«Ежелгі қазақ әдет-ғұрыптары»

«Ежелгі қазақ әдет-ғұрыптары»

«Ежелгі қазақ  әдет-ғұрыптары»
ашық дереккөзі
1007

Халқымызда «Уықты басқұр ұстай­ды, халықты дәстүр ұстайды» деген тамаша тәмсіл бар. Шындығында солай. Қай ұлттың да ерекшелігін, оның қарым-қабілетін, оның тегін салт-дәстүрінен білуге болады. Дәстүрге берік ел ешқашан азбайды да, тозбайды да. 

«Дәстүр» журналы қазақ халқының дәстүрін, әдет-ғұрпын, салт-санасын жазып, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруге атсалысып келе жатқан басылым. Осындай ауыр міндетті, ауыр жүкті, ауыр да болса абыройлы жүкті мойнына алып отырған «Дәстүр» журналының мамыр айында биылғы үшінші саны жарыққа шықты. 

Журналдың кезекті бұл санында өткен ғасырдың бас жағында өмір сүрген этнограф Құсайын Тәкежанұлының «Ежелгі қазақ әдет-ғұрыптары» атты еңбегінен үзінді берілген. Автор бұл еңбегінде көзі қарақты, көкірегі ояу қазыналы қарттардан естіген қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жинастырған. Ол оны 1905 жылы бастап, Кеңес Одағы ке­зінде аяқтаған. Қазақ этнография ілімі үшін аса құнды бұл қолжазбаны тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқ­табай Омбы қаласына барған сапарында кездейсоқ қолға түсірген. Қазір қол­жазбаның түпнұсқасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің Отырар кітапханасының қорында сақтаулы. Мақаланың жазылу стилі мен мәнерін, орфографиясын қаз-қалпында сақтап, редакция ұжымы алдағы сандарында да үзбей жариялап отыратындарын айтыпты. 

Сонымен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрін, қолөнерін, сондай-ақ, ою-өрнегі мен тұрмыста кеңінен қол­данылатын ұлттық бұйымдарын зерттеуде жемісті еңбек етіп жүрген этнограф, фольклортанушы, аудармашы Шәкен Бөке­тайұлының қазақтың ою-өрнегіне қатысты жазған зерттеу мақа­ласынан ою-өрнектің сыр-сипа­тын, ерекшелігін, қолдану аясына қатысты тың деректермен танысуға болады. 

Қазақ мемлекеттік қыздар пе­даго­гикалық университетінің профессоры Рысбай Сәтімбеков ұлттық дүниетанымдық ұғымдар мен түсініктерге шолу жасайды. 

Қазақ халқының салт-дәс­түрінде ұлттық ойындардың орны ерекше. Ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз бір кезде ұмыт болып, кейінгі жылдары қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен таралып жүр. Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәнін және рухани байлық пен денсаулық үшін пайдасын Ардақ Нұр­жанованың мақаласынан оқуға болады. 

Хамит Амантайұлының және Темір­хан Медетбектің «Аспан астындағы алып мұражай» атты мақаласынан Маң­ғыстау кесе­нелері мен құлпытастары жайлы оқи­сыздар. Көшпелі халықтың салт-дәстү­рімен бірге жалғасып келе жатқан қазақтың тамаша өнерінің бірі – зергерлік өнер туралы, бабалардан қалған қасиетті асыл мұрамыз – бесік жайлы, бас тарту дәстүрі туралы да тың мәліметтер алуға болады. 

Сондай-ақ, «Дін және дәстүр», «Арнайы сұхбат», «Тұлға», «Салт-дәстүр жырларының антология­сы», «Шеберхана», «Ұлттық та­ғам» сынды айдарлардан салт-дәстүрге қатысты кең көлемді ма­қалалар қамтылған. 

Гүлім Еркінбек

Серіктес жаңалықтары