РЕКТОР ӨМІРБЕК ЖОЛДАСБЕКОВ

РЕКТОР ӨМІРБЕК ЖОЛДАСБЕКОВ

РЕКТОР ӨМІРБЕК ЖОЛДАСБЕКОВ
ашық дереккөзі

Қаз ГУ-дегі кездесуге шақыра келген қара жігіт қипақтап-ақ тұр. Өзі подполковник екен. Жасқаншақтау ма деп қалдым. –Кездесуге ректор қатыса ма?– деп сұрадым қитығып.

– Ректор Алматы қаласы партия комитетінің бюро мүшесі. Сіздермен кездесу күні қалалық партия комитетінің Пленумы басталады. Соған байланысты «Мен бола алмаймын» – деді. Кездесуге басшылық жасауды проректорға тапсырды.

– Сіздің ректорыңызбен таныс емеспін. Аты-жөні кім?

– Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков.

– Неге Арыстанұлы емес.

– Оны білмедік.

– Ғылым докторы, профессор шығар?

– Ол кісі академик.

– Академик болса, болсын, бірақ өзінде ақыл бар ма?

Кездесуге шақырып келген қара жігіттің көзі бақырайып кетті. «Мына шал жынды, алжыған» деген ойын жүзінен оқыдым.

– Шырағым, кездесуде ректор бола ма, болмай ма, маған бәрібір, ал оған бәрі бір емес. Қалалық партия комитетінің Пленумы онсыз да өтпей қалмайды. Москва үшін шайқас құрметіне арналған кездесу ғой бұл! Кімдермен десеңші?! «Соғыс тарландарымен; полковник Момышұлымен, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигельдиновпен, ерлігі аңызға айналған, Рейхстагқа алғашқы ту тігушілердің бірі Рақымжан Қошқарбаевпен, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Снегинмен, Әзілхан Нұршайықовпен кездесу бұл!

Біздің Рақымжан Қошқарбаев Берлинге барды, Рейхстагқа ту тікті. Бұл – таңқаларлық, мәңгі ұмытылмас ерлік! Әр адым сайын жау оны көздеп атты. Оның басына төнген қауіп бір бұл емес. Ол төрт жыл бойы алдыңғы шепте бетпе-бет соғысты. Оған ондаған рет қауіп төнді. Ол ерлікке Рейхстагқа ту тігер күні ғана бел буған жоқ, бұрын да сан рет бел буған. Бұрын да сан рет қауіп-қатердің өтінде жүрген. Бұл ауызбен айтқанға ғана оңай, ал өзің соның орнында болып көрші?!

Ұлы Отан соғысы төрт жылға созылды. Қошқарбаевтың қанша рет соғысқа енгенін мен білмеймін, ал алдыңғы шепте ең кемі екі жүз, үш жүз күн болғаны рас. Ол соғысты командалық пунктте, немесе бақылау пунктінде отырып бақылаған жоқ, жаумен бетпе-бет шайқасты. Рейхстагқа ту тіккенге дейін жауынгерлік ауыр да азапты сыннан өтіп шынықты. Ар-намысын оқпен, отпен, мұз-қармен шыңдады. Соның қорытындысы – Рейхстагқа ту тікті. Бұл – өте үлкен тарихи факті, патриотизмнің биік шыңы!

Баукең темекі тұқылын журнал столының шетіндегі күлсалғышқа қисайта қойды. Көк түтін ирелеңдей жоғары өрлеп барады.

– Тақырыптан адасып қалдық па?

– Адасқан жоқпыз. Подолковникке мен Рақымжан туралы жоғарыдағы ойларымды айта келіп, былай дедім: «Соғыс тарландарымен бас қосқан кездесуде ректордың болмауы деген – біріншіден, бізді, екіншіден, аудиторияны сыйламағаны. «Ректор мына кісілерден әулие ме, неге болмады?»– деп студенттер естіртіп айтпаса да, ішінен ойлайды. Үшіншіден, бұл – Кеңес Одағының азаматы ретінде өзін-өзі сыйламағандық?

Ректор менің бұл сөзімді естіп, қалалық партия комитетінен рұқсат алып, кездесуді өзі ашты. «Қайтер екен?» деп ішімнен сынап отырмын . Бір ұнағаны, қазақша да, орысша да таза сөйлейді екен. Еще у него есть админстративная жилка. Бұл, қарағым, кім көрінгеннің бойында бола бермейтін қасиет. Оған құр айбын ғана емес, ақыл да керек.

Ректор тілімді алмастан бірінші сөзді маған берді. Мінбеге шықтым. Ду қол шапалақтау. Екі қолымды қайта жайып, шапалақты әрең тоқтаттым.

– Мен он-ақ минөт сөйлеймін,– деп ректорға қарадым. –Уақытты белгілеңіз, менің сағатым жоқ.

Сөйледім. Сөзімнің соңында:

– Москвада Белгісіз солдаттың қабірі бар,– дедім біраз үнсіз тұрып. – Мен Москваға барған сайын сол белгісіз жауынгердің қабіріне соқпай кетпеймін. Онда кім жатқанын білмеймін. Білерім, ол – халық ұлы, Отан Батыры, ол – Отан солдаты. Оны әркім өз адамына балайды. «Мұнда жатқан мүмкін менің туысым, не әкем шығар?» деген ой әркімді еріксіз билейді.

Мен ең алғаш Белгісіз жауынгер дегенге кішкене түсінбеп едім, кейін ойласам, оның аты-жөнінің не керегі бар? Оның аты-жөні халықтың ұлы деген сөз екен.

Бұлай айтып тұрған себебім, қарақтарым, біздің Кеңес халық­та­рының ішінде соғыстың жалынына шарпылмаған бір отбасын табу қиын. Сендер жап-жассыңдар, маған немересіңдер, немере түгілі шөбересіңдер. Аталарың, әжелерің соғыстың қалай өткенін айтқан шығар? Оны мен қайталамайын.

Бүгінгі кездесуде аталарыңның бірі ретінде сендерге ақ ниетпен батамды беремін. Жақсы оқыңдар, саналы азамат болыңдар! Ата-бабаларыңның, әже-аналарыңның әруағын, ар-намысын сыйлай біліңдер! Сендердің аталарың, әжелерің менің ұрпағыма, аға ұрпақ қатарына жатады. Мақтанды деп ойламаңдар, біздің ұрпақ көп қиыншылықты көрген, жеңген ұрпақ. Біздің тәрбие-тәжірибеміз өз заманында, өз кезінде болған нәрсе. Оларды мен сендерге рецепт ретінде ұсына алмаймын. Бірақ та біздің тәртібіміздің қорытындысы мынандай: «Біз еңбекте – жалқауларды, соғыста – қорқақтарды жек көрер тәрбие рухында өскен ұрпақпыз!»

Зал ду қол соқты.

– Тірі аталарыңа, әжелеріңе сәлем айтыңыздар, әкелеріңе, аналарыңа да сәлем!– Сәл тоқтап: – Извените, пожалуйста, здесь присутствуют девочки, девушки и барышни,– деп ем зал ду күліп жіберді. – Товарищи барышни, передайте привет вашим кавалерам…

Зал дуылдап күліп қол соқты. Жастардың аты жастар ғой… Мінбеден түстім. Залдың не болып кеткенін білмеймін. Қолшапалақтау ұзаққа созылды. Екі қолымды екі жаққа жайып әрең тоқтаттым.

Басқалардың не сөйлегенін айтпай-ақ қояйын, ол саған қажет те емес. Үзіліс жарияланды. Добалдай жеңгең залдың алдыңғы жиегінде қалай қарай жүрерін білмей сасқалақтап тұр еді, ректор өзі барып, қолтығынан сүйеп, біздің топқа алып келді. Мұны сендер не деп атайсыңдар? Кішіпейілділік дейсіңдер ме?

– Иә.

– Ал біз мұны адамгершілік дейміз. Бұл –азаматтық!

 Ректор бастап бәрімізді бір бөлмеге алып барды. Дастарқан жасаулы. Мені төрге өткізді. Партком хатшысы бәріміздің денсаулығымыз үшін тост көтерді. Екінші ректор сөйледі.

– Қасынан қалмай Баукеңе қамқоршы, тілекші болып жүрген жеңгейдің денсаулығы үшін ішейік.

Түрім бұзылып кетті. Снегин қу, пәле, жақтырмағанымды байқап қойды. Тағы кімдер сөйлер екен деп отырмын. Ешкім үндемеген соң:

– Рюмкелерге құйыңдар!– дедім. Құйылды. Ешкімнің рұқсатынсыз сөз алдым.

– Жолдас проректор, ректорыңызға сәлем айтыңыз, ол маған ұнаған жоқ. Егер ауызекі жеткізуге қиналсаңыз, телефон арқылы жеткізіңіз. Ол– ақымақ екен!..

Тоқетерін айтайын, ректор жалған сіз-бізге жоқ, әрі терең ойлы, жұртты басқара білетін қайраткер де екен. Мұны мен тілінен, түрінен, үнінен, жүріс-тұрысынан, өзін өзі ұстай білуінен байқадым. Сен оны білуші ме едің?

– Бір рет журнал тапсырмасымен қабылдауында болғаным бар. Енді сөйлесе берген кезімізде бір факультеттің деканы телефон соқты. Ректор оған:

– Жоқ, мұнымыз ұят болады. Университетке лайықты кісі іздеңіз. Иә өтінішімен, өмір жолымен танысып шықтым. Жазуының өзінен де кім екені көрініп тұр. Келісім бере алмаймын. Алматыда ғылым кандидаттары көп қой, конкурс жариялап, лайықтысын ғана таңдап алыңыз. Кімді таңдайсыз, өз еркіңіз, мен араласпаймын. Тек университетке қажетті кісі болсын,– деді.

– Е, дұрыс, кадр таңдау оңай емес, шырағым. «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деп халық бекер айтпаған. Қабылдауын қабылдап, кейін құтыла алмай жүрсе, қып-қызыл шатақ. Түсінсең, ректордың деканға өзің таңда, өзің біл, мен араласпаймын дегенінің сыры көп. Ол сонымен бірге жауапкершілік те жүктейді. Әлгі сөзден кейін декан (егер ақылы болса) екі есе деу аз, үш есе ойлануға тиіс.

Бірде сөзден сөз туып, профессор, психолог Құбығұл Жарықбаев ағаға Баукең шерткен жоғарыдағы сырды қағаз бетіне түсіргенімді, енді оны бір газетке ұсынбақ ойым барын айтып қалған едім.

– Маған берші, әуелі мен танысып шығайын,– деп ол кісі қызығушылық танытты.

Оқып шығып:

– Сен мұны әуелі Өмірбек Арыс­ла­нұлына көрсетіп ал,– деді ақыл айтып.– Қарамағында істейсің. Ертең газетке шықса: «Мені неге Бауыржан Момышұлының аузымен ақымақ дегізесің?!» – деп ашуланып, ренжісе, өзіңе қиын болуы мүмкін…

Аға ақылына құлақ асып, Өмірбек Арысланұлының қабылдауына жазылдым. Ол кісі қолжазбамды бар ықыласымен қолына ап, тез-ақ оқып шықты. Толқынды қою қара шашын кейін қарай тарай түсіп, күлімсірей:

– Мені екі-үш жерде ақымақ дегізіпсің. Соны Баукеңе бір-ақ жерде айтқызсаң да жетеді ғой,– деді. 

Қоштасып, тысқа шығысымен Құбығұл ағаны тауып ап:

– Осылай деді, – деп едім, ол кісі:

– Шынымен солай деді ме? Ғажап екен?! – деп таң қалды… 

Мамытбек Қалдыбай, 

жазушы