында не тамақ алғызбады, не кездестірмеді. 1937 жылы 25 тамызда маған әкеммен кездесуге рұксат берді, небары 5-ақ минутқа. Біз сияқты барып жолыға алмай жүргендер өте көп-ақ. Маған кездесуге рұқсат етуін бала деп аяп берген ғой десті көпшілік.

Шешем жақын келуге қорықты, ол кезде әйелдерін де ұстап әкетіп жатқан кез. Әкеммен кездесуге кезекші тұрған жерге кіріп едім, алдымда көлденең үстел қойылған екен, есік ашық, мен де сол үстелге келіп жеттім. Ар жақтан әкемді айдап бір солдат винтовкасын көлденең ұстап кірді. Әкем мені көтеріп алып үстелдің үстіне қойды да бетімнен сүйіп: «Мен Кеңес үкіметіне ешқандай жамандық жасаған жоқпын, менің бар жазығым Жәжекеңнің туысы екендігім», – деді. Мен жылап жібердім. Одан басқа ештеңе айта алмады, қайтадан алып кетті. Бұл менің әкемді соңғы рет көріп, тілдескенім болды. Қыркүйек айында тағы барып білгенімде: «Әкеңді 10 жылға соттадық, Колымаға жіберілді, хат алысуға рұксат етілмейді», – деді. Біз оған иланып, мерзімі өткен соң үйге келеді деп көп күттік, келмеді. Тек 1990 жылы мен Қызылжардын КГБ-сына арыз жазып едім, сонда ғана дұрыс жауап алдым. Атылғаны туралы куәлік беріп, қашан атылғанын көрсетіпті. Осы күнде маған ой түседі: әкем атылатынын алдын ала білген ғой, сондықтан балам мен туралы жаман ойламасын, атылуына нендей себеп болғанын түбінде балам есіне түсірер, сонда не үшін қаза болғанымды түсінер деп айтқан екен ғой. Сол ақ түрменің жанындағы «Вороный остров» деген жерде атылғанын сол кезде шопыр болған кісіден (қазір Қызылжарда, жасы 80-нен асқан) естігенім бар. Бірақ ол жерде марқұмдардың сүйектері сақталмаған. Оларды атқанда өліктерін 30 – 40 км жердегі жыраға көме салғандығын да осы шопыр пединституттың тарих факультетінің археологтарына айтып берген.

Тым болмаса әкемнің сүйегі табылып қалар деген үмітпен археологтардың басқарушы адамына да жолығып едім, алайда бұл арманыма жете алмадым…

1998 ж.