ТАМАҚТЫ ҚОРЛАҒАН ТЕЛЕАРНА

ТАМАҚТЫ ҚОРЛАҒАН ТЕЛЕАРНА

ТАМАҚТЫ ҚОРЛАҒАН ТЕЛЕАРНА
ашық дереккөзі

1988 жылы мектепте оқып жүрген кезімде әкем Кеңес: «Жанар Айжанова деген жас қыз қазақтың қара домбырасымен сахнаға шығып, құйқылжытып  ән салғанда,  көрермендер ұйып тыңдады, ризашылығын білдіріп, гүл сыйлап жатыр», – деп мақтағаны әлі күнге есімде.

Арадан 26 жыл өтіпті, марқұм әкем мақтаған Жанар Айжанова апайымыз, Айгүл Иманбаева қарындаспен бірігіп «КТК» телеарнасынан «Той Bеst star» деген бағдарламаны басқарып жүр. 15 наурыз күні кешқұрым телеарнаны қосқаным сол-ақ еді, әлгі бағдарлама тағы жүріп жатыр екен. Сахнаға бір жігіт өлең айтып шықты, іле-шала екі қыз келіп, басына, бір табақ борщты құйып жіберді, одан соң бір қыз келіп басынан екі литр коланы асықпай құйды. Өлең айтып тұрған жігіт ешқандай қарсылық көрсетпей, тамақтың үстіне секіріп билеп, одан бетер өлеңін жалғастыра берді.  Одан кейін сайқымазақтың киімінде бір жігіт шығып, өлең айтып тұрған жігіттің бетіне қолындағы тортын жақты. Қызыл сары красканы құйды, құстың жүнін үстіне төкті. Залда отырған парықсыз көрерменмен қосыла Жанар мен Айгүл бетін басып, екі құлағы езуіне жеткенше күлді. Кола құйған қыз өлең айтқан жігітке «алғыс хат» тапсырды.

Өлең айтқан жігітке «Бәрекелді, жарайсың, нағыз жігіт екенсің», – деп Айгүл мен Жанар  қосыла мақтау айтып жатты. Бұл не, тойынғандық па? Әлде азғындағандық па? Қалай түсінуге болады? Нанның ұсағын теріп қоятын қазақ бүгінде қалай өзгерген? Тамақтың үстіне би билеп, өлең айту әлемнің бірде-бір елінде жоқ. 1931-32 жылдары ашаршылықтан 3 миллион қазақ қынадай қырылып еді. «Қарның тойғанда, қарның аш кезді ұмытып кетесің» дейтұғын біздің ауылдың ақсақалдары. Бұлар масқарапазды «Американский пирог» деген фильмнен үзінді қып алғанға ұқсайды. Сол кинода үйленіп жатқан ерлі-зайыптылар бір-біріне пирог жағып, мәз болады. Ол кез келген азғын ойына келгенін істеп, аузына келгенін айтатын – АҚШ, ал біз Орта Азияда тұратын мұсылман еліміз. Бүгінгі қазақ телеарналарын бет-аузын қисаңдатқан жәркелеш әзілкештер, күлмейтін нәрсеге күлдіремін деп өзі де әуре болатын, жұртты да әуреге салатын сайқымазақтар басып алды. «Жаңалықтардан» көретініміз қыз зорлау, сәби өлтіру, көлік апаты, адам тонау. Осының бәрі қазақты ойсыз, түйсіксіз, жабайы, азғын ұлтқа айналдыру үшін әдейі жасалып отыр ма деген де ойға кететін болдық кейде.

Әлгіндей бағдарламаға қатысушы жігіттер мен қыздар да өңкей өзіміздің қаракөздер. Осы бағдарламаны еліміздің миллиондаған жастары көрді, олар кімдерді үлгі тұтып, кімдерге қарап өсетіні түсініксіз. Әлгі бағдарламаға қатысушылар мен кейіпкерлердің бәрі дерлік, ешқандай ата-ананың тәрбиесін көрмеген, ешқандай ұстаздың алдында болмағандай әсерде боласың. Біресе орысша, біресе қазақша сөйлейді, сахнадағы мәдениет, ел алдындағы мәдениет, инабат дегеннен жұрдай. Не болса, соған қол шапалақтап, бет алдына ыржалақтай береді,  шетінен ойсыз жастар, тіпті мәз-мәйрам. Қазір бүкіл қазақ осындай арзанқол әжуаға мәз болатын ұлтқа айналып бара жатқан сияқты. Әдеби, мәдени талғамнан жұрдай боп барады.

Осындай «шоуларды» ойлап тауып жүрген бағдарламашылардың мақсаты, расында қазақ халқын топас, дүбәрә, надан, мәдениеттен жұрдай етіп көрсету сияқты. Бұлар бүгінде көзі ашық, көңілі ояу қазақтың ар-намысын таптап, наразылығын тудырып отыр. 2013 жылдың қараша айының 23 жұлдызында өткен құрылтайда Дулат Исабеков ағамыз «қазақты азғындату үшін құпия институттар өте жақсы жұмыс істеп жатыр» деп еді, бірақ ешкім оған құлақ аспады. Солардың жымысқы саясаты секілді. 

Өткенде қазақтың киелі ұлттық тамағы – етіне тиісіп, «Бешбармақ шоу» деп бір бүлдіріп еді, енді «Той best star» – алғашқыдан атының өзінен шошып едік. Осыдан кейін өз басым «біз әбден тынған халық екенбіз» дедім ішімнен, түнімен ұйықтамай шықтым. Балаларымның болашағына алаңдадым.  Әкем жатса-тұрса «Жанар Айжанова өте жақсы өлең айтады» деп мақтап отыратұғын Жанарға  бүгінде не көрінген. Кезінде Әбубәкір Кердері бабамыз:

Қызды көркем жаратқан,

Мінездің ауыр салмағы.

Осы күннің қыздары,

Жалтақ-жалтақ қарайды,

Біреуде бардай алмағы.

Оның аты қыз емес,

Шайтанның ұшқан қаңбағы, – деген еді.

Егер телеарналарда берілетін хабар-ошар, әртүрлі көрсетілімдерді іріктеп, сұрыптап отыруды қолға алмаса, қазақ өзін-өзі осылай-ақ, өз телеарналары арқылы-ақ құртатыны сөзсіз. Және телеарна басшыларын тездетіп ана тілін, ата-баба дәстүрін, ұлттық рухты бірінші орынға қоятын адамдардан тағайындайтын күн туды.  

Жұмамұрат  Шәмші,

 тарих  ғылымдарының  кандидаты