ҚАДАҒАЛАУДАН ТЫС ҚАЗАҚ СПОРТЫ

 Қазақ
спортын айтқанда әрі-сәрі күй кешеміз. Әсіресе әттеген-айды халықаралық
олимпиадалық додалар кезінде жиі ауызға алатынымыз жасырын емес. Ал сол
азды-көпті қатысушылардың ішінде қаракөздердің сирек төбе көрсететіні
намыс отын тіптен тұтандыра түседі.  

Әлемдегі ең
спортқұмар халық кім? Халықаралық рейтинг агенттіктері жүргізген зерттеу
нәтижесі бойынша спортты серік еткен елдің қатарында Австралия, Жаңа
Зеландия мен Швеция халқы топ жарып тұр. Қазақстан Колумбия мен
Моңғолиядан кейінге ығысып, 61 орынға жайғасыпты. Осыдан-ақ бұл саладағы
әлеуетіміздің қандай екенін бағамдай беруге болатын шығар. 

 

Мемлекеттің қаржысы қайда ұшты?


1917
жылы қазан төңкерісінен кейін Ресейде билікке келген большевиктер
спортпен шұғылдануды нағыз ерікккеннің ермегі деп есептеген. Тіпті, олар
спорт былай тұрсын, отбасы мен некені де жоққа шығарған болатын. Мұның
бәрін буржуазиялық қоғамның кесірлі қалдығы, адамдарды, ең әуелі
жастарды саяси күрестен, тап күресінен алыстататын амалдар деп
есептелді. Тек 1930 жылдардан кейін ғана КСРО-да салауатты өмір салтын
ұстанудың пайдасын аздап түсіне бастаған еді. Әлемнің спортқа шындап
көңіл бөлгені 1960 жылдардан кейін ғана. Бір өкініштісі, спорттан
көптеген қазақ балалары әлі күнге қол үзіп қалған. Мемлекеттің бұқаралық
спортты дамытуға деген көзқарасы кемшін бе? Қоғам әлі күнге спортты
еріккеннің ермегі санай ма? Задында, кінә кімнен?

Кейбір
мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 3,5 мың білім ұясы спорттық
құрал-жабдықтарға мұқтаж. Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасына
сәйкес, мектепте денешынықтыру сабағын өту үшін кемінде спорттың үш
түрі: жеңіл атлетика (гимнастика), күш-білектесу түрі және жүзу бассейні
болуы керек. Алайда, мұның өзі қалалық білім ошақтарының кейбірінде
жоқтың қасы. Ал, ауылдағы қарадомалақтарға бұл әзірге арман шығар.
Осыған қатысты мына фактілердің өзі көп нәрсені аңғартса керек:
біріншіден, мектептердің 50 пайызында спорттық құрал-жабдық жоқ.
Екіншіден, орта білім ошақтарының 71 пайызы ғана жақсылы-жаманды,
жаңалы-ескілі спорт залдарымен жабдықталған. Сонда қалған 29 пайыз
мектепте дене шынықтыру пәні қалай және қайда өтеді? 

Бірде
Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшан мырзаның: «Жоқ
қой ауылда, түк жоқ. Мектептердің өзінде жаттықтырушы жоқ. Сіз барып
көріңізші, оқушыларды дене шынықтыру сабағында құр жүгіртеді, ойнап кел
деп, доп тастап қояды. Футбол, волейбол, бокстың да ережесі бар. Ол үшін
білімді болу керек», – деп ауылдағы спорттың жағдайын жыларман күйде
жеткізгені есте қалыпты. Міне, осы пікірдің өзі біраз нәрседен хабардар
етсе керек. 

Спорт және туризм министрлігі жариялаған
бір мәліметте 2010 жылы халықтың 17,4 пайызы ғана спортпен шұғылданған
көрінеді. Ал 2014 жылы бұқаралық спортпен тұрғындардың 23 пайызы
айналысатыны айтылған. Кім білсін, мұның біразы қосып жазылған деректер
болуы да ықтимал. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстанның 17 млн.
тұрғынына 1 мың спорт клубынан келсе, 60 млн. астам тұрғыны бар Франция,
Ұлыбританияда мұндай клубтар 150 мыңнан асып жығылады екен. 

Бұл
мәселе өмірін спортсыз елестете алмайтын Елбасы Н.Назарбаевты да
алаңдатады. Халыққа арнаған жолдауында Спорт және туризм министрлігіне
қарата: «Министрлік халықаралық спорттық істермен, чемпиондар
дайындаумен ғана шұғылданбауы керек. Ең бастысы – Қазақстанның барлық
облыс пен аудан халқын бұқаралық спортқа тарту қажет. Мұны шынайы өмірде
іске асыру үшін министрлік жергілікті әкімдермен бірлесіп, арнайы
шараларды ұйымдастыруы тиіс. Спортпен айналысатын азаматтар саны баяу
болса да, өсіп келеді екен. 2010 жыл – дене шынықтыруға ден қойған
қазақстандықтар 2,8 млн. адам, яғни халықтың 17,7 пайызы, 2011 жыл – 3,3
млн. адам, сөйтіп 20 пайызды құраған. 2012 жыл – 3,6 млн. адам,
сәйкесінше 21,6 пайызға жеткен. Яғни, жыл сайын спортқа әуес адамдар
қатары орта есеппен 2 пайызға толығып отырады екен. Бәрі жақсы!
Дегенмен, мұндай өнбейтін өсіммен бұқараның 30 пайызын спортқа тарту
үшін әлі табаны күректей 10 жыл керек деген сөз», – деген болатын. 

Мемлекет тарапынан тапсырма да беріліп, оны орындауға деген
қаржы да толассыз бөлінуде. Айту бар да, оны жүзеге асыру тағы бар.
Түйткілдің бәрі – мемлекеттен қомақты қаржы бөлінетін спорт саласын
жайлаған сыбайлас жемқорлықта жатқан сияқты. Бұл сала қоғамның
қадағалауынан мүлдем тыс қалған. Әйтпесе, неге басшысы қолдап-қоштап
отырған саланы әрі қарай дамытуға соншалықты дәрменсіз? Тіпті,
депутаттар да денсаулық мәселесін жиі көтеріп, спорттан қол үзбеуге
тырысатынын айтса да, бірақ спортта қалыптасқан жағдайға келгенде
күмілжіп қалады. Неге? Шын мәнінде, қазір көптеп белгілі болып жатқан
түрлі қылмыстық деректердің бүге-шігесін жұртқа анықтап, айғақтап
беретін халық қалаулылары емес пе? 

Мәселен, 2008 жылдан
бастап бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын
қалыптастыруға жыл са­йын кем дегенде 600-650 млн. теңге бөлу көзделген
екен. Сонда бұл қаржы қайда құйылып жатыр? Ол ол ма, былайғы жұрт
елімізде 2011-2015 жылдарға арналған спорт және дене шынықтыруды дамыту
салалық бағдарламасын бекіту туралы Үкімет қабылдаған (2011 жылғы 30
қарашадағы №1399) Қаулыны біле ме? 

Бағдарламаны
2011-2015 жылдары түпкілікті жүзеге асыру үшін 113 млрд. 846 млн.  теңге
қарастыру көзделген. Оған мыналар кіреді: 

Алайда,
шалғайдағы аудан мен ауыл халқы аталмыш бағдарламаның шапағатын көріп
жатыр дей алмаймыз? Үкімет һәм Спорт және туризм министрлігі биыл
тәмамдалатын шараның нәтижесін қашан паш етпек? Әлде, бұл әдеттегідей
науқандық дүние ме? 


Жемқорлар көсегені көгертпейді


Ақша
жүрген жерде жемқорлықтың иісі шықпай тұрмайды. Себебі, соңғы кезде
бөлініп жатқан әлгіндей қыруар қаржының дәмін татқысы келмейтін адамдар
азайып барады. Тіпті, қызметке қолы таза боп орналасқан кейбір басшының
аз уақытта жемқор атануы да ғажап емес. Бір өкініштісі, қара басының
қамын ойлайтын шенеуніктер тамырына қан жүгірмей тұрған спорт саласын
тұралатып жатқанын іштей сезінбейді де. Ол ол ма, олардың кейбірінде
титтей де болсын, ұлттық намыстың, патриоттық рухтың оянбайтындығы қарын
аштырады. Егер біз ойлағандай болса, «Шіркін, неге қазағымның
қарадомалақтары арасынан спорт саңлақтары көптеп шықпайды? Байрақты
бәсекелерде Қазақстанның туын қазақ баласы желбіретуі керек емес пе?!»
деген заңды сауалдарға басын қатыратын еді. Мұндай жауапкершілікті
түйсінген азамат халықтың несібесіне қолын салмас па еді, кім білсін?! 

Еліміз «Азиада-2011» қысқы ойындарын дүбірлетіп
өткізгенмен, әлі күнге дауы бітер емес. Қысқы ойындар жарысын өткізу
үшін қазынадан алғашында 768 200 000 АҚШ доллары бөлінеді. Алайда, «Бұл
ақша жеткіліксіз» дегендер Үкіметтен қосымша 301 500 000 АҚШ долларын
қосқызған. Тіпті, ұйымдастырушылар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат
қорының 20 408 163 АҚШ долларын да міз бақпастан есепшотына аудартып
алған. Бұл басы ғана. Ал сол кезде Астана мен Алматы қаласындағы күрделі
жөндеуден өткен спорт ғимараттары мен жаңадан салынған құрылыс
нысандарына да ақша есепсіз құйылды. Үкімет Алматыдағы екі трамплиннің
құрылысына 34 млн. доллар, ал Шымбұлақ курортына қосымша нысандар салу
үшін 40 млн. доллардан астам қаржыны тағы да бөлді. Айта кету керек,
Туриндегі қысқы олимпиада 1 млрд. 700 млн. долларға, Ванкувердегі қысқы
олимпиадалық ойындар 1 млрд. 800 млн долларға  түссе, ал 2011 жылы
Астана мен Алматы қалаларында өткен VІІ қысқы Азия ойындары қазынаның
қалтасын 1 млрд. 650 млн. долларға жұқартты. 

Әрине,
«қолыңнан келсе, қоншыңнан бас» дегенді ұстанған кейбір шенеуніктер мол
ақшаны көріп, жолдан тайды ма, қомақты қаржыны қолды қылған. Бұдан бұрын
Азиаданың Алматыдағы дирекциясын басқарған өкілетті тұлға Сұлтанбек
Сыздықовтың үстінен 23 млн. теңгені өз мақсатына пайдаланды деген
күдікпен қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда, Сұлтанбек Сыздықов сүттен
ақ, судан таза болып шығыпты. Кейбір ақпарат көздерінде шенеуніктің  23
млн. теңгені мемлекетке қайтарып, қылмыстық істі тоқтатқандығы туралы
айтылады. Ал жақында Алматыда «Азиада-2011» ойындарын өткізген
мемлекеттік компания басшыларының бірі, Ұйымдастыру комитетінің
телерадиотаратылым басқармасы бастығы болған Айдар Мусин қомақты қаржы
жымқырды деген айыппен істі болды. Тексеру жүргізген қаржы полициясы
мемлекеттік компания басшысының бюджет қаржысын талан-таражға салғанын
анықтаған. Қаржы полициясының дерегінше, Алматыдағы халықаралық шаңғы
трамплині кешеніне бөлінген 1,4 млрд. теңгенің 600 миллионы Айдар
Мусиннің  қалтасына түскен. Ол бұл қаржыны өзі басқарған компанияны
туысқандарының атына тіркеу арқылы меншіктепті. Нәтижесінде Айдар
Мусинге «мемлекет мүлігін ысырап еткен» деген айып тағылып, қылмыстық іс
қозғалды. Ол сол кезде 140 мыңның қымбат көлігін мініп, 400 мың АҚШ
долларына баспана сатып алған деген де дерек бар. Мемлекеттің ақшасын
өзінікіндей емін-еркін жұмсаған Мусин неге алшаң басты? Бұл
ұйымдастырушылардың төңірегіндегі ішіп-жеу. Ал ұсақ-түйектің өзіне
кеткен шығынды кім есептеп көріпті? 

Азиада әнұранының
өзіне 100 мың долларды тоса қойғанымыз бір бөлек, он минуттық жарнамалық
фильмді жасауға  1 156 462 АҚШ доллары жұмсалған көрінеді. Ол ол ма,
билетті де Ресей жүйесімен орыс­тар жасап берген. Оны көпшілік біле
қоймас еді, билеттің уақытына байқамай Мәскеудің уақытын қойып
жіберіпті. Ал Азиадаға арналған сайтты кәрістер жасап бергені тағы бар.
Азиаданың алқызыл түсті эмблемасын дайындауға Тигран Туниянцтің
шеберханасы жұмылдырылса, логотиптің қосымша авторы ретінде латвиялық
Олафс Абзалонс бекітілген. Бұған не дейсіз? Сонда нақты жұмсалған
ақшаның өзі отандық мамандардың қалтасына кетпеген деген сөз емес пе?! 

Есеп комитеті Азиада кезінде жол берілген бас-аяғы 9
млрд. 800 млн. теңгені құрайтын заңбұзушылықты анықтаған. Комитеттің
есебі бойынша, Азиадаға деген желеумен халықаралық жарысқа үш қайнаса
сорпасы қосылмайтын, спортқа қатысы жоқ тауарлар жеткізіліп, олар салық
бойынша жеңілдіктерді негізсіз пайдаланып кетіпті. Есеп комитетінің
мүшесі Константин Плотников: «Азиада кезінде пайдаланылмаған немесе
спортқа түк қатысы жоқ тауарлар жеткізілген. Азиада бағдарламасына
енбеген ұйымдар кеден салығынан негізсіз босатылған. Жеткізілген
тауарлар мемлекетке өз бағасынан 2-5 есе қымбатқа сатылған», – деп отыр.
Шамасы, Азия ойындарын желеулетіп, оңай жолмен байып қалғысы келгендер
көп болған сияқты. Өкініштісі сол, желеулетіп салған трамплинде спортқа
әуес жастар көптеп шынығып жүргенін байқай алмайсыз. Керісінше, бұл
мекен концерттік шараларды өткізуден босамайтын сауық ортасына айналған
сияқты.


Жаттықтырушы жесе, басқасына не жорық?


Алматының
басты баскетбол командасы, «Алматы» клубының бұрынғы бас жаттықтырушысы
ойыншылардың іссапарына бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсаған деп
айыпталды. Тергеу орындары былтырғы жылдың 20 желтоқсанынан бастап Игорь
Тихоненкоға халықаралық іздеу жариялаған болатын. Ол бір ай өткенде
қаладағы жалдамалы пәтердің бірінде тығылып жатқан жерінен ұсталды. Енді
оған тағылған айып та ауырлауы мүмкін. Өйткені Тихоненко мен бұрынғы
директордың командаға келтірген зардабы 16 миллион теңгеден асып
жығылады екен. Құқық қорғау орындарына қажетті құжаттарды дайындап
жатқан баскетбол клубының жаңа басшылығы істің ақ-қарасын зерттеуді
ұсынып отыр. Мемлекет бөлген ақшаны қалтасына салған жаттықтырушыдан не
күтуге болады? 

Ал былтыр облыстық «Атырау» бас­кетбол
командасы» КМҚК директорына және басқа тұлғаларға қатысты ҚР ҚК 176-бабы
бойынша қылмыстық іс қозғалғаны есте. «Бұл адамдар алдын ала келісу
бойынша мемлекеттік қызметтерді атқаратын тұлғаларға теңестіріліп,
жалған құжаттарды құрастыру жолымен 2008 жылға арналған іс-сапар
шығындарын шартты түрде иеленіп, бөтен адамның сеніп тапсырылған мүлкін
ұрлаған. Мемлекетке келтірілген залал сомасы 18,5 млн. теңгені құрады», –
делінген Қаржы полициясының хабарламасында. Шын мәнінде, елімізге
арнайы шақыртумен келіп жатқан жаттықтырушының өзі қанша алады? Біз үшін
мұның өзі құпия. Бұл жайында сауал тастасаңыз, жақ ашпайды. Бәрі
«коммерциялық құпия». Сонда қарапайым жаттықтырушының алатын еңбекақысы
құпия болса, жемқорлыққа жол берілмей қайтсін?! 

Әрі-беріден
соң Италияның «Интері» мен Испанияның «Барселонасы» алаңға шыққанда,
ойынға бәс тігетін «тотализаторлардың» өзін қадағалайтын мекемелер бар.
Яғни, команданың қыруар ақшаға сатылып кетуіне тосқауыл қояды. Ал мұндай
қитұрқы әрекеттер біздің елімізде де болмауы мүмкін емес. Бірақ ұтылу
мен ұтыстың ара-жігін ажыратып беріп жатқан ешкім көрінбейді. 


Өзіңнен шықпай, ел болмас…


Жасыратыны
жоқ, еліміздегі кез келген спорт саласындағы спортшыға таяқ тастасаңыз,
легионерге тиеді. Кезінде қыруар ақшаға шақырған шетелдік спортшылар
еліміздің атынан додаларға қатысса да, олардың бойында қазақтық рух,
намыс жоқ! Бір сөзбен айтқанда, қазақ емес! Аты – қалай болғанмен, заты –
шетелдік. Тіпті, Қазақстанды «майшелпекке» айналдырған спортшылардың
біраз уақыттан соң есіріп, көкіректерін кергілейтіні бар. 

Осыдан
бірнеше жыл бұрын Парламентте депутат Қуаныш Сұлтанов легионерлерге
қатысты көптің көңіліндегі түйткілді көтерген болатын. Ол ел спортының
жыларман жайын айтып, оны халықаралық деңгейге көтеру үшін не істеу
керектігін мәселе етіп қойған. Отандық спортшыларды қалай, кім
тәрбиелейтіндігіне де қатты алаңдаушылық білдірген депутат: «Бүгінде
Қазақстанның туын ұстап шығатын легио­нерлер ортағасырдағы
жалданушыларды еске түсіреді. Оның көбі өз Отанында екінші, үшінші
сұрыптағы спортшы екенін де білмейміз» деген-ді. Ең өкініштісі, соңғы 20
жылда қаншама шетелдік спортшы шақырылды, олардың саны да қоғамға
белгісіз. Осыдан 7-8 жыл бұрын велошабандоз Зүльфия Забирова
Қазақстанның құрама командасына шақырылған болатын. Тіпті, 2005 жылы 32
жастағы спортшыға құрақ ұшып Қазақстан азаматтығын да берді. 2008 жылға
дейін ешқандай жоғары көрсеткішке қол жетпеген бұрынғы ресейлік
велошабандоз Пекиндегі олимпиадада 10 орынды місе тұтады. Бұдан соң
Қазақстан алдындағы міндетін «абыроймен» атқардым деген легионер
спортпен қош айтысқаны бір бөлек, баспасөзге берген сұхбаттарында
Қазақстанды «Отаны» ретінде есептемегенін ашып айтудан жасқанбады. Ең
сорақысы, ол осы уақыт ішінде Алматы мен Астанадан бірнеше баспанаға ие
болып, өзі ғана емес, Ташкендегі туыстарын көшіріп әкеліп, әлеуметтік
жағдайын жақсартып алған. Міне, бізге келген көптеген легионерлердің
көздегені осы. 

Ол ол ма, футболдағы легионерлердің жыры
бір бөлек. Еуропалық мамандардың болжамы бойынша, Қазақстан футбол
нарығында легионерлердің құны 100 миллион еуроға тең келеді екен! Мұның
өзі бірнеше жыл бұрынғы көрсеткіш, яғни қазір одан әлдеқайда асып кетуі
ықтимал. 2009 жылы «Локомотивке» шақырылған ресейлік футболистер – Егор
Титов, Андрей Тихонов, жаттықтырушы Сергей Юранның өзі анау-мынау ақшаға
келмегені айдан анық. Сол кезде «қазақ футболын өрге домалатамыз» деп
келген футболшылар айына 30 мың АҚШ долларын алып тұрған еді. Ал
жаттықтырушының ақшасы екі есе көп деген сөз. Осылайша, биыл «Астана»
трансферлік маусымда келімсектер үшін жалпы 11 млн. 775 мың еуро,
«Ақтөбе» футбол клубы 10 млн. 425 мың еуро жұмсапты. «Астана» сапындағы
Ренан Броссанд 2 млн. еуроға бағаланса, «Ақтөбедегі» Маркос Пизелли 1,5
млн. еуроға, «Атыраудағы» Майкл Одибе 1,5 млн. еуроға сатып алынған.
Осылайша бюджеттің – салық төлеушілердің қалтасынан шыққан ақша
жалдамалылардың қалтасына алтын боп сауылдауда. Сөйте тұра, қазақ
футболшыларын «мамбет» деуден арланбайтынын қайтерсіз? Еліміздегі
футзалды бразилиялықтар жайлап алғалы қашан. УЕФА кубогіне қол жеткізген
Алматының «Қайраты» сапында негізінен Бразилия ұлтының өкілдері доп
тебеді. Тіпті Лео, Игита есімді ойыншылар Қазақстан азаматтығынан да
үмітті.

Айта берсек, жақ жаңылады. Кезінде Атланта
Олимпиадасында алтын алып берген Юрий Мельниченко Қырғызстаннан келсе,
Афины Олимпиадасында құрама қоржынын күміспен толтырған еркін күрес
шебері Геннадий Лалиев Осетияда, «классик» Георгий Цурцумия Грузияда
туған. Аталған азаматтар спорттағы биік жетістігіне біздің елдің туы
астында жетіп, есімдерін Олимпиада тарихында қалдырды. Цурцумия да,
Мельниченко да бүгінде еліміздегі күрес түрлерін дамытуға үлес қосып
жүр. Осыдан 4 жыл бұрын украиналық екі волейболшы Қазақстан азаматтығын
алды. Олар – Ольга Дробешевская мен Татьяна Мудрицкая. Сондай-ақ осыдан 3
жыл бұрын Олеся Сафронова деген тағы бір украиналық ару Қазақстан
құрамасының сапына қосылды. Кубадан келген екі қыз «Алматы» волейбол
клубында ойнап жүр. Ерлер құрамасында Ресейден Сергей Раткеевич деген
волейболшы бар. Екі жыл бойы «Хромтау» командасының сапында ойнаған оның
Қазақстан құрамасына қабылдануға мүмкіндігі жетерлік. Тіпті, Сергейді
ұлттық құрама қатарына қабылдау үшін Халықаралық Волейбол федерациясына
15 мың швейцар франкі төленіпті. Бұл – 17 мың АҚШ  доллары! 

Иә,
спорт қауымдастықтары сырт елден спортшы сатып алып, солардың өнерiне
қол соғып үйренiп қалды. Сол сырт елдiң спортшыларын шақырып, оларға
ақша төлегенше, сол ақшаны қауымдастық арқылы спорт мектептерiне неге
жұмсамасқа?! Бiр ғана мысал. Теннис қауымдастығының басшылары қыруар
қаржы шашып, өңшең легионерлердi қаптатып жiбердi. Әлгi легионерлер
жылына бiр-ақ рет Қазақстан бiрiншiлiгiне қатысады. Қалған күндердiң
барлығында шетелде жарыста жүредi. Осыдан барып, легионерлер елiмiздегi
спортшылардың деңгейiн көтередi деп айта аламыз ба? Одан да сырт елдiң
спортшыларына шашқан ақшаны әр облыстың спорт мектептерiндегi теннистiң
дамуына неге жұмсамасқа? Осы жерде тағы да Республикалық спорт
колледжінің директоры Амалбек Тшан мырзаның пікірі еріксіз еске түседі.
«Өз басым сырт жақтан спортшы шақыруға қарсымын. Неге? Өйт­кенi,
легионерлерге шашқан ақшаны өзiмiздiң спортшыларымызға жұмсау керек.
Мәселен, бiзде «Астана» велокомандасы бар. Бiз «Астана» командасына аты
әлемге әйгiлi спортшыларды шақыру арқылы Қазақстанды танытамыз дедiк.
Сонда бiз бұдан не ұтамыз? Кiлең шетелдiк спортшыларды жинап алып, сол
арқылы абырой тапқаннан гөрi елiмiздегi жастарды тәрбиелеп, олардың
олимпиада ойындарында топ жаруына неге жағдай жасамаймыз? Велоспорт –
олимпиада бағдарламасына кiрген спорт түрi. 2000 жы­лы Сиднейде
Александр Винокуров «шайтанарбасына» күмiс салып әкелгенде қуанбаған
қазақ жоқ. Содан берi А.Винокуровтың iзбаса­рын бiз дайындай алдық па?
Альберто Контадор «Тур де Франстың» жеңiмпазы атанғанда, оны
қазақстандық деп айтқан бiреу болды ма? Немесе, жеңiс тұғырында тұрғанда
қазақтың көк байрағы көтерiлiп, әнұраны орындалды ма? Жоқ. Оны
«испаниялық Контадор» дедi. Испанияның жалауы желбiредi. Испанияның
әнұраны орындалды. Қуанған да испан халқы болды. Сонда бiз бұдан не
ұттық?» деген еді. Шынында да, бір кем дүние…

Газетіміздің
өткен санында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп айтқандай:
«Біз дүниежүзілік спорт жарыстарында бір адамның тұмсығын бұзып келген
спортшыға қандай құрмет көрсетеміз: 250 000 доллар сыйақы бір беріледі;
артынан облыстық және қалалық әкімшіліктер жеңімпазға пәтер, қымбат
көлік, ақшалай және басқадай бағалы сый-сияпат беріп, үйіп тастайды.
Еліміздің көк байрағы көтерілгені жақсы, әрине. Алайда, сонымен қатар
көп балалы ананың шаңырағында көне тартқан көк көрпесі жаңарса, айып па?
Қазаққа құр алтын әкелгеннен, сол жылтыр металдан мың есе артық алтын
ұрпақ әкелетін аналардың жайын кім ойлайды? Әрі-беріден соң, жалтыраған
алтын артық па? Жарқыраған халқың артық па? Қазақ билігінің мықтап
ойланатын жері осы». Әйтсе де, ұлттық спортты өрге сүйрегісі келетін шын
жанашыр азаматтар қайда? Бар ма, өзі олар?! «Қазақ спортын дамытамын!»
деп ерекше құлшыныспен келген басшылардың бастаған ісін
сиырқұйымшақтандырып жіберетіні несі екен?! 

Амалбек Тшан, Республикалық спорт колледжінің директоры: 

51fb2a36732b7ba3d8c1ddf02884243e.jpg


Қазақстанда спортқа көңіл бөлу жыл сайын артып келеді. Елбасының
«бұқаралық спортпен айналысатындар­ды 30 пайызға жеткізу керек» деген
тапсырмасынан кейін, өңірлерде, министрлікте бұл тікелей бағдарлама
ретінде қарастырылды, қаражат бөлінді. Бірінші – спортпен 30 пайыз
айналысу деген сөз осыншама адамның емханаға кемірек келетінін
көрсетеді. Екіншіден, спортқа көңіл бөлген сайын жасөспірімдер мен
жастар арасында құштарлық артады. Олар кәсіби түрде спортпен айналысуға
бел буады. Бірақ оны іске асыру мәселесі қалай болу керек? Мәселе сонда.
Спорттың қарашаңырағы – ауыл десек, онда спорт кешендері мен мамандар
жетіспейді. Ауылдағы мектептерде денешынықтырудан тиіп-қашып
айналысқандар сабақ беруде. КСРО кезінде спорттық оқу орнын бітірген жас
мамандарды міндетті түрде жолдамамен ауылға жіберетін. Сөйтіп, кемінде
екі жыл жұмыс істейтін. Қазір бұл жүйе жоқ. Қазір ЖОО жеке болып
кеткендіктен, ешкім ешкімге міндет арта алмайды. Бір ғана спорт
академиясы бар. Оның өзі коммерциялық оқу орны. Одан шыққан жастар
ауылға бара қоятындар емес. Соңғы кезде Қазақстанда бес колледж ашылды.
Мемлекеттік саясаттың негізі – ауылға барып жұмыс істейтін мамандарға
қамқорлық көрсету. Баспанамен қамтамасыз ету керек. Көптеген жас­тар
жұмыс таба алмай әртүрлі жолға түсіп жүр. Одан да елге барып қызмет
істесе жақсы емес пе?! Себебі, ауылдың баласы туғаннан мал бағады, шөп
жинайды, егін егеді. Бала кезден өздігінен спортқа бейімделіп өседі.
Елімізде сондай балаларды спорт мектептеріне тартсақ екен. Елімізде
400-ден астам спорт мектебі бар. Оларда 400-500-ге тарта балалар оқиды.
Бірақ олардың ертеңі не болады, оны ойлап жатқан жоқпыз. Арнайы
бағдарлама жоқ. Спорт кешендерін жеткілікті түрде салуға көп қаражат та
кетпейді. Әрі кетсе, 150-200 млн., 300 млн. теңгеге тұрғызуға болады.
Игерілмей жатқан ақшаны осыған жұмсаса, спорттың дамуына тікелей үлесін
тигізер еді. Бұрын қаланың әр мөлтек ауданында спорт алаңқайлары
болатын. Сол жерден де спортқа құштар жастар шығатын. Ал қазір қала
орталығынан бір стадион, спорт кешенін саламыз да, «спортты дамытып
жатырмыз» дейміз. Оған кім келеді? Бәрі ақылы. Баласын беруге екінің
бірінің жағдайы жоқ. Сондықтан қалалық, аудандық әкімшіліктер аулалық
спортты дамытып, үйдің астындағы бос бөлмелерден жаттығатын орын ашса,
талай мәселені шешіп тастауға болады. Бірақ оны тиянақты түрде қалалық,
облыстық әкімдіктерден талап ету керек. 

…Өз
басым легионер дегенге тікелей қарсымын. Біздің халқымыз талантты.
Қазақ жастары ешкімнен кем емес. Кезінде қазақтар жүгіре алмайды деген
пікір болған. Егер солай болса, жеңіл атлеттер қайдан шықты? Өкінішке
қарай, жеңіл атлетика, суда жүзу сияқты спортқа қазақ балалары кем
алынады. «Қазақ балалары бұл спортқа жарамайды» деген пікір әр жерде
айтылып жатады. Сол сияқты қыстық спорт түрінде қазақ балалары жоқтың
қасы. Сочиде ақтөбелік жастар шорт-тректе жақсы өнер көрсетіп, финалға
шықты. Жаттықтырушысы, не ұйымдастырушысы мықты деген сөз. Сол
Олимпиадаға барған 52 спортшының 11-і ғана қазақ. Осыған мән беру қажет.
Меніңше, сырттан легионер әкелгенше, біздегі дамымаған спорт түріне
шетелден жаттықтырушы шақырту керек. Өзіміздің жастарды тәрбиелеу керек.
Соның жанында жүріп біздің жігіттер де үйренеді. Көп ақша бөлініп
жатқаны сөзсіз. Соның ішінде сыйақылық ақшалар. Әлем біріншілігінде,
олимпиадалық жарыста жеңімпаз болса, өзі де, жаттықтырушысы да 250 мың
АҚШ долларын алады. Не деген ақша? Демек, кез келген саланың
басы-қасында жаны ашитын, жауапкершілігі мол азамат отырғанда ғана
ілгері дамиды. 


Динара Мыңжасарқызы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button