Қазағым деп келіп, қаңғып жүр

Қазағым деп келіп, қаңғып жүр

Қазағым деп келіп, қаңғып жүр
ашық дереккөзі

Мамырдың 27-сінде Астана қаласының «Алматы» бизнес
орталығында Оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігі мен халықаралық саяси
апталық «Түркістан» газетінің бірлесіп өткізген «Оралмандар: Азаматтық алуды
оңтайландырудың жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелдің болатыны жайында
естіп-білген Қалқаман Бөкенбек пен Тоқтал Қабашұлы қария да  өз бастарындағы ахуалмен бөлісуге арнайы
келіпті.


МЕНІҢ БАЛАЛАРЫМ ЗАҢ БҰЗҒАН
ЖОҚ


a680e9d4380a4d123558dbd9c478d006.JPG

Жасы алпыстан
асқан    Тоқтал ақсақал тым шаршаңқы көрінеді. Ашпаған есігі, бармаған жері
қалмаған екен. Әбден тауы шағылған. Өйткені өзімен бірге келген баласы мен
келіні әлі күнге дейін азаматтық ала алмай жүр. Осында келгеннен кейін туған
екі немересі де осының салдарынан құжатсыз.

–  Қарағанды облысы Абай ауданының Қарағаш деген
жерінен келдім. 2011 жылы көшіп келдім. Алты адам келген едік, бір отбасында.  Екеуі ала алмай қалды. Оның ала алмай қалуының
басты себебі екеуі бізден кейін келген болатын. Және құзырлы органдар талап
еткен құжаттарды ала алмай келіпті. Мұнда келгеннен кейін оны ҚР азаматтығына
қабылдануы үшін қыруар құжаттарды талап ете бастады. Солардың екеуін алдырып
үлгеріп едім, сотталмағаны туралы анықтама мен Моңғолия азаматтығынан шыққаны
туралы анықтаманы. Алайда, олар енді онда тұрғаны рас деген анықтама талап
етпесі бар ма? Сол анықтаманы алып келгенше, оның Қазақстанда тұруы тиіс үш ай
мерзімі аяқталып та қалды. Осы ек аралықта алғашқы немерем дүние есігін ашты.
Бірақ Абай ауданындағылар біздің бұл жағдайымызға пысқырып та қараған жоқ.
Бізді алдап ақ параққа қол қойдырып алған болатын. Сөйтсек, біздің үстімізден
азаматтық әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде іс қозғап жіберіпті. Жағдайымызды
айтып «Нұр Отан» партиясына шағымданған едік, олар жергілікті әкімшілікке қайта
жолдайды. Жергілікті әкімшілік менің «Нұр Отанға» шағымданғанымды да ұнатып
отырған жоқ. Соның есесі ретінде, жаңа туған немереме де құжат беруден бас
тартып отыр. Енді кімге барсам, менің – мұңыма құлақ
асады?  –  дейді ол.

 Абай ауданының «Нұр Отан» партиясының сауалына
берген жауабында бұл азаматтардың әкімшілік құқық бұзғандығы жайында айтылады.
Ал заң бойынша Қазақстан аумағында әкімшілік құқық бұзған шетел азаматтары бес
жыл көлемінде Қазақстан азаматтығын ала алмайды екен. Сонымен олардың
Моңғолияның азаматтығынан да шығып қалған, Қазақстан азаматтығын да
қабылдамаған, екі ортада сенделіп қалған жайы бар. Ең сорақысы, жаңа туған
сәбилерінің санда да, санатта да болмай отырғандығы. Тоқтал ақсақалдың жанына
батқаны Абай ауданының Ішкі істер басқармасындағылардың жалған құжатқа қол
қойдырып, жасамаған қылмысты жасады деп жазалауы. Соның өтеуін олар осы төрт
жыл ішінде тартудай-ақ тартып келеді. Әсіресе ешқандай есепте жоқ қос
немересінің жайы қынжылтады. Ол баласы Байқабыл Тоқталдың толыққанды азамат
болуын армандайды.

Дөңгелек үстелге
қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті
Этникалық көші-қонды реттеу басқармасының басшысы
Марат Тоқсамбаев ол кісіге Ішкі істер
министрлігіне баруға кеңес берді. Әрі осы салаға жауапты адамдарға телефон
соғып, көмектесуін өтінетіндігін айтты.


«Азаматтығы жоқ тұлға»
атанған Қалқаманға кім көмектеседі?


2ddad1fadd4902436093b23a9999614c.JPG

Бүгінде 19 жасқа
келген Қалқаман Бөкенбек Ақмола облысының Ерейментау ауданы, Еркіншілік ауылына
қоныстанғанда әлі 15-ке толмаған екен. Осыдан екі жыл бұрын осы ауылдағы
Павловка орта мектебін тәмамдаған. ҚР азаматтығы болмағандықтан ҰБТ-ға да
қатыса алмайды.

dcfb589ca66b11e0e0c95fd2670222f2.JPG

«Әкем ерте қайтыс
болған. Анам екі баласымен көшіп келді. Құжаттарымызды реттеп, тұрақты тіркеуге
тұрғанша, жасым 17-ге толып қойды. Сол ауылдағы мектепті бітіргеніме
қарамастан, ондағы ішкі істер басқармасындағылар менен Моңғолияның төлқұжатын
талап етіп отыр. Анам да, ағам да ҚР азаматы атанып үлгерді. Мен отбасыммен
бірге Моңғолия азаматтығынан шығып кеткендіктен, олар маған төлқұжат бермейді.
Ал Қазақстан төрт жылғы сенделістен кейін маған биылғы ақпанның 10-ында
«Азаматтығы жоқ тұлға» деген мәртебе беріп, қолыма бес жылдық куәлік ұстатты.  Қазір жұмыссызбын, азаматтығы жоқ тұлға
ретінде ешқандай құқыққа ие емеспін. Осы жиынды естіп қандай да бір көмегі тие
ме деп келдім»,  – дейді ол.

b629160d393cd5614e3d9f1386fc4011.JPG

Дәл
осындай мәселені «Түркістан» газетінде осыдан алты ай бұрын әңгіме еткен
болатынбыз. Сол кезде біздің сауалымызға жауап берген Алматы қаласы Мемлекеттік
Еңбек инс­пекциясы және Көші-қон басқармасының бөлім басшысы Күлсім Ысқақова «бұл
адамдардың Білім басқармасынан барып, балаларының осында білім алғандығын
растайтын құжатты алуы қажеттігін айтты. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған
балаларын өздері құжаттарын азаматтыққа өткізер кезінде бірге өткізу керек. Сол
кезде соңынан мәселе туындамайды» деген еді ол. Жиынға қатысқан  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрлігі Көші-қон комитеті Этникалық көші-қонды
реттеу басқармасының басшысы Марат Тоқсамбаев та
осында мектепті бітірген балалардың ата-аналарымен бірге азаматтық алу
мүмкіндігі барын жоққа шығармады.