Рамазан Бапов

Рамазан Бапов

Рамазан Бапов
ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі балет бишісі, КСР және КСРО халық әртісі Рамазан Баповтың өмірден озуына байланысты оның отбасы мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент жеделхатында Рамазан Баповтың өз өмірін өнерге арнап, зор табыстарға қол жеткізгеніне тоқтала отырып:
«Ол ұзақ жыл Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жемісті еңбек етіп, айтулы спектакльдердегі басты партияларды үлкен шеберлікпен орындап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Өз өнерін әлемнің көптеген елінің сахналарында да паш етті. Ұстаздық қызметпен айналысып, шәкірттер тәрбиеледі. 2008 жылы менің шақыруыммен елге оралып, туған театрының шығармашылық тұрғыдан одан әрі кемелдене түсуіне лайықты үлесін қосты», – делінген.
Жеделхат соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы оның есімі мен еңбегін әрдайым есте сақтайтынын атап өткен.

***

Р.Бапов 1947 жылғы 16 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келді. 1966 жылы КСРО Үлкен театры жанындағы Мәскеу хореография училищесін үздік тәмамдады.
Шығармашылық қызметін Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында бастады. 1966-1988 жылдары Абай атындағы МАОБТ балет солисі ретінде театр сахнасында ұмытылмас образдарды сомдады.
Бишінің жеке дебюті 1968 жылдың 30 қаңтарындағы Б.Асафьевтің «Бақ­ша­сарай су бұрқағы» балетіндегі Вац­лав­тың партиясы болды. Содан кейін П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» және «Ұй­қыдағы ару», А.Аданның «Жизель», Х.Левенсхольдтің «Сильфида», Л.Мин­кустың «Баядерка», А.Глазуновтың «Раймонда», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», И.Стравинскийдің «Пульчинелла», Е. Брусиловскийдің «Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу», Қ.Қожамияровтың «Чин-Томур», Ғ.Жұбанованың «Хиросима» және «Аққұс туралы аңыз», М.Сағатовтың «Әлия», Т.Мыңбаевтың «Фрескалар» және тағы басқа балеттердегі жетекші партияларды сомдады.
Р.Бапов ұзақ жылдар бойы Қазақстан балет сахнасындағы ең жарқын және талантты бишілердің бірі болды. Тума талант иесінің шығармашылық жолы – шеберліктің биіктігіне ұшқырлықпен шығудың үлгісі іспеттес, сахнаға әрбір шығуы жоғары кәсіби шеберліктің, әуезділіктің, сахналық көріктіліктің айқын көрінісі.
Рамазан Салықұлы өмірінің ұзақ жылын педагогикалық қызметке арнады. Оның шәкірттері көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары, бүгінгі күні әлемдік сахналарда өнер көрсетуде.
Р.Баповтың Қазақстанның хореогра­фия өнеріндегі сарқылмас еңбегі бірнеше рет жоғары үкіметтік марапаттармен атап өтілді. Оған Қазақ КСР-інің және КСРО халық артисі атақтары, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы, сондай-ақ «Құрмет белгісі» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Аса дарынды балет артисі Рамазан Баповтың жарқын бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі.