УНИВЕРСИТЕТ ДАРЫНДЫ СТУДЕНТТЕРІМЕН ТАБЫСТЫ

УНИВЕРСИТЕТ ДАРЫНДЫ СТУДЕНТТЕРІМЕН ТАБЫСТЫ

УНИВЕРСИТЕТ ДАРЫНДЫ СТУДЕНТТЕРІМЕН ТАБЫСТЫ
ашық дереккөзі
169

Маусым айының басында Назарбаев Университетінде Жоғарғы білім көшбасшыларының Еуразиялық форумы өтеді. Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын басқосуға биыл 40 мемлекеттен 350-ден аса делегат қатысуға тілек білдірген. Жетекші спикерлер қатарында Торонто университетінен Джейн Найт (Канада), Кембридж университетінен Ян Вермунт (Ұлыбритания), Хартфорд университетінен Хамфри Тонкин (АҚШ) және басқа да беделді мамандар шақырылған. Биыл «Табысты университетті құру жолдары» тақырыбы талқыланады. Осы форумды ұйымдастырушылардың бірі Назарбаев университетінің Жоғарғы білім беру мектебінің директоры Аида Сағынтаеваға бірер сұрақ қойдық.

– Алдағы форум туралы айтпас бұрын бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасаған жөн болар. Бұған дейінгі форумдарда қандай мәселелер талқыланды, нендей нәтижеге қол жеткіздіңіздер? 

– Жоғарғы білім көшбас­шыларының Еуразиялық форумы осымен үшінші рет өткізіліп отыр. 2012 жылы өткізілген тұңғыш форум әлемдік жоғарғы білім беру саласындағы тенденцияларға арналған болатын. Оның жұмысына Назарбаев университеті тұғырнамасын жазған авторлардың бірі, белгілі ғалым Жәмил Салми арнайы келіп қатысты. Ол әлемдегі жоғары санаттағы университеттің қандай болу керектігін баяндап берді. Былтыр өткен екінші форум жоғарғы оқу орындарының автономиясы мен оларды басқару мәселелеріне арналды. Оған негізінен іс басындағы басшылар, іскер мамандар шақырылды. Былтырғы басқосуға 30 мемлекеттен 430 делегат қатысты. Олардың дені ТМД елдерінен, жақын шетелден келсе, сонымен қатар мұхиттың ар жағынан – АҚШ, Ұлыбритания, Канада елдерінен, сондай-ақ Қытай, Түркия, Малайзия, Жапония сияқты азиялық елдерден де арнайы қонақтар келді.

Биылғы басқосу «Табысты уни­вер­ситетті құру жолдары» деп аталады. Қазіргі таңда оған 350 адам тіркеліп, қатысуға талап білдіріп отыр. ЖОО ректорлары, декандары, білім саласы басшылары, министрлер және осы салада зерттеу жасап жүрген ғалымдар бас қосады. 

– Келесі айда өткізілетін форумнан не күтесіздер? 

– Біз табысты университет құру жолдарын жан-жақты талқылауды көздеп отырмыз. Әрбір ректор өзі басқарып отырған жоғары оқу орнының табысты болғанын қалайды, әйтсе де, табыстылықтың өлшем деңгейі әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, АҚШ-та табысты университеттің белгілері бір бөлек те, ал бізде басқаша болуы мүмкін. Осыған орай, бірінші сессияда білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов келіп, баяндама жасайды деп жоспарлап отырмыз. Сегіз жүз жылдық тарихы бар, әлемге әйгілі Кембридж немесе жүз сексен жеті жылдық Торонто университеттерінің өкілдері Назарбаев Университеті сияқты жаңадан құрылған оқу орындарымен тәжірибе алмасады. 

Табысты университет дегеніміз әкімшілік жүйесі емес, оның дарынды студенттері. Сондықтан студенттердің пікірін есту үшін арнайы сессия өткіземіз. Бұл сессияға еліміздің әр аймақтарынан студенттер келіп, өз пікірлерімен бөліседі. Тағы бір сессия – зерттеу университеттерін құру. Заманауи университет дегеніміз тек дәріс беретін оқу орны емес, ғылыми зерттеу жүргізетін орта. Университет қабырғасында жасалған зерттеулерді өндіріске ұштастырып, оны коммерцияландыру, одан соң кері байланыс орнатып, аудиториядағы дәрістерге жалғастыру – түпкі мақсатымыз. Сонымен қатар, форумда университет автономиясы және академиялық еркіндік мәселелері де талқыланады. Болашақта өндіріске қажетті мамандарды дайындау үшін университет өндіріс орындарымен тығыз байланыс­та болуы керек, олардың сұранысын нақты біліп отыруы керек. Айналып келгенде, біз табысты университет тақырыбын егжей-тегжейлі талқыламақпыз: ең әуелі, университет басшыларының көзқарасын, одан соң, ғалымдардың көзқарасын және сол университеттің оқытушылары мен студенттерінің де көзқарасын біліп, бір арнада тоқайластырамыз. 

 – Табысты университет турал­ы сөз болғанда, Назарбаев универ­си­тетінің өз жетістіктері туралы не айта аласыз? Құрылғанына төрт жыл болды, бүгінгі таңда мұнда 2000-ға тарта студент білім алып жатыр. Осы санаулы жылдарда университеттің табысты болу жолында қандай жұмыс атқарылды?

– Біз өз студенттеріміздің нәти­же­леріне мақтанамыз. Назарбаев уни­верситеті студенттерінің көптеген ғ­ы­лыми жобалары бар. Жалпы, табысты уни­верситетінің формуласы, меніңше, мынандай: біріншіден, ол – дарынды студенттер, одан соң дарынды оқытушылар, үшіншіден, дарынды зерттеушілер және университеттің талантты түлектері. Мұның бәрін қалыптастыру үшін әуелі уақыт, сосын университеттің материалды-қаржылық базасы сай болуы шарт. Назарбаев университетінде дарынды, талапты студенттер көп, дарынды, білімді оқытушыларымыз да бар. Оның үстіне, біз мұнда әлемдегі озық білім беру жүйелерін алып келдік. Орта білім беру жүйесінде әлемдегі ең озық жүйе Кембридж университетінде болса, осы оқу орнымен әріптестік тұрғыда қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Кембридж университетінің оқытушылары бізге келіп дәріс оқиды, біздің студенттеріміз олармен бірге мақала жазып, диссертациялар дайындайды. Ал жоғары білім беру жүйесінде АҚШ-тың Пенсильвания университетімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біздің мектепте докторантура бағдарламасы бойынша 12 студент, магистратура бағдарламасы бойынша 75 студент білім алуда. Біз білім беру жүйесін басқарушы мамандарды дайындаймыз. Дарынды зерттеушілеріміз де бар деп айта аламыз, өйткені біздің зерттеушілеріміз жасаған жобалар ҚР Білім және ғылым министрлігінің назарына ілініп, жүзеге асып жатыр. Дарынды түлектер жайлы айту сәл ертерек, өйткені биыл шілде айында Назарбаев университетінің алғашқы 50 түлегі біздің мектептің магистратурасын бітіріп шығады. Ал бакалавр жүйесі бойынша Назарбаев университетінің түлектері 2015 жылы ғана бітіріп шығады.

– Назарбаев университеті Еуразия аймағында көшбасшы оқу ордасы болуды көздейді. Қазір алыс-жақын шетелден келіп білім алып жатқан студенттер бар ма?

– Біздің мектебімізде Мексикадан, Ресейден келіп, докторантурада білім алып жатқан студенттер бар. Бұдан бөлек Тәжікстаннан, Түркиядан бізге келіп оқуға талап етушілер көп. Осыған орай, қазір шет елдер елшіліктерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 

Халықаралық студенттерді тартудың түрлі жолдары бар. Мысалы, біздің алғашқы әріптесіміздің бірі Ұлыбританияның UCL (University Colledge of London) университеті көп елдерде өз кампустарын ашып, халықаралық диплом беру үрдісін қалыптастырған. Ал Кембридж университеті ешқашан кампус ашпайды, себебі олар Кембридждің дип­ломын берсе де, оның білімін бере алмайды. Назарбаев университеті де осы жолды таңдап отыр. PR-акция ұйымдастырып, кампус ашып, дип­лом беру емес мақсатымыз, біз сапалы білім беретін беделді оқу орнына айналсақ дейміз. Болашақта біздің университетіміздің абырой-беделі Кембриджден кем түспеуі тиіс. 

– Қазіргі таңда Назарбаев уни­вер­­ситетінің алдында және сіз басқарып отырған мектептің алдында әлі шешімін таппаған қандай мәселе бар?

– Түйткілді мәселе деуге келмес, бірақ менің көкейімдегі арманым мынада: біздің университетте дәріс оқитын оқытушылардың дені шетелдік мамандар. Олар үш жылдық келісім-шартпен жұмыс істеуге келеді де, сосын өз елдеріне қайтады. Менің арманым, Назарбаев университетінің оқытушыларының 80 пайызы шетелде оқыған, басқа елдерде жұмыс істеген көзі ашық қандастар болса, 20 пайы­зы ғана сырттан келген мамандар болса деймін. 

– Ал бұл бағытта не істеліп жатыр?

– Қазірдің өзінде жергілікті мамандар қатарын көбейтуге күш салып жатырмыз. Соның бір нәтижесі – біздің мектептің әкімшілік құрылымының жартысына жуығы «Болашақ» бағ­дар­ламасы бойынша оқу бітірген жастар. 

Әңгімелескен Гүлбиғаш ОМАР 

Астана 

Серіктес жаңалықтары