Шәкен шапағаты

Шәкен шапағаты

Шәкен шапағаты
ашық дереккөзі

Қазақ кино өнерінің алтын ғасыры. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы-жетпсініші жылдары қазақ кино өнері ғаламат жылдамдықпен өсті. Қарқынды дамыды. Қазақ кино өнері жаңа бір белеске көтерілді. Қазақ киносының осыншама жылдамдықпен, әрі сапалы деңгейде дамуына өлшеусіз үлес қосқан төрт Биік бар. Олар: Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов. Төрт биіктің қолынан туған әрбір кино туынды сап алтындай құнды әрі бағалы еді.                                                                  Әнші бала Соғыстан бұрынғы жылдар. Аумалы-төкпелі кезең. Ел ішін ашаршылық жайлаған. Баянауыл тауларының етегінде дүние есігін ашқан таланттың балалық шағы қиын-қыстау күндерге тап болды. Бір отбасында туған екі бала бірдей баланың үлкені де, кішісі де өз қатарынан асып туды. Марқұм Кәукен Кенжетаевтың ағасы туралы жазған естелігіне құлақ түрсек: «Баянның «Ақбеттауының» бауырында, сары жазықтың ортасында, айман бұлақтың түбінде, «Қызыл шіліктің» тау жақ бетінде қарағайдан салынған екі бөлмелі аласа ғана үй болатын. Бұл айманның Кенжетайының үйі еді. Кенжетай жасынан мойнына мылтық асынып, ит жүгіртіп, құс ұшырып, аң аулап, қолынан домбырасы түспеген, ән салуды жанындай жақсы көреді екен. Кенжетайдың сол кішкентай үйінде Қали әнші, Ысқақбай күйші, Дүйсенбай ертегіші, Рахметқожа қиссашы, өзінің сауық сүйгіш ағасы Мұзапар, інісі Қажымұрат, тағы басқа ел жақсылары жиналып, ойын-думанды қатты қыздыратын. Таң атқанша ән айтылады, күй тартылады, ертегі, қиссалар оқылады. Кенжетайдың үш ұлы – Әбдікәрім (Абдан), Шаһкәрім (Шәкен), Әбдірахым (Кәукен) болды. Біз кейін Абдан, Шәкен, Кәукен аталып кеттік. Жаңағыдай кештерде біріміз әкеміздің, екіншіміз шешеміздің алдында отырып алып, сілеміз қатқанша тыңдап, көзіміз қалай ілініп кеткенін білмей қалатынбыз. Біз үшін Қалидің әні, Ысқақ­байдың күйі өмірде бір қол жетпейтін қиял сияқты көрінетін. Кейде: – Ал, қане, Шәкітай мен Кәукешті тыңдайық. Ал, бір-бір ән айтып беріңдер, – деп Қали домбырасының құлағын бұрай бастайды. – Шәкен, сен «Екі жиренді», ал, Кәукен, сен «Қара торғайды» айт, –деп, әкеміз қостап кетеді. Сөйтіп, біз де ән салған боламыз…», – дейді. Бұл бала әншілер Шәкен мен Кәукен болатын. Дәл осы кезде екеуі де қазақ өнерінің аспанында қалықтап, есімдері алтын әріптермен жазылатынын сезген жоқ. Бар білері, әнді, күйді сүйгені ғана. Расында да, ән мен күйге елтіп өскен Абдан да, Шәкен мен Кәукеннің ерекше дарын иесі болып өспеуі мүмкін емес еді. Бала кезде құлағына сіңген қали әншінің әндері мен Ысқақбай күйшінің күйлері Өнер атты әлемге жетектей берді. Ән мен күйдің құдіретінің арқасында бала Шәкен елден ерек, дара бала болып өсті.                                      Атақты «Жиырма бес» немесе Ғабит таныған дарын Ел іші әлі де еңсесін көтере қоймаған уақыт. Жас Шәкеннің ерекше қабілетін танып, көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов оны қолынан жетектеп, Алматыға алып келді. Ол кезде Шәкен Семейде техникумда оқып жүрген кезі екен. 1924 жылы Шәкенді үлкен ағасы Қажымұрат Семейге оқуға алып кетеді. Өзі мұғалім болған соң, Шәкенді де мұғалімдікке тартады. Әуелде Казкоммунаға, кейіннен Халық ағарту институтына оқуға түсірген. Осы институтта оқып жүргенде Шәкеннің қолынан домбыра мен мандолина түспей, неше түрлі көркемөнер үйірмелеріне, Халық үйінде Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліне қатысып жүрді. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай режиссердің жастық шағы туралы толғамында: «Мектепті бітіре сала, 1928 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына түсті. Кәдімгі таланттарымыздың томағасын сыпырған Абай, Мұхтардың мекені – қарт Семей. Атақты «Ес аймақ» қоғамының Отаны. Жас таланттардың намысын қайрауда үлкен жүк көтерген Семей тәрбиесі Шәкен табиғатына да едәуір өзгеріс әкелді, балаң дарынға леп берді. Өнерін ұштап, көзге түсіп қалған түбіт мұрт бозбаланы 1932 жылы ашаршылықтан зардап шеккен елдің хал күйімен танысып жүрген ұлы Ғабит Мүсірепов байқап қалып еді. Жас жүректің өзгеше лүпілі мен зердесі ұққан атақты жазушы болашақ актер бағытын астанаға бұрған. 1932-33 жылғы маусымнан бастап, қазақ драма театрына алынған Шәкеннің алғашқы рольдері: Грамофонов (Погодин, «Менің досым») Қодар, Керім («Абай»), Алдар көсе (Құсайынов, «Алдар көсе»), Исатай (Жансүгіров, «Исатай-Махамбет») Шекспирдің 1939 жылғы «Отелло» қойылымында – Кассио және тағы басқалары. Қазақ, орыс және шетел драматургтерінің таңдаулы шығармалары актер репетуарының негізін құрады», – деп жазады. Шәкен Аймановтың алғашқы баспалдағы театрдан басталды. Ол ойнаған рольдер бүгінде Алтын қорда сақталып қалды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бала кезімізде теледидардан Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеева ойнаған «Асауға тұсау» спектакльін көргенім бар. Катарина мен Петруччио спектакльдің негізгі алтын кілті болды. Шәкен Аймановтың сахнадағы рольдері десе, менің есіме Петруччио-Шәкен бейнесі қылаң береді. Одан кейін де сахнада талай Петруччиолар болған шығар. Бірақ, Шәкен-Петруччионың жұлдызды шағын ешкім қайталай алған жоқ. «Шәкен Айманов сахнадан ерте кетті деп есептеймін. Бұл театр үшін де, оның өзі үшін де үлкен олқылық болды. Ол сахнада ғана шын мәнінде жарқырап көрініп еді ғой. Бұған ренжіп жүрген мен бірде Шәкенге шын жүректен: «Сенің кетуіңе байланысты театрды сүйетіндер киноны сүйетіндердің тапқанынан да көбірек нәрсені жоғалтты!» – дедім. Әйтсе де, біздің Погодинмен бірге жазған сценарийіміз бойынша түсірілген фильмде Жамбылдың ролін ойнаған Шәкен кинода мені бірден-ақ қуантты. Осы ролімен Шәкен экрандағы актерлік талантын ғасырларға тәбәрік қылды. Бәлкім, жалпылай алғанда картинаға иллюстратившілдік, схемашылдық… тән шығар. Бірақ Ш.Айманов өз шеберлігімен бұл картинаны биікке көтеріп әкетті. Ол тым жас кетті. Оны білетіндердің қай-қайсына да белгілі нәрсе – ол әлі де көп құнды дүниелер жасай алар еді». Бұл Әбділда Тәжібаевтың дос туралы естелігі. Меніңше, театр сахнасында болсын, кино әлемінде болсын, Шәкен Аймановтың қолтаңбасы тиген дүниелердің бәрі ерекше құнды. Шәкен ойнаған Хлестаков («Ревизор»), Ақан сері («Ақан сері-Ақтоқты»), Грамофонов («Менің досым»), Кассио («Отелло») рольдері мәңгілік бейнелер.                                                            Кино, кино және кино… Кино нағыз идеологияның таптырмас құралы. Кино арқылы бүтін бір ұлтты тәрбиелеуге болады. Кино идеологияның құралы екенін коммунистер көсемі айтты десек те, бүгінгі күні көзіміз оған анық жеткен. Оған қазақ киносының алтын ғасыры саналған уақыт пен бүгінгі кезең куә. Шәкен Аймановтың киноға келу тарихы да өте қызық. Режиссер өз естелігінде: «Соғысқа дейінгі кезең. Киноға түсуге кино алаңына келдім. Бұл 1937 жыл болатын. Қастек ауылында Амангелді Иманов туралы фильм түсірілді. Режиссеры – М.Левин. Бір сағат қана тамашалуға келгем. Бірақ кино алаңынан кете алмадым. Күні бойы осында жүрдім. Режиссерге келіп, өзіме роль беруін өтініп едім, ол маған рольдердің бәрі тарқатылып қойғанын, массовкада сарбаздың қатарында болуымды өтінді. Сарбаз болса, несі бар. Өзіме костюм дайындап, опа-далапты да өзім әзірледім. Сол күні мені түсіріп алды. Сол күннен бастап, менің киноға деген ерекше махаббатым оянды. Әрбір дүйсенбі күні кино түсіру алаңына келіп жүрдім. Қолымнан келген шаруаларды атқара беремін. «Алда тағы кино түсіретін болсам, саған міндетті түрде роль беремін», – деп өз уәдесін берді М.Левин. Режиссер өз уәдесінде тұрды. Мұхтар әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмінде Сәрсеннің роліне бекітті. Осылайша, мен киноактер болдым», – деп жазады. Бұл не құдірет? Күтпеген жайт па? Әлде кездейсоқтық. Кездейсоқтық демекші, Шәкен Аймановтың бұл туралы пікірі бөлек. Ол өзінің киноға кездейсоқ келмегенін айтады. «Мүмкін, мен кино алаңына кездейсоқ келген шығармын. Мүмкін, мен киноға түскім де келген шығар. Бірақ олар менің дарынымды танып, байқауы үшін ерекше еңбек еттім. Бар күш-жігерімді жұмсадым», – дейді. Болашақ режиссердің Сәрсеннен кейінгі ойнаған ролі – «Абай әніндегі» Шәріп бейнесі. Режиссерлер Е. Рошаль мен Е. Арон түсірген «Абай әніне» Шәкенді алып келген Қалибек Қуанышбаев еді. «Қалибек ағаның орысшасы әлсіз болатын. Мен оның қасында тұрып алып, Абайдың мәтінін айтып отырамын. Ал Қалибек аға менің сөздерімді қайталап тұрушы еді», – дейді Шәкен Айманов. Шәкен ағаның бағын жандырған рольдің бірі – Жамбыл бейнесі. Жамбыл роліне Шәкен Аймановтың бекітілуінің өзі қызық. Әуелде режиссерге Шаймұхамедтің ролі тиген екен. Ол кезде Шәкен аға отыз алты жаста. «Жамбылмен менің ұқсастығым шамалы. Түрім Жамбылдың не жас шағына, не қартайған кезіне келмейді. Ал маған бекітілген Шаймұхамедтің ролі ұнамайды. Ойнағым да келмейді, әрі бас тарта да алмаймын. Дайындық кезінде Ефим Львовичке басқа өлең оқып көрейінші деп өтініш жасадым. Қолыма домбыра алып, өлең оқуды бастап кеп жібердім. Абайдың, Жамбылдың, Сәбиттің өлеңдерін бірінен кейін бірін төгілтіп жатырмын. Менің есте сақтау қабілетім ерекше еді. Кез келген өлеңді үш-төрт рет оқысам, жаттап алатын едім. Түрлі-түрлі образға еніп алып, өлеңді құйқылжытып жатырмын. Бір кезде режиссер: «Тоқта, тоқта. Мынауың Шаймұхамедтің образына келіңкіремейді. Сен Жамбылдың ролін ойнағың келмей ме?», – деп сұрады. Ойнағанда қандай?! Осылайша, Жамбыл бейнесін алып шықтым». Бұл режиссердің кино туралы естеліктерінен бір үзік сыр. Бұл жылдары Шәкен Аймановтың театрдағы аты дүрілдеп тұрған кезі. Тіпті «Абай» ролі үшін режиссерге Мемлекеттік сыйлық та берілген еді. Бірақ киноға деген ерекше махаббат оны кино әлеміне жетелей берді. Театрдағы рольдердің жөні бір бөлек те, кинодағы рольдердің орны бір бөлек болды.                                                          Ол қалай режиссер атанды? Шәкен Аймановтың кино әлеміне енуі мұң екен, кинодраматургия атты қиын да күрделі жанрдың есігін ашпасқа мүмкін болмай қалды. Бұл 1953 жыл болатын. 1945 жылдан 1952 жылға дейін Қазақстанның киноиндустриясы тоқтап қалды. Мықты режиссерлердің көбі Алматыны тастап, орталыққа кетті. Бос қалған павильондар мен цехтарда жұмыс істейтін кадрлар жоқтың қасы. Дәл осы мезетте Шәкен Аймановқа студияда жұмыс істеуге ұсыныс түседі. Кинодраматургияның дәмін татып үйренген режиссерге бұл әлем таңсық емес еді. Осылайша, болашақ режиссерге кино үйінің есігі айқара ашылды. Сол аяулы жылдар марқұм Сұлтан Қожықовтың естелігінде әдемі өрілген. «Кейін Шәкең кино режиссурамен айналысқан кезде, студияда жылдар бойы бірге жұмыс жасадық. Кинематографияға келгенде, ол театрдағыдай ешкім, ешқашан тағынан түсірмес ағалық, ақсақалдық мәртебе иеленді. Шәкеңде қызғаншақтық атымен жоқ еді. Мен мұны анық білемін. Сонымен бірге, жалған бәлсінуден ада, өз бағасын жақсы білетін адам еді. Ол жетекші актерлер мен заманға сай режиссерлерге сүйсіне қарайтын. Әріптестерінің табысына шын жүректен, алақайлап балаша қуанатын. Біз жиі-жиі қызу пікір таластырып, өз жұмыстарымыздағы кемшіліктерді қатқыл сынға алатынбыз. Мұның бәрі әрқайсымыздың суреткер ретінде өсуімізге, фильмдеріміздің жақсы бола түсуіне керек екенін түсінетінбіз. Әрбіріміздің де табыстарымыз бен олқы тұстарымыз болды, әрине. Ісің ылғи да сәтті бола бере ме? Ондай кездерде Шәкен қатты қапаланатын-ды. Арнайы «киношылық» білімсіз-ақ кинематография әлеміне енген оның осы өнерді ұңғыл-шұңғылына дейін қапысыз білуі таң қалдыратын. Кинода нағыз кинорежиссер болып танылған ол өз мүмкіндігінен де асып түскендей еді. Бұл сөзімізге дәлел – оның соңғы картинасы «Атаманның ақыры». Оның бақилық болуы қазақ киносына орны толмас қайғы әкелді. Біз мұны тірі Шәкеннен неғұрлым алыстаған сайын соғұрлым терең түйсіне түсеміз». Рас, Шәкен Аймановтың қолынан туған дүниелердің бәрі шетінен мықты, көрерменін еш жалықтырмайтын фильмдер. Шәкен аға жасаған «Атамекен», «Тақиялы періште», «Ән қанатында», «Найзатас баурайында», «Алдар көсе», «Атаманның ақыры» осының дәлелі. Бірін-бірі толықтырып, бір-бірімен сабақтасып жатыр десек те, әр фильм өзінше бір биіктік, өзінше бір әлем. Нағыз Алдар, нағыз қазақ… Көзкөргендердің көбі Аймановтың мейірімді, білікті, сұлу, ақылды, дарынды, адамгершілігі мол, қайырымды жан екенін көбірек айтады. «Тақиялы періште» фильмінде Айша ролін ойнаған актриса Шолпан Алтайбаева: «Шәкен Айманов – нағыз қазақ еді. «Менмін» деген әр қазақ дәл Шәкен Аймановтай болса ғой деп армандаймын. Мінезі қандай еді?! Шәкен Аймановтай актердің жанын түсініп, актерді ерекше сүйген режиссер көрген емеспін», – дейді. Расында, тағдыр Шәкен Айма­нов­тың бір басына барлық дарынды үйіп-төгіп бере салғандай. Әнші…. «Жиырма бес» пен «Екі жиренді» Шәкен ағадай ешкім орындай алған жоқ деседі. Оны өнерге алып келген де ән. Өнер әлемінің есігін қақтырған да ән. Ән болғанда да қандай ән. «Жиырма бес» пен «Екі жирен». Әйгілі «Атаманның ақыры» фильмінде ұмытпасақ, «Жиырма бесті» орындаған Шәкен Аймановтың өзі болатын. Актер… Оған жиырма жылдай театр сахнасында ойнаған рольдері куә. Ол ойнаған әрбір роль өзгеше бір әлем, өзгеше бір құдірет. Петруччио, Хлестаков, Ақан сері, Абай, сияқты сан ролдері көрерменін еш жалықтырған емес. Ол ойнаған рольдер туралы көрермендер әлі күнге аңыз қып айтады. Кинорежиссер… «Алдаркөсе», «Атамекен», «Тақиялы періште, «Атаманынң ақыры» және т.б. фильмдерін керемет емес деп айта аласыз ба? Экранға шыққанына қырық алты жылға жуықтаған «Тақиялы періште» фильмі әлі күнге көрерменін еш жалықтырған емес. Қырық жылдан астам уақытта бірталай ұрпақ ауысты. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін «Тақиялы періштенің» әрбір эпизодын жатқа біледі. Аңғалдық та, мейірімділік те, жеңіл әзіл-әжуа да кездеседі бұл фильмнің өн бойында. Бала да көреді оны, шаға да көреді. Өйткені өнерді шынайы сүйген жанның қолынан әрдайым шынайы дүние ғана туады. Қарапайым жан… «Қайырымдылық – қуатты дара мінездің нышаны. Айманов алыптарды және қарапайым адамдарды тең дәрежеде жақсы көретін. Күштілердің де, нәмәрттердің де өзіне жасаған қиянатты мен әлсіздіктерін кешірді. Жолында кездескен кім-кімге де жәрдемдесе білетін. Біріне Шәкен көмектескен, біріне ақыл айтқан, кеңес берген, бірін құтқарған дегендей, онымен тікелей жүздескен жүздеген адамдар күні бүгінге дейін Шәкеннің жарқын бейнесін, жақсы істерін ризашылықпен еске алысады». Бұл Шәкен Аймановтың қарапайым болмысы туралы Асанәлі Әшімовтің пікірі. Суреткер… «Оператор да, суретші де, композитор да сөз жоқ талантты болуға тиіс. Тіпті, админстратор мен пиротехникте ерекше дарынды болса деймін. Дегенмен, фильмнің жетістікке жетуіне де, құлдырауына да кінәлі адам – режиссер», – дейді Шәкен Айманов. Шәкен Айманов ерекше дарын иесі болмаса, талантты фильмдер өмірге келер ме еді, келмес пе еді. Кино алаңында дана да, бала да бола білген дара таланттың құдіретінің арқасында мәңгі өлмейтін туындылар дүниеге келді. Ол шын мәнінде аса дарынды суреткер еді. Ол режиссер ғана бола білген жоқ. Ол әрбір дүниеге келген кино туындысының төл әкесі еді. Дарынның арқасында әрбір рольге лайықты мықты таланттарды тани білді. Таланттардың қайсысының икемі қай рольге келетінін дөп басып білді. Әрі оның бұл интуициясы алдаған жоқ. Ол таңдаған актерлер өз образдарын қалай ойнап шыққанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Егер Аймановтың қолтаңбасы қалған фильмдер ғажайып болмағанда, қырық-елу жыл бойы телеэкран бетінен көрінбес еді. Әлі күнге ол фильмдер өзінің құнын жоғалтқан жоқ. Режиссердің әзіл әлемі Нағыз өнер адамы ғана шынайы еркелей алады. Шәкен Аймановқа тән ерекше қасиеттің бірі – ағаларына, інілеріне, достарына еркелей білгені. Шәкен ағаның қалжыңы да ерекше болғанын айтады көзкөргендер. Қазақ театр өнерінің, кино өнерінің алыптарымен бірге әзіл-қалжыңға толы әңгімелері әлі күнге аңыз болып айтылады. Шәкен ағаның қалжыңына алданған қаламгер ағаларымыз да аз емес. Олардың ешқайсысы да Шәкен інісіне ренжіген емес. Дара таланттың бір еркелігін көтере білді. Еркелете де білді. «…Шәкен Айманов кабинетте отырған хатшы қызға «Мыналарға телефон соғып, ертең сағат таңертеңгі онда Үкімет үйіне келсін деп хабарла», – деп тапсырады. Хатшы қыз айтқанын бұлжытпай орындайды. Ертеңіне Үкімет үйінің рұқсат қағаз беретін жеріне Қалибек, Құрманбек, Шара, Серке, Ғарифолла, Қанабек бастаған өнер қайраткерлері қаптап кетеді. Сағат онға он минут қалған шақта: – Әу, мыналарың ертегі болып жүрмесін, рұқсат қағазын қашан береді, – деп таяғымен еденді бір нұқып қалды Серағаң сабырсызданып. – Сіздерді ешкім шақырған жоқ, біреу жалған айтқан болар, – деді рұқсат қағаз беретін әйел. – Ал керек болса! – деп әртістер қайран қалысты. Сонда барып манадан үнсіз тұрған халық әртісі Диордиев: – Ха-ха-ха! Ішімізде кім жоқ, білесіңдер ме? Шәкен жоқ! Бұл соның ісі! Оның үстіне бүгін сәуірдің бірінші жұлдызы екенін ұмытпаңдар. Қане, тараңдар үйлеріңе, – дейді. – Әй, Шәкен-ай, әй, Алдаркөсем-ай, сенің-ақ қалжыңың таусылмайды әйтеуір, – деп, Серағаң да таяғының ұшымен еденді және бір сырт еткізіп: – Қой үйімізге қайтайық, хи-хи-хи, – деп көзінен жас шыққанша күліпті». Кино суреткердің әдемі қалжыңдары туралы Асанәлі Әшімов, Әкім Тарази ағаларымыз жиі жазып жүр. Бір әттеген-айы, Шәкен ағаның көзін көрген әртістеріміздің көбі бүгінде о дүниелік болып кетті. «Ол кездің өзі бір ғаламат кез еді ғой», – деп сыр шертетін аға-апаларымыз да азайған. Бүгінгі ұрпақтың көбі аңыз-әңгімеге толы ол кездердің сыршыл естеліктерінен мүлдем хабарсыз. Ұрпақ алмасқан сайын таланттарымыз туралы әңгіме де аз шертілетін болды.                                                                          Тазалық Шәкен Айманов түсірген әрбір фильм несімен құнды?! Мүмкін, Аймановты нағыз кино режиссер еткен өнерге деген адалдығы шығар. Егер Шәкен Айманов өнерді өзінен артық құрметтемегенде, өнерді өз баласынан артық сүймегенде, бұл фильмдер дүниеге келмес еді-ау. «Он бес жылда он фильм түсірдім. Өзімді әлі толыққанды кинорежиссермін деп айта алмаймын», – дейді. Бұл Өнерді шынайы сүйген жанның өзіне берген бағасы. Бір фильмі шықса, «жұлдыз» ауруымен ауыратындар үшін бұл үлкен сабақ болар еді. Әлемдік режиссерлер туралы мақтанып айтып жүргендер өзіміздегі барды неге бағалай білмейді екен?! Голливудтың, Болливудтың фильм­дерімен шектесе алатын фильм түсіру үшін режиссерге Шәкен Аймановтың мектебінен өтсе, жетіп жатыр. Аймановта бар қасиетттерді бойына дарыта білсе дейміз. Арада ұзақ жылдар өтсе де, Шәкен ағаның әрбір сөзі, әрбір естелігі әлі күнге бүгінгі ұрпағына сабақ болып келеді. Кинодраматургияны дамытамын деген, қазақ киносын жаңа белеске көтеремін деген әрбір жас ең әуелі шәкентанудан бастағаны жөн. Шәкен Айманов кино түсіргенде қалай болды? Оның өзге режиссерден кереметі неде? Ол неге өлмейтін, өшпейтін фильмдер түсірді? Оның құпиясы бар ма деген сияқты сан-сауалға жауап іздегені жөн келешек режиссер. Сонда ғана қазақ киносының бағы жанады? Сонда ғана қазақ киносын жаңаша деңгейге көтерген алыптардың арманы орындалады. Оның қазақ киносында өшпейтін, өлмейтін өзіндік ізі қалған. Ол – Кино тау! Ол – Шәкен шың! Ол – өнерге деген адалдықтың, тазалықтың символы.