ЖАҢА АРНАҒА БЕТ БҰРҒАН КӨШІ-ҚОН

ЖАҢА АРНАҒА БЕТ БҰРҒАН КӨШІ-ҚОН

ЖАҢА АРНАҒА  БЕТ БҰРҒАН КӨШІ-ҚОН
ашық дереккөзі

Мамырдың 19-ында брифинг өткізген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон жөніндегі комитет төрағасы Саламат Аманбаев Қазақстан Республикасында халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіруге ынталандыру мақсатында көші-қон заңдылығын жетілдірудің ұжырымдамасымен таныстырды. 

ОҢТҮСТІК ХАЛҚЫ ӨСЕ МЕ?


Тұжырымдама үш түрлі бағытты қамтыған. Біріншіден, бұл тұжырымдама бойынша, оңтүстіктегі халқы көп аймақтағы жастарды солтүстіктегі халқы аз аумақтарға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қоныстандыру көзделген. Бұл бағдарлама бойынша, қо­сымша әлеуметтік өтемақылар қарастырылып отырған көрінеді. Егер оңтүстіктегі жұмыссыз жүрген жастар солтүстікке барып, қызмет етуге келіссе, оларды тұрғын үймен, жер телімдерімен және шағын несиелермен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Аталған тұжырымдама бо­йынша, оңтүстік аймақтардан солтүстікке келген жастардың арнайы білім гранттары арқылы солтүстік аймақтардағы жоғары оқу орындары мен колледждерінде білім алуына мүмкіндік жасау да қарастырылған. Жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа орналастыруды да басты мақсат етіп отырған көрінеді. Әрі өз қалауымен солтүстік аймақтарға қоныс аударған жастарға бір жолғы өтемақы да төленбек. 

Мамырдың 20-сында дәл осы мәселеге орай ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысына қатысқан Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова солтүстік облыстардың халқы 2050 жылға қарай бір миллионға дейін кемуі мүмкін деген болжам жасады. Оның айтуынша, бұл ішкі және сыртқы көші-қонның шешуі қиын күрделі проблемаларымен байланысты: «Қазіргі тенденцияларды сараптай келе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан секілді облыстардағы демографиялық құлдыраудың соңы жұмыс күшінің азаюына әкеп соғуы мүмкін. Егер солтүстіктегі жағдай осылай жалғаса беретін болса, біздің болжамымыз бойынша, 2050 жылға қарай бұл өңірлердің халқының саны 1 миллионға дейін азаюы, ал оңтүстік облыстардың халқының саны – 5,2 миллион адамға өсуі мүмкін», – деген ол. 

Вице-министр ханым бұның бірнеше себептерін атайды. Соның бірі оралмандарды орналастыруда өңірлердің сырттан келгендерді қабылдау мүмкіндігінің сарапқа салынбағандығын, олардың басым көпшілігі онсыз да халқы мол оңтүстік өңірлерді таңдағанын, сол себептен де солтүстік қаңырап бос қалу қаупіне ұшырап тұрса, оңтүстіктің халқы жұмыс таба алмай қиналып жүргенін айтты. Статистикалық мәліметтер бойынша, оралмандардың 50 пайыздан астамы Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау және Жамбыл облыс­тарына орналасып келген. 

Жалпы, ішкі көші-қон үдерістерін реттеу мақсатында «Ішкі көші-қон туралы» Заңды қабылдау қажеттігі жайында медиа қауымдастық та, қоғамдық институт өкілдері де осыдан 20 жылдай уақыт бұрын дабыл қаққан болатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын ішкі көші-қон туралы заң жобасы дайындалып, Парламентке келгенде, қоғам одан біраз үміт күткені де рас. Алайда, заң жобасы жоба қалпында ғана қалып қойды. Сөйтіп, урбанизация салдарынан қордаланған түйткілдерді шешуге мемлекет құлықтылық танытпады. Енді мәселе ушыға бастағаннан кейін ғана, солтүстік және шекара аймақтардың қамын ойластыра бастады. Дегенмен, оның қазіргі тығырықтан шығуға қаншалықты көмектесетінін сарапшылар айта алмай отыр.

 

50 МЫҢ ҚАЗАҚ АЗАМАТТЫҚ АЛА АЛМАЙ ЖҮР


Тұжырымдаманың екінші бағыты – Қазақстанға келетін этникалық қазақтарға арналған. Шетелден оралған қазақтар қай өңірлерге орналасса да, оралман мәртебесі беріледі делінген онда. Алайда оралман мәртебесін алардан бұрын, этникалық қазақтар ықтияр хатты рәсімдеуі тиіс. Бұл ретте оларға беріліп отырған жеңілдіктің бірі – төлем қабілеттігін растаудың қажеттілігінің жоқтығы. Дегенмен дәл осы талаптың оралмандарды шырғалаңға салатынын Көші-қон комитетіндегі шенділер білмей отыр ма? Оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын берудің 2012 жылға дейінгі тәжірибесін қайта қайтару соншалықты қиынға түсіп отырғаны ма? Ондағы талаптар бойынша, ықтияр хатты алу туралы бап жоқ болатын. Оралман өзінің қазақ екенін дәлелдей білсе және тұрақты тіркеуге тұрса, құжаттарын бірден азаматтыққа тапсыра алатын. Шетелден келетін қазақтарға ҚР азаматтығын алуды бір жылға дейін төмендетуді көздеп отырғандарын айтады, егерде заңға әуелі ықтияр хатты алу талабы енгізілсе, бұның тағы да біраз уақытқа созылатындығы аян. Өйткені, қазіргі қолда бар заңдылықтар мен Қаулыларға сүйенсек, этникалық қазақтың тұрақты тіркеуге тұруының өзі қиямет қайымға айналып отырғаны мәлім. Астанада ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысына қатысқан Көші-қон комитетінің өкілдері қазір ҚР азаматтығын ала алмай жүрген этникалық қазақтардың саны 50 мыңға жеткендігін айтады. Ал көпшілік талқысына түсіп жатқан заң жобасының қабылдануы келесі жылдың еншісіне қалып отыр. Демек, алдағы жарты жылда оралмандардың қордаланған мәселелері шешілмейтіні анық болып отыр. 

БІЗГЕ КІМДЕР КЕЛІП ЖАТЫР?


Аталған басқосуда Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова жұртты елеңдететін тағы бір мәлім­деме жасады. Оның айтуынша, Қазақстанға соңғы 20 жылда оралған оралмандардың 70 пайызының жоғары я арнайы білімі жоқ көрінеді. Алайда шенеунік соңғы жылдары келіп жатқан оралмандардың жұмыспен қамту барысына жасалған ешқандай мониторингінің жоқтығын мойындайды. Сонда бұл ақпаратты ол неге сүйеніп мәлімдеп отыр екен? Вице-министр ханым ешқандай дерек көзін көрсетпейді, ешкімге сілтеме жасамайды, ешқандай зерттеу жұмысын көлденең тартпайды. Бұның өзі соңғы кезде пайда бола бастаған жағымды жаңалықтарға қарсы басталған ақ­параттық шабуыл іспетті. Өйткені дәл осы министрлік Еңбек мигранттары туралы заңды қабылдап, сол заң аясында оралмандардың азаматтық алуын 4 жылға дейін шегерген болатын. Көші-қонның тоқтауына, қазақтардың келмеуіне, көбеймеуіне мүдделі бір топ жұмыс істеп отырған сияқты. Оралмандардың жолын тосуға, қазақтардың бірікпеуіне қарсы заңдар сол ықпалды топтар тарапынан қабылданды. Әрине, бұл заңдарды қабылдау үшін олар ақпараттық мүмкіндікті кеңінен пайдаланды. Ақпараттық құралдар, қоғамдық ұйымдар арқылы оралмандарды қоғамға тиімсіз, жағымсыз етіп көрсетіп бақты. Елімізде көші-қон мен еңбек мигранттары туралы шығарылған соңғы заңнамалардан осындай бағыт байқалып қалады. Олар сырттан келген оралмандардың санын ғана емес, олардың елге келгеннен кейінгі табиғи өсімін ескермей отыр. 

ЕҢБЕК КҮШІН СЫРТТАН ШАҚЫРАМЫЗ БА? 


Аталған концепцияның үшінші бағыты – сырттан біліктілігі жоғары маман кадрларды шақыру. Бұл үшін олардың жұмысқа тұруына арнайы квота белгілеу, жұмыс берушілердің оларды қызметке алуына рұқсат ету сияқты кедергілерді алып тастау көзделіп отыр. Бірінші кезекте, Қазақстанға менеджер, инженер және ғалымдар секілді сирек мамандық иелері шақырылмақ. 

Қазақстанның еңбек рыногында жұмыс күшінің жетіспеушілігі 2007 жылдан бері байқалып келе жатқан тенденция. Осы уақыт аралығында Қазақстан жыл сайын еңбек квотасын белгілеп, арнайы мамандық иелерін арнайы салаларға тартумен келеді. Алайда бұдан былайғы осы саладағы негізгі саясат та мүлдем кереғар бағытта өзгеруі мүмкін. Өйткені Қазақстан үкіметі ашық еңбек рыногын қалыптастыруды көздеп отыр. Бұл саясат бо­йынша, бұрынғыдай шетелдік еңбеккерлерді шектеу алынып тас­талады. Осында білім алған шетел жастары жұмысқа емін-еркін орналасуға мүмкіндік алады. Бұрын шетел азаматы Қазақ­стан аумағында жұмысқа орналасуы үшін жұмыс берушінің арнайы лицензиясы болатын болса, ұсынылып отырған тұжырымдамада ол талап та жойылмақ. Демек, Қазақстанға кім келіп жұмыс істегісі келсе, соған есік ашық. Бұл онсыз да көрші мемлекеттерден, әсіресе, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай елдерінен жыл сайын ағылып келіп жатқан мигранттардың санын еселеп арттырады деген сөз. Онсыз да шетелдік инвесторлар кәсіби біліктілігі төмен деген сылтаумен қазақстандық жұмысшыларды айналып өтіп, өз азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етуді мақсат етіп келгені белгілі. Оның үстіне еңбекақы төлеудің теңсіздігі бар. Онсыз да көп ұлттымыз деп бөркімізді аспанға ататын Қазақстанның ендігі ұстанып отырған бағыты да елді тағы да ұлттар лабораториясына айналдыру болмасына кім кепіл. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ