Қала халқы артып келеді, ал аумағы...

Қала халқы артып келеді, ал аумағы...

Қала халқы артып келеді, ал аумағы...
ашық дереккөзі

2025 жылға қарай жер беті халқының 60 пайызы ірі қалаларға шоғырланса, халқы 5 миллионнан асатын 90-ға жуық мегаполистер пайда болуы мүмкін деген жорамалдар бар. Әсілі, содан болар, урбанизация мен агломерация мәселелері күн тәртібіне шығып отыр. Биыл Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында агломерация алғаш көтерілген еді.  

Таяуда Алматы қаласында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев,  қала әкімі Ахметжан Есімов және облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың қатысуымен 2030 жылға қарай агломерацияны қалыптастырудың ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеу жөнінде отырыс өтті. 

Қала халқының саны күн санап, жыл санап артып келеді. Ауылдан қалаға күнкөріс қамымен ағылған тұрғындар, миграция және қала маңайындағы халықтың қалаға қатынап жұмыс істеуі ірі қалаларда адам санының күрт артуына түрткі болуда. Мәселен, еліміздегі ірі қалалар – Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларына аймақтан қоныстанатындар саны өте көп. Сондықтан нақты статистика жасау да мүмкін емес. Мәселен, Алматыда нақты тіркелген 1,5 миллион тұрғын болса, тіркемесіз жұмыс істейтін халық санын есептеу онша мүмкін емес. 90-жылдардан бері Алматыға 1 миллионға жуық адам көшіп келген, ал осы уақытқа дейін жалпы еліміз бойынша 2,5 миллион адам қалаға қоныстаныпты.  Осы орайда Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: «Қалаға енетін аумақтарды жоспарлау және басқару үшін алматылық агломерацияға енетін қала құрылысы аумағының кешенді жүйесі жасалып, Үкіметке ұсыну керек», – деді. Сондай-ақ оңтүстік астана мәселесін контрмагнит арқылы реттеу туралы ұсынысын да жария етті. «Алматы айналасында бірнеше контр-магниттер құру қажет. Бұлар қуатты өнеркәсібі мен әлеуметтік инфрақұрылымы бар, тұруға қолайлы орталықтар болуы тиіс. Олардың мақсаты – қаладан кері миграция», – деді қала әкімі. Алайда ел экономикасы дамымай, ауылды жерлерде жұмыс орындары ашылмаса халықтың қаладан ауылға көшуі екіталай дүние. Бүгінде әлеуметтік зерттеушілер 20-30 жылда Қазақстанда ауыл мен қала тұрғындарының ара салмағы 65-35 пайызды құрауы мүмкін деген болжамдар айтуда. Бұл көрсеткіш Ресейде – 72, Беларусь, Украина және Арменияда – 70, ал Америкада – 90 пайызға тең екен. 

Алматыға облыс аумағы арқылы күніне 200 мың көлік, 560 мың адам қатынайды. Отырыста көлік мәселелері, қала шекарасының инженерлік инфрақұрылымының және қала маңындағы елді мекендердің қазіргі жағдайы талқыланды. Бүгінде қала әкімі Ахметжан Есімовтің айтуынша, қала маңынан Алматыға қатынап жұмыс істейтіндердің саны шамамен 230-250 мың адамды құрайды екен. Сондай-ақ қалаға кірмейтін жақын елді мекендердің статусы белгісіз. Мәселен, саяжай деп көрсетілген аймақта құрылыс жүріп, тұрғын-үйлер салынып кеткен. 10 мың гектардан астам жер саяжайдың пайдалануында деп көрсетілгенімен, іс жүзінде 142 мыңнан астамына қазіргі кезде халық шоғырланған. 

Алматы қаласы және Алматы облысының қалаға іргелес аумақтары Алматы қаласының және оның қала маңы аймақтарының проблемаларын шешу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бизнестің, қоғамның күшін бірлестіру үшін қала мен облыстың бірігіп атқарар жұмыстарын да пысықтады. Сондай-ақ Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары А.Баталовтың айтуынша, осы аймақта яғни облыстағы Қапшағай қаласы мен бес ауданда облыстың ауылшаруашылық өнімдерінің 87 пайызы өндіріледі екен. 

Қалаға іргелес ауылдарда жалпы 1 миллион 154 мың халық тұрады. Бұл облыс тұрғындарының 58 пайызын құрайды. Агломерация құру аясында 58 елді мекенді дамытудың бас жоспары жасалған. Соған сәйкес бірыңғай әлеуметтік-экономикалық кеңістіктің мүмкіндігі артпақ. Бұл мақсатта Алматы облысының тұрғын-үй саласы қарқынды дамып келеді. Мысалы, биыл құрылыс басқармасының бюджет көлемі – 60, 059 миллиард теңге болса, соның 36 миллиард теңгесі республикалық, ал 23,758 миллиард теңгесі жергілікті бюджет есебінен алынған. Аталған қаржы есебінен 236 нысанның құрылысы қолға алынып, биыл соның 197-сі қолданысқа берілмек. Ал қалған 39-ы келер жылдың жоспарына енген. 

Алматы облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, Үкімет тарапынан бөлінген қаражат та өз орнымен жұмсалуда. Білім нысандарын қайта жаңғыртуға да барынша ден қойылуда, 48 білім нысанының құрылысы мен сейсмикалық күшейтілуіне республикалық және жергілікті бюджет есебінен 18 млрд. теңгеден аса қаражат бөлінген. Аталмыш сала бойынша тапсырыс берілуге тиіс 32 нысанның 16-сының құрылысы биыл басталмақ. Осыған сәйкес, жоспар бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанына белгіленген 1 млрд. 492,5 млн. теңгенің 99,9 пайызы мақсатты жұмсалған. 

Биыл барлығы 750 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беру көзделген. Сондай-ақ  1459  пәтерлі 84 үйдің құрылысын жүргізіп, 82-сі жуырда пайдалануға беріледі.  Республикалық және жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 12780,5 млн. теңге қаражат бөлінген. Сонымен бірге 4 коммуналды шаруашылықтың құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюд­жеттен 528,5 млн. тең­ге бөлініп, оның үшеуі биыл пайдалануға беріледі. Денсаулық саласы бойынша 41 нысанның құрылысы мен сейсмикалық нығайту ісіне арнайы қаражат бөлінген. Сонымен қатар Елбасының Жолдауында айтылған сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету бойынша атқарылатын жұмыстар биыл да қыза түспек. 

Ақниет ОСПАНБАЙ