ӘКІМДЕ ДЕ ӘКІМ БАР...

ӘКІМДЕ ДЕ ӘКІМ БАР...

ӘКІМДЕ ДЕ ӘКІМ БАР...
ашық дереккөзі

 «Рейтинг.kz» зерттеу агенттігі 2014 жылғы 12 -22 қаңтар аралығында аймақ және жергілікті жерлер әкімдерінің рейтингісін анықтау мақсатында сараптама нәтижесін жариялады. Сауалнама қорытындысында алдыңғы қатардағы орындарда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б. Сапарбаев, Астана қаласының әкімі И. Тасмағамбетов және Қызылорда өңірінің басшысы Қ. Көшербаев тұр. Сауалнамалық әдіспен 40 сарапшы бизнес, үкіметтік емес ұйым, сараптамалық бірлестіктерде зерттеу жүргізген. Сараптама нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы (Бердібек Сапарбаев) – 4,25 балл  (7 балдан), Астана қаласы (Иманғали Тасмағамбетов) – 4,24 балл, Қызылорда облысы (Қырымбек Көшербаев) – 4,07 балл, Маңғыстау облысы (Алик Айдарбаев) – 3,61 балл, Жамбыл облысы (Қанат Бозымбаев, Кәрім Көкірекбаев) – 3,46 балл алған.

 Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта ядролық жылу банкін құру, АЭС құрылысын жеделдету сынды әлеуметтік мәселелерді шешуде шеберлігін байқатып, рейтингтің «аймақтағы әлеуметтік бағдарламаларды дамыту» критерийі бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Ал, Иманғали Тасмағамбетов «жеке кәсіби сапа», «әкімнің болашағы», «орталық үкімет органдарымен «бірлесе жұмыс істеу қабілеті» номинациялары бойынша аламанның алдын бермеді. Әйтсе де рейтинг нәтижесінде әкімдер ғана емес, әкімшілік командасының жұмысы да есепке алынды. 

Қызылорда облысына Қырымбек Көшербаевтың келуімен аймақтағы тұралаған біраз шаруаға жан біткендігін көрсетті. 

 Аз мерзім ішінде аймақты дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиясын қабылдап үлгеріпті. Елбасы облысқа барған жұмыс сапарында шағын бизнесті дамытуға, аймақтағы көлік-транспорт қызмет көрсету бағытына аз көңіл бөлініп жатқандығын ескерткен еді. Ал, 2013 жыл Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев үшін табысты жыл болыпты. 

Облыс экономикасы жаңа өндіріс көздерін ашу, өндіріс тиімділігін арттыру сынды кезек күттірмейтін күрделі мәселелерді шешуді талап етіп отыр. Жамбыл облысының даму қарқыны жаман бағаланбады, алайда облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев қол жеткізген әлеуметтік –экономикалық жетістіктерді дамыта түсуге аз күш жұмсамасы анық. Әкім командасы үшін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін шешу күн тәртібінен түспей тұрса керек. Шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселесі дұрыс шешімін тауып жатыр екен. 

 Аймақтық әкімдер рейтингісінің орта тобын Қарағанды облысы (Бауыржан Әбдішев) – 3,45 балл, Атырау облысы (Бақтықожа Ізмұхамбетов) – 3,34 балл, Алматы қаласы (Ахметжан Есімов) – 3,33 баллмен құрады. Алматы облысы (Аңсар Мұсаханов) – 3,30 балл, Оңтүстік Қазақстан облысы (Асқар Мырзахметов) – 3,20 балл, Ақмола облысы (Қосман Айтмұхаметов) – 3,13 балл жинады. Қарағанды облысы моноқалалардағы әлсіз әлеуметтік жағдайға қарамастан, даму қарқынын сақтап қалды. 

 Алматы қаласының қазіргі жағдайы қала әкімінің командасына бірқатар міндеттерді жүктеп отыр. Сарапшылар Ахметжан Есімовтің 2013 жылғы маңызды жобаларды жүзеге асыра алмағанын алға тартып, бірқатар критерийлер бойынша әкім жұмысы орта деңгейден төмен бағаланды. Біріншіден, Алматы метрополитеніне жоспарланған екі станция қосылмаған, жыл бойы оңтүстік астана базарларында орын алған шиеленіскен жағдай сақталды. Алматы барахолкасындағы базарлардың бірінен кейін бірінің өртенуі саудагерлерді ғана шығынға батырып қана қоймай, қала экономикасына да зиян тигізген. Есімовтің «Көкжайлау» тау-шаңғы жобасы бірқатар экологиялық ұйымдардың сынына ұшырады. Алайда, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ұпайы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша түгенделді. Бұл жұмыстар жемісін бергенмен, Алматы-Өскемен жолын салу жұмысы кешеуілдеп қалғаны балл көрсеткішін кейінге шегерді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық мәселесі шешілмеуі, аталған аймақты әжептәуір баллдан айырған көрінеді. 

Орташалар тобындағы Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов те Астананың мүмкіндіктерін пайдаланып, өңірдің экономикасын жетілдіруге білек сыбана кіріскен. Аймақта Астананың сұраныстарын қанағаттандыратын жұмыстар: ауылшаруашылығы өнімдерін өсіру, өңдеу, жергілікті жердегі туризмді дамыту сынды бірқатар шаралар шешімін тапқан. 

Енді рейтингтің аутсайдерлеріне келетін болсақ: Қостанай облысы (Нұрәлі Садуақасов) – 3,09 балл, Павлодар облысы (Ерлан Арын, Қанат Бозымбаев), – 3,08 балл, Батыс Қазақстан облысы (Нұрлан Ноғаев) – 3,05 балл, Ақтөбе облысы (Архимед Мұхамбетов) – 3,04 балл, Солтүстік Қазақстан облысы (Самат Ескендіров) – 3,03 балл.

Солтүстік өңірдегі жекеменшік ие­лерінің жерді тиімді пайдаланбауы, ауылшаруашылығы еңбегі өнімділігінің төмен деңгейі, шекараның ар жағымен байланысты дамыту қарқынының төмендігі сынды фактілер баллдық көрсеткішінің төмен болуына әсер етті. Ауылшаруашылығының әлеуметтік мәселелері Қостанай облысында да шешімін таппай отырса керек. Нұрәлі Садуақасовтың индустриялды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруды кешеуілдетуі оның жұмысының баллдық көрсеткішін шегерген. 

2013 жыл Павлодар облысының әкімшілігіне де жеңіл соқпаған. Әлемдік түсті метал нарығындағы орын алған жағымсыз жағдай өңір экономикасына әсер еткен. Қаржылық мүмкіндіктердің шегерілуі индустриялды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға кері әсерін тигізген. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бизнес-бірлестіктермен диалог қалыптастыра алмаған. Жергілікті кәсіпкерлермен текетірес нәтижесінде орта және шағын кәсіпкерлікті қолдамау дерегі бойынша биліктің назарына іліккен. 

Ақтөбе облысында да бірқатар қордаланған мәселелер шешімін таппаған. Рейтингтің “ саяси тұрақтылықты қолдау” критерийі бойынша төмен балл жинаған өңірде радикалды экстремисттік топтар тарапынан қауіп төндіретін жағдайлар, еңбекақы төлемі сынды әлеуметтік мәселелер түйткілі орын алған. 

Сараптама нәтижесінде «Әкімнің мансаптық өсу болашағы» талабы бойынша Архимед Мұхамбетов аутсайдер болса, «Аймақ әлеуетін дамыту» критерийі бойынша, Самат Ескендіров командасының талпынысына қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысы «аутсайдер» болды. 

Аймақтық экономиканы дивер­сификациялау қажеттілігі әкімшіліктің қаржылық мүмкіндіктерінің шегерілуіне әкеп соқты. Соның салдарынан, даму динамикасының жоғарылығына қарамастан кейбір жобалар игерілмей қалды. Кейбір әкімдер шығыны мол тиімсіз жобалармен де жұмыс жасай берген. Бюджет қаражатының игерілмеуі – негізгі әрі асқынған проблемалардың бірі ретінде қалып отыр. 

М.Майлықұтова