Әншінің естісі бар, есері бар

Әншінің естісі бар, есері бар

Әншінің естісі бар, есері бар
ашық дереккөзі
17 наурызда «Түркістан» газетінде «Әншінің естісі бар, есері бар» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Дидағаңның жүргізуімен өткен басқосуда қазіргі қазақ эстрада әншілері мен дәстүрлі әншілердің хал-ахуалы айтылды. Дөңгелек үстелдің толық мәтіні газетте.Дөңгелек үстелдің толық мәтінін газетіміздің 20 наурыздағы санынан оқи аласыздар. Әзірге өзекжарды пікірлерді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Дидахмет Әшімханұлы: – Қазір «жұлдыз» сөзі жиі айтылады. Өнер жұлдызы, эстрада жұлдызы, анау жұлдыз, мынау жұлдыз дегендей. Бұл кейінгі жылдары шыққан сөз шығар деп ойлайтынмын. Өйткені Кеңес үкіметі тұсында «жұлдыз» дегенді көп естіген жоқпыз. Сөйтсем жұлдыз ХІХ ғасырдан белгілі екен. Жазушы Антон Чеховтың 1886 жылы жазған «Пассажир 1-ого класса» деген әңгімесі бар. Осы әңгімені оқығанда автор бір езуін тартып, мысқылдап отырғандай әсер қалдырады. Әңгіме кейіпкері пойызда келе жатып, қасындағы ақсақалға «Сіз кімсіз?» дейді. Шал жымиып қана күліп қояды. Ал оны сөзге тартушы адамның өзі Днепр өзеніне көпір салған атақты инженер болып шығады. Көпір біткен соң, халық ризашылығын білдіріп, бұны  тұсаукесерге шақырады. Бұл жолға шығады. Жанына әнші көңілдесін ертіп алады. Қатардағы әнші әйел. Днепрге жақындағанда жолдың екі жағынан бұларды асыға күткен халықты көреді. Қолдарында шоқ-шоқ гүл. Еңбегім бағаланды деп жүрегі жарыла жаздайды. Күймемен жақындай бергенде біреулердің даусын естіп қалады: «Жанындағы еркек кім?». Сөйтсе халық еңбегі сіңген инженерді емес, әлгі әнші әйелді күткен екен. Мен «жұлдыз» деген сөзді алғаш рет осы әңгімеден оқыдым. Осыдан екі-үш жыл бұрын Алла Пугачева 60 жасқа толды. Ол туралы жазбаған, айтпаған БАҚ жоқ. Бәрі де оны көкке көтерген. Сол кезде орыстың бір зиялы адамына тележурналист: «Алла Пугачева бізге не берді?» деген сұрақ қойды. Сонда әлгі кісі «Пугачеваның біздің орыс халқына, әсіресе жас ұрпағына аздырып-тоздырғаннан басқа берген ештемесі жоқ» деді бір-ақ ауыз сөзбен. Ешкім ештеңе дей алған жоқ. Естеріне бәрі түскен шығар. Теледидар алдында отырған менің де есіме біраз дүние түскен. Пугачева «жұлдызға» айналған соң жастардың көбі соған еліктейтін болды. Алла сахнада қандай қимыл-қозғалыс жасаса, бәрі тура соны қайталады. Оның аузынан шыққан әр сөзіне, әр қимыл-қозғалысына, жүріс-тұрысына тіпті отбасындағы тірлігіне дейін еліктейтіндер шықты. Дәлел Уәшев: – Әнші-орындаушылар арасында мынадай дүние бар. Дүниежүзінде үш әнші халық бар. Итальян, украин және қазақ халқы, бұл вокалистер арасындағы даусыз мойындау. Себебі неде? Ұлттық әннің құрылымына қарап-ақ халықтың дарыны мен әншілік шеберлігін анықтауға болады. Қазақ әнінің кез келгенін айту оңай емес. Классикалық ән мен операның отаны – Италия десек, кең деммен айтылатын ариялардан қазақтың бірде-бір әні кем емес. Бір ән – бір ария. Кешегі Біржан салдың, Ақан серінің әндері… «Тілеуқабақ», «Сырымбетті» айтып көр, екі октавадан кем емес. Украин халқының әндері де кең тынысты. Қазақ халқының әндері мен әншілері дүниежүзінде бағаланады. Марқұм Ермек Серкебаев Абай атындағы Опера және балет театрында өткен 70 жылдық мерейтойында сахнада тұрып: «Мен әннің астары мен ән айтуды енді түсіне бастадым» деді. Аманхан Әлім: – Бізде Жолбарыс Сейфуллин деген әнші бар. Сол әнші сахнада секіріп, фонограммамен ән айтып жүргенде: «Ән ырғағы мен дене қозғалысын қалай үйлестіреді» деп ойлайтынмын. Бұрын әншілер сахнада салмақты тұратын, қозғалса да ән ырғағымен, әнді бұзып алмайын деп баяу қозғалатын. Осылайша әннің мәтіні мен музыкасын қимыл қозғалысымен үндестіретін. Ал шегіртке сияқты секіріп жүрген адам, ауыздан шыққан ән мен музыканы үндестіре ала ма? Этикалық-эстетикалық жағын да ойластыру керек қой. Дидахмет Әшімхан: – Былтыр «Прайм-Плазада» КТК арнасының Караоке шоу жобасы Қайрат Нұртастың атын пайдаланып, халықты жинап алды. Ол – көп әншінің бірі ғана. Бірақ жарнамасы жер жарады, шамадан тыс. Сол оқиғадан кейін біраз уақыт сахнадан көріне алмаған әнші қарап жатқан жоқ. Телеарналар Қайрат Нұртас дүкен ашты деген хабар таратты. «Ау, кім дүкен ашпай жатыр» дедік, онда «не сатылатыны әзірге құпия» болып шықты. Оның не құпиясы бар? Жарнама! Жуықта Омбыда концерт беріп, «Омбы – қазақтың жері» деді. Дұрыс. Риза болдық. Артынша мен келіп тұрамын, тағы да концерт өткіземін. Келесі жолы өмірбаяным жазылған кітапты ала келемін дегендей сөз айтты. 30-ға келмеген балада не өмірбаян бар? Қай жерде болды, не істеді? Жарнама. Бірде кино жүріп жатыр. Бұл – Қайрат Нұртас туралы фильм. Ау, ол қандай фильм? Қандай тәрбиелік мәні бар? Өз атында журналы да бар екен. Бұны да жарнаманың бір түрі дейміз бе? Абайдың «не нәрсенің де мөлшері мен өлшемі болады. Мөлшер мен өлшемнен асқан нәрсенің боғы шығады» деген сөзі осындайда еске түседі. Аманхан Әлім: – Әншілердің көбісі бір күндік ғұмыр кешумен шектеліп жүргендер. Бір күндік, он күндік, он жылдық. Ол қазақ ән тарихында мәңгілік қалуды ойламайды. Жеңіл-желпі ақша табуды ойлайтындар. Шын әнші болса, алдағы 50 жылды ойлап, 100 жылдан кейін мені еске ала ма дегенді ойлауы керек. Неге әншінің әншілік ғұмыры қысқа? Келесі әнші оны жұтып қояды, келесісі оны жұтады. Мысалы, Рахат Тұрлыханов деген болды. Содан көз аша алмай қалдық. Қазір қайда сол? Шаба Әденқұлқызы: – Қазақ радиосында әнді іріктейтін комиссия бар. Олар әннің мәтіні мен музыкасына терең үңіліп қарайды. Ал басқа радиоларда басқа ұлт өкілдері отырады. Әннің ақшасы төленсе бітті, эфирге салынады. Өзім әнші болған соң, әр радиоға барып, бұл жағдайға қанық болдым. Әнді бір ай айналдырып береді, тиісті ақшасын бересің. Телеарналардың жұмысы да ақшаға тірелген. Кім жұлдыз болғысы келсе, кім атақты болғысы келсе, қалтасы қалың адаммен тығыз байланыста болуы керек. Демеуші арқылы бейнебаян түсіреді, оны каналдарға береді. Мысалы, «MusicTV» мен «Муззон» бейнебаянды күніне 4 рет көрсету үшін 3-4 мың доллар сұрайды. Бір арнаның ең арзан пакеті – 470 мың теңге деп есептеп берді, ал жаңағы музыкалық арналар одан да қымбат. Сонда ешқандай байланысы жоқ әншілер осындай жағдайда өзін қалай танытады?