72 САҒАТТЫҚ ОҚИҒА БІЗДІ ТЕК КҮШЕЙТТІ
72 САҒАТТЫҚ ОҚИҒА БІЗДІ ТЕК КҮШЕЙТТІ
Теңге құнсызданған бойда отандық қаржылық нарықты әбігерге салып, адамдар көңіліне алаң кіргізген жайт болды. Ол – еліміздегі үш банктің банкротқа ұшырау қаупі туралы таратылған жалған ақпарат. Қаржыға қатысты тосын жайттардан көңілі шайлығып қалған жұрт жаппай банктерге ұмтылып, депозиттерін тезірек алып кетуге жанталасты. Бірақ kaspi bank ұжымы салымдарының қауіпсіздігіне алаңдаған клиенттерін сабырға шақырып, өзіне артылған сенімді ақтай білді. Кез келген кәсіпорынның қауқары мен қарым-қабілеті осындай сын сағаттарда анықталса керек. Бүкіл Қазақстан халқын аяғынан тік тұрғызған сол арандатушылық әрекеттің кері әсерін небары 72 сағаттың ішінде жоя білген kaspi bank-тің Басқарма төрағасы Михаил ЛОМТАДЗЕ отандық қаржы саласы, банктердің бүгінгі ахуалы, арандатушылық әрекеттің себеп-салдары туралы әңгімелейді.
«Клиенттердің қалауы – біз үшін заңмен тең»
– Михаил, девальвациядан есеңгіреп қалған ел есін жинап үлгермей жатып, «Қазақстандағы ең ірі 3 банктің банкротқа ұшырауы мүмкін» деген қауесет адамдарды әбден әбігерге салды. Арандатушылық ақпарат сіз басқаратын kaspi bank-ке де қатысты. Бірақ біздің қаржылық құрылымдар тосын жайтқа тез тойтарыс бере білді, жағдайды тез тұрақтандырды. 72 сағаттты бір еске түсірсек және қазіргі ахуал қалай?
– Қазіргі ахуал өте жақсы. Банк бұрынғы қалыпты жұмыс тәртібімен істеуде. Арандатушылықтың алғашқы сәттерінде басқаша болатын. Мен kaspi bank-тің Алматыдағы «Стадион» бөлімшесіне келгенде сағат күндізгі 11.00 еді. Тірнектеп жиған адал ақшасының қауіпсіздігіне алаңдаған адамдардың, яғни клиенттеріміздің көзіне көзім түскен сәтте олардың орнында менің әкем, анам, әпкем не бауырым, туғандарым тұруы әбден мүмкін екенін бүкіл жан-тәніммен сезіндім. Сондықтан олардың уайымын, күдігін сейілтуге тырыстық, клиенттерімізге қалаған уақытында депозитін алып кетуге жағдай жасадық, көлеміне шектеу қойған жоқпыз. Өкінішке қарай, арандатушы ақпараттың күшті ықпал еткені соншалық ақшаларын қайтарып алғысы келгендердің саны тым көп еді. Олардың бәріне уақтылы қызмет көрсету үшін бөлімшелер соңғы клиентіміз қалғанша жұмыс істеді, тіпті сенбі, жексенбі күндері түнгі сағат 1-2-ге дейін үзіліссіз қызмет көрсеттік.
– Әлемдік тәжірибеде мұндай дағдарыста жұмыс уақыты қысқартылады, алынатын қаражат көлеміне шектеу қойылады. Сіздер неге олай етпедіңіздер?
– kaspi bank-тің іргетасын қалаған сәттен-ақ біз үшін басты құндылық – клиенттеріміз. Қауесет елге тарап, жұрт абыр-сабыр бола бастаған алғашқы сәтте-ақ біз клиенттеріміздің қалауын бірінші орынға қойдық. Салымшыларымыздың депозиттегі қаражатын көңілі қалаған уақытында алып кетуіне жағдай жасадық. Қарапайым қызметкерлермен қатар, банк басшылары да бөлімшелерді аралап, адамдармен жеке-жеке әңгімелесіп, қызмет көрсетті. Банкке келген бір де бір клиентті назардан тыс қалдырмау үшін жұмыс уақытын ұзарттық. Күннің суықтығына қарамастан, кезек күтіп далада тұрған клиенттер бой жылыту үшін әрі үзіліссіз жұмыс істеп жатқан қызметкерлерімізге арнап ыстық шай мен кофе ұйымдастырдық. Яғни, біздің өз «өлшемдеріміз» болды.
– Бір сұхбатыңызда бөлімшелерге қаражат жеткізу қиын болғанын айтып қалдыңыз…
– Иә, ондай қиындықтар болды. Өйткені еліміздің көлемі ауқымды. Қорымыздағы қаржы жетеді, тек толассыз ағылған салымшылардың сұранысын қанағаттандыру үшін уақыт тапшы болды. Бөлімшелерге бағыттайтын ақша көлемін 5 есеге дейін арттыруға тура келді. Үш күн, үш түн бойы жарғақ құлақтары жастыққа тимей, тынымсыз ақша тасумен болған инкассаторларымыз тіпті, ұйықтаған жоқ десе де болады.
«Ұйымшыл ұжымыма алғысым шексіз»
– kaspi bank командасы «дағдарысты» небары 3 тәулікте тоқтатты. Мұның сыры неде?
– Біріншіден, kaspi bank қызметкерлерінің жұмыла жұмыс істеуінен деп ойлаймын. Әдетте, төтенше жағдай жарияланып, дағдарысқа қарсы күресті бекітетін штаб құрылады, ұрымтал сәтті аңдитындарға тойтарыс берудің тиімді жолдары қарастырылады. Бірақ біз олай етпедік. kaspi bank-тің бас ғимаратында отыратын басшы лауазымдағы барлық қызметкері: «Біз клиенттерімізді ешкімге ренжіттірмейміз. Бөлімшелерге барып, олармен бетпе-бет кездесеміз, жағдайды түсіндіреміз, көңілдеріндегі күдікті сейілтеміз», – деп ортақ іске барлығы білек сыбана кірісті. Олардың арасында қолында Гарвард университетінің дипломы бар қаржылық директорымыздан бастап, кеңсе заттарын қамтамасыз ететін қызметкерлерімізге дейін жұмыла үлес қосты. Егер бір клиенттеріміз қараңғыда қалса, оларды жеке көліктерімен үйлеріне дейін шығарып салды. Депозиттен алған ақшасымен жалғыз-жарым көшеде жүруі қауіпті ғой. Екіншіден, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел іздеу жұмыстарын ұйымдастырып, ол еңбектері нәтижелі болды. Бүкіл елді аяғынан тік тұрғызған арандатушылар құрықталды. Үшіншіден, Елбасы қаржылық тұрақтылықтың кепілі ретінде ресми түрде мәлімдеме жасап, елдің көңіліндегі күдігін сейілтті. Ең шешуші рөл атқарған да – Президенттің осы мәлімдемесі. ҚР Ұлттық банкі де өз тарапынан үздіксіз байланысқа шығып, белсенді түрде насихат жұмыстарын жүргізуі де жұртқа жағымды әсер етті. Сондай-ақ бұл арандатушылардың әрекетіне алданбаған, сабыр сақтаған клиенттеріміздің де түсінігінің нәтижесі. Менің банк клиенттеріне риза болатыным, олар біздің еңбегіміздің бағасын білді.
– Михаил, бұл оқиғаны көрші елдегі мүдделі тұлғалар немесе топтар тарапынан жасалған қастандық деген пікірлер айтылып жүр. Сіздің ойыңызды білсек?
– Білесіз бе, «Кім? Не үшін? Қайтіп?» деген сұрақтарға қатысты айтылған болжамдар шексіз. Бүгінде мәселенің анық-қанығын анықтау жұмыстарымен құзырлы органдар айналысып жатыр.
– kaspi bank – тұрақты түрде дамып келе жатқан қаржылық құрылым. Ендеше, неге банкроттық туралы қауесетке ілікті. Неге басқа банктер емес?
– Стив Джобс «Apple» туралы айтқан бір сөзінде: «Табысқа қол жеткізген әрбір компанияны көре алмайтын, оған зиянын тигізгісі келетін адамдар тобы пайда болады», – деген екен. Өз басым «бәрі мені жақсы көрсін немесе бізді ұнатсын» дегенді мақсат еткен емеспін. Ең бастысы, өзара сыйластық, шыншылдық, әділдік, сенімділік, достар мен жұмысты жақсы көру сияқты ұстанатын адамгершілік қағидалардан ауытқымауымыз керек. Әлбетте, кешегі сындарлы шақта біз kaspi bank командасы ұстанатын адамгершілік қағидалардың арқасында жеңіске жеттік әрі бұл бізді одан сайын жақындастыра түсті. Арандатушылық ақпараттағы банктер тізіміне kaspi bank неге ілікті? Өйткені kaspi – табысты мекеме, белсенді түрде үздіксіз дамып келеді, қоғамдағы беделі де нығая түскен. Банктің көркейгенін қаламаған бір теріспиғылды зиянын тигізгісі келді. Олардың кім екені, қалай пайда болғаны қазір анықталу үстінде. Құқық қорғау органдары көп кешікпей жауабын береді деген үміттемін.
– kaspi – клиенттер сеніміне кірген банк. Оған дәлел – қазір 3 миллионнан астам клиенті бар. Бірақ кешегі қауесетке сеніп қалғандар кездесті. Депозиттегі салымдарын тезірек алуға тырысқан да солар. Сіздіңше, бұл ненің әсері?
– Арандатушылық ақпараттың белгісіз біреулер тарапынан ұйымдастыруы туралы сұрадыңыз ғой жаңа. Меніңше, бұл алдын ала жоспарланған әрекет. Теңгенің құны төмендеді, адамдар банкке, ақшаға қатысты кез келген нәрсеге аса сақтықпен қарап отырған кез. Осыны пайдаланғандар «банктердің банкротқа ұшырауы мүмкін» деген жалған ақпаратты таратып, жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Егер девальвация болмағанда, арандатушылық әрекетке назар аударғандар саны тым аз болуы мүмкін еді. Әрі тізімдегі үш банк үш түрлі: бірі – консервативтік құрылым, екіншісі – әрқашан тұрақтылығымен ерекшеленген банк, ал үшіншісі – kaspi bank: табысты еңбек етіп келе жатқан, қаржылық тұрғыда қиындығы жоқ, тұтынушыларға жаңа өнімдер мен жобалар ұсынуда аса белсенді.
«Қазақстан – менің екінші Отаным»
– Сіз Қазақстан азаматы емессіз. Ақшаны алып, еліңізге неге тайып тұрмадыңыз? Біз мол қаржыны қойнына қысып алып, шекара сыртына қарай қашатындарға етіміз үйренген…
– Білесіз бе, мен уәдемде тұратын адаммын. Екі сөйлеуге жаным қас. Әрі Қазақстан – менің екінші Отаным. Жеті жылдан бері Қазақстанда тұрамын және kaspi bank-тің іргетасын бірге қаласып, бірге тер төгіп келе жатқан достарымды, бізге сенім артқан отбасылар, достарым, клиенттер мен таныстарымды жерге қарату, сатып кету – мен үшін өліммен тең. Таңертең үйден шығарда, кешке жұмыстан келгенде балаларымның көзіне тік қараған сәтте мен өзімнің жұмысымды мақтан етемін. Адамгершілік құндылықтарға қайшы қылықтарға бару – менің табиғатыма жат нәрсе. Иә, күшіміз бен бірлігіміз сынға түскен сол сәттерде біз ұшақтар іздедік. Бірақ қашып кету үшін емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі kaspi bank-тің бөлімшелеріне ақша жеткізіп, клиенттердің қалауын орындау үшін. Тағы бір мысал, біздің бөлімше орналасқан ірі сауда орталықтарының бірі жұмыс уақыты біткенін айтып жабылуға дайындалып жатқанда, біз керісінше, соңғы клиентіміз қалғанша қызмет көрсету үшін жұмыс уақытын созған едік. Мәселені тез шешу үшін сауда орнының иесін іздеп, одан ғимаратты жаппауды өтіндік. Бәлкім біреулер керісінше, салымшылар депозиттерін алып кетпес үшін сауда орнының иелерінен ғимаратты тезірек жауып тастауды өтінер ме еді? Сосын бар кінәні сол сауда орнына аудара салады.
– kaspi bank 3 күнде қанша па-йыз депозиттен айрылды?
– Біздің есебімізше, шамамен алғанда, 10 депозиттің 9-ы бізде қалды. Қазір нақты есеп жүргізілуде.
– Бүгінде банкке қайта оралған клиенттер бар ма?
– Кешегі аласапыранда жиі кездескен жайттардың бірі – адамдар кезекке тұрады, ақшасын алады, қолына ұстап көреді де, банкке қайта салады. Яғни, банкке сеніп тапсырған қаражатының қауіпсіздігіне толық көзі жеткеннен кейін депозитіне тиіспейді, көңілін жайлап алады да, үйіне қайтады. Ең бастысы, ақша орнында. Арандаушылыққа ұрынғандар салымдарын кері алуға жанталасып жатқанда, керісінше, банкке келіп, депозитін толтырғандар болды. Үшінші күні депозиттерін алуға келгендердің 30-40 пайызы ойларынан айнып, депозиттегі салымдарына тиіспестен, шығып кетті. Кейін абыр-сабыр басылған соң клиенттеріміз қайтып келуде. Ақша сақтау өте ыңғайлы әрі сенімді болғандықтан әрі кешегі сынақтан кейін қайтып келетініне және олармен бірге жаңа клиенттер келетініне сенімдіміз. Өйткені қаржылық тұрақтылық, төзімділік пен тапқырлық, білімділік пен ауызбіршілік, клиенттерге жоғары деңгейде қызмет көрсету қолымыздан келді. Оған жұртшылық өздері көз жеткізді.
– Депозиттерін қозғамаған, анығы kaspi bank-ке сенген салымшыларға алғыс ретінде депозиттік мөлшерлемені 1 пайызға арттырдыңыздар. Мұндай жомарттықты клиенттер қалай бағалады?
– Жағдайды тұрақтандыруға тырысып жатқан кезде бізге қолдау білдірген мыңдаған хаттар келді. «Жігіттер, жарайсыңдар! Біз сендерге сенеміз!» деген жылы лебізді серіктестерімізден, достарымыз бен клиенттерімізден көп естідік. 72 сағат өтті, жағдай тұрақтанды, енді біз қолдау көрсеткен сол жанашыр жандарға қалай алғыс білдіру керектігін қарастыра бастадық. Ойлана келе, 300 мың клиентімізге депозиттік мөлшерлемені 1 пайызға көтеруге шешім қабылдадық. Қазір орташа мөлшерлеме 9-9,4 пайыз. Екіншіден, депозиттерін алуға келгендердің кесірінен несиені уақытылы төлей алмағандардан өсімақыны алып тастадық. Өйткені кезектің тым көп болуы олардың кінәсі емес қой.
– Арандаушыларды тапқан азаматтарға тағайындалған 100 миллион теңге кімге бұйырмақ?
– Қазір қолымызда мыңнан астам хат бар. Олардың барлығын сүзгіден өткізіп жатырмыз. Қайсысы шындыққа сәйкес келеді, қайсысының көмегі көптеу деген мәселені сараптаймыз. Әрі құқық қорғау органдары да арандатушыларды құрыққа түсіріп, енді тексеру, тергеу амалдарын жүргізуде. «Арандатушылық ақпаратты таратқан, тапсырыс берген, мүдделілер кімдер?» деген сұрақтарға жауап іздеудеміз. Осы орайда, біз құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Әрине, елдің, азаматтардың мүддесін қорғау – олардың міндеті. Осы міндетін құқық қорғаушылар «дағдарыс» кезінде өте жоғары деңгейде орындады. Қазір олармен өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз.
– Сынға түскен шақтарда сақтарыңыз сынбасын! Еңбектеріңіз жемісті бола берсін. Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы