БІЛІКТІ БАҚЫЛАУШЫ

БІЛІКТІ БАҚЫЛАУШЫ

БІЛІКТІ БАҚЫЛАУШЫ
ашық дереккөзі

Бақыт Жанғабылова мысты қала Жезқазғанның тумасы. Көп балалы отбасында өсіп-өнген Бақыттың бойына әсемдік, әдемілік, шынайылық, еңбекқорлық секілді адамгершіліктің асыл қасиеттері әкесі Рақым мен анасы Әсиядан жұққан. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ата-анасы балаларының барлығын шаруаға араластырып, икемдеп өсірген.

Он жылдықты ойдағыдай аяқтаған Бақыт Петропавл қаласындағы индустриалдық техникумға оқуға түсіп, технолог мамандығын алып шығады. Оқуын бітіре сала туған қаласына оралып, Жезқазған мыс қорыту зауытына жұмысқа орналасады. Мыс зауытында еңбек еткен әкесі Рақымның тері сіңген саланың соқпағына түсіп, кәсіби бақылаушы қызметіне орналасқанда, бірбеткей бойжеткеннің шешіміне отбасы мүшелері таңданған жоқ. Содан бері көзді-ашып жұмғанша зырылдап жиырма жыл өте шығыпты. Электролиздеу цехында түрлі-түсті өнім бақылаушысы болып еңбек жолын бастаған жас қыз бүгінде өз ісінің шеберіне айналған. Негізгі міндеті – дайын өнім қоймасындағы өнімнің шет елдерге экспортталуын бақылап, құжатын рәсімдеп отырады. Бір жерде тұрақты еңбек етіп, майталман маманға айналған Бақыт Рақымқызы еңбек ұжымы арасында да сый мен құрметке ие. Дайын өнім қоймасының басшысы Мұхит Сыдықов, талай жыл бір жерде тізе қосып тер төгіп келе жатқан Виктория Яворская, Жаңылай Амантаева, Ботакөз Жекенбаева, Мақпал Хасенова сынды тағы да басқа әріптестерінің мақтанышына айналған.
Бақыт Жанғабылова өндіріске кездейсоқ келмеген. Әкесі Рақым құрметті металлург болса, атасы Үсен ұзақ жылдар кенші болып еңбек еткен. Сондықтан болар, өндіріс оған таңсық емес. Бала кезінен атасының аузынан естіп, әкесінің жанына ілесіп жүріп, көріп өсті. Қазір ол «Өндірісшілер әулетінің» ізін жалғастырушы санатында.
Жиырма жыл деген айтуға оңай. Желдей ескен ұшқыр уақытта небір сындарлы сәттерді басымнан өткергенім өзіме ғана аян. Аға буын әріптестерімнің қолдауымен қиындықтарға қарсы тұрып, кедергілерді жеңе білдім. Қазір де соңымнан еріп келе жатқан жастарға жанашырлықпен қарап, қолтығынан демеуге дайын тұрамын. Жиырма жылдағы адал еңбегім абыройымды асқақтатып, беделімді бекіте түсті, көпшіліктің құрметіне бөлендім, – деді ол ағынан ақтарыла айтқан әңгімесін әрі қарай жалғастырып.
Бақыт Рақымқызының осы уақытта қол жеткізген табыстары мен марапаттары жетерлік. Оның ішінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Э.Огайдың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бір төбе. Бұл жайында отбасы мүшелері мақтанышпен айтып отырады. Анасы Әсия араларында жоқ болғанымен, орталарында асқар таудай болып әкесінің отырғанын көңілге демеу, дәтке қуат еткен жайы бар. Әкесі Рақым қазір Ұлытау ауданындағы «Жетіқоңыр» ауылында мал шаруашылығымен айналысады. Жетпісті желкелесе де денсаулығына шағымы жоқ. Жүрісі ширақ, өзін әлі де болса сергек сезінеді. Отбасының тұңғышы болғандықтан шығар Бақыт соңынан еріп келе жатқан бауырларына алаңдап отырады. Алыста тұратындарымен күніне бір рет тілдеспесе көңілі көншімейді. Бауырлары да апасының қамқорлығына разы. Әңгіме ауаны отбасына қарай ауғанда Бақыт жадырап сала берді. Өз отбасын мақтаныш ететіндігі айқын аңғарылып тұрды.
Әкем жастайымыздан кітап оқуға тәрбиеледі. Үйде әкемнің шағын кітапханасы болды. Содан небір тарихи, әдеби кітаптарды оқып, өстік. Анам болса, бізді іс тігіп, тоқыма тоқуға үйретті. Анам мен әкемнің жүріп өткен өмір жолы жайлы әңгімелерін тыңдай отырып, олардың адамгершілік қасиеттерінің әлдеқайда биік екендігіне көз жеткіздім. Осындай аяулы анамның, ұлағатты әкемнің тәлім-тәрбиесінде ержеттік. Қазір әкеме телефон шалып, қал-жағдайын сұрасам: «Жағдайымның жақсы болуы сендерге байланысты. Сендер жақсы болсаңдар, мен де жақсымын» – деп отырады. Міне, ата-ананы өсіретін де, өшіретін де бала екендігін осыдан кейін білесің, – деген Бақыт Рақымқызы 8 наурыз қарсаңында ас үйдегі құпияларымен бөлісті.
Әйелдер мерекесін ерекше жақсы көретін кейіпкеріміз бұл күнді қарсы алуға барынша дайындалатын көрінеді. Ұлттық тағам түрлерін молынан әзірлеп, дастарқанды жайнатып қойғанды қатты ұнатады.
– 8 наурыз мерекесін үлкен қуанышпен күтемін. Мұндай мерекелерді ұжым болып атап өтуге тырысамыз. Одан соң әулетіміздің үлкендерін, үлкен апаларымызды құттықтап шығамыз. Ақ дастарқан жайып, бір-бірімізге ақ тілегімізді білдіреміз. Мерекелік демалысты пайдаланып, тәбетті ашатын түрлі тағамдар, салаттар әзірлейміз. Осының өзі жаныңды жадыратады. Көңіліміз бір серпіліп, жасарып, жайнап қаламыз, – деген Бақыт осы мерекені де асыға күтіп отырғандығын жеткізді.
Міне, қызметте қадірлі, отбасында бақытқа бөленген білікті маман Бақыт Жанғабылова осындай.

Мейрамкүл Алпыспаева,
Жезқазған