АҚЫНҒА ТАҒЗЫМ

АҚЫНҒА ТАҒЗЫМ

АҚЫНҒА ТАҒЗЫМ
ашық дереккөзі

Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның «Тағзым» клубының ұйым­дас­тыруымен Әдебиетшілер үйінде Жарасқан Әбдірашты еске алу кеші өтті. Кешке ақынның жары Нәзікен апай, балалары мен немерелері, інісі Әуезқан Әбдіраш қатысып, ақын туралы естеліктерімен бөлісті.

Ақын немересі Нұрғали Шыңғысұлы ата­сының «Отан» өлеңімен кеш шымылдығын ашты. Ақынның «Қаладан келген қыз» поэмасын на­қышына келтіріп оқыған Әділ Несіпбаев жиылған қауымды тәнті етті. Ақын жайлы әдемі естеліктер өрілді. Жылы сөздер айтылды. Сахна төріне көтерілген Сұлтанәлі Балғабаев: «Біз адамдарға тірі кезінде жақсы сөз айтудан тартынамыз. Өз бағамыз түсіп қалатындай көреміз. Шындығында, 1970 жылдардың басында қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келген бір топ жас ақын Жарасқанға рақмет айтуға тиіс еді. Ол кезде кітап шығару деген қазіргідей оңай емес. Жарасқан өз тұстастарының өлеңдерін жинап, топтастырып, таңдаулы жинақты өмірге әкелді. Кейін прозаға бет бұрып кетсем де, менің әуелгі өлеңдерім осы кітапта жарияланды. Жинақ шынында да, жолашар болды, бұған енген ақындар кейін қазақ өлеңінің бір-бір діңгегіне айналды. Алайда өз басым Жарасқанға осы тілеулес көңілі, жанкешті еңбегі үшін алғыс айтпаппын. Уақыты өтіп кетсе де, бүгін жары Нәзікенге, ұрпақтарына ырзалығымды білдіремін», – деді. 

Өнер академиясының бір топ шәкірті «Ақын кетіп барады көшеменен» атты тамаша композицияны орындады. Жарасқан өлеңдерінен құрылған композиция барысында Жарасқан мен Нәзікеннің бір-біріне жазысқан хаттарынан үзінді де шертілді. Ақынның курстасы, этнограф ғалым Тынышбек Дайрабай студенттік күндердің қызығы туралы әңгімеледі. 

Кеште ақын өлеңдерінен бө­ле­к, әдемі әндер де орындалды. 

Ақын­ның немересі Іңкәр, келіні Мәдина Есманова, әнші Сүлеймен Ибрагимов ақынның өлеңдеріне жазылған «Кірмеші жиі түсіме», «Сен ізде мені», «Қайда жүрдің?» әндерін шырқады. Әділқазы Қайырбек, Әуезқан Әбдіраштың жүрек жылытар жақсы естеліктеріне елтіді жиылған қауым. Бұл кеште ақынның сатиралық қыры да көрінді. «Тамашаның» әртістері Бауыржан Орда мен Саттар Ерубай ақынның интермедиясын ойнады. Белгілі режиссер, ақынның ұлы Рүстем Әбдіраштың да жиылған қауымға алғысы шексіз. Ақын өлеңдері өрілген әдемі кештен көрерменнің де алған әсері көп. 

«Тағзым» клубы өткізетін мұндай кештер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай мұндай кештердің қазақ әдебиетінің кешегісіне деген ерекше құрмет екенін баса айтты. 

Едіге  БЕКТАС