ИСРА ҺӘМ МИҒРАЖ МҰҒЖИЗАСЫ

Миғраж – «жоғары көтерілу», Исра – «түнде жүру». Мұғжиза – Алла Тағала тарапынан пайғамбарларының қолындағы пайғамбарлығына дәлел ретінде көрініс тапқан, әдеттен тыс әрі адамдар ұқсасын келтіруде дәрменсіз, ғажайып, табиғат заңына бағынбайтын істер.

Һижреттен біржарым жыл бұрын ережеп айының 27-ші түнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) Исра Һәм Миғраж мұғжизасы берілді.

Құрметті айдың Миғраж кеші биыл мамырдың 25-інен – 26-сына қараған (алдағы жексенбіден-дүйсенбіге) түнге сәйкес келіп тұр. Мұсылман әлемін келе жатқан Миғраж түнімен құттықтап, кәміл иман, екі дүниенің шын бақытын тілейміз.

Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) Исрадағы көкке көтерілуі, яғни Миғраж мұғжизасы туралы қасиетті Құранның «Исра» сүресі мен «Нәжм» сүресінде айтылған.

Түрі де, тіні де бөлек бұл мұғ­жиза Құран Кәрімнің қазақша түсінігінде былай баяндалған: «Оған кейбір аяттарымызды (мұғ­жи­заларымызды) көрсетейік деп Құлы (Хазіреті Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен (алып) айна­ласын берекетке толтырған Ақса мешітіне дейін жеткізген Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк. Күмәнсіз Ол (Алла Тағала) барлық нәрсені естуші, барлық нәрсені көруші». Меккедегі Мәсжид Харамнан – Құдыстағы Мәсжид Ақсаға апарылып, ол жерден көкке көтеріліп, адам ақылына сыймайтын ғажайыптарды көзімен көріп, құлағымен естіген осы ақиқат, сөз жоқ, ең үлкен мұғжиза!

Алла Елшісі (с.а.с.) Миғражға рух­ және денесімен ояу кезінде шық­ты. Қысқаша түсіндіргенде былай: Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Меккеде Әбу Тәліпқызы Умму Ханидің үйінде тынығып жатқанда Алла Тағаланың бұйры­ғымен Жебірейіл періште (а.с.) адам кейпінде келіп оятты. Пай­ғамбарымыз дәрет алды. Екеуі Қағ­баға келген соң Жебірейіл (а.с.) Расулаллаһтың (с.а.с.) көкірегін жарып, зәмзәм сумен жуып, иман, хикметке толтырып, өзімен әкелген пыраққа отырғызып Меккеден – Құдыстағы Ақса мешітіне алып барды. Ол (с.а.с.) өзін күтіп тұрған, яғни иләһи құдыретпен жиналған өткен пайғамбарларға имамдық етіп, екі рәкағат намаз оқыды. 

Бұдан кейінгі жағдайды тың­дасақ: «Жебірейіл (а.с.) маған бір ыдыспен жұмақ сусынын және бір ыдыспен сүт әкелді. Сүтті алдым. Жебірейіл (а.с.) маған: «Жара­ты­лысты таңдадың» (екі дүние бақытын), – деді. Содан соң тағы екі ыдыс ұсынды, біріншісі – су, екіншісі – бал екен, екеуін де іштім. Жебірейл (а.с.): «бал – үмметіңнің қияметке дейін жалғасатынына, су – үметтіңнің күнәларынан тазаруының белгісі», – деді. Артынша екеуміз бірге көкке көтерілдік», – деген Пайғамбарымыз (с.а.с.).

Жебірейіл періште (а.с.) көк жү­зіндегі керемет тылсымдардың және Алла Тағаланың құдіретін танытатын айғақтарды біртіндеп көрсету үшін ғарыштың әрбір қабатына жоғарылатты.

Сидратул-Мунтаһа деп аталатын ең жоғарғы қабатта сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) мекен, мерзімнен тыс, құпиясы мен хикметі бір Аллаға ғана тән мүмкіндікпен Ұлы Алла тағаланың кәла­мын перде сыртынан есту құрметіне бөленді.

Миғраж түнінде оған көптеген иләһи ақиқаттар көрсетілді. Ешбір жаратылыс-махлұққа берілмеген нығметтерге бөленді. Дәл осы Миғраж түнінде Пайғамбарымызға маңызды үш үлкен сыйлық табысталды. Оның біріншісі – «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты (әмәнәр расулу). Екіншісі – үмметінен Аллаға серік қоспағандардың жаннатқа кіретіні туралы қуанышты хабар, үшіншісі – бес уақыт намаз.

Дініміздің асыл тірегі – намаз Миғраж түнінде парыз болды. Алла Тағала намазды әуелде 50 уақыт деп бекітті. Бірақ Хз.Мұса 50 уақыт намаздың ауыр келетінін, Жаратқаннан жеңілдік сұрауын айтуы бойынша Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыз үмметі үшін «беттің арын белбеуге түйіп» бірнеше рет барып, 50 уақыттық намазды 5 уақытқа дейін түсіруге себепкер болды. 

Ұлы Рахымды Алла намазды 5-ке азайтса да, 50 уақытттық намаздың сауабын қоса берді. Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте: «Миғраж түнінде Хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) 50 уақыт намаз парыз етілген, кейін 5-ке азайтылды. Сол уақытта Алла тағала былай деген: «Ей, Мұхаммед! Менің сөзім өзгермес. 5 уақыт намазда – сен үшін 50 уақыт намаздың сауабы бар», – делінген.

Сөйтіп Миғраж түнінің қас-қағым сәтінде, иләһи сый-құрметке, періштелердің (а.с.), пайғамбарлардың (а.с.) ілтипат-ізетіне бөленіп, иман ақиқаттарын жәннат пен тозақты, ақыретті тамашалап көз ілеспес жылдамдықпен Умму Ханидің үйіндегі жатқан жеріне қайта оралғанда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) төсегі суып та үлгермеген, шылапшындағы дәрет алған суы әлі қозғалып тұрған еді.

Таң атқан соң, қағбаға барып Миғражды айтқанда мүшіріктер сенбей келеке қылды. Олардың сенімдері жалған болғандықтан Миғраж мұғжизасын қайдан түсінсін?!

Алла Тағаланың шексіз құдіретінің белгісі – Миғраж мұғжизасына мұсылмандар күмән келтірместен сенеді, мойындайды. Хазіреті Әбу Бәкірге миғраж оқиғасын айтып бергенде ол: «Мұны Мұхаммед айтса, дұрыс, сөзіңіздің бәрі рас! Сендім. Жаным сізге құрбан! – деді. Хазіреті Әбу Бәкірді сол күннен бастап Расулуллаһ (с.а.с.) «Сыддық» деп атады. Осы есімді алумен оның дәрежесі көтерілді.

Бұл ғажайып түн, Исра һәм Миғраж мұғжизасы бізге көп нәрседен хабар беретіндігін біреу білер, біреу білмес. Білгеннің иманы күшейіп, білмегеннің иманы оянсын! Бүгінде иман, ислам ақиқаттары туралы айта бастасақ, кейбір кісілер: «О дүниені кім барып көріп келіпті. Бара көрерміз. Бұл дүниеге келген соң ойнап-күлейік», – деп жатады.

Миғраж түніндегі көргендерін пайғамбарымыз (с.а.с) жіпке тізген моншақтай мөлдіретіп жеткізіп кеткен. Соның бірі мынау (тозақты кім көріп келіпті?!» дегендерге жауап): Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жаннаттың барлық нығметтерін, бау-бақшаларын көрдім. Жаһаннам мен оның қабаттарын көрсем деп ойладым. Жебірейіл (а.с.) қолымнан ұстап, тозақтың ең үлкен періштесі Маликке апарды. Малик Жаһаннамның қабаттарын ашты. Жеті қабаттың бәрін көрдім. Жетінші қабат «Хаула» деп аталады. Оның азабы басқа қабаттардан қаншама есе ауыр болады. Маликтен: «Бұл қабатта қай тайпа азапталады?» деп сұрадым. Малик: «Перғауын, Қарун және сенің үмметіңнің мұнафиқтары азапталады» деді. Алтыншы қабат «Лази» делінеді. Ол жерде (еш діні болмаған) мүшріктер азапталады. Бесінші қабат – «Хутамәда» отқа, сиырға табынғандар, буддистер азап көреді. Төртінші қабат – «Жахимде» күнге, жұлдызға табынатындар, үшінші қабат – «Сақарда» христиандар азапталады. Екінші қабат «Саир» деп аталады, онда яхудилер азапқа тартылады. Бірінші қабат «Жаһаннам» деп аталады, оның азабы басқалардан жеңіл, дегенмен ол жердің өзінде жетпіс мың дария бар. Дариялардың үлкендігі сондай, жер мен көкті сол жерге тастап, бір періштеге табу әмір етілсе, мың жыл іздесе де таба алмас еді. Зәбәнилер (жаһаннамда қызмет атқаратын періштелер) өте үлкен болады. Олардың бірі жер мен көкті аузының бір ұртына салса да білінбес еді. Ол дариялар толқынданып, қорқынышты дауыстар шығарады. Сол дауыстан дүниеге кішкене дауыс жетсе, барлық жанды болмыстар жойылар еді. «Бұл қабат қай тайпа үшін?» деп сұрадым. Малик жауап бермеді. Қайта сұрадым. Ол үнсіз қалды…

Жебірейіл (а.с.) Маликке: «Сенен жауап күтіп тұр», – деді. Ол: «Мені кешіріңіз» деп өтінді. Мен «Неде болса айт, егер бүгін білуім мүмкін болса, бәлкім алдын алып үлгерерміз» дедім. Малик: «Иә,Расулаллаһ! Сіздің үмметтің күнәһарларына арналған, оларға мұндай қорқынышты жерден өздерін қорғасын деп насихат етіңіз. Денелерін осындай азапқа тартатын нәрселерден аулақ етсін. Ол күні мен күнәһарларға мейірімділік танытпаймын. Ақ сақалды қарттарына да, жастарына да көмек қыла алмаймын», – деді.

Расулаллаһ жылай бастады. Мүбәрак басынан сәлдесін алып, шапағат сұрап Алла Тағалаға жалбарынды. Үмметінің әлсіздігін және олардың мұндай азапқа шыдай алмайтынын айтып көп жылағаны соншалық, Жебірейлі (а.с.), басқа да періштелер де қосылып жылады. Сол кезде Аллаһ Тағаладан дауыс келді. … «Ей, Хабибім! Кімде-кім менің бұйрығымды орындаса, азап пен жазадан құтылады, рақымдылығыма қауышады. Жаннатта мені көру құрметіне ие болады». 

Құрметті оқырман, Алла Тағаланың тыйғандарын істемей, әмірлерін орындап, 5 намаздың 50 уақыттық сауабын алуға асығайық!

Намаз парыз етілген Миғраж түні құтты болсын!

5 уақыт намаз бар, әр намазға – 10 сауап, барлығына – 50 сауап.

Елу сауап елде, сіз бен бізде болсын!

Алла Тағалаға сансыз алғыс пен шүкір, мұғжизаның соңғы иесі, ақырзаман пайғамбары Мұхаммедке (с.а.с.) абзал салауат жолдаймыз!

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button