ШЕНЕУНІКТЕР ШЕТЕЛДІК КӨЛІККЕ ҮЙІР

ШЕНЕУНІКТЕР ШЕТЕЛДІК КӨЛІККЕ ҮЙІР

ШЕНЕУНІКТЕР ШЕТЕЛДІК КӨЛІККЕ ҮЙІР
ашық дереккөзі
189

Президенттің пәрменін құлағына қыстырмайтын шенеуніктер қымбат көлікке үйір. Отандық нарықты дамытуға үлес қосуға құлықсыз. Есесіне, қазынадан шығатын шығынға келгенде аса «жомарт». Оған мемлекеттік тапсырыс арқылы шетелдік қымбат көліктер алуға тырысқандардың әрекеті дәлел. Мәселен, биыл шетелдік көліктерге шенеуніктер 353 млн. теңге шығындағалы отыр екен.

«Кешегі кедейлер бүгін танкке де мінер еді»


2011 жылы ҚР Президенті Н.Назар­баев біздің шенеуніктер мен ұлттық ком­паниялардың басшыларына шетел­дік қымбат көліктерді сатып алуға тыйым салған болатын. «Бізде өзіміз­дің көліктер шығарылады. Ал оларға тек «Мерседес» керек! Шұғыл тыйым салын­сын! Мемлекеттен қанша қаржы шығарылуда!», – деп ашуланған Елбасы мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға отандық өнімді сатып алуды міндеттеу үшін Үкіметке арнайы тапсырма бергенін ескерткен: «Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінен басқа отандық өнім алу үшін ешкім келісімшарт жасаспаған. Шет елдерден сатып алуды жалғастыруда. Бұл бассыздық қашан тыйылады, Кәрім Қажымқанұлы?! Батыста жанар-жағар май аз кететін көлікпен жүреді. Біздікілерге, кеше ғана сіңірі шыққан кедейлерге танкіні де жеңіл машина ретінде сатса, танкімен жүруге де кетары болмас еді! Жұрттың бәрі тек соларға қарайды ғой танкіде бара жатқанда… Сауатсыздық пен түк көрмегендік бұл!». Осылайша бұлқан-талқан болған Президенттің сөзіне сол жиында отырған ірілі-ұсақты шенеунік біткен ұзақ қол шапалақтаған. Соған қарап, біз де «жетелеріне жеткен шығар, енді тек отандық көліктерді сатып алатын шығар» деп ойлағанбыз. Қателесіппіз…

Күні кеше ғана Қазақстанның мемлекеттік сатып алулар сайтында 67,7 миллион теңгеге қымбат көлік алу үшін тендер жарияланыпты. Әр көліктің құны 7 миллион теңгеден астам. Шетелдіктер шығарған көлікке құмартқандар арасында Елбасыдан мақтау естіген Қорғаныс министрлігі де жүр. Өйткені аталған министрлік әрқайсысы 11,6 млн. теңге тұратын екі көлікке 28 мамырда тендер жариялаған. Қорғаныс саласына қажетті көлікке қойылатын талапқа келсек, «су жаңа, 2014 жылы шыққан, алыс шет елде стандартқа сәйкес шығарылған» болуы шарт. 

Президент бюджеттің, яғни, халықтың қаражатын босқа шашпауға, ысырап етпеуге пәрмен берсе де, шенеуніктер құлақ асуға құлықсыз. Мәселен, Алматы облысының әкімдігі 13 мамырда және 26 мамырда тендер жариялап, өзіне әрқайсысы 8 млн. теңге тұратын Джип керектігін айтыпты. Ал Целиноград ауданы әкімінің аппаратына 11,1 млн. теңге тұратын қымбат көлік керек екен. Жоғары класты көліктің 6 қауіпсіздік жастықшасы, ABS, SRS, жылдамдық ауыстыру қорапшасы Т-Tronic, күтпеген жерден берілетін тежегіші күшті, ішіндегі орындығы мен салоны «ағаш түстес», қысқасы, өте керемет көлік қажет. Мамырда жарияланған тендерді тапсырыс орындаушылары маусымда жүзеге асыруы тиіс көрінеді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінен бастапқыда мемлекеттік тапсырыс бойынша 4 көлікке ұсыныс түскен екен, кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалардан кейін көлік санын 1-еуге дейін азайтыпты. Алайда, оның құны да тым жоғары: 7,5 миллион теңге. Аталған көлік 2014 жылғы, яғни, су жаңа, іші-сырты заманауи технологиямен жабдықталған болуы тиіс. Шығыстық әріптестерінен оңтүстіктегілер де қалысар емес, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті мәслихат аппаратындағылар 12,8 миллион теңге тұратын көлікке тапсырыс беріпті. Осынша қаражатқа сатып алынатын машинаны суреттеудің қажеті жоқ шығар. Сонымен қатар ОҚО әкімдігінен жарияланған тендерде 8,7 млн. теңгеге 5 көлік алу көзделіпті. Шығарылатын шығын: 43,5 млн. теңге. 

Жуырда отандық БАҚ-та Қазақстанның шенеуніктері 353 млн. теңгеге шет елдерде шығарылған қымбат көліктерді сатып алғалы жатқаны хабарланған. Олардың ішінде ең көп шығын шығарғалы отырған – алматылықтар. Мемлекеттік қызметкерлерге көлік алу үшін қазынадан 160 млн. теңге бөлінуі тиіс екен! Ал автомашиналардың ең арзаны 7 млн. теңгеден 15 млн. теңгеге дейін. Бұл тізімде Атырау да бар: алынатын көліктерге 150 млн. теңге қарастырылған. Мемлекеттік тапсырыс бергендер қаражаттың осынша көп көлемде болуын «форум делегаттарын көлікпен қамтамасыз етуіміз керек» деп түсіндіріпті. Онда бір сәттік қызық үшін халық қаржысын уыстап шашу қаншалықты қисынды? Мемлекеттік тапсырыс сайтына өтініш білдірген Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бір машинаны 23 млн. теңгеге сатып аламыз деп хабарлаған. Кейін «техникалық тұрғыда қате кетіпті, 23 млн. теңге деген дұрыс емес» деп ақталды.


Отандық өнімді қолдауға құлықсыз


Тізе берсек, «қызық» көп. Тек ол «қызықтар» қарапайым халықтың қалтасына орасан зор көлемде салмақ салатыны өкінішті. Қымбат көлік мініп, жайқалып жүргісі келетін шененуіктердің «көрпесіне қарай көсіле алмай қалатыны», Елбасы берген пәрменді құлақтарына қыстырмайтыны тағы бар. Егер сол шығын отандық өнімдерді сатып алуға жұмсалса, кіндігі шикізатқа байланып қалған отандық экономиканың нақты секторы дамып, өндіріс ошақтары іске қосыла бастар еді. Айтпақшы, Қостанайдағы «Агромашхолдинг» АҚ отандық жүргізушілерге арнап SsangYong Chairman маркалы көлікті шығара бастаған. Автонарықтағы ең соңғы жаңалықтарды қамтитын бұл машинаны сатып алуға анау-мынаудың жағдайы келмейді. Ал бастапқы құны 9 мың долларлық Chance көлігі біраз адамға «шанс» беретіндей. Алғашқы жоспар бойынша 3 мың данасы шығарылуы тиіс бұл көлікті тек біздің шенеуніктер мен қалталылар менсінбесі анық. Дәл осы қымбат көлік мәселесі алыс, жақын шет елдерде қалай? Мәселен, Қырғызстанда 2011 жылы арнайы заң шығарып, қызметтік көлікті мінуге құқылы шенеуніктер тізімі мен мемлекеттік қаражатқа сатып алатын көліктің құны белгіленді. Сол кездегі баға 750 мың сом (15 мың долларға жуық) болатын. Ал Украина үкіметі 2014 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлердің шетелдік қымбат көлік сатып алуына тыйым салатын заң қабылдады. Бірақ «ебін тауып, екі асайтындар» мұнда да табылады екен. Қымбат көлікті басыбүтін сатып алуға заңнан сескенетіндер көңілдеріне жаққан кез келген автоны жалға алады. Осының салдарынан, шенеуніктер мінетін көлікке бюджеттен шығатын шығын екі есеге дейін өсіп кетеді. Дамыған елдерге келсек, қазынадан шығатын әр тиын қоғам тарапынан қатаң қадағаланып отырғандықтан, шенеунік біткен заңды белшеден басуға батпайды. Германияға жа­са­ған сапарымызда министрлер мен депу­тат­тардың жұмысқа велосипед мініп келгенін көріп, қатты таңғалғанымыз бар. Демократиясы дамыған, заң барлық деңгейде және барлық салада тұрақты әрі жүйелі жұмыс істейтін қоғамда осылай болса керек. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары