ЖАСЫРЫН ҚАРЖЫ

Біздің қалталылар шетелдік банктерге сақтаған, «көлеңкелі» экономикаға салған қаражаттарын заңдастыруға мүмкіндік алмақ. Осы мақсатта, Елбасы арнайы заң жобасын дайындатып, құжат жүзінде бекітуді жоспарлап отыр.

Өткен аптаның соңында ҚР Президенті Н.Назарбаев Ақордада отандық инвесторлармен кез­дес­ті. Кеңес жұмысына мемлекеттік орган­дардың, ұлттық компаниялардың бас­шылары, Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының және бизнес-қоғам­дастықтың өкілдері қатысып, отандық кәсіп­керлік пен инвестицияны да­мытудың маңызды мәселелерін тал­қыға салды. Отырыс барысында бай­лықтан, барлықтан ұялудың қа­жеті жоқ екенін ескерткен Елбасы кәсіп­кер­лерді, әсіресе, жастарды «Форбс» тізімін­дегілермен иық тірестіруге ша­қырды. Сонымен, биліктің көздегені, кәсіпкерлер арасында Кедендік одақ шеңберіндегі қауіп-қатерден, тәуе­келден сескенбей, отандық эко­но­микаға қаржы құюды әдемі дәстүрге айналдыру. Бұл шараны «көлеңкеде» жатқан қаражатты заңдастыру арқылы жүзеге асыру әлдеқайда оңай екені анық. Осы орайда, ҚР Президенті Н.Назарбаев заңсыз қаражатқа амнистия жариялайтынын мәлімдеді: «Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, капиталды амнистиялау туралы заң жобасын әзірлеуді және менің қарауыма биылғы 1 маусымға дейін енгізуді тапсырамын. Біздің алдыңғы талпыныстарымыздан айырмасы, бұл акция табысты жаппай жариялауды енгізгенге дейін жалғасуы тиіс. Жеделдікті, құпиялылықты, нарық­ты­лықты және бағдарламаның әділдігін қам­тамасыз ету қажет. Бұл шара эко­номикамыздың үлкен бөлігін «көлең­кеден» шығаруға септігін ти­гізеді және бізді дамыған елдердің эконо­микалық транспаренттілік деңгейіне жақындатады. Көлеңкелі экономика – орнықты дамудың бірінші жауы және сыбайлас жемқорлықтың жақсы жолдасы. Сөйте тұра, барлық дамыған экономикалар табысты жаппай декларациялау үдерісін тек ХХІ ғасырдың басында ғана аяқтап, жолға қойды». 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін бұл жаңалықты сол жиындағы барлық шенеунік пен бизнесмен түгел қолдады. Бірақ көкейлерінде үрей мен қорқыныш та жоқ емес. Алайда, Елбасы оларды сабырға шақырды: «Дүниежүзінде қазір не боп жатқанын көріп отырсыздар. Саясаттағы бір оқиғадан кейін барлық бизнесмендерге қысым жасалып, оларды қаламайтын іске мәжбүрлейді. Келісіп алайықшы, біз өз Отанымызда отырмыз ғой. Ақшаларыңызды осында әкелуге келісейік. Оларға ешкім тиіспейтіндігіне біз кепілдік береміз». 

Заңсыз ақшаға «кешірім жасалатынын» естігенде кәсіпкерлер қауымы қордаланған түйткілдерді де жеткізіп қалуға тырысты. Мәселен, «Халық банкі» АҚ басшысы проблемалық несиелер кесірінен аграрлық салаға қарыз беру қиынға соққанын айтқан. Елбасы тарапынан берілген жауап қысқа болды: «Алған қарызын қайтармайтындарға қатаң шара қолданыңдар. Бізде әлі күнге үйрете алмай келе жатқан қиындық – несиені қайтаруға құлшынбайды. Заң бойынша қайтару керек қой. Ал біз олардың жағдайына қарайлаймыз. Үкіметтің шектен тыс көмегі бизнесті дамытуға кедергі болуда. Аграрлық саладағы небары 4 компанияның 800 млрд. теңге қарызы бар. Егер астыққа қатысты айтсақ, Қазақстан үшін 2 млн. тонна аса ауыр жағдай емес. Бірақ олардың жартысын банкротқа ұшырату керек. Бүкіл әлемдегі бизнес осылай жұмыс істейді. Мен қорқытып-үркіту үшін емес, шара қолдану үшін айтып отырмын. Үкіметпен бірге осы мәселені шешіңдер». 

«Көлеңкелі экономикаға» тиесілі қаражат заңдастырылғаннан кейін, отандық шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады. «Шағын және орта бизнес – орта таптың берік іргетасы. Жалпы алғанда, бұл секторда оң қарқын байқалып отыр: өткен жылдың қорытындысы бойынша бизнеспен айналысатындар саны 8 пайызға артып, 2,6 миллион адамға жетті, ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнімдер 9 триллион теңгені құрап, жылдық өсім көрсеткіші 3,3 пайыз болды», – деп мәлімдеген Мемлекет басшысы аталған саладағы қиындықтарға да тоқталды: «Соңғы жылдарда экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі ішкі жалпы өнімнің 17 пайызы деңгейінде тоқтап тұр. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны көп екеніне қарамастан, республикалық бюджет төлемінің 70 пайызын небәрі төрт жүз салық төлеуші ғана қамтамасыз етті. Ал бұл барлық бизнесмендердің 0,2 пайызы ғана. Негізгі капиталға деген ішкі жеке инвестицияның өсу қарқыны ішкі жалпы өнімнің өсу қарқынынан қалып келеді. Егер дағдарыс кезеңіне дейін олардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 18,4 пайызды құраған болса, 2013 жылдың қорытындысы бойынша небәрі 13 пайызды құрады. Шетелдік тікелей инвестициялар ағыны 2013 жылы 9,7 миллиардты құрады, бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 4 миллиардқа кем». 

Үкімет отандастарға қаржылық сауат ашу, кәсіпкерлікке баулу сияқты мәселелерде көмектесіп жатыр. Бірақ бизнесті дөңгелетіп әкеткен қандастардың қатары әлі де аз. Осы орайда, Елбасы бизнеске қатысты тағы бір тапсырма берді: «Ұмытыла бастаған жүйені – қалыптасқан бизнесмендердің тәжірибесін жаңа бастағандарға үйретуді қайта жаңғырту қажет. Бұл да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір түрі болып саналады». Оның пікірінше, Үкімет пен Палата жүргізіп отырған барлық жұмыс Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу» рейтингі аясында бағаланады: «2016 жылы сол рейтингтегі алғашқы отыз елдің қатарына кіру міндетін қоямын. Бізде проблемалы екі сала бар – құрылыс және халықаралық сауда. Мысалы, «Халықаралық сауда» көрсеткіші бойынша біз ең соңғы орынның біріндеміз. Кедендік әкімшіліктендірудің қолданыстағы жүйесі түбегейлі реформалауды талап етеді», – деген Елбасы Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына айтылған бағыттар бойынша бірыңғай бағдарлама дайындауды, оны қажетті қаржыландыру жайын қарастыруды және Палатаны бірыңғай оператор ретінде белгілеуді тапсырды.

Соңғы кездері орталық және жергілікті билік басындағы ірілі-ұсақты шенеуніктерге шетелдік қымбат көліктерден түсіп, отандық автоға мінуді жиі айтып жүрген Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені отандық инвесторлар жиналған кездесуде де көтерді. «Бәріміз енді отандық жеңіл көлікке отыруымыз қажет. Өзімізде жоқ кезде сатып алатынбыз. Бұл мемлекеттік қызметкерлер мен бизнесмендерге қатысты», – деген Елбасы «Астана Моторс» компаниясының басшысы Нұрлан Смағұловқа: «Сен, Нұрлан, өзің көлік сатасың, қалайша «Мерседеспен» жүресің?», – деп сұраған. Ол екі айдан бері отандық көлікке ауысқанын айтып ақталды. 

Мемлекеттік реттеуді анағұрлым жақсарту қажеттігіне тоқталған Н.Назарбаев: «Мен бұл бағыттағы түбегейлі шаралар туралы жарлыққа қол қойдым. Бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. 2015 жылдан бастап жоспарлы тексерулер өткеннің үлесінде қалуға тиіс. Біз мұндай мораторийді бірінші рет енгізіп отырғанымыз жоқ. Бірақ оны жойған кезде қайтадан шағым қаптап түседі. Бұл мәселеге қайта оралмау үшін Үкімет менің Жарлығымды сапалы орындағаны жөн», – деді. Ол үшін биыл рұқсат беру және ескерту жүйесін түбегейлі жеңілдететін заң қабылданып, рұқсат беруді автоматтандыруды аяқтау керек. Басты мақсат – нормативтік құқықтық актілердің барлық жобалары бизнеске қатысты реттегіш ықпалды анықтау үшін сынақтан өткізіледі. Мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық бизнестік үдерістеріне жан-жақты талдау жүргізу керек. Бұл жұмысты Кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдіктерін қатыстыра отырып, жергілікті жерден бастау қажет. Әкімдіктер оларға толық қолдау көрсетуі тиіс. 

Осы орайда, Елбасы Үкіметке жергілікті органдармен бірге Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен іс-қимыл регламентін бекітуді тапсырды: «Палата бизнесмендердің құқықтары мен мүдделерін сақтауға белсене қатысуға тиіс. Мұны мәселен, Президенттің бизнесті қорғау сайтына түскен шағымдарды қарау кезінде палатаның қатысуын қамтамасыз етуден бастаған жөн. Бұл ахуалды мемлекеттік органға тәуелсіз бағалауға мүмкіндік береді».

Бүгінде еліміз үшін басты міндеттердің бірі – қолжетімді теңге нарығын дамыту үшін ынталандыру пакетін әзірлеу, яғни, отандық қаржы саласындағы долларға деген тәуелділікті бәсеңдету және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активі секілді ішкі инвестиция көздерін іске қосу. «Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, 1 маусымға дейін Қор активтерін инвестициялау, соның ішінде банктерге ұзақмерзімді депозиттер салу арқылы инвестициялау стратегиясын әзірлеуді тапсырамын», – деген Мемлекет басшысы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР азаматтары табысты жаппай жариялау, оның соңын ала шығыстарды жаппай жариялау енгізілетінін ескертті.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button