Айбынды әскер – азат елдің белгісі
Айбынды әскер – азат елдің белгісі
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні! Бұл күнді қазақстандықтар ерекше көңіл күймен қарсы алады. Бұл күннің қазақ үшін бөлек болатын да жөні бар. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шыққан еді.
Бұл Жарлықтың негізінде Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Сол күннен бастап, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болып жарияланған еді. Содан бері де 22 жыл өтіпті.
Дәл сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры бекітілді. 2001 жылдан бастап Қазақстан төрт әскери округке бөлінген еді. Олардың қатарында: Орталық, Оңтүстік, Батыс пен Шығыс округі бар.
22 жылдық қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері де өз еңсесін тіктеп, ел аумағын қорғауда аянбай еңбек етіп келеді. Жыл өткен сайын әскеріміз де жаңарып, оның күш-қуаты жақсарып келеді. Қайсар мінезді, өр рухты ата-бабамыздың жауынгерлік рухын жалғастыру да әскерлеріміздің негізгі міндеті. Батыр Бауыржан «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген жоқ па?! Тәртібі мықты, күш-қуаты жоғары әскер қазақ елінің негізгі айбыны. Мықты әскер – мықты елдің көрінісі.
Қорғаныс саласының деңгейі әскерлердің санымен емес, сапасымен бағаланатыны айқын. Елбасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия керектігін айтқаны мәлім. Бүгінде бұл міндет те өз межесіне жеткендей. Қазіргі таңда қарулы күштердің қабілеті мен қауқары жылдан жылға артып келеді. Бірер жылда елімізде мерзімді әскерді толығымен кәсіби армия алмастырады. Оған бейімделу бүгіннен бастап жүзеге асуы тиіс.
Естеріңізде болса, елімізде ең алғашқы әскери шеру Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы құрметіне – 1992 жылдың 7 мамырында Алматыдағы Республика алаңында өткен еді. Ол шеруге ҚР ҚК әскер түрлері, қорғаныс министрлігінің, Әскери-әуе күштерінің, Шекарашылар әскерінің, Ішкі әскерлердің, әскери оқу орындарының, Алматы гарнизонының, әскери комиссариаттардың жинақталған полктары қатысқан еді. Алғашқы әскери шеруді Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, Кеңес одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов қабылдаған болатын.
Бұл – ел тәуелсіздігін алған бастапқы жылдары өткен алғашқы әскери шеру. Алғашқы шеру өткен жылдардан бері қарай, Қазақстан әскері әртүрлі даму кезеңінен өтті. Шыңдалды. «Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық», – деп атап өтілген еді Елбасымыздың «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында.
Қоғам мен мемлекеттің, барша адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әскери күштердің қолында. Ер Махамбет:
«Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Ерлердің ісі бітер ме?» демей ме?!
Осы орайда, Қазақстан Қарулы Күштерінің саптық дайындығы мен қару-жарақ үлгілері қандай? Оны біз өткен жылдан бастап, тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан әскери шеру кезінде көз жеткізіп жүрміз. Өткен жылы Отан қорғаушылар күніне орай Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында жауынгерлік шеру өткен еді. Ел аумағында бұрын-соңды болмаған жауынгерлік парадқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Жалпы, дәстүрлі әскери парад өткізу кез келген елдің әскерлерінің дайындығының құрамдас бөлігі болып табылады. Мұнда жеке құрамның саптық дайындығы мен қару-жарақ пен әскери техника көрсетіледі. Отанын сүймеген ұлан мемлекетті ғана емес, өз отбасын да қорғай алмайды. Қазақ баласына, әскерде қызмет ететін әрбір ұланға басты тәрбие осыдан бастау алады. Өз кәсібіне адал ұлан Отанына да адал болады. Бауыржан Момышұлының: «Жiгiттi жауынгерлiк қасиеттерге тәрбиелейтiн қазақтың игi дәстүрлерi. Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгiнгi таңда қайта салтанат құруға тиiс», – деуі тегін емес. Қарулы Күштердің сапында жүрген кез келген әскер қазақтың игі дәстүрлерінің құнарынан қанып ішсе, жөн болар еді. Махамбеттің жырларын, қазақтың батырлық жырларын мектеп қабырғасынан оқытса, бес ғасыр жырлаған қазақтың жыраулық поэзиясын да әрбір ұлан жатық білсе, кем болмас еді. Қазақ әскерін мектеп қабырғасынан отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелегеніміз абзал. Ұлтының озық дәстүрлерін біліп өскен, жастайынан жадында жатталып қалған баланың елді сүюі, ұлтын құрметтеуі, мемлекетін қадірлеуі ерекше болмақ. Қазақтың, қазақ мемлекетінің қауіпсіздігін, ел тыныштығын күзететін әскерлерге бір сәт қалғуға болмайды. Өйткені ұлттың, мемлекеттің тағдыры – қазақ әскерінің қолында! «Буырқанып, бусанып, мұздай темір құрсанып» жүретін қазақ әскерлерінің мерейі үстем болсын!
Бүгін тағы да әскери парад. Қазақ әскерінің ұлттық шеруі. Бүгінгі әскери парад Астана қаласындағы «Қазақ елі» монументі алаңында өтеді. Парадтың салтанатты маршының жаяу легіне екі мыңға жуық әскери қызметші, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамынан 1500 адам қатысады. Механикаландырылған колоннадағы әскери техника саны – 250 бірлік, жеке құрамы (механик-жүргізушілер, экипаждар, десанттар) – 566 адамды құрайды. Бүгінгі әскери шеруге жетпістен астам авиациялық техника шықпақ.
Гүлзина БЕКТАС