Қанат Бозымбаев Павлодар облысы активінде қазақтардың көбеюінен неге шошынды?

Павлодар
облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаевты облыстық шенеуніктердің  арасында қазақ ұлтының өкілдерінің көп
болғандығы шошындырыпты. «Караван» газетіне сұхбат берген ол өз командасында
қазақтан басқаның бәрін көргісі келетіндігін жасырмайды. Оның айтуынша,
Павлодарға әкім болып сайланғаннан бері өз командасын әлі жасақтамаған және
бүкіл республика көлемінен өз командасына лайық кадр іздейді, әрі ол жайында
ақпарат құралдарында жарияға жар салуды БАҚ өкілдерінен өтінген. Сонымен бірге
ол облыс басшыларының арасында қазақтардың көптігі көзге бірден түсетіндігін
айтқан.

«Ең нәзік мәселе –
ұлттық мәселе. Басқарушы кадрлар арасында қазақ ұлтының өкілдерінің көптігі
бірден көзге түседі. Бұның ағаттығы жоқ, 
әрине. Алайда бұл істі кезең-кезеңмен түзеуге болады», – деген ол.
Әңгіме ауанынан түйгеніміз, қазағы басым аймақ – Таразда төрт жыл әкім
лауазымын атқарған Қанат Бозымбаев мемлекеттік тілде сөйлемейді екен,
Павлодарда әкім бола жүріп үйренбек. Әрі мемлекеттік қызметкерлердің
мемлекеттік тілді білуі міндетті емес деп есептейді.

Сонда деймін-ау,
унитарлы қазақ мемлекетінде қазақтардың басшылық лауазымында көп болуы Қанат
мырзаны неге шошытты екен? Елдегі ұлттық құрамды күні бүгін ғана жария еткен Статистика
агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов елдегі қазақтардың үлес салмағы – 65,9 пайызға,
ал Павлодардағы қазақтардың үлес салмағы – 49,8 пайызға жеткендігін мәлімдеген
еді. Ендеше, халқының жартысына жуығы қазақ өкілі болып табылатын  аумақтың басшылары арасында қазақтардың көптеп
кездесуі неге шошындыруы тиіс. Әлде біз сонау советтік кезеңдегідей кадрларды
әлі күнге дейін проценттік қатынаспен тағайындаймыз ба? Мемлекеттік басқару
агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов кадрларды таңдау үшін «А» корпусын
жасақтап жатқаны мәлім. Оның арасында қазақтардың саны басым болуы әбден
мүмкін. Өйткені елдегі басым және титулды ұлттың қай салада да, басымдыққа ие
болуы заңды ғой. Елбасы жақында ғана біздің елде азаматтардың тілдік, нәсілдік
және ұлттық дискриминацияға ұшырауы мүмкін еместігін тілге тиек еткен еді. Қанат
Бозымьаев әкімдігінің жүз күндігінде елде ұлттық және тілдік дискриминацияға жол
беретіндігін ашық білдірді. Сонда қазақ ұлты өз отанында тәуелсіздік алғанына
қарамай, «сүтке тиген күшіктің» күйін кеше бермек пе? Қазіргі тәуелсіздік
жылдарында демократиялық институттардың дамуына орай, ұлттық, тілдік, нәсілдік
тұрғыдан емес, бәсекелестікке қабілеттілік тұрғысынан адамдар өзінің кез келген
қызметке сай екендігін дәлелдей алса болды ғой. Ендеше, қазақтар Қанат
Бозымбаевтың алдында на жазды? Енді аз уақыттан кейін оның командасындағы қазақ
ұлтының өкілдерінің барлығы дерлік қудаланбақ па? Қанат мырзаның бүгінгі
мәлімдемесі бізді әрі-сәрі
күйге бөледі. Оның себебі неде екен? 

Back to top button