ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС – ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕНІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС – ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕНІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

ҚОҒАМДЫҚ  КЕҢЕС – ҚОРДАЛАНҒАН  МӘСЕЛЕНІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
ашық дереккөзі

Роза Викторовна Пактың есімі облыс жұртшылығына кеңінен танымал.Ол қаладағы үздік әрі беделді мектептің директоры болып қызмет етуімен қатар, Шымкент қалалық мәслихатының үш шақырылымындағы депутаты, «Нұр Отан» партиясы әл-Фараби аудандық филиалының бюро мүшесі, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі болып та аймақты толғандырған алуан мәселелерге белсене араласып, өзінің пікірін ашық айтатынымен, толымды ойлар қозғайтынымен халықтың құрметі мен ықыласына бөленген жан. Осындай сан-алуан жұмыстары мен міндеттеріне қарамай Роза Викторовна өткен жылы облыстық прокуратура жанынан құрылған Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Қоғамдық Кеңестің жұмысын басқаруға да білек сыбана кірісіп кетті. Біз Роза Викторовнаға арнайы жолығып, осы Қоғамдық Кеңестің жұмысы туралы айтып беруін өтінген едік.

– Бәрін басынан айтайын,–деді Роза Викторовна біздің орыс тілінде қойған сауалдарымызға таза қазақ тілінде жауап беріп,– аталмыш Қоғамдық Кеңес Рес­публика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген. Ал оның облыстағы кеңесін басқаруды маған облыс прокуроры Ибраһим Иманов айтып, құрамына кімдерді кіргізу керектігін, қандай жұмыстар атқарылатынын кеңесе отырып жеткізді. Заң адамының облыстағы әрбір мәселеге осыншалықты алаңдаушылық білдіріп отырғанына өз тарапымнан таңқала отырып, мен келісімімді бердім.

– Сіз басқаратын Қоғамдық Кеңес немен айналысады? Құрамында кімдер бар? Мақсат, міндеттеріңіз туралы кеңірек айтып беріңізші…

– Қоғамдық Кеңестің құрамына біз халықпен көп жүздесетін адамдарды тартуға тырыстық. Олар қалаға, облысқа көп еңбек сіңірген кісілер: «Нұр Отан» партиясының мүшелері, облыстағы Ардагерлер ұйымы мен кәсіподақтар ұйымының, ұлттық этноорталықтардың өкілдері, жазушылар, ғалымдар, журналистер бар, барлығы 18 адамбыз.

Ал кеңестің жұмысы туралы айтатын болсақ – ол ең алдымен Елбасымыз жүргізіп отырған сая­сатты қолдау арқылы аймақтағы халықтың құқын қорғауға, заң­дылықтың орнығуына атсалысу, бір сөзбен айтқанда, оған қоғамдық бақылауды күшейту болып табылады. Ең маңыздысы – прокуратура органдарына деген халықтың сенімін орнықтыру. Прокуратураның жазалаушы орган емес, халықтың құқын қорғайтын, заңдылықты реттейтін, бақылайтын орган екендігіне жанды жұмыстар арқылы көз жеткізуіміз керек.

– Роза Викторовна, «жанды жұмыстар» дегеніңізді таратып айтуға бола ма?

– Қазір біздің облысымыздан Астанаға арыз-шағымдар өте көп түседі. Президент аппаратына жазады, Парламентке жазады, Бас Прокуратураға, Жоғарғы сотқа жазады. Әрине, ол әркімнің құқы. Ал оны шешетін жергілікті жердегі басқару органдары, заңдық құрылымдар емес пе! Егер, халықтың мұң-мұқтажына, арыз-шағымына басынан заңдық сипат беріліп, оған тиісінше шара көріліп жатса, мұндай шұбырған «өкпе, реніштер» болмас еді деп ойлаймын.

Мен облыс прокуроры Ибра­һим Әлжанұлының қоғамдық қабылдауларына, әр апта сайынғы азаматтарды жеке қабылдауларына ретіне қарай қатысып отырамын. Ол кісінің арыз айта келген адамдарды тыңдап, мәселені шешудегі үлкен мәдениеттілігі, құқықтық сауаттылығы мені қай­ран қалдырады. Облыс прокуроры – үлкен тұлға. Қабылдауға жазылған адамдар зор сеніммен келеді, мәселем шешілсе екен дейді. Міне, осыны ұғына білген басшы ғана халықтың қамын ойлайтын адам деп білемін. Елбасы мен Бас Прокурордың тапсырмалары мен қойған талаптарына санмен емес сапамен жауап беру – елдік тұғырымыздың биіктігін көрсетеді.

Бір ғана мысал келтірейін. 

Сарыағаш қаласында көп балалы аналар, жұмысшылар тұрып жатқан жатақханасын жекешелендіре алмай әуреге түскен. Олардың бармаған жері, кірмеген есіктері қалмаған. Келе-келе Сарыағаш қаласының әкімшілігі «жатақхананы жөндеуден өткіземіз» деген сылтаумен сот арқылы 26 отбасының 125 мүшесін  үй-жайларынан айырып, далаға шығарып тастаған. Осы мәселені облыс прокуроры заңдық тұрғыда шешу үшін аудан прокурорына арнайы тапсырма беріп, өзінің жеке бақылауына алды. Нәтижесінде 26 отбасы, көп балалы аналар баспаналы болды.

Тағы да бір осындай жеке қабылдау кезінде Ордабасы ауданынан келген азамат аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің қарекетсіздігіне шағымданды. «Тексермейді, қарамайды», – дейді.

– Арызыңызды екі ауыз сөзбен айтып беріңізші. Ол міндетті түрде оқылады, қаралады, – деді Ибраһим Иманов.

Сонда белгілі болған мәселе мынау: 23 бас жылқысын жоғалтқан адам құқық қорғау органдарына шағымданбастан, өзі бірнеше күн бойы іздеп, әуре-сарсаңға түскен. Жақсы. Түсінікті. Облыс прокуроры:

– Жоғалған малдарыңыздың вете­ринарлық құжаты, нөмірленген белгілері бар ма? – деді.

Байқап қарасақ, мал иесінің ешқандай құжаттары жоқ болып шықты. «Менің жылқыларымды ауылдастарымның барлығы да таниды. Төртеуі Сайрам ауданынан табылып отыр», – дейді.

Әрине, Ибраһим Әлжанұлы облыс прокуроры, облыс құқық қорғау органдары Үйлестіру Кеңесінің төрағасы ретінде  мұндай мәселеге келгенде тиісті тапсырмаларын беріп жатады. Ол кісі көмек қолын мейлінше кең созғанды, түйінді тезірек шешкенді ұнатады. Азаматтарымыздың конституциялық құқының бұзылмауын, тыныштықтың, береке-бірліктің бәрі осы жолмен келетінін үнемі айтып отырады. Ал әлгі мал жоғалтқан кісіге Ибраһим Әлжанұлының айтқаны есімде қалыпты: «Әрине біз сізге көмектесеміз, арызыңыз аяқсыз қалмайды. Алайда, сырғаланбаған, нөмірленбеген малды мемлекетке «тауып бер» дегеніңіздің өзі ақылға сыймайды ғой. Ал мемлекет дәл осы мәселеге қыруар қаржы бөліп, ауыл-ауылдарда мал дәрігері мамандарын ұстап отыр» деген еді. Түсіне білген адамға мұнан артық не керек? Бұл бірлі-жарымды оқиға емес, ондап саналады.

– Кеңестің құрылғанына біршама уақыт болды. Ал енді, халық арасында «осы дұрыс екен, Қоғамдық Кеңестің тигізген пайдасын көрдім» деп жүргендер бар ма?

– Неге болмасын! Кеңес құрылып, оны мен басқарғалы бері әлденеше рет газеттерге сұхбаттар беріп, теледидардан сөйлеп жатырмыз. Тек мен ғана емес кеңес мүшелері: облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыс кәсіподақтар ұйымының төрағасы Досыбай Шерімқұлов ағаларымыз да баспасөз беттеріне жиі шығып тұрады. Содан енді айтайын, маған телефон шалып, өздерін толғандырған мәселемен жолыққысы келетіндер өте көбейіп отыр. Әр нәрсені ашық айтуға тиістіміз, біз халық айтып келетін арыз-шағымдарды тікелей шеше алмаймыз. Бірақ, соларды жинақтай отырып, облыс прокурорына жеткізуге, өз ойларымызды айтуға, көзқарасымызды білдіруге мүмкіндігіміз мол. Яғни, біз халық пен қадағалаушы орган арасындағы көпір іспеттіміз. Ибраһим Әлжанұлы аудиторияны тез меңгеріп, адамдардың арыз-шағымына, мұң-мұқтажына сергек қарайды. Әрдайым ашықтықты жақсы көреді.

– Рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз! Газет арқылы айтар тағы қандай ұсыныс, тілектеріңіз бар?

– Ибраһим Иманов жуырда, Отан қорғаушылар күні қарсаңында Елбасы Жарлығымен генерал шенін, прокурорлық тілмен айтқанда – 3-ші сыныпты Мемлекеттік әділет кеңесшісі атағын алды. Бұл Ибраһим Әлжанұлының талай жылғы еңбегінің жемісі, ол кісі басқарып отырған облыс прокуратурасы ұжымының зор табысы деп ойлаймын. Барлығы да құтты болсын дегім келеді!

– Тағы да рахмет! Жұмыстарыңыз алға басып, абыройдың биігінде жүріңіздер.

Сейітхан Зеберханұлы, журналист