МӘЖІЛІСМЕН ӘКІМДІ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШАҚЫРДЫ

МӘЖІЛІСМЕН ӘКІМДІ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШАҚЫРДЫ

МӘЖІЛІСМЕН ӘКІМДІ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШАҚЫРДЫ
ашық дереккөзі

Халық қалаулысы шенеуніктер спортты
дамытуға көңіл бөлу үшін әкімді жекпе-жекке шақыруды ұсынды. Ал талқыға салынып
жатқан жаңа заң жобасында отандық спортшыларға Әнұранды білуді міндеттейтін бап
бар.

  «Спортты сүю керек!»


Соңғы кездері саясаткерлер мен танымал тұлғалар арасында
бірін бірі жекпе-жекке шақыру сәнге айналғандай. Жуырда ғана еліміздің бас
экологы Мэлс Елеусізов Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке: «Қару түрін өзің
таңда, менімен жекпе-жекке шық» деген болатын. Арада сәл уақыт өткенде ҚР Мәжіліс
депутаты Владислав Косарев Ақмола облысына қарасты бір ауданның әкімін ринге шығаруды
ұсынды. Бірақ жұдырықтасуға өзі емес, басқалар шығуы тиіс. Мәжілістегі отырыс
барысында «Денешынықтыру мен спорт туралы» жаңа заң жобасын дайындауға атсалысқан
Владислав Косарев кәсіби спортшымен қолғап түйістіру арқылы шенеуніктің назарын
жергілікті жерлердегі спортты дамытуға аудару керектігін көлденең тартты:
«Степняк қаласында болдым. Спорт залына кірсем, шап-шағын, тап-тұйнақтай әрі
жып-жинақы екен. Залдың ортасында керемет бокс рингі тұр. Қасымдағылардан мұның
құны қанша? деп сұрасам, 1 миллион 100 мың теңге тұратынын айтты. «Қанша боксшы
бар?» деп сұрасам, «біреуі бар еді, ол да кетіп қалды» дейді.  Бұл не деген сұмдық?!». Ашуға мінген депутат әлгі
қалаға қарасты аудан әкімін бокс рингіне шығарып, оған қарсы тыңғылықты дайындықтан
өткен бір боксшыны қарсы қоюды ұсынды: «Әбден таяқ жеген әкім спортшыларға көмектесу
керектігіне көз жеткізсін! Өйткені қазір аудан әкімдері жергілікті спортты
дамытуға айтарлықтай көңіл бөліп отырған жоқ. Меніңше, жергілікті шенеуніктер
де, қоғам да спортқа деген көзқарастарын өзгертуі тиіс».

Отырыста В.Косарев өзге депутаттарға
да шүйлікті: «Әріптестер, ренжудің қажеті жоқ. Бірақ біз өзіміз де спортқа
осылай атүсті қараймыз. Қазақша күрес сайысына депутаттар арасында кім қатысты?
Екі-үш адам ғана, басқа ешкім барған жоқ. Меніңше, біз өзіміз спортты жақсы көруіміз,
түсініп, қолдауымыз шарт». Сөзінің соңында халық қалаулысы Мәжіліс депутаттарын
Бурабайдағы жас триатлондар арасындағы жарысқа түгел қатысуға шақырды. Негізі
елдің атын шығаруда, халықаралық деңгейде жарнамалауда спорт – таптырмас құрал.
Сондықтан жас ұрпақты спортқа бейімдеуде жауапкершілікпен қараған абзал. Мұндайда
мемлекеттік және жергілікті бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының желге ұшатыны
немесе мақсатты жұмсалмайтыны, салынған хан сарайындай спорт залдарының қаңырап
бос тұратыны қынжылтады. Ал аулалардағы спорт алаңдарының жағдайы тіпті мәз
емес. Әлбетте, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған алаңқайлар бар. Бірақ
саны тым аз. Қазақстан құрамасы футбол жарыстарында шаң қауып қала береді. Жанкүйер
ретінде спортшыларға жақтасатындардың жігері бірнеше рет құм болды. Жанкүйерлер
мен спортшылардың мерейі үстем болсын десек, әрбір аула футбол ойнайтын алаңмен
жабдықталуы тиіс. Ал балаларды жаттықтыратын бапкерлердің жөні бір бөлек. Бұл
да жергілікті атқарушы билік пен құзырлы органдардың қолдауын, қадағалауын қажет
ететін мәселе. 

   Әнұранды
білуге міндеттейді


«Денешынықтыру және спорт туралы» заң жобасында
еліміздегі спорттық федерацияларды аккредитациялайтын институтты құру, халықаралық
спорт сайыстарында чемпион атанған мүгедек спортшылар арасындағы өмір бойы қаржылай
көмек алуға қақылы азаматтардың санын көбейту т.б. бар. Сонымен қатар аталған құжатта
отандық спортшыларға Қазақстан Республикасының Әнұранын білуді міндеттейтін бап
та қарастырылған. Оның себебі, әлемдік жарыстарда алтын алқаны қанжығаға байлаған
спортшылардың кейбірі Әнұранның сөзін білмей, ұятқа қалдырған жайттар кездесті.
Мәселен, былтыр Кувейтте жеңіске жеткен мерген қызымыз Мария Дмитриенко Қазақстан
Республикасының Әнұранының орнына ағылшын сайқымазағы Саша Коэн түсірген
«Борат» фильміндегі пародия орындалып жатқанда міз бақпастан (қолын жүрегіне қойған
күйі!) соңына дейін тыңдады. Кейін кейбір бұқаралық ақпарат өкілдері: «Қазақ
спортшысы не істерін білмегендіктен, сайқымазақ әнді соңына дейін үнсіз тыңдауға
мәжбүр болды» деп жазғанымен, талай көңілде күдік қалғаны анық. Өйткені жері ұлан-ғайыр,
әлемге тәуелсіз де жас мемлекет ретінде танылған елінің Әнұранын қорлап жатқанда
нағыз патриот қарап тұрмаса керек-ті. Мінберден түсіп кетеді немесе сол жерде
шу шығарады. Қазақстанды бүкіл әлемге масқара еткен мұндай бассыздыққа «түсіністікпен»
қарау мүмкін емес! Осы олқылықтың орнын толтыруға жанталасқан Кувейт билігі,
анығы, жарысты ұйымдастыру комитетінің директоры Обайд әл-Осайми салтанатты
кеште Әнұранның орнына «Бораттың» пародиясын шатасып қойған диджейдің жұмыстан қуылатынын,
Қазақстан сияқты бауырлас елге жамандық ойламайтынын, Ислам діні бойынша тек
игі істер жасауға ұмтылатындарын айтып ақталды. ҚР Сыртқы істер министрлігі де қарап
жатпады, Кувейтке наразылық нотасын жолдады. Ал Қазақстанның Ұлттық құрамасын
бастап барған А.Юнусметов кувейттік диджейге араша түсті: «Ол пародияның Боратқа
тиесілі екенін білген жоқ. Интернеттен ала салған. Бораттың фильмінің қасында Қазақстанның
туы тұрған екен». Бізді жатжұрттықты ақтауға тырысқан Юнусметовтің әр жарыстың
басында Қазақстан Респбуликасының туы, Әнұраны дұрыс па, әлде бұрыс па,
тексеріп алуы керектігін ескермегені қынжылтады. Сорақысы сол, жаңсақ әнді
бірден тоқтату да мүмкін болмаған. Оның себебін Юнусметов былайша түсіндіреді:
«Жүлделерді тапсыру салтанатында Кувейттің әмірі Сабах әл-ахмад шейх қатысқандықтан,
қорғаушылар мен күзетшілер өте көп болды. Диджей отырған жерге тез жету қиынға
соқты».

Әнұранға қатысты «қызықтар» мұнымен бітпейді. Алдыңғы
жылы Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов «Шаңғы денсаулығы-2012»
жарысында жеңіске жеткен жүлдегерлерді марапаттау барысында Қазақстан
Республикасының Әнұраны орындалудың орнына латынамерикалық әнші Рики Мартиннің
хитке айналған «Livin’ la Vida Loca» әні қосылып кетіп, жүректерін ұстап, Әнұранды
айтуға дайын тұрған шенеуніктер ұятқа қалған…

Кез келген тәуелсіз елдің мемлекеттік рәміздерін
азаматтары сыйлауға және өзгелерге сыйлатуға міндетті. Бұл – мемлекеттік және ұлттық
идеологияның ажырамас бөлігі. Бұл – өскелең ұрпақты Отанын шексіз сүйетін, Туған
жерін шексіз мақтан тұтатын тұлға етіп тәрбиелеудің тура жолы.