Қырғыз баласының кинодағы соқпағы

Қырғыз баласының кинодағы соқпағы

Қырғыз баласының кинодағы соқпағы
ашық дереккөзі
601
Төлөмүш Өкеев қырғыз және кеңестік кино өнеріндегі ірі тұлға. Оның балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Сол кезеңнің балалары үшін кино көру – еш нәрсеге тең келмейтін ең қызықты сәт болатын. Киномеханиктің аппаратты қосып, өзге бір әлемге бастауы дүниені тануға деген ерекше бір құлшынысты туғызатын. Соғыстан кейінгі жылдарда кеңестік экранда үнді фильмдері көптеп көрсетіле бастады. Бала Төлөмүш сол уақытта үндінің әйгілі актері әрі режиссері Радж Капур түскен фильмдерді көріп, оның өнеріне тәнті болады. Киноның сиқырлы да құдіретті әлемі оны осы кезден баурай бастайды. Төлөмүш Бішкектегі (Фрунзедегі) қырғызша оқытатын жалғыз №5 Пушкин атындағы мектепте білім алды. Мұнда Қырғызстанның түкпір-түкпірінен іріктеліп алынған, үлгерімі үздік балалар оқитын еді. Төлөмүшке әсіресе әдебиет пен тарих сабағы қатты ұнайтын. Мектепті бітіретін жылы Ленин­град­тағы киноинженерлер даярлайтын институттың талапкерлер қабыл­дайтынын естиді. Арманын қанат етіп, Нева жағасындағы үлкен шаһарға ұшады. Осылай Ленинград секілді өнер мен әдебиеттің ірі ордасында білім алуға кіріскен. Төлөмүшке институтта оқу оңайға соққан жоқ. Себебі, мұнда күрделі есепке құрылған жоғары математика, машина механизмдерінің теория­сы оқытылды. Гуманитарлық бағытқа бейім Төлөмүш осындай сәтте «Не де болса аяғына дейін шыдау керек!» – деп, өз-өзіне серт берді. Сол уақытта ол осындай үлкен, арнайы және сирек оқу орнына түскен қырғыздың жалғыз баласы болды. Үшінші курста «Дыбыс опера­тор­лық шеберлік» пәні жүре бастады. Студенттерге «Ленфильм» киносту­диясында еңбек ететін тәжірибелі мамандар дәріс оқыды. 1958 жылы Төлөмүш кино инженерлер институтын бітіріп, кәсіби тұрғыда «дыбыс операторы» мамандығын алып шығады. «Қырғызфильм» киностудиясына орналасып, көркем және деректі фильмдерді дубляждауды жүргізеді. Осы уақытта ол Мұратбек Рысқұлов, Бакен Кыдыкеева, Советбек Джумадылов, Дәркүл Күйікова секілді театр және кино саңлақтарымен жұмыс жасап, тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар мәскеулік Лариса Шепитько түсірген «Аптап», Алексей Сахаровтың «Перевал», Марианна Рошальдің «Ғарышкерлер көшесі» фильмдерін түсіру барысында дыбыс операторының міндетін атқарады. Бұл сөз жоқ Төлөмүштың кәсіби деңгейде шыңдалуына септігін тигізген үлкен мектеп болды. Бұл кезеңде «Қырғызфильм» киностудисы сырттан маман шақырып, бірнеше кино туындыны экранға шығарады. Киноның қазанында қайнап жүрген Төлөмүшке дыбыс операторлықпен шектелу бойындағы өнерге деген құлшынысты тұңшықтырумен тең еді. Енді өзі де алдына «кино түсірем» деп мақсат қояды. 1964 жылы Төлөмүш Өкеев КСРО Мем­лекеттік кино комитетіне қарасты Жоғарғы режиссерлік және сценарлық курс­қа түседі. Мұнда болашақ режис­сер Л.З.Трауберг, Ю.Я. Райзман, М.И.Ромм, Г.Н.Чухрай сияқты әлемдік деңгейдегі кино мамандарының дәрістерін тыңдайды. Төлөмүштің курстастары Карен Геворкян, Глеб Панфилов, Александр Аскольдов, Василий Ливанов секілді алғырлар болды. Кейінен бұл шоғыр керемет фильмдер түсіреді. Бір жылдан соң этюд түсіру сы­на­ғын тапсыру үшін Өкеев қысқа мет­ражды «Жылқылар» фильмін түсіруге кіріседі. Бұл оның курстық жұмысы болатын. Осы қадам оған «Біздің балалық шағымыздың аспаны» фильмін түсіруге жетеледі. Бұл екі фильмде де жылқыға деген сүйіспеншілік асқан шеберлікпен беріледі. 1965 жылы Ашхабадта өт­кен Орта Азия және Қазақстан респуб­ли­каларының кинофестивалінде «Жылқылар» фильмі кәсіби кино­гер­лерді елең еткізеді. Көп мемлекет бұл фильмді сатып алады. Фильмнің терең­дігі, салиқалы ой – идеясы кино мамандарының таңдайын қаққызады. Бұл тоғыз минуттық тұңғыш фильміне Төлөмүш бойында жинақталған құштарлығын, танымын жұмсады. Бұл оның өнердегі жолының басы болатын. Кейіннен режиссер бұл туындысы жайлы: «Өнерде өз соқпағыңды бастар алдында өзіңді толғандырған тақырыптан бастаған дұрыс. Алғашқы қадамына жұмсалған бойыңдағы сезімің, жігерің сенің болашақта жасар туындыларыңның берік іргетасына айналуы тиіс», – деп ой айтқан еді. «Бұл фильмде құлынның мына жарық дүниеге келуі, өсуі, ойқастап шапқылауы алға тартылады. Сол кезден бастап-ақ адамдардың өзіне деген сүйіспеншілігін сезе бастайды. Кейіннен үлкен жылқыға айналады. Өзінің ғұмырын кешіп болған соң мына жарық дүниемен қоштасады. Бірақ, дүниеге қайтадан құлын келеді. Фильмде өмір мен өлімнің алмасып келетіні көрсетіледі. Осының бәрін мен өзімнің тұңғыш туындымда алға тарттым. Осы фильмде көтерілген ой менің кейінгі туындыларымда да жалғасын тапты. Мен өмірді барлық қырынан зерттеуге ұмтыламын. Онда өмір мен өлім, сүйіспеншілік пен жеккөрушілік, сұлулық пен ұсқынсыздық қатар өріледі» – деген болатын режиссер баспасөзге берген бір сұхбатында. 1966 жылы Одақтың беделді басылымдарының бірі – «Известия» газеті: «Бұл – «Жылқылар» фильмі Лондонда өткізілетін кеңес киносы күндерінде көрсетілетін он фильмнің бірі ретінде таңдап алынды», – деп жазды. «Теңіздің дәмін тамшысынан білуге болатынындай» Өкеевтің алғашқы фильмі оның қабілет-қарымын танытты. Дегенмен режиссерді жұртшылыққа кеңінен танытқан «Балалық шағымыздың аспаны» атты толық метражды көркем фильмі болды. Көрермендерге ол «Бақайдың жайлауы» деген де атпен белгілі. 1968 жылы экранға жолдама алған бұл кино туынды Бақай жылқышының отбасы, тіршілігі арқылы күллі қырғыз халқының бейнесін, дүниетанымын, психология­сын әлемге ашып көрсетті. Фильмде негізгі кейіпкерлерді сомдауға тартылған Мұратбек Рысқұлов, Әлиман Жанғоразова, Советбек Джумадылов және Насрет Дубашевтің қабілеттерінің жаңа қырлары ашылып, шеберлікпен ұштасты. Шынайы өмірде Бақай ақсақал Өкейдің ағасы, Төлөмүштің атасы болып келеді. Бала Төлөмүш атасының ауы­лында жиі болып, жылқыға жақын болып өсті. «Көзімді ашқанымнан киіз үйде, жылқыға жақын өстім», – деп жазады режиссер өзінің дәптерінде. Сол керемет сәттер, жылқыға деген сүйіспеншілік 1964 жылы алдымен «Бұл жылқылар» деректі фильміне, кейіннен «Балалық шағымыздың аспаны» көркем фильміне айналады. «Балалық шағымыздың аспаны» фильмінің сценариін парақтаған адам оның алғашқы бетінен «Биссмилла рахман рахим!» деген жазуды оқиды. Бұл коммунистік партия кезінде де режиссердің діннен алшақ болмағанын байқатады. Бақай жылқышы табиғатты бүлді­ре­тіндерге қарсы адам. Ол тау қопарып, жол салған, қала тұрғызған адамдардан өз жайлауын, жайылымын, кәусар бұлағын сақтағысы келеді. Фильмде тас жарылып, тау қопарылғанда, үріккен жылқылардың жөңкілі шабуы өте жоғарғы шеберлікпен түсірілген. Ол көрініске бей – жай қарау мүмкін емес. Бұл, әрине хас шебердің қолынан ғана келеді. Фильм алғашқыда «Бақайдың жайыты» деп аталған. Бұл ретте кәнігі оператор Қадыржан Қыдыралиевтің де еңбегін бағалаған ләзім. Атақты комик Чарли Чаплин: «Киноның міндеті бізді сұлулық патшалығына жетелеу. Біз шындықтан алыстасақ, бұл мақсатқа жете алмаймыз. Тек реализм ғана көрерменді иландыра алады», – деген болатын. Сонымен қатар ол: «Фильмді жасау үшін мен негізге алынған идеялардың жұмыс істейтін үлкен әлемін жасауым қажет. Ондағы әрбір декорациядағы деталь, қозғалыстағы елеусіз қимыл, диалогтағы әрбір сөз, музыкалық сүйемелдеу, бір – бірімен үйлесімді астасып, өзгеше әлемге айналып, онда менің ойым, көзқарасым еркін және логикалық түрде көрініс табуы тиіс», – деді. Ал, Төлөмүш Өкеев болса: «Әрбір суреткер өзінің шығармасын өзінің көзқарасын, ұстанымын айту үшін дүниеге әкеледі. Сенің тақырыбың – сенің жан-дүниең. Өнер атаулы тіршілікті жақсартуға, адам санасын ашу-ызадан, қатыгездіктен арылтуға жұмыс жасауы тиіс», – деп ой өрбітті «Жаңа фильм» журналына берген бір сұхбатында. 1972 жылы режиссер Қырғызстандағы ұжымдастыру кезеңі арқау болған «Отқа табын» фильмін түсіреді. Мұнда республикада әйелдер арасынан шыққан алғашқы колхоз төрайымдарының бірі Ұрқия Сәлиева жайлы айтылады. Режиссердің ірі жетістігінің бірі – 30 жылдардағы қоғамдағы ахуалды, халықтың этнографиясын дәлме-дәл беруінде дер едік. Ал басты рөлдегі Тәттібүбү Тұрсынбаева өз кейіпкерінің болмыс-бітімін ашып, сол кезеңдегі әйелдер панорамасын жасаған. Бұл Тәттібүбүнің кинодағы ең айшықты бейнелерінің бірі. «Фильм авторлары күйкі тіршіліктегі адамның мінезін, оның асқақтығын аша білген. Фильм адамның еркіндік пен өмірге деген салтанатты гимні», – деп жазады қырғыз кинотанушысы Владимир Михайлов. Өкеев фильмге түсуге Мұратбек Рысқұловты, Болот Бейшеналиевті, Сүйменқұл Чокморовты, Советбек Джумадыловты, Сәбира Кумушалиеваны, Нас­рет Дубашевті, тағы басқаларды тартады. 1973 жылы Төлөмүш Өкеев қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінің желісі бойынша фильм түсіреді. Бұл кинотуынды «Қазақфильм» мен «Қырғызфильм» киностудияларының ынтымақтастығы арқасында дүниеге келді. Фильмдегі бас­ты кейіпкерлер Аханғұл мен Құрмаш. Аханғұл бейнесін жасауға шақырылған Сүйменқұл Чокморов өз кейіпкерін жаңа қырынан ашады. Аханғұлдың бөлтіріктерді қатыгездікпен өлтіруін, баймен төбелесін, Құрмашты қатыгездікке баулуын, өмір сүру ұстанымын еске түсіріңіз. Тіпті сақылдап күлгенде де бойынан сұстылық пен зымияндық аңғарылып тұрады. Кино сыншылардың пікірінше, Сүйменқұл адам мінезіндегі тағылықты дөп басып көрсете алған. Мәскеулік кино білгірі Евгений Сурков «Қазақстанда режиссердің 10 жасар Қамбар Уәлиевті тапқанын, баланың өз рөлін психологиялық тұрғыда терең әрі шынайы орындап шыққанын» атап өтті. Киносыншы сонымен қатар «10 жасар Қамбардың Сүйменқұл Чокморовпен актерлік жекпе-жекте жеңіп шыққанын» жазады. «Мен үшінші сыныпта оқитынмын. Түсіру жұмыстары қызған кезде кино түсірудің қандай болатынын түсіне бас­тадым. Белгілі режиссер, өз ісінің білгірі Төлөмүш Өкеев менімен көп әңгіме өткізді. Біз тек фильмдегі оқиғалар, тұлғалар жайлы ғана емес өмір, болашақ туралы да әңгімелестік. Сүйменқұл аға болса менімен қазақша сөйлесіп, айналып-толғанып бауырына тартып жүрді. Ал түсіру басталғанда оның қатал адамға айналып шыға келетініне таң қалатынмын», – деген болатын Құрмаш бейнесін сомдаған Қамбар Уәлиев. Дегенмен көзі қарақты көрермен Қамбардың баспасөзге берген сұхбаттарынан оның даңғойлықтан ада, қарапайым жан екеніне, бірақ та көңілінде әлде бір беймаза ойдың барын аңғарар еді. Фильмнің соңында Көксерек Құрмашқа ұмтылып, жарып тастайды. Өзгелердің айтқанына емес, фильмнің осылай аяқталатын пікірінде тұрып алады Төлөмүш. «Қасқырларды алаңға жіберіңдер!» – деп даусы саңқ еткен Төлөмүш тасада мерген аңшылармен бірге мылтық кезеніп, қасқырлардың әрбір қимылын қарауылға алып жатты. Әсіресе, тағылардың Құрмаш күзеткен отарға түнгі шабуылы түсіру жұмыстарының ең ауыр кезеңі болды. Құрмаштың бір өзі жанұшыра жанған оттан іліккен нәрсемен отарды қорғауы сәтінде қолын күйдіріп алуы, қан исінен қасқырлардың қойларды оңды-солды жарып, бұйрыққа көнбеуі, кез-келген сәтте балаға тартпа бас салуы мүмкін еді. Дегенмен осындай қатер фильмге шынайылық берді. 1973 жылдың қаңтарында Алматыда Кино үйінде фильмнің тұсаукесері өтеді. Фильм жайлы көрермендердің пікірі екіге жарылады. Баспасөзде де қызу пікір-талас жүреді. Асылдың тұяғы Мұрат Әуезов: «Сценарий асығыстықпен жазылған. Сондықтан олар Әуезовке тән емес эклектизмге ұрынған», – десе, жазушы-драматург Сәкен Жүнісов: «Сіздерге фильм үшін үлкен алғыс. Құрмашпен бірге мен де жыладым», – деп пікір білдірді. Сол кездегі жас кинотанушы Бауыржан Нөгербек: «Төлөмүш Өкеев Мұхтар Әуезовтің құнарлы шығармасынан өзіне қажеттісін ала білген… «Көксерек» – бұл фильм трактат» – деп салиқалы ой түйді. Шығарманы экрандау туралы заңғар жазушы, кино білгірі Шыңғыс Айтматов: «Шығарманы экранға шығару – өнердің ерекше түрі. Сенің шығармаң бойынша түсірілген кинотуынды өзге заңдылықтармен өмір сүретін туындыға айналады. Сәтті экрандау – жазушы шығармасын толықтырып, жаңа биікке көтереді. Бұл әдебиеттегі жетістік секілді өте сирек кездеседі», – деген болатын. Дегенмен «Көксерек» фильмі «үздік шетел фильмі» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығына үміткерлікке ұсынылды. «Кино болмаса менің құрып кетуім ғажап емес. Кино – бұл менің өмірім», – деген болатын Төлөмүш Өкеев. «Егер әр іске шын беріліп, жан-тәніңмен қызмет атқарсаң – өмірің тұшымды, мәнді де сәнді болады», – деп ой қорытатын режиссер. Өзі түсірген «Қызыл алма», «Ақ барыстың ұрпағы», «Ұлан», «Алтын күз», «Махаббат сағымдары» фильм­дерінде режиссер өмірдің түйткілдері мен адамның жан-дүниесінің терең қатпарларына үңіліп, суреткерлік тұрғыда философиялық түйіндер жасайды. Бұл ретте махаббат, достық, Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, бауырмалдық, мейірімділік секілді имани сезімдерді ту етті. 1977 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында (ВГИК-те) республика басшылығының өтінішімен Алексей Баталов жетекшілік ететін қырғыз жастарының актерлік шеберханасы ашылды. Құрамында Алексей Баталов, Бакен Кыдыкеева, Сүйменқұл Чокморов және Төлөмүш Өкеев бар комиссия мүшелері он үш талапкерді сынақтан өткізіп, таңдап алады. Бұл жастардың арасында бүгінде танымал Эдилбек Чокубаев, Догдурбек Кыдыралиев, Токон Дайырбеков, Гульнара Алымбаева бар еді. Осы шоғырдың арасынан Догдурбек Кыдыралиевті ерекше атауға болады. Ол 1984 жылы Т.Өкеев түсірген «Ақ барыстың ұрпағы» фильмінде басты кейіпкерлердің бірі – Қожажаш бейнесін сомдады. Сол кезде Догдурбек ВГИК-тің 5 курс студенті болатын. «Әрине, тырнақалды фильмде Төлөмүш Өкеев секілді талап қойғыш, жауапкершілікті терең сезінетін, талантты шебердің қолына түскенім мен үшін үлкен сәттілік деп есептеймін. Маған жұмыс істеу оңайға соққан жоқ. Әрине, оған кәсіби шеберліктің аздығы әсер етті. Актерлік шеберлікті тікелей түсіру алаңында үйренуге тура келді. Менің режиссерге және әріптестерім А.Жанғоразова, Д.Жолжақсынов, Д.Сейдакматоваға, тағы басқаларға айтар алғысым шексіз», – деген болатын актер «Новый фильм» журналына берген сұхбатында. Фильм­де ұлттық және жалпы адамзаттық мәселелер көтеріледі. Режиссер ежелгі аңызды көрермендерге тарта отырып, бүгінгі күн тұрғысынан жақсылық пен жамандықты, соғыс, бейбітшілік және экологиялық мәселелерді саралайды. Оның фильмдерінде қазақ-қырғыз актерлерінің талантты шоғыры бойларындағы қабілет-қарымын жарқырата көрсете білді. «Отқа табында» Тәттібүбү Тұрсынбаева, «Қызыл алмада» Сүйменқұл Чокморов пен Гүлсара Аджибекова, «Көксеректе» Қамбар Уәлиев, Сүйменқұл Чокморов, Қарғанбай Сатаев, Нұржұман Ықтымбаев, «Ақ барыстың ұрпағында» Догдурбек Кыдыралиев, Алиман Джангоразова, Досқан Жолжақсынов, «Ұланда» Сүйменқұл Чокморов пен Наталья Орынбасарова, «Алтын күзде» Досқан Жолжақсынов пен Советбек Джумадылов. Оны қырғыз киносының бола­шағы қатты алаңдататын. Қырғыз кинематографистерінің VI съезінде Төлөмүш Өкеев: «Бізді соңғы уақытта қырғыз киносында қалыптасқан ахуал алаңдатпай тұра алмайды. Біз бір жағадан алыстап, екінші жағаға жете алмай ортада тырбаңдап тұрғандаймыз. Кейінгі түсірілген кинотуындылар одан бұрынғы «Қасқырлар апанымен», «Көксерекпен», «Тосқауылмен» теңесе алмайды. Бәлкім, біз тығырықтан шығар өз жолымызды іздеп жатқан болармыз? Бірақ, ақиқатына келсек, олай емес. Біздің кинематограф, киноның заманауи тілін меңгеруден қалып барады. Ал, біздің Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстандағы кинематографист бауырларымыз оны әлдеқашан меңгеріп алған», – деді өз баяндамасында. 90-жылдардың басында Төлөмүш Өкеев Қырғызстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарды. Дипломатиялық салада жүрсе де ол кинодан тыс кете алмады. Манас эпосы туралы деректі фильм түсірді. Түркі тілдес елдердің арасында мәдени байланыстардың дамуына белсене ат салысты. Төлөмүш Өкеев түркі тілдес халық­тардың алты Құрылтайына қатысты. КСРО-ның ыдырауымен ғайып болған коммунистік идеологияның орнына исламдық және христиандық ағымдардың өз ұстанымдарын жанұшыра тықпалауын айыптады. Сонымен қатар Ахмет Яссауи, Камаледдин Бекташи, Джелалидин Руми, Юнус Эмре және Мұстафа Кемел Ататүрік мұраларының жастар арасында аз насихатталатынына қынжылыс білдірді. «Рухани кеңістік «Оғыз хан», «Манас», «Керғұлы» сияқты эпостық дүниелермен және Әлішер Науои, Физули, Мактумкули, Абай, Тоқтағұл, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларымен толығуы тиіс. Бұл барлығымыздың күнделікті және жүйелі түрде жүргізетін жұмысымыз», – деді режиссер. «Сонымен қатар ұлттық мәдениеттің маңызын түсініп, бағаламайтын қоғам сөзсіз рухани және экономикалық құлдырауға ұшырайды», – деді режиссер. Ол XX ғасырда кино әлемінде өз соқпағын қалдырды. Кеңестік және шетелдік кино мамандары оның еңбегін жоғары бағалады. 1985 жылы Батыс Германияда өткен халықаралық кинофестивальде «Ақ барыстың ұрпағы» фильмі «Күміс аю» жүлдесін жеңіп алды. Жалпы, «халықаралық кино рыногында Өкеевтің кинотуындыларының арасынан «Көксерек», «Қызыл алма» және «Ақ барыстың ұрпағы» фильмдері үлкен сұранысқа ие болды». Қазір, «Қырғызфильм» киностудиясы Төлөмүш Өкеевтің атын алған.

 Нұрлан Есенов,  тарих ғылымдарының кандидаты Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары