Ұрпақ тәрбиесі –ұстаз қолында

Ұрпақ тәрбиесі –ұстаз қолында

Ұрпақ тәрбиесі –ұстаз қолында
ашық дереккөзі

Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз, сондықтан әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, батырлық, парасаттылық, отансүйгіштік т.б. қасиеттер болуы керек. Ол үшін жас ұрпаққа тәрбие беруде ар-ұят, адалдық, руханият, ізгілік мәселелерін қатар қоюмыз керек.

Қазіргі таңда «халықтық тәрбие тағылымын игерген, рухани бай, өресі жоғары, білімді, ел болашағын ойлайтын тұлға қалыптастыру» деген қағидамен жұмыс жасалып жатыр. Себебі, ұлы бабамыз әл-Фараби «Тәрбиесіз қолға білім салма» деген екен. Біз алдымен таза жанды, иманды, арлы, намысты, ұлты мен ұлттық құндылықтарды сүйетін тұлға тәрбиелеуге ұмтылуымыз керек. Сол арқылы қуат алып, ертеңге деген сенімімізді нығайта түсу – бүгінгі ұрпақ алдындағы үлкен міндет. Ол үшін Отанға, елге деген сүйіспеншілікпен қатар әр адам бойына адамгершілік құндылықтарын жия білуі тиіс. Адамгершілік – ең жоғарғы құндылық. Халқымыздың тұңғыш ағартушысы – Ы.Алтынсарин «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі», – деп айтқан.
Тәрбие бағдарламасының аясында Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінде баланың танымдық қабілетін, ой-өрісін дамытуға бағытталған шаралар ұйымдастырылып, жоспарлы түрде жұмыстар атқарылуда. Бала құқығын қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, патриоттық тәрбие, ұлттық тәрбие, рухани адамгершілік тәрбиесі – ұжым оқытушыларының ықпалымен жүзеге асырылуда.
Еліміздің болашағы — ұрпақ тәрбиесінде. Өркениетті қоғам мен демократиялы мем­ле­кеттің қалыптасуы өскелең ұрпақтың рухани бай­лығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қа­білеті мен шығармашылығын, кәсіби біліктілігі мен білімділігін талап етеді.
Қоғамымыздың іргесін нығайту мақ­са­тында ең алдымен адамгершілік, ізгілік, иман­дылық тәрбиесін көркейту қажет.Оның негізгі мұраты – баланы жастайынан әлеуметтік ортада мәдениетті қарым-қатынас жасай білуге үйрету, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуге, елжандылыққа баулу. Қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп атап көрсеткен. Тәрбиелік іс-әрекеттің басты міндеті – жастардың қоғамға көзқарасын қалыптастыру, ата-бабасынан қалған рухани мұраны қорғауға жағдай жасау, тарихи ерліктерді айтып, отаншылдыққа баулу,
туған жерді, Отанды сүюге баулу.
Жас ұрпаққа жан-жақты өнегелі, жарасымды тәрбие беруде ата-бабалар дәстүрін өнеге етудің үлкен тәрбиелік маңызы бар екендігіне бүгінгі таңда анық көзіміз жетіп отыр. Егеменді еліміздің ертеңі – жастарға жүйелі білім, тәлімді тәрбие беруде халық педагогикасының мән-маңызы күн өткен сайын артып келеді. Қазақ халқы ұзақ жылдар бойы бойындағы бар асылынан, нәрінен айырылып қала жаздап барып, болашаққа деген көш бетін түзу жолға салды. Еліміздің егемендік алып, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесінің көтерілуі санамызды оятып, өмірімізге зор өзгерістер әкелді. Халық даналығы – тәрбие мәселелері бойынша халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының жиынтығы. Тәрбие – жастарды әлеуметтік өмірге, еңбекке даярлау және қоғамдық тәжірибені үйрету үрдісі. Халық даналығында тәрбие және оқытуды екі жақты бір текті, яғни, тұтас педагогикалық үрдіс деп қарайды.
Бүгінгі күні жеке тұлғаны Қазақстандық патриотизм мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу барысында Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ съезінде еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев: “Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орындарына дейінгі орталықтарда, барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы”, – деген сөзіне үңілсек, онда Қазақстан мемлекетінің егеменді ел болып қалыптасып, дербес мемлекет болуы және өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады.Оның басты құндылықтары – ана тілі, ұлттық рух, діни наным-сенімдермен тығыз байланысты.
Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осыған өз әлінше үлес қосуы – бұның басты шарттарының бірі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын “Қазақстан – 2030 ” атты еңбегінің “Қазақстан мұраты” деп аталатын бөлімінде: “…біздің балаларымыз бен немерелеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады” – деп, үлкен үміт артты.
Туған жерге деген ыстық сезім, атамекенге деген құрмет пен қадір қасиет тұтуды Ұлы дала ойшылдары Қорқыт Ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, т.б. айтқан болатын. Қазақтың айбынды ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлы қазақтарды бостандық үшін күреске шақырып, қара халықты бақытқа жеткізуді армандап өткен. Ол өзінің үзеңгілес серігі Исатай мен халықтың ерлігін, олардың адамгершілік қасиеттерін жыр етті.
Өз халқына, ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсыновтардың тәрбиеге мән берген шығармаларынан да көруге болады. «Әрбір адамда екі түрлі тәрбие болады, біреуі өзгелерден алатын тәрбиесі, екіншісі, маңыздырағы өзіне-өзі беретін тәрбиесі», – деп айтылғандай, біз күнделікті өмірімізде отбасымыздан, ұстаздарымыздан, достарымыздан, туған-туысымыздың жақсы істерінен үлгі алып, олардың өнегелі істеріне жанымыз жадырап, қуанып, өзіміз де соларға ұқсауға тырысып, өзімізді тәрбиелейміз.
Даналық сөздерімен оза білген қазақ хал­қында «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәр­биеле» деген сөз бар. Біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген, бабалар, даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен дана халықтың ұрпағымыз.
Біз – тәуелсіз елдің болашақ қыран­да­рымыз, ата-анамыздың үміт еткен ұлан­дарымыз, ұстаздың жемісіміз, тәрбиелі ел­дің тұтқасымыз. Сондықтан осы сөзге лайық болып, білімнің биігінен, тәрбиенің төрінен көріне берейік.

 Мөртай Нұрғожаева,  Алматы мемлекеттік 

политехникалық колледжінің оқытушысы