«...300 досың болсын»

«...300 досың болсын»

«...300 досың болсын»
ашық дереккөзі

 

Әр мемлекеттің баспасөзі қандай қырғын оқиға болса
да, өз мемлекетінің пайдасына күйттеп жазады. Алайда Қырым мен Украина елінің
болашағы да, тәуелсіздігі мен еркіндігі журналистерді де, Үкіметті де
қызықтырмаса керек. Бірден 300 журналистің Отан алдындағы ерен еңбегі үшін
марапатталуы ерсі, әрине. Бұған дейін де қанды Ресейде аймақтық қақтығыстарды жақтап
жазған журналистерге осындай сыйлық берілген. Атап айтсақ, Дмитрий Медведев
президент болған тұста 2008 жылы Оңтүстік Осетиядағы жағдайды жазған 11
журналистке құрмет көрсетілген. Яғни олардың қатары аз болғанын байқаймыз. Бүгінде
телеарна, ақпарат агенттіктері, баспасөз басшылары мен репортерлерді қосқанда
300 адамның құрметтелуі кімнің болса да қытығына тиетіні анық.

Президент Владимир Путин жарлыққа қол қойған,
бірақ вебсайттағы жарлықтар тізімінде бұл туралы мәлімет жоқ. Себебі бұл
жасырын сыйлық болса керек. №269 «РФ мемлекеттік наградаларымен марапаттау
туралы» Жарлығы 22 сәуірде дайын болған. Мемлекеттік марапат «Жоғары кәсіби
шеберлік және Қырым Республикасындағы жағдайды әділ таратқаны үшін» деп
айдарланыпты. Бұл туралы алғаш Ведомости газеті жариялаған болатын. Бірақ ордендер
әлі тарту етілмеген көрінеді.

«Ведомости» дерегі бойынша, «Бүкілресейлік
мемлекеттік телевизия мен радио хабарлары компаниясының 100 шақты қызметкері,
«НТВ» мен RТ (Russia Тoday) және Life News телеарналарының ондаған журналисі,
мемлекеттік «Бірінші арнаның» 60-тан астам өкілі марапатталған. Шамамен 90-ға
жуық журналист орден мен медаль тақты.

Олардың
ішінде либералдық ақпарат құралдары жоқ. Кремль бұқаралық коммуникация,
ақпараттық технология және байланыс саласын бақылау федералдық қызметінің
жетекшісі Александр Жаровтың да еңбегін ескерді. Ол басқаратын ұйым жақында
танымал оппозициялық блогтар мен Grani.ru оппозициялық сайтын жауып тастаған
еді. Бұдан басқа оппозиция өкілдері жоқ десе де болады. Олай болса «әділ» деген
сөзді айғайлатпай-ақ, «біздің тілектестер» деп берсе де болмай ма? Мәселен, «Дождь»
телеарнасы және «Эхо Москвы» радиостанциясы қызметкерлері тізімде жоқ.

Әділ ақпарат таратты деп ардақталған
журналистердің өзі бұл құрметке қалай қарайды екен?