ЖЕЗДІДЕ КЕН ҚАЗҒАН АЛЫПТАР

ЖЕЗДІДЕ КЕН ҚАЗҒАН АЛЫПТАР

ЖЕЗДІДЕ КЕН ҚАЗҒАН АЛЫПТАР
ашық дереккөзі
296

Шығыс-Жезқазған кенішіндегі Анненская шахтасы №85 флексуралық бөлімшесінің бастығы Аймағамбет Мұқанов өз мамандығын мақтан ететіндер қатарында. Шахтаға түсер алдында  шағын мәжіліс өткізіп, барлық мәселелерді тағы бір пысықтап алу – «Жезқазғантүстімет» 

ӨБ-нің барлық тау-кен бөлімшелері бастықтарының айнымас әдеті. Жер астына түсетін шахтердің іс-әрекеті, жеке басының қауіпсіздігі басты назарда. Бұл – жұмысқа дайындықтың ең басты белгісі саналатын үрдіс. 

Анненская шахтасының бастығы Сәлімжан Стамқұлов, бас инженер Қанат Мұхамбетқалиев, №85 бөлімшенің бастығы Аймағамбет Мұқанов тау қазбалары картасына бейне әскери шараларға дайындалған қолбасшылардай, еңкейе төніпті. Нақты бір ауысымның нақты бөлімшедегі еңбек өнімділігі осы картаға байланысты. 

– Жылды жақсы көрсет­кіштермен аяқтадық, биыл алғашқы айда жоспарды асыра орындадық, деп шахта бастығы әңгімені қысқа қайырды. – Бүгінгі таңда шахтада 710 адам қызмет етеді. Екі өндіру учаскесі, бір үңгуші учаске бар, қалғандары – көмекші учаскелер. Әлбетте, нәтиже шығару үшін бәріміз жұдырықтай жұмыла отырып, жұмыс істейміз. Ең бастысы, қауіпсіздік шараларына баса назар аударамыз. 

«Жолы болар жігіттің» демекші, еңбек ерлері де қарсы алдымызға шыға келді. «КәсіпҚазақмыс» кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұрат Бабақов №85 бөлімшенің кеншілерімен жедел кездесу ұйымдастырды. Оның орынбасары Сержан Жақсыбековтің айтуынша, флексуралық телім дегеніміз – арнайы бағыттағы тау бөлімшесі. Бұл саланың мамандарын кеншілердің арнайы жасағы деуге болады. 

Бөлімше бастығы Аймағамбет Мұқанов, тау шебері Еркінбай Көбеновтің ауысымындағы бұрғылаушылар мен қопарушылар забойдағы флексураның өзіндік міндеті барын және өңдеу тәсілі камералықтан ерекшеленетінін, ал бұрғылау технологиясы ұңғылауға жататынын атап өтті.  Әңгімеге емен-жарқын араласып кеткен кеншілердің кейбір сөздеріне түсінбей, аңтарылып қалғам. Ұжымда ересек әріптестерімен бірдей тер төгіп жүрген он тоғыз жастағы Сәтбаев атындағы технологиялық колледждің студенті, стажер Жомарт Төлен маған барлығын түсіндіріп берді: «Флексуралық бөлімшеге маман дайындаудың да өзіне тән ерекшеліктері бар. Қалғаны тазалау­шы забойдың тау жұмысшысына қойылатын талаптармен бірдей». Әрбір сөзін шегелей айтқан жас маманның үнінде өз күшіне деген сенімділік пен мамандығына деген мақтаныш лебі есті. Бозбаланың бойындағы осы жып-жылы леп қасымыздағы үшінші деңгейлі «Кенші даңқы» төс белгісінің иегері, тәжірибелі кенші, бұрғылаушы Мұхамбетжан Қожахметов, звеношы, қопарғыш Леонид Рудковский, тау шебері Еркінбай Көбенов сияқты басқа да ардагер әріптестерінің жанарына жылылық ұялатты. Асау көңіл алыстарға ала қашқан: шахта табалдырығын олар да дәл осы он тоғыз жасар бозбала сияқты өрімдей жас кезінде аттаған болатын. Арада ондаған жыл өткенде өз ісінің майталманы ретінде егер кәсіби маман атануға деген ынта мен жігер болса, кез келген мамандықты еңсеріп кетуге болатынын нық сеніммен айта алады. Қопарушы Медет Жақыпбеков пен бұрғылаушы Сергей Ситников те әріптестерімен толық келіседі. Еңбек өтілі жиырма жылдан асып кеткен екі азамат: «Дәл осындай ұжым құрамында еңбек ету мақтанышпен тең әрі мойынға жүктелетін үлкен жауапкершілік», – дейді. Басыңа іс түскен қысылтаяң шақта жаныңдағы серіктесің ойланбастан көмекке тұра ұмтылатын, керек кезде уақытша орныңды басатын, сенімен бірге біте қайнасатын әріптестердің жөні бөлек. Аталған ұжым жедел еңбек тобы ретінде Батыс кеніште жасақталған еді. Осыдан төрт жыл бұрын, 2010 жылы басшылық тарапынан өндірістік қажеттілікке байланысты Мұқановтың тау-кеншілер жасағын Анненская кенішіне ауыстыруға шешім қабылданды. 

– Бастапқыда үйренісу қиынға соқты, – деп ағынан жарылды учас­ке командирі, – бірақ сонда да кеніштің тау-геологиялық шарттарына бейімделе білдік. Талай жыл бойы жинаған тәжірибеміз бен әрбір жұмыскердің өз қызметіне деген жауапкершілігі алға ұмтылдырып, бойымызға ерекше күш құйды. Ол кезде де учаскенің басты міндеті дәл қазіргі сияқты еді: кен өндірушілер алып кете алмаған кенді сыртқа шығару керек. Біздің бөлімше үшінші, яғни, соңғы өңдеу сатысында іске кірісетін. Құлаған төбе жабындысын, кентіректердің ойпаңын қайта өңдеу. Анненская шахтасындағы 0,98 пайыздық кенді қабатасты өңдеу тәсілі бойынша аламыз. Былтыр қарашада біздің учаске су жаңа СОЛО-12 бұрғылаушы күймесіне қол жеткізді. Бұл бұрғылаушылар звеносының өнімді еңбек етуіне әрі тәуліктік мөлшерді жедел орындауға мүмкіндік берді.

– Сөз жоқ, аса жоғары қауіпті аймақтағы жұмыс барысында арқа-басты кеңге салуға әсте болмайды, – деп Леонид Рудковский әңгімеге араласты, – Әрқашан сақ болу керек, ал забойдағы жұмыс барысының әр кезеңінде тәуекел мен қауіп-қатерді тап басып болжау, бағалау, оларды дер кезінде жойып отыру берілген тапсырманы уақытылы әрі мүлтіксіз атқаруға сеп. Мұндайда шығын да болмайды.

№85 бөлімшесінің ауысымымен бірге КАТ машинисі Жанат Мұратов, ТОРО жүргізушілері Роберт Сефербеков пен Санжар Байзақов, ОКНТ машинисі Жанболат Жүнісов иық тірестіре тер төгіп жүр. Тау-кен жұмыстарының аса маңызды екенін жан-тәнімен сезінген, мамандығын құлай сүйген азаматтар бір ұжымға біріге отырып, арнайы мақсатқа жұмыс істеуде. Азабы мен қауіп-қатері қатар жүретін осынау мамандық иелерін аман болғай деп тілейміз.

Маргарита Гринь

Серіктес жаңалықтары