«ШЕРҚАЛА» ЖУРНАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

«ШЕРҚАЛА» ЖУРНАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

«ШЕРҚАЛА» ЖУРНАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ
ашық дереккөзі

Арғымақ жылдың көктемінде ақпарат айдыны «Шерқала» атты жаңа журналмен толықты. Маңғыстау облысының әкімдігінде аймақ басшысы Алик Айдарбаевтың, өлкеге белгілі қаламгерлердің қатысуымен жаңа журналдың тұсаукесер рәсімі өтті. Журнал өзінің атына сай халқымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын оқырмандарға жан-жақты насихаттау мақсатында жарық көрді. Екі айда бір рет жарық көретін журналдың таралымы – 3000 дана. 

«Шерқала» журналының жарыққа шығуы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып отырған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына біздің облыс қаламгерлерінің қосқан үлесі деп бағалаймыз. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы. Халық, ұлт үшін тарих, салт-дәстүр бәрі маңызды. Бұл жұмыс барысында тиянақты ізденіс керек. Олай болса, «Маңғыстау-Медиа» холдингі бастамасымен шыққан «Шерқала» журналына сәт сапар тілейміз», – дейді Алик Айдарбаев. 

Маңғыстауды мекен еткен Пір Бекет атамыз жайлы да тың деректерді осы журналдан оқуға болады. Сонымен қатар журналдың алғашқы санында Маңғыстауда тойланатын Амал мерекесі, адай жылқысы жайында мағлұматтар берілген.  

«Шерқала» журналы көптің тілегімен жарыққа шыққан басылым. Оған мәдениет пен әдебиетке, білім мен ғылымға жанашыр азаматтар атсалысты, аузы дуалы ақсақалдарымыз тілекші болып, ақ батасын берді.  Жас ұрпақтың көпшілігі өлке тарихында қандай тұлғалардың болғанын жетік біле бермейді. Мектеп оқулықтарынан қазақтың батырларын оқығанмен Маңғыстау өңіріне шыққан ақын, жыраулар, би-шешендер жайлы мәліметтер аз. Сол олқылықтың орнын осы журнал толтырады деп сенеміз. Журналдың бас редакторы болып өлкеге белгілі журналист, танымал қаламгер Маңдайлы Қосымбай тағайындалды. «Журналды «Air Astana» компаниясы арқылы әуе лайнерлерінде таратуға да мүмкіндік алып отырмыз», – деді журналдың тұсаукесер рәсімінде «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-нің бас директоры Ғалымжан Мелдешов. 

 Сондай-ақ, «Шерқала» журналының тәй-тәй басқан қадамына Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы, қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев, академик Өмірзақ Озғанбаев, профессор Жұмат Тілепов, «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев ізгі ниеттерін білдіріп, ақпарат айдынына жол тартқан жаңа журналдың жұмысына сәттілік тіледі.

Алдағы уақытта журнал ата-дәстүр, руханият, тарих, мәдениет пен этнографияны, әдебиет жанрларына қатысты дүниелерді беріп отыруды әдетке айналдырмақ. 

Венера Мирлан

Маңғыстау облысы