«МЕН ТУҒАН ЕЛДIҢ АРДАҒЫ…»

«МЕН ТУҒАН ЕЛДIҢ АРДАҒЫ…»

«МЕН ТУҒАН ЕЛДIҢ АРДАҒЫ…»
ашық дереккөзі

 «Мен туған елдiң ардағы,

Жарқылдап жүрген жақсы апам.

Ризалығым бар-дағы,

Тағатын кiнәм жоқ саған»…

Қазақтың аса талантты, құйрықты жұлдыздай ағып өткен бiртуар ақыны Төлеген Айбергеновтің осы бiр өлеңiнiң жазылғанына да жарты ғасыр болыпты. Шiркiн, зымырап өтiп жатқан заманаға, уақытқа не дерсiң, қандай ғана өкпе-наз артарсың!

Төлегеннiң бұл өлеңi өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында  Қарақалпақстанда облыстық партия комитетiнiң бiлдей бiр бөлiмiн, үгiт-насихат саласын басқарған, туысқан республикада бiрнеше жыл оқу министрi қызметiн атқарған, Қазақстаннан тыс елдердегi қазақ қыздары арасынан ең алғашқы болып филология ғылымдарының докторы дәрежесiн қорғаған  Әзиза Нұрмахановаға арналғанын ақиық  ақынның жанкүйер оқырмандары, әрине, бiледi, оған ешқандай күмән жоқ.

Ал Төлегеннiң iнiлiк, бауырлық махаббатына, iлтифатына ие болған Әзиза Нұрмаханова қандай жан едi, қай дәрежедегi ғалым-адам болып едi деген сұрақтарға екiнiң бiрi жа­уап бере алмасы ақиқат.

Қарақалпақстанда қара­қалпақ тiлiнiң грам­матикалық ерекшелiктерi жайында еңбек жазып, әйел-қыздар арасынан шыққан бiрiншi ғылым кандидаты, ең бiрiншi ғылым докторы болған, кезiнде Өзбек ҒА Тiл және әдебиет институтында, одан кейiн алпысыншы жылдардың соңынан бас­тап, Қазақстанға келiп, Қазақ мемлекеттiк университетiнде, Шетел тiлдерi педагогикалық институтында (қазiргi Әлем тiлдерi университетi) профессор, кафедра меңгерушiсi лауазымдарында қызмет iстеген осы бiр қазақтың қайсар қара қызы – өр мiнезiмен де, ер мiнезiмен де, ашық та тура тiлдiлiгiмен де ерекше есте қалған апамыз жайында аздау білетініміз өкінішті.  «Адам мiнезiн туған топырағының табиғаты қалыптастырады» деген екен бiр бiлiмпаз. Ғалымдығымен қоса бiрнеше көркем шығарма да жазып қалдырған Әзиза Нұрмаханова кешегi «балығы тайдай тулаған, шағаласы шулаған, таудай ақ бас толқынын, көргенде жүрек зулаған» Арал теңiзiнiң бойында туған. Әмударияның Аралға құятын сағалары да көп болатын. Әупiрiмдеп келген Әму ағысы бiрнеше сала-сала болып бөлiнiп кететiн. Теңiз жағалауларында айдындай жарқыраған шалқар көлдерi, жағалауға бiткен нар қамыстары мен үлкендi-кiшiлi  атаулары (аралдары) да жеткiлiктi едi.

Әзиза апамыздың туып-өскен мекенi – теңiздiң бiр пұшпағында орналасқан Аққала деп аталатын ауыл. Балығы мен құсы арылмайтын бұл жерлерде екiнiң бiрi мерген болса, барлығы дерлiк балықшы болатын. Әйелiне ерi: «Сен от жағып суыңды ысыта бер, мен барып бiр-екi үйрек атып келейiн, бүгiн құстың сорпасын iшейiк», – дейтiн едi-ау деп тамсанады көнекөз қариялар.

Әзиза апайдың туыстары бiздiң ауылда көп еді. Алпысыншы жылдардың соңында Ә.Нұрмаханованың «Қыздар» атты повесi басылып шықты. Бiр жағы мемуарлық сипаттағы бұл шығарма ауылға келгенде, бiздiң ауылдың қарттары одан өздерiн танып, бiрiн-бiрi әзiлдеп, кеукiлдесiп жатқанын көргенбiз. Кiтаптағы бiрқатар кейіпкерлердің аттары да өзгертiлмеген екен. 

Шағын ғана балықшылар ауылының кәрi-жасы өз ортасынан шыққан, орталықта абыройлы қызмет жасап жүрген жерлестерiн әрқашан да мақтан тұтатын, жас балаларына үнемi үлгi қылып отыратын. Солардың арасында әсіресе, Әзиза апайдың орны ерекше болатын.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейiн Мойнақ ауданы – Қазақстанмен, Ресеймен тiкелей қарым-қатынас жасайтын бiрден-бiр орталық болды. Қарақалпақстанға темiр жол елуiншi жылдардың орталарында ғана келдi, бұл өлкеге орталықтан келетiн барлық жүк, құрылыс материалдары, азық-түлiк т.б. Арал қаласына темiр жол арқылы жеткiзiлiп, одан баржаларға тиелiп, Мойнақтағы Үшсай портына келiп түсетiн. Сондықтан да Қарақалпақстан бойынша орысы көп, орыс тiлiнде оқытатын мектебi де жеткiлiктi өңiрде туып өскен Әзиза апа пысық әрi өжет болып өскен көрінеді.

Апай «бала кезiмде коньки тепкенде, орыстың қыздарынан озып кететiн едiм» деп өткен күндерін еске алып та отыратын. Оның үстiне Мойнақта сол кездегi тоталитарлық жүйенiң кесепатына iлiнiп, жер аударылған, орыстың да, қазақтың да небiр жайсаңдары болған. Қазақтың бiртуар перзенттерi – Жақып Ақбаев, Меңдiгерей Бөкейханов, Мәмбет Қарабасов т.б. азаматтар бұл елдiң дәмiн татқан, бiрқатар «iстi болып» келгендер мектептерде сабақ та оқытқан екен. Мiне, Әзиза апамның өткiр де өжет болып, алған бетiнен қайтпас қайсар болып есеюiнде бұлардың да өзіндік әсерi болса керек.

Сыртынан бiлiп, көзiммен көрiп жүрсем де, Әз-апамен жақын танысуым 1964 жылы едi. Ол кезде Ташкенттегi Низами атындағы педогогикалық институтта оқитын менi Әзиза апай мен оның жолдасы Мұхамбетқали ағаның Бесағаштағы пәтерiне алып барып, жай-жапсарымды айтып түсiндiрген ағам Көбей Аралбаев едi. Әз-апа менi туған iнiсiндей бауырына тартты. Ол кезде Өзбекстан ҒА Тiл және әдебиет институтында үлкен ғылыми қызметкер болып iстеумен қатар, докторлық диссертациясын даярлау үстiнде екен. Елдiң жаңалығын, әсiресе, Нөкiстегi, Мойнақтағы ел ағаларының, басшы азаматтардың хал-жағдайын маған ұзақ әңгiмелеп беретiн.

Мұхамбетқали Атамұратов –  Әз-апаның өмiрлік серiгi, ұзақ жылдар бойы халық ағарту жүйесiнде қызмет жасаған. Мектеп директорынан Нөкiс қалалық халыққа бiлiм беру бөлiмiнiң бастығына дейiн көтерiлген байсалды азамат едi. Әзиза апай Мойнақтан шыққан жас­тарды жанына жақындататып, бауырына тартып отыратын.

Сол жылдарда апайдың Ташкенттегi «Фан» баспасынан «Типы простого предложения в тюркских языках» деген монографиясы басылып шыққан едi. Менiң Ташкенттен Алматыға ауы­суыма да ақыл-кеңес берген Әзиза апай. «Қазақ әдебиетi мен тiлiнен анық жақсы  маман боламын десең, ғылыми жұмыспен айналыспақ болсаң, Алматыда оқуың керек» дегендi апай кездес­кен сайын қадағалап айтып отыратын. 

Содан да болар, қысқы демалысымда Алматыға баруыма кеңес берiп, әлгi монографиясын Қазақ университетiнiң бiрнеше тiлшi-ғалым оқытушыларына автограф жазып берiп жiберген-дi. Әсiресе, сол кезде тiл бiлiмi саласындағы белгiлi ғалым Кәкен Ахановқа жай-жағдайымды бiлдiрiп, қол ұшын беруiн өтiнiп, арнайы хат жазып та берiп едi.

Әз-апа бiр көргенде мiнезi тiк, бетiң бар, жүзiң бар демей, тiлiне түскенiн төгiп салатын өркөкiректеу көрiнгенiмен, сөйлесе келе ол кiсiнiң бойындағы адамгершiлiк, бауырмалдық, қайсарлық, батылдық тағы басқа да жағымды қырлары ашыла түсетiн.

Өткен ғасырдың алпысыншы  жылдарында бiздiң Мойнақтан Ташкент қаласында әртүрлi жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының аспирантураларында оқитын, жастары  отызды орталап не соған жақындап жүрген азаматтар өте көп болды. 

Кейiн бiлсем, осы жiгiттердiң көпшiлiгi институт бiтiргендерiне оншақты жыл болған, отбасын құрған, бала-шағалы, бiрқатары аупарткомда жауапты қызметтерде iстеген, ең төменi мектеп директоры болған азаматтар екен. Олардың мектепте қалай оқығанынан  жақсы хабардар (бiр қатарын өзi оқытқан) Әзиза апа келешегi бар азаматтар ретiнде оларды қайрап, намысын жанып, аспирантурада оқуға шақырады екен…

«Ауылда әйелдерiңнiң етегiне оралып жүре бермеңдер, кандидат болуға шамаларың да, таланттарың да жетедi, елдiң атын сендер шығармасаңдар, кiм шығарады» деген сөздермен көкiректерiне намыс шоғын тұтатады. Кейiн бұл азаматтардың барлығы дерлiк саналы ғұмырларын Республикамызда ғылымның өркендеуiне, жоғары бiлiмдi маман кадрлар даярлауға  арнады.

Әз-апа мен Мұхамбетқали ағаның үйiнде мен олардың  біразымен таныстым, олардың ағалық ақылын тыңдадым, кеңестерiн алдым,  қамқорлықтарын да аз көрген жоқпын. Бүгiнде апамыздың қолдап-қуаттауымен ғалым болып елге оралған ағаларымыздың көпшiлiгi бақилық болды.

Көптiлеу Құрбаниязов пен Жеткерген Дiлмағамбетов – геология-минерология, Ахмет Дәрiбаев пен Қалдыбек Кенжеғұлов биология, Балмағамбет Жоламанов педагогика саласында ұзақ жылдар жемiстi қызмет еттi. Шет тiлiнiң маманы, Мойнақта оқытушы болып iстеген Қаразым Әмiралиев Әзиза  Нұрмаханованың жетекшiлiгімен филология ғылымының кандидаты дәрежесiне диссертация қорғады.

Әзиза Нұрмаханова өте көпшiл болатын. «Ақ сұңқар жемін шашып жейдi, қара құс басып жейдi» деген бар ғой. Ол кезде әрине, Аралдың балығы мол кезi, сүгенi мен сазаны дегендей елден келе қалса, жерлес iнiлерiмен, шәкiрттерiмен бiрге отырып жегендi тәуiр көретiн…

Ол кiсi ұзақ жылдар партия-кеңес қызметiнде iстеуiне қарамастан, үнемi Алланы, Жаратқанды есiне алып, соған сыйынып отыратын. 

Бiздiң Мойнақта Тоқпақ ата деп аталатын әулиенiң мазары бар. Қазiр бүкiл Мойнақ халқы өлiсiн сонда жерлейдi, киелi бабамызды пiр тұтады, басына әлдеқалай iс түссе бабаға сыйынады. Әзиза апай да екi сөзiнiң бiрiнде Тоқпақ атаға сыйынып, әулие есiмiн аузынан тас­тамайтын, кейде бiрер сәтсiздiкке ұшырай қалса, бiреулерден қатты көңiлi қалып ренжiсе де, Тоқпақ атаға сыйынып, соның кереметiне үмiт артатын. «Тоқпақ атам жар болды, алып шықты, дұшпанның табасына қалдырмады»,– деген ризашылықты ападан көп еститiн едiм.

Институт бiтiрген соң Мой­нақта орта мектепте он шақты жыл мұғалiм болып iстеп, содан соң Нөкiске келдiм, Қарақалпақ университетiне оқытушы болып орналастым. Ендi ғылыммен тiкелей айналыспай болмайды. 

Ол үшiн Алматыға келсем, салып-ұрып жетiп баратыным Әзиза апайдың үйi. Егер келгенiмдi естiсе, бармасыңа болмайды, қайдан болса да тауып алады. Мiне, осылайша, сексенiншi жылдардан бас­тап, Әзиза апайдың үйiнде болып, ол кiсiмен жете танысуы­ма, сырласуыма, қызықты да құнарлы әңгiмелерiн тыңдауыма мүмкiндiк туды.

Әзиза апа ол кезде ғылым докторы, профессор, Шетел тiлдерi педагогикалық институтында кафедра басқарады. Сол шақтарда, неге екенiн бiлмеймiн, Алматыдан қонақ үй тауып орналасу қиынның қиыны. Мейманхана аз ба, әлде келушi көп пе, жататын жер табу дегенiң зор машақат. 

Ол кезде Алматыда таныс­тар, елден көшiп барғандар тек саусақпен санарлықтай ғана еді. Алматының орталығындағы мейманханаларда, әрине,  бос орын болмайды, ол кезде не көп, жиын көп. Соларға келген делегаттар орналасады. 

Ал елеспесiздеу, қаланың шет пұшпақтарындағы қонақүйлердiң телефон номерлерi апайдың дәптершесiнде  жазулы болатын. Дереу осы қонақүйлерге телефон шалып хабарласатын. «Ойбай, апасы, орын жоқ, болса бұйырмасын» деген қонақүй директорларына, әкiмшiлiгiне бiр жағы базына жасап, бiр жағы туы­сым, өз елiм деп келгенiмiздi, өзге жұрттан  алып-ұшып елiм деп келгенде, далада қалуымызға болмайтындығын қалай да айтып түсіндiретiн, соңында әлгi қонақүй қызметкерi «келе қойсын» дегенде жүрегiмiз бiр орнығатын.

Ол кiсiнiң «Үш қыз» деп аталатын повесi Қарақалпақстанда басылмай, бiрнеше жыл жатып қалады. Алғаш қарақалпақ тiлiнде жазылған бұл туынды кейіннен «Қыздар» деген атпен Алматыда басылып шықты. Автобиографиялық сипатта жазылған бұл повестегi үш қыздың ең үлкенi – Әпипа, ортаншысы – Әзиза да, кенжесi – Ұлман (Ұлбосын).

Әпипа апамыз елден ертерек кеткен, жолдасы әскери адам (полковник) болғандықтан, қызмет орны жиi ауысып тұрған екен. Елден ертерек шығып кеткен бұл кiсiлердi де Әзиза апайдың үйiнде кездестiрiп, таныстым. Апай бұл кiсiлермен менi ғана емес, тiптi бүкiл Мойнақ ауданын, ата-тегiмiздi, елдiң бiрқатар азаматтарын да таныстырғандай әсерде қалдым.

Ұлман – Әзизаның сiңi­лiсi, ұзақ жылдар бойы Қара­қалпақстанда партия-кеңес қызметiнде болған. Нөкiс қа­лалық партия комитетiнiң хатшысы лауазымында iстеген мәдениеттi де парасатты жан едi, қазiр арамызда жоқ. Ұлманның жолдасы Алғазы Бекбасов – Қарақалпақстанға белгiлi азамат, Қарақалпақ мемлекеттiк университетiнiң проректоры, кафедра меңгерушiсi қызметтерiн атқарған бiлiктi де байсалды, ұстамды әрi мәдениеттi азамат едi.

Әзиза Нұрмаханованы әрiп­тестерi, филология ғылымы  өкiлдерi, лингвистика саласында еңбек етiп жүргендер ғалым, профессор, «Түркi тiлдерiнiң салыстырмалы грамматикасы», «Түркi тiлдерiндегi жай сөйлем  синтаксисi типтерi», «Қазақ тiлi», «Мәнерлеп оқу» т.б. еңбектердiң авторы ретiнде танып бағаласа. көпшiлiк кiтапсүйер қауым «Қыздар», «Шығыс шынары», «Ұлбала» т.б. көркем шығармаларды жазған қаламгер ретiнде таниды. Ал жерлестерi, Қарақалпақстанның, оның iшiнде Арал өңiрiнiң халқы апаны үлкен жүректi азамат, теңiздiң асау кезiндей қайсар да өжет, қажымас қара қызымыз едi, – деп бағалайды.

«Бұл ғасыр бейне ертегi,

Теңi жоқ жыр ғой асылы,

Әз iнiлердiң ертеңi,

Әзизалардың ғасыры», –

деп жақсы көретiн iнiсi ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, Әзиза апамыздың ғасыры туған халқымен бірге жалғаса беретіні сөзсіз.

Қайыржан Аралбаев,

филология ғылымдарының 

кандидаты,  

Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесi

Нөкiс қаласы