«АЛТЫН ҚЫРАН» ТАҒЫ ДА АЗАМАТТЫҚ ТАНЫТТЫ

«АЛТЫН ҚЫРАН» ТАҒЫ ДА АЗАМАТТЫҚ ТАНЫТТЫ

«АЛТЫН ҚЫРАН» ТАҒЫ ДА АЗАМАТТЫҚ ТАНЫТТЫ
ашық дереккөзі

 

12 наурыз,
сәрсенбінің сәтті күні Ұлттық академиялық кітапханада «Алтын қыран» халықаралық
қайырымдылық қорының демеушілігімен жарық көрген жеті кітаптың тұсаукесері
өтті. Бұл жолы шыққан кітаптар сериясының арасында төрт поэзиялық, бір
прозалық, бір публицистикалық жинақтар және сатиралық сурет-альбом бар.

 

АЛТЫ КІТАПТЫҢ АТҚАНДА
ТАҢЫ


Сериясы деп
айтып жатқанымыздың себебі, 2012 жылдың ақпанында аталмыш қор бір мезгілде алты
кітап шығарып, нақ осы Ұлттық академиялық кітапханада олардың тұсаукесерін
өткізген болатын. Сол тұсаукесер төрінде қасқайып отырған қоғам қайраткері,
ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен қазақ қыздар поэзиясын биікке көтеріп кеткен
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова туындылардың авторлары
мен олардың шығармалары жайлы жылы пікірлерін білдірген еді. Мырзатай
Жолдасбековтің «Киелі түндердің дұғасы» жинағының туындыгері Ерлан Жүністі ХХІ
ғасырдың Мұқағалиына теңегені, Фариза апамыздың Танакөз Толқынқызы мен Асылзат
Арыстанбектің жырларына тәнті болғаны есімізде. Артынша, Фариза апамыздың ол
кітаптар жөнінде жазған мақаласы Егемен Қазақстан» газетіне шықты. Қос Айгүл – Мемлекеттік
«Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, жазушы Айгүл Кемелбаева мен белгілі
журналист Айгүл Аханбайқызы мерзімді баспасөз арқылы жарық көрген туындыларға
өз көзқарастарын білдірді. Өзіміз де «Түркістан» газетіне шағын ақпарат берген
едік.

Екі жылға
кейін шегініп, оның бәрін тәптіштеп жазып жатқанымыздың да бір себебі бар. Сол
кітаптардың жарық көруі – авторлардың шабыттарына шабыт қосты. Оны Танакөз
Толқынқызының сол уақытта өлеңді өндірте жазғанынан байқауға болады. Онда
Танакөздің кемінде бір жаңа өлеңін ғаламтордан күнде оқып қалушы едік.

Ол кітаптар
оқырмандарға туындыгерлердің жаңа қырларын да таныта түсті. Мәселен, бұған дейін
Серік Сағынтай ақындығы және журналистігімен танымал болса, «Алтын қыран»
шығарған «Қарға» кітабы оның прозаға таласы бар екенін көрсетті. Құлтөлеу
Мұқаштың публицистикалық мақалаларын оқып жүрген жұрт «Боз жауын» кітабы арқылы
оның жазушылығына қанықты. «Бесінші маусым» мен «Соңғы раушан» кітаптары
Асылзат Арыстанбек пен Мирас Асанның алғашқы жыр жинақтары болатын. Қысқасы,
журналист Жандос Бәделұлының «Профи Медиа» баспасынан тартымды болып шыққан
алты кітап та ішкі мазмұнымен де, сыртқы қалпымен де көңілімізді толтырған еді.

 

АТЫРАУ – АЛТАЙ,
АЛАТАУ – АРҚА АРАСЫ ҚОСЫЛДЫ


Қолымызға тиген жаңа жеті кітаптың да
сырты көз тартарлық. Ел-жұрт мойындаған «Фолиант» баспасының туындылары екен.
Жақында ғана бұл баспа сонау ғасырлардың қойнауында жатқан мол мұрамызды
жинақтап, «Бабалар сөзі» 100 томдығын шығарды. Мәдениет және ақпарат
министрлігі сеніп тапсырған істі жедел орындаған баспа қызметкерлері осылайша
өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырғандай болды.

Айтпақшы, «Фолиант» баспасы «Алтын
қыран» халықаралық қайырымдылық қорының тапсырысын алғашқы мәрте орындап
отырған жоқ. Бірнеше жыл бұрын аталмыш баспадан адуынды ақын, халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлының «Жиырмасыншы ғасырдың
жиырма сәті» поэма – панорамасы жарық көрді. Бұл туынды «Алтын қыранның»
демеушілігімен отыз жылдан кейін қайта жаңғырды.

Баспахананың иісі кетпеген жеті кітап
авторлары арасында да түрлі халықаралық, республикалық байқаулардың
жүлдегерлері, «Шабыт» фестивалінің лауреаттары мен әдеби сыйлықтардың иегерлері
бар. Туындыгерлердің географиясы да әр алуан. «Алтын қыран» Атырау мен Алтай,
Алатау мен Арқа арасын қосқандай болды. Ендеше, біздің сапарымыз Атырау
желісінен бастауын алсын.

  «СОЛ БІР СӘУЛЕ»


a76d6ced3ab2c72f96d58fb92af6ec6d.JPG

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің
лауреаты Әлия Дәулетбаеваның жыр жинағы осылай аталады. Басуға 2013 жылдың 26
қарашасында қол қойылған бұл кітаптың алғысөзін жазу марқұм Фариза
Оңғарсынованың еншісіне бұйырыпты. «Әлияны мен оқушы кезінен танимын. Алғаш М.
Мөңкеұлының 150 жылдық мерейтойында көріп, келешегінен үміт кеткен едім. Ол
жақсы ақын болып қалыптасты. Өлеңдері тегеурінді ырғағымен, терең мазмұнымен,
отансүйгіштік рухымен ерекшеленеді. Құнарлы тіл, өзіндік көркем оймен тарихи
тақырыптарға қалам тербеп жүр… Әлияның жыр жинағы көпшілік сүйіп оқыр
кітаптардың біріне айналарына сенемін» деп толғанған екен Фариза апамыз ақын
сіңілісінің жинағы жайлы.

Ақиқаты да осы. «Сол бір сәулені»
парақтап шыққанымыздан кейін оған әбден көзіміз жетті. Әлия өзі туған Батысын
да, еліміздің Шығыс өлкесін де сүйеді екен. Сол сезімін «Шығыс Шолпаны» өлеңіне
сыйдырып:

Жайықтың ерке самалы сынды,

Жібектің мұңлы жанары сынды

Жырыммен сені аймалай келдім,

Армысың, Алтай дара мүсінді! – деп
жырлайды. Шығыс оның көзіне дана Абай, Оралхан болып елестесе, Батыс ол үшін –
Махамбет, Меңдекеш, Фариза, Қаршыға. Жалпы, Әлияның «фишкасы» – тұлғаларды
жырлау, олармен өлең арқылы сырласу десек, қателесе қоймаспыз. Аттары аталған
тұлғалардан бөлек, оның «Фамилиясы жоқ адамның монологы» өлеңінен ұлтымыздың
хас батыры Бауыржан Момышұлының мінезін байқаймыз.

Әлияның бас қаламыз – Астанаға да
махаббаты ерекше. Оны ол жинақтағы «Бәйтерек – арман» және «Астана тойына
арнау» өлеңдері арқылы білдіреді. Ал, «Ай астында бір көл бар» поэмасы арқылы
Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған көне Сарайшық қаласына сапар шегіп,
сол заманнан осы күндерге дейін жеткен аңызды жыр тілімен кестелейді.

Поэманың бас кейіпкерлері Әз Жәнібек
хан, оның қызы Сара сұлу және ғайыптан тайып көл бетінде пайда болған қара
түсті аққу. Фариза апамыздың  «Әлия
өзіндік көркем оймен тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүр» деген сөзінің
шындығына осы шығарманы оқып та көз жеткізесіз. Кейінгі кезде Серік
Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айтұлы секілді аға буын ақындардың поэмаларын оқып
жүрген біз жастардың эпикалық жанрға қалам сілтегенін көрмеген едік. Содан
кейін, поэма ақынның жасы ұлғайып, тәжірибесі толысқан кезде жазылатын дүние
екен ғой деген ойды да санамызға кіргізіп алдық. Әлия «Ай астында бір көл бар»
шығармасымен ол ойымыздың тас-талқанын шығарып, жастық шақта да поэма жазуға
болатынын дәлелдеді.

Ендігі ойымыз, «Сол бір сәуле» жинағынан
кейін Әлияның шығармашылығын көзден таса қылып алмасақ екен дейді. Себебі,
еліміздің батысында жатқан ақындар өздерінің сиясы кеппеген жырларын халықтың
назарына шығаруға асықпайтын сияқты. Мәселен, Ертай Ашықбаев пен Бауыржан
Бабажанұлының туындыларын оқып жүргеніміз болмаса, Светқали Нұржанның, Сабыр
Адайдың, Мейірхан Ақдәулетұлының, Қазыбек Құттымұратұлының жаңа өлеңдерің
оқымағанымыз қашан. Әлия осы ағаларындай болмай, өзі айтпақшы «Күннің,
гүлдің… содан соң жусан иісі аңқыған» жаңа жырларымен оқырмандарын қуантып
отырса екен…

 

«СЕЗІМДЕР МАУСЫМЫН» КЕШКЕН


Осыдан екі жыл бұрын «Алтын қыранның»
демеушілігімен жарық көрген кітаптардың арасында Асылзат Арыстанбектің «Бесінші
маусым» жыр жинағы болған еді. Бұл жолы шығып жатқан туындылардың ішінде де
«маусым» бар. «Сезімдер маусымы» деп аталатын кітаптың туындыгері ақын Жанар
Әбсадық.

Шыны керек, бұған дейін Жанарды Еркін
Нұржанов орындайтын «Алтыным» әнінің авторы ретінде ғана біліп келдік. Одан
басқа ол жайлы біліміміз – белгілі әдебиеттанушы
ғалым
Алма Қыраубаеваның туған келіні, «Түркістан» газетінің қызметкері секілді
ақпаратпен шектелетін. Ал, қолымызға тиген жинақ оны лирик ақын ретінде танытып
отыр. Кітаптың аннотациясына көз жүгірткенімізден соң, бұл жинаққа ақын 17-20
жас аралығында, студент шағында жазған өлеңдерің енгізгенін көріп, «Бәсе»
дедік. Жанар жазған жырларын жариялауға асықпаған екен. Иса пайғамбардың
жасында ғана алғашқы жыр жинағын шығару жазыпты оған. Ішіндегі өлеңдерінен де
жас адамның орнықпаған психологиясы – үміт пен күдіктің қатар арбасып жатқаны
байқалады.

Жанар өлеңдері туралы белгілі ақын,
филология ғалымдарының докторы Бауыржан Жақып жинақтың алғысөзінде былай деген
екен: «Жанар өлеңдерінің үш өзгешелігін баса айтқым келеді. Біріншіден, Жанар
жырлары – таңғы шықтай мөлдір сезімнің моншақтары. Екіншіден, оның өлеңдерінде
басқа ешкімге ұқсамайтын бір сыр, бір мұң қабаттасып келетін мұңды әуен бар.
Үшіншіден, өлең техникасын жетік меңгерген әрі бұрын қалыптасқан архитектоника
мен қалыптан шығып, өз жүрегінің дүрсілін өлеңге айналдыра білетін қасиеті».
Бауыржан ағамыздың осы пікіріне біз де тоқтаймыз.


 
«ҚАРА ЖӘШІК»


Кейінгі жылдары елімізде әуе апаттары
жиі орын алып, талай шаңыраққа орны толмас қайғы әкелген еді. Мақамды
жырларымен ерекшеленетін Мақпал Жұмабай мен қарағандылық ақын Қуаныш
Медеубаевты тақырыптас өлеңдерді жазуға осы жайт итермелеген секілді. Ол
өлеңдер «Қара жәшік» аталады. Алайда, Мақпал қара жәшікті өзінің ғана
құпияларын сақтар сырсандыққа теңесе, Қуаныштың қара жәшігінің ауқымы кең,
айтар философиялық ойы да зілмауыр. 

Жалпы, ойлылық пен нәзік лиризм Қуаныш
шығармашылығының қос қанаты екен. «Алтын қыран» шығарған «Қара жәшік» жинағында
оның қанаттары қатар қағылып,
әлемдік поэзия үлгілері мен
дәстүрлі қазақ поэзиясы қабысып жатады. Орыс поэзиясының падишасы Марина Цветаеваны ерекше
көретін Қуаныш мектеп көрген ақын екендігі аңғарылады.

Әдебиеттен
хабары бар жұрт Қарағандыда жақсы ақындық орта қалыптасқанын айтса, соның
дәлелі Қуаныштың жырлары. Руслан Нұрбай, Қайрат Асқаров, Серік Сағынтай, Бағдат
Мүбарак сынды аға буын ақындардың, Мирас Асан, Рауан Қабидолдин, Алмаз
Мырзахмет секілді өз тұстастарының жанында жүрген ол ағалары мен достарынан
шығармашылығына керегін ала білді. Мысалы, «Анатомия» өлеңінен Қайрат
Асқаровтың «Алаш анатомиясы» жырының сарыны еседі. Алайда, Қуаныштікі мүлде
бөлек өлең. Қайрат түсінде көрген оқиға арқылы қазақтың өткені мен бүгінін
суреттесе, Қуаныштың айтар ойы «Ақындар – Атомдар» дегенге саяды.

Қуаныштың жыр
жинағының атауы осыдан екі жыл «Алтын қыранның» демеушілігімен жарық көрген
жерлесі Серік Сағынтайдың «Қарға» кітабың да еске салады. Жанрлары бөлек
болғанмен, екеуі де үрейлі естіледі. Алайда, «Қарға» Серік Сағынтайды прозаик
ретінде оқырманға танытуға септессе, «Қара жәшікті» оқыған жұрт та Қуанышты
тамаша ақын ретінде мойындайтынына сенімдіміз. 


  «ЖУСАН
ҚЫЗ»


Қазақстан Жазушылар одағының ең жас мүшесі кім? Сірә,
өскемендік Азамат Тасқараұлы болуы керек. 25 жастың о жақ, бұ жағындағы ақын
жігіт ақын-жазушы аға- апаларының назарына ерте іліккен екен. Оған «Жусан қыз»
жинағына жазылған жеті адамның пікірі куә. Азаматтың шығармашылығы туралы
Фариза Оңғарсыновадан бастап, Талғат Ешенұлына дейін сөз айтыпты. Не дейді
сонда олар?

Марқұм Фариза апамыз Азаматтың 2012 жылы Мемлекеттік
«Дарын» жастар сыйлығын алғанын, оны «Шабыт» фестивалінде бас жүлде алған
уақытта танығанын тіліне тиек етіп, оның осы атақтарға ешкімге
жалпақтамай-жағынбай қол жеткізгенін айтса, Роллан Сейсенбаев Азаматтың
білімінің тереңдігіне тоқталған. Жәркен Бөдеш ақындық машығына тәнті
болған.Тыныштықбек Әбдікәкімов қазақ поэзиясындағы құбылысқа балаған. Қазыбек
Иса болса, Азаматтың ерекше қолтаңбасының айқындығын атап өткен. Маралтай
Райымбекұлы «Азамат – ұлт поэзиясын болашаққа жеткізер алаугер» деген. Ал,
Талғат Ешенұлы Азаматтың өлең жазудағы еркіндігі мен еркелігін, өлеңдері
этномистикалық сарынға негізделгенін айтқан.

Біз «Жусан қыз» жинағын оқып отырып, ақын туған жері –
Алтай мен Ертістің жыршысы екенін байқадық. Сондай-ақ, оның тілінің
шұрайлылығына назар аудардық. Бір қызығы, Азамат жас болса да, «сүйдім-күйдім»
деген сөздерге ұрынбайды. Оның өлеңдерінің лейтмотиві қызға емес, туған жеріне
махаббат.


 
«МЕЙІРІМ»


«Алтын қыран» шығарған кітаптардың арасында бір прозалық
жинақ кездеседі. Ол – Бейбіт Сарыбайдың «Мейірімі». Оның есіміне оқырмандар
бірқатар БАҚ арқылы  қанық болғаннан
кейін және бұдан бұрын да бірнеше кітабы шыққан соң Бейбітті таныстырып жатудың
қажеті жоқ.

Бірнеше әңгіме мен хикаяттардан тұратын «Мейрім»
кітабының аты затына сай. Яғни, әр шығармадан жылылықтың лебі еседі. Әсіресе,
белгілі жазушы Баққожа Мұқайды сипаттайтын «Қамқоршы» эссесі оқыған адамды
сондай жылы сезімдерге бөлейді. Одан басқа кітапта балалық шақ естеліктері,
адам мен қоғам, адам мен табиғат арасындағы қатынас құнарлы тілмен суреттеледі.
Бір сөзбен айтқанда, кітапты оқып шықсаңыздар, өкінбейсіздер.

 

«ӘУЛЕТ»


Қазіргі заманда журналистика әдебиеттен озып кетті. Рас,
жазушы айтатын сөзді, көбінесе журналистер айтып жүр. Журналист «Думан Анаштың»
«Әулет» кітабы соның жарқын куәсі.

Кітаптың алғысөзін белгілі қаламгер, «Алматы ақшамы»
газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай жазған. Кітаптағы дүниелердің дені де
сол газетке шыққан мақалалардан турады. Олар туралы Қали ағамыздан артық айта
алмаспыз, сондықтан публицистикалық жинақтың мазмұнына ғана тоқталайық.

Кітап «Шыңғыстау шырайы», «Алаш ардақтылары», «Жоқшы»,
«Нәубет» секілді төрт тараудан тұрады. Алғашқы тарау Абай еліне, ондағы бар қазақ
үшін киелі орындарға және Абай мен Мұхтар тұлғаларына арналған. Екінші тарауда
ұлт үшін өлшеусіз еңбек атқарып кеткен «Алаш» партиясы туралы баяндалады. Оның
жалғасы іспеттес «Жоқшы» тарауында Алаш ардақтыларының мұралары туралы сөз
етіледі. Ал, соңғы тарауда ХХ ғасырдың отызыншы жылдары ұлт басына төнген
қасірет – ашаршылық әшкеріленеді.

Кітапты оқып, тың фактілерге жолығасыз. Тұлғалар туралы
білімдеріңіз де молайып қалады. Ең бастысы, белгілі адамдармен сұхбаттарды оқып
отырып, олардың тарихымыз жөнінде айтқан шынайы пікірлеріне қанығасыз.

 


«КАРИКАТУРА»


Ұлтымызда «Бір сөзбен адам өлтіруге болады» деген сөз
бар. Тек сөзбен ғана емес, бір суретпен де адамды жаһаннамға жіберуге болады.
Сондай жауынгер жанр – карикатура. Оның өзі бірнеше тақырыптарға бөлінеді. «Жас
Алаш» газетінің қызметкері, халықаралық жарыстардың жүлдегері, карикатурашы
Ғалым Смағұлұлы соның саяси, әлеуметтік және тұрмыстық тақырыптарда жемісті
еңбектеніп жүр. Соның дәлелі «Алтын қыран» шығарған оның «Карикатура» аталатын
сатиралық сурет-альбомы.

Суретшілер
Одағының мүшесі, публицист Жеңіс Кәкенұлы осы сурет-альбомның алғысөзінде: «Карикатура – комментаридi керек қылмайтын,
санаңа заматында-ақ сақпанның тасындай сақ ете қалатын адуын жанр. Жұмекен
ағаның «жапырақтың алақанына ұйыған, тамшы жайлы салсам деп бiр биiк ән»
дейтiнiндей, сұрапыл ойды тамшыдай суреттiң бойына сыйғызып жiберу
карикатурашылардың маңдайына ғана бiтер бақыт» дей келе Ғалымның шығармашылығы
туралы: «Бұл орайда, Ғалым Смағұлұлының
маңдайы кере қарыс. Оның бағы, да еңбегiнiң жанғаны да халықтың назарына күнбе
күн түсетiнiнде, яки оның қазақтың белдi бiр газетiнде қызмет ететiндiгi.
Газеттiң жылдық тiгiндiсiн ақтарып, жұмыстарын қарап шықсаңыз – жеке бiр
көрмесiн тамашалап шыққанға есеп.

Суретшiнiң алғашқы штрихтарынан, ептеп, әйгiлi карикатурашы 
И.Кийконың әсерi бiлiнетiн. Ғалымның көп ұзамай жүгiн теңдеп, көшiн түзеп
алғанын көз көрдi. Бабына келгенiн де сездiк. Қолтаңбасын да тапты. Қолтаңба
деген iздесең таптырмайтын, бас көтермей ырғын еңбек қылғанға өзi-ақ iздеп
«қонар құс»болса керек. Сүйсiндiрерi сол, қолтаңбасынан алқоңырдай қазақы
лептiң соғып тұратыны. Қарындашының өзегiнен, құтысының сиясынан шыққан қай
дүниесiнде әбден сартап болып, өнер сiңген қазақы алақанның жылуы бiлiнедi».
Ендеше, бұған артық сөз айтудың қажеті жоқ, тек шыққан жаңа сурет-альбомды
тамашалау керек.


  ТҮЙІН:

Сонымен «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек
Салжанов осы жеті кітапты шығарып, тағы да азаматтығын танытты. Алдындағы алты
кітапты айтпағанда, былтыр абыз жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер»
және «Соңғы парыз» романдарын ағылшын тіліне аудартып, олардың Вашингтон мен
Нью-Йорк қалаларында тұсауы кесілуіне жағдай жасады. Жаны – мәрт, жүрегі –
жомарт азаматтың ұлт әдебиеті үшін атқарған істері өзге кәсіпкерлерге де үлгі
болса екен дейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ