ІЛЕ САҒАСЫНДАҒЫ ЕКІ ЕЛ

ІЛЕ САҒАСЫНДАҒЫ ЕКІ ЕЛ

ІЛЕ САҒАСЫНДАҒЫ ЕКІ ЕЛ
ашық дереккөзі

Қытай мен Қазақстан эконо­ми­­калық ынтымақтастығы еліміз тәуел­­­сіздік алған жылдардан бері қарқынды дамып келеді. Алдағы аптада Шанхай қаласында өте­тін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте Қытай сапарына дайындық барысы пысықталды.

Бұл сапар екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынасты одан әрі сал­мақтай түспек. Экономикалық ынты­мақтастықты нығайту барысында тәуелсіздік алғалы бері көптеген келіссөздер жүргізілгені белгілі. 2013 жылы екіжақты сауда көлемі 22,5 миллиард долларды құраған. Ал осы үлестің 14,3 миллиард доллары Қазақстан экспорты болса, 8,1 миллиард доллары импорттық тауарлар үлесінде екен. Биыл жыл басындағы екі ай көрсеткіші бойынша сауда көлемі 3,56 миллиард долларға жеткен. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Тәуелсіздік алғалы бері ҚХР-дың республикамызға бағыттаған инвестициясының жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асты», – деді. Екі елдің бірлесіп атқарған инвестициялық жобаларының жалпы саны 22-ден асып жығылады. Мәселен, олардың көпшілігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Инвестициялық карта» аясында жүргізіледі. Атап айтсақ, мұнай-газ секторында 11 жоба, оның бір жобасы аяқталған. Мұнай-химия секторында – 1, энергетика саласы бойынша – 6, тау-кен металлургия – 2 жоба алынды. Олардың қатарында «Ырғыз-Шалқар-Бейнеу» учаскесін қалпына келтіру, «Үлкен Алматы айналымы автожолы» жұмыстары басталып та кетті. 

Көршілес мемлекеттер арасында трансшекаралық өзендер мәселесі жылдарға созылып, шешімін таппай келеді. Инфрақұрылым мен ауылшаруашылығы дамыған сайын судың қажеттілігі артып, бастауын өзге елден алатын өзен сулары азайып, экологиялық апат қаупі туып отырғаны баршаға аян. Қытай мен Қазақстан шекарасындағы Іле өзенінің де дауы бір бөлек. Қытай тарапы бұл мәселені жиі жылы жауып қойып, өздері белгілеген мөлшерді ғана елімізге жіберіп отыратыны жасырын емес. Осы даулы мәселе Президент сапарында біржақты түйінін таппақ. «Қазақстан мен ҚХР арасындағы Су бөлу бойынша техникалық жұмыстардың негізгі бағыттарының жоспарын іске асыру бойынша биылғы жылдың 24-27 ақпаны аралығында Бейжіңде ҚР мен ҚХР арасындағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бағалау жөнінде техникалық жұмыс отырысы өтті. Жиында деректерді талдау мен салыстыру, ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша есептер алмасу жүзеге асырылды. Қорғас өзеніндегі «Достық» гидроторабына қатысты нысан өткен жылдың шілде айында ресми түрде пайдалануға берілді. 2013 жылғы қыркүйекте Астанада ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары барысында ҚР мен ҚХР үкіметтерінің арасындағы «Достық» гидроторабын басқару және пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда қазақстандық тарап аталған келісімді ратификациялау бойынша жұмыстар жүргізуде», – деді Сағынтаев мырза. 

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев Си Цзиньпин мырзаның елімізге 2013 жылғы тамыздағы мемлекеттік сапарына жеке тоқталды. Бас қаламыз Астанада Қытайдың жаңа басшысы тарихи мәлімдеме жасады. Ол тұңғыш рет Қытайдың Орталық Азияға қатысты сыртқы саяси стратегиясын жариялады. Оның сапарының қорытындысы ретінде жалпы сомасы 35 миллиард доллардан асатын 23 екіжақты құжатқа қол қойылған болатын. 

Отырыс соңында Үкімет мүшелері 2020 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасының жобасы және 2015-2019 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын мақұлдады. 

Ақниет ОСПАНБАЙ