ТАРИХШЫЛАРҒА ТАҒЫ БІР ҚҰЛАҚҚАҒЫС

ТАРИХШЫЛАРҒА ТАҒЫ БІР ҚҰЛАҚҚАҒЫС

ТАРИХШЫЛАРҒА ТАҒЫ БІР ҚҰЛАҚҚАҒЫС
ашық дереккөзі

«Абылай: аңыз – ауызда, ал ақиқат қайда?» атты мақаламда (осы газеттің 30-қаңтардағы, 2014 жыл, санында) «Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары» деген кітапта жыраудың ханға айтқан тарихи сөзінің төрт түрлі төрт нұсқасы бар екеніне тоқталып: «Бұқар жырау бір айтқанды ұға қоймайтын далдың-дұлдың шәкіртке мұғалім болған жоқ, бұл ескертпе сөзін Абылайға бір рет қана айтты деп білем» деген едім. Шындығы солай екені даусыз. Ал кітапты шығарушылар «ауыз әдебиетінде бір оқиғаның бірнеше нұсқасы бола бередіге» сайдырмай және Бұқар бабамыздың аузына дөрекі сөздерді салмай, білікті тарихшылармен ақылдасып, бір нұсқаға тиянақтап, соны тиісті түсінігімен жариялауға тиіс еді. Өйтпеген. Өзім тарихшы болмаған соң, жоғарыда аталған кітаптан оқығанымды ортаға салдым, танымал тарихшыларға құлаққағыс ретінде Абылай ханның тегі туралы да бірізді тұжырым жоқтығына, Абылайды ақ киізге көтеріп, үш жүзге хан сайлауға Төле бидің қатысы болмағанына тоқталдым. Алайда тарихшы ағайындар әзірше жым-жырт. 

«Абылайды хан сайлаған Төле би» деген көпе-көрінеу қате пікірді Шәді төренің, Сүйінбай ақынның айтқанына таңданбасқа болмайды. Мен: «олар солай айтқан» дегенге, қайталап ескертейін, иланбаймын. Шәді мен Сүйінбай аталарымыз Төле би Әлібекұлының 1756-жылы қайтыс болғанын, ал Абылайдың үш жүзге хан сайланғаны 1771-жылы екенін шынымен білмеген бе?!. Сірә, нұсқақұмарлар өздерінше «түзету» жасап жіберген шығар!

«Түзету» демекші, тарихи Үш биіміз жайында жазылған әдеби, тарихи-ғылыми әңгіме, өлең-жыр, мақала, дипломдық, диссертациялық жұмыс, т. б. қолыма түскендеріне қайырыла үңілсем (әу баста ойымда болмапты), олардың фәниге келген, бақиға аттанған жылдары әрқалай көрсетіліпті. Мысалы: Төле би Әлібекұлы (1657-1756 және 1663-1756), Қазыбек би Келдібекұлы (1667-1764 және 1665-1765), Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700 және 1683-1739 және 1683-1722) деп жазылған. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» осы болып шықты! Абылайды үш жүзге хан сайлауға Төле би қатыспаған, 15 жыл бұрын қайтыс болған деген болсам, енді ол сайлау кезінде Қазыбек би де, Әйтеке би де жоқ екен! Сайлаудан Қазекең 6 жыл, Әйекең тіпті 49 жыл бұрын бақилық болыпты!.. Яғни Абылайды ақ киізге отырғызған жұртшылық арасында атақты үш биіміздің үшеуі де болмаса, Шәді төре мен Сүйінбай ақын нені, кімді жырлады?!. Олардың ізімен әдеби, тарихи «еңбек» жазғандар да аз емес шығар. Бұл ағаттыққа тарихшыларымыздың ләм-мим демеулері қалай? Дегендер болса, ғафу өтінемін.

Меніңше және тарихи жөн-жоба ыңғайынша, Абылайды хан сайлауға үш жүздің сол тұстағы басшы адамдары қатысқан. Ал олар кімдер?.. Би атаулыдан Қанай Құттымбетұлы қатысқанын Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» дастанында айтқанын мақаламда келтірген болатынмын. Әлбетте, сол дерек дұрыс. Мөлшері 1696 -1778 жылдар өмір сүрген Қанай Көкшетаудың Зеренді өңіріндегі Қарабұлақ ауылында туып-өскен. Аймаққа кең тараған аңыз оның әрі батыр, әрі шешен болғанын айғақтайды. Абылайдың сенімді бас биі деп суреттейтін әңгіме, жыр баршылық. Мағжан ақын «аңыз түбі – ақиқатқа» сүйенген болды.

Қазақ тарихын қапысыз жазуға жұмылған тарихшы мамандар осы мәселелерге де қапысыз ізденістің нақты нәтижесімен төрелік жасаса, шабыт буған ақын-жазушылар, тарихты оңай олжа көретін «тарихшылар» ат басын іркіп, ойлануға мәжбүр болар.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

 жазушы