МҰРАЖАЙДА КӨЗІМЕ ЕРІКСІЗ ЖАС КЕЛДІ

МҰРАЖАЙДА КӨЗІМЕ ЕРІКСІЗ ЖАС КЕЛДІ

МҰРАЖАЙДА КӨЗІМЕ ЕРІКСІЗ ЖАС КЕЛДІ
ашық дереккөзі
651

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 5 сәуiрдегi Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi болып жарияланды. 

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, олардың рухына тағзым ету – барлық қазақстандықтар үшін өте маңызды. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары КСРО-да тұрған халықтардың барлық өкілі де осы бір қасіретті кезеңді бастан кешті. Яғни, қазақтар, орыстар, шешендер, поляктар, немістер, украиндар және басқа ұлт өкілдері де қуғын-сүргінге ұшырады. Сол кездегі тоталитарлық режим халықты әуелі аштыққа ұшыратты, одан кейін адамдарды қорлау, қинау және ату жазасына кесу әрекеттерін жүзеге асырды. Миллиондаған жандардың жазықсыз жапа шегуіне ең басты кінәлі адам – Сталин.

Мамыр айының басында өңірлерге іссапармен барғанымда, Қарағанды облысындағы Долинка мекенінде болдым. Долинкадағы түрме Кеңес одағы бойынша ең үлкен лагерлердің бірі екені анық. Сол түрмеде бүкіл КСРО аумағынан әкелінген, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар небір азаптауларды бастан кешкен. 

Бүгінгі ұрпақ тарихтың қасіретті жылдарын біліп жүрсін деген мақсатта бұрынғы комендатура ғимаратында мұражай жасақталды. Бұл кешеннің ашылғанына үш жыл толды. Жыл сайын мамыр айының соңғы күндері онда іс-шаралар өтеді. Мұражайға кірген кезде, біз өткен тарихымызды, қасіретті жылдарды ұмытпауымыз керек екені туралы қазақ және орыс тілдерінде дауыс күшейткіш арқылы Қазақстан Президентi Н.Ә. Назарбаевтың сөзі беріледі. 

Мұражай сол тұстағы жазықсыз адамдарға жасалған қылмыстардан көрініс береді. Біз үлкен әрі ер адам болсақ та, жантүршігерлік көріністерді көргенде, жүрегіміз сыздап, көзімізге еріксіз жас алдық. 

Мұражайда балаларды аналарынан айырып жатқан көріністер бар. Оларды балалар үйіне тапсырған, кішкентайларынан «қылмыскер», «халық жауы» болып танылған ата-аналарынан бас тартуға үйреткен. Сұмдық оқиғалардың болғанын көз алдыңа алып келетін жәдігерлер бар. Қуғын-сүргін жылдары жапа шеккен адамдардың трагедиялық тағдыры бейнелеген. Мұражайдың жертөлесіне түсіп көрсең де, азапты жылдардың сарынын естігендей боласың. Аштық жылдарының да қорқынышты фотосуреттері бар. Бұл бұрынғы Кеңес одағы кеңістігі бойынша бірден-бір музей. Оған еліміздің барлық өңірінен, шетелдерден меймандар келіп көреді. 

Сол жылдары мынадай бір оқиға болған екен. Сотталғандарды түрмеге алып келе жатқанда, жергілікті қазақтар оларға ақ тастар лақтырыпты. Оларды айдап келе жатқан күзетшілер: «Көрдіңдер ме, «халық жаулары» деп сендерді жергілікті тұрғындар да жек көреді», – депті. Ал бірақ та сотталғандар әлгі тасты қолдарына алып, дәмін татып қараса, ол кәдімгі құрт екен. Оны басқаша берсе, күзетші тартып алар еді және «халық жауларына» көмектестің деп өздеріне жала жабатыны белгілі. Сондықтан жазықсыз жапа шеккендерге көмек қолын созған жергілікті тұрғындар тас лақтырғандай етіп, құртты берген екен. Бұл да қазақ халқының мейірбандығын, көптеген адамдарды ажал аузынан алып қалғандығын көрсетеді. Мұның бәрі үлкен тарих. 

Мұражай кешенін бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Өзім екі мәрте болдым. Ауыр көріністер жанымды сыздатты. Мұражай шындыққа сәйкес жасалған. Фотосуреттер, адамдардың ұстап-тұтқан заттары сақталған. Жазаға тартылғандардың қандай жағдайда өмір сүргенін өз көзіңмен көресің. Төсек орындары, ішіне қамыс толтырылған матрас, ол мөшек тігетін матамен қапталған. Мардымсыз тамақ ішкен. Солай бола тұра, егін өсірген, жеміс-жидек еккен, малды асылдандырумен де айналысқан. Өйткені онда көптеген ғалымдар болғаны анық. Қазақтың ақ бас сиырын сонда өсірген. Бидайдың жаңа сорттарын ойлап тапқан. Оларды қаншама қорласа да, елдің дамуы үшін қызмет жасаған. 

Мен барша қазақстандықтардың сол мұражайды өз көздерімен көруіне кеңес берер едім. Аталарымыздың қасіретті жылдарды бастан кешкенін жастар білуі тиіс. 

Жалпы, өмірде адамдардың қырылуына алып келетін табиғи және басқа да апаттар орын алады. Сонымен қатар адам қолымен жасалған трагедиялар болады. 1930 жылдары басталған саяси қуғын-сүргiн миллиондаған адамдарды, ұрпақтар буынын жойып жіберуге алып келген геноцид екені даусыз!

Саяси қуғын-сүргiн жылдарының қасіретін баяндайтын кітаптар да жазылды. Деректі фильмдер де шығарылды. Қазақстанда түсірілген «Людоед» деген көркем фильм де бар. Алдағы уақытта болған оқиғалар желісінде жеке «Карлаг» туралы жаңадан көркем фильм немесе деректі фильм түсірілсе, артық болмас еді деп ойлаймын. Өйткені әр туындының өз жаңалығы, ерек­шелігі болады. Біздің замандастарымыз және келешек ұрпақ ел тарихын, соның ішінде ашаршылық және саяси қуғын-сүргін туралы білгені жөн. 

Андрей Бегенеев,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі 

Серіктес жаңалықтары