АЙБОЗЫМ АҚЫН

АЙБОЗЫМ АҚЫН

АЙБОЗЫМ АҚЫН
ашық дереккөзі
358

Қазақ халқы – талантты перзенттерге бай халық. Құдай берген таланттың да бірегейлері болады. Бүгінгі таңдағы бірегей талантты ақындардың қатарына өз басым Ұлықбек Есдәулетті де қосар едім. Ол жастайынан-ақ өлеңдерімен бүкіл оқырман жұртшылықты мо­йындатып, әдебиеттің есігін айқара ашқан тегеурінді ақындарымыздың бірі. Тек қазақ қана емес, қазіргі күнде көршілес қырғыз, өзбек, түрік ағайындарымызбен қатар орыс, украин әдебиетшілері де мойындап отырған тума талантымыз. 

Шынайы поэзияны өмір­ге келтіру дарындының ғана маңдайына тиесілі. Шығар­машылық азабына түсіп, талай түнде көз ілмей, таңды атырып жүріп, бір шумақ дүниені ғана өмірге келтіруі мүмкін. Бірақ ол қандай шумақ десеңші! Оқыған кезде адамның жан дүниесін қозғап, жүрегіңді нұрға толтырып, көңіліңді алай-дүлей ғып, кең дүниеде жалғыз өзің ғана келе жатқандай сезімде боласың. Міне, сондай сезіммен оқылатын өлеңдер Ұлықбек Есдәулетовтің кітаптарынан молынан табылады.

Мысалы, мына шумақтан туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігін көреміз:

Зайсаным – 

Қазақстан қақпасындай,

Құлыбы берік тұрған 

жатқа ашылмай.

Мен сені мәңгі-бақи 

 жырлап өтем,

Жүректің қобдиында 

  хат жасырмай.

(«Зайсан»).

Осы жалғыз шумақта ақынның туған жерге деген махаббатымен бірге, саяси астары да көрініс та­уып тұр емес пе? 

Бар ақын жырлап өткен махаббат тақырыбын Ұлықбектің сезіммен өрнектеуі де басқаша. Ақын қай тақырыпты жырласа да, әуелі ой-санасында әбден електен өткізіп алып, қолына қалам алатынын әр өлеңінен байқайсыз. Шебер суреткер. Жырлары көкейге қонымды. Жүрекке жылы әсер қалдырады.

Махаббат деген немене?

Айтайын, білгің келе ме:

Ол өзі жаңа, көне де,

Бабадан жеткен өнеге.

Күмәнің болса, өзің біл,

Ғаламат ғашық кезім бұл…

«Сүйемін» деген бір сөзге

Сыймайтын ұлы сезім бұл!

(«Махаббат деген немене?»).

Иә, осы өлеңді соңына дейін оқып шыққаннан кейін махаббатты ауызекі тілмен жеткізудің қиындығын мойындағандай боласың. Өлеңмен танысқан соң әрқайсымыз өз сезімімізге басқаша қарай бастаймыз.

Ұлықбек ағаның өлеңдерінің поэтикалық кіршіксіздігіне, шын­шылдығына шәк келтіре алмаймын. Қазақтың мақтанышы болған ақынның көптеген өлең сөздеріне жазылған әндер де баршылық. Басқасын былай қойғанда, Роза Рымбаеваның орындауындағы «Семей-Невада» қозғалысының ән-ұраны «Заман-ай» қазақтың гимндерінің біріне айналды десек, қателеспегеніміз. 

Ағамыздың ақындығы бір төбе, қызмет етіп келе жатқан жылдардағы іскерлігі де бір төбе. Көп жылдар «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды. 2008 жылдан бері «Жұлдыз» журналын басқарып, адал қызмет атқарып келеді. Журналымыз жылдан-жылға есейіп, барған сайын әрлене түсуіне бас редактордың сіңірген еңбегі аз емес.

Менің жазушылардың қара­шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс атқарып келе жатқаныма ширек ғасыр. Соның ішінде «Жұлдыз» журналында қызмет істегеніме де 20 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде Ұлықбек ағаның адамгершілік болмысын, азаматтық қырын, басшы ретіндегі қабілетін жақсы танып-білдім десем, артық айтқандық емес. Мінез-құлқының жайлылығын, ешқашан көңіліңді қалдырмай, қандай жұмыс болсын әділдікпен шешуге тырысатынын бәріміз бағалаймыз. Қызметкерлерге дауыс көтеріп сөйлемейтіндігі, ешкімнің жанын жаралағысы келмей тұратынының өзі неге тұрады? Мен ғана емес, ұжым-мүшелері, замандастары бекзат ақынды осындай кішілігі үшін, кісілігі үшін өте құрметтейді. 

«Алпыс – тал түс» деп жатады ғой. 

Өмірі өлеңмен өрілген қазақтың айбозым ақынына ғұмыры ұзақ, күндері шабытқа толы болсын деген ақ тілек арнаймын!

Жақсылықтың көшін бастаған өлеңмен сусындап отырған оқыр­мандарды әлі де жауһар жырлармен қуанта беретініңізге сенімім мол!

Зубайда Сахиқызы

Серіктес жаңалықтары