АБХАЗИЯДА БИЛІК АУЫСТЫ

АБХАЗИЯДА БИЛІК АУЫСТЫ

АБХАЗИЯДА  БИЛІК АУЫСТЫ
ашық дереккөзі
207
Абхазиядағы бұлғақтың соңы уақытша үкіметтің құрылуына әкеп соқты. Тәртіп пен заңға бағынғысы келмегендердің кесірінен қазір мұнда екі билік бар: ескі билік пен уақытша үкімет. Ресейдің түртпектеуімен Грузиядан бөлініп шыққан Абхазиядағы саяси тұрақтылыққа қауіп төнді. Ресейге масыл болғысы келмеген оппозиция өкілдері дербес әрекет етуге мүдделі. Халықаралық құқықтық мәртебе тұрғысынан алғанда, Абхазия – тәуелсіз ел ретінде жартылай танылған мемлекет. 2008 жылдың 8 тамызында Грузия мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыстың соңында бұрын Грузия құрамында болған Абхазия мен Оңтүстік Осетия өзін тәуелсіз ел деп жариялады. Бірақ әлем оларды егемен ел ретінде түгел таныған жоқ. Абхазия президенті Александр Анкваб отставкаға кетті. «Абхазия Республикасы Конституциясының 65-бабына сәйкес, елдегі тұрақтылықты сақтау мақсатында мен қызметімнен бас тартамын. Жаңа сайлауды тыныш, бейбіт жағдайда өткізу үшін халықты сабырға шақырамын», – деген оның «қызметінен өз еркімен кетті» деген аты ғана. Өйткені бұған дейін ел ішіндегі наразы топ Абхазия премьерін тақтан тайдырып, президентке өз еркімен қызметтен кетуді ұсынған. Біраз уақыт бұған мойынсұнғысы келмей бұлғақтаған Анкваб көптің тегеурініне шыдамай, ақыры отставкаға кетіп тынды. Ал кезекті сайлау 2014 жылдың 24 тамызына белгіленген. Үстіміздегі жылдың 28 мамырында абхазиялық оппозиция Сухумиде шеру өткізіп, оның соңы президенттің резиденциясы мен үкімет және мемелкеттік телеарна ғимаратын басып алуға ұласқан еді. 40 мың халқы бар Сухумиде 15 мыңдай адамның жиналуы наразы топтың көптігін көрсетсе керек. 31 мамырда Абхазия парламенті спикер Валерий Бганбуды президенттің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Осының салдарынан қазір елде екі билік үстемдік етуде. Анығы, премьерді тақтан тайдырған Үйлестіру кеңесі (абхазиялық оппозиция) мен ескі билік. Анквабтың айтуынша, оппозициямен келіссөздер жасау мүмкін емес. Абхазия Сыртқы істер министрі Отар Хеция оппозиция өкілдерінің президент резиденциясын басып алуын бұлғақ деп бағалады. Ал оппозиция көсемдерінің бірі, бұрын премьер-министр болған Сергей Шамба: «Президентті отставкаға жіберуге Парламенттің қақы жоқ», – деді. Әрі сол күні 35 депутаттың 19-ы ғана дауыс беруге келіпті. Қалғандары Анквабты қолдау үшін барған. Уақытша үкіметті қолға алған оппозиция өкілдері тарапынан қойылған талап: Ресейге масыл боп отыра бермей, Абхазияның экономикалық стратегиясын түзу, тәуелсіз ел ретінде дербес әрекет ету. Бірнеше айдан бері биліктен реформа мен жаңғыруды талап етіп келген жұртшылықтың шыдамы осылайша сарқылды. Сухумидегі «Нужная газета» басылымының бас редакторы Изида Чания уақытша үкіметтің тәуелсіз сайттар мен газеттерді жауып тастағанын айтады. Ортадағы араздықты шешу үшін Путиннің кеңесшісі Сурков Абхазияға барды. Тәуелсіз сарапшылар пікірінше, Кремль Абхазияда Майдан ұйымдастыруға мүдделі емес. Өйткені дәл қазір Қырыммен бас қатырып отырған Мәскеу мойнына қосымша жүк алуға құлықсыз әрі Абхазиядағы саяси төңкеріс керек емес. Сондықтан Анквабқа «аш пәледен қаш пәле» саясатын ұстануды бұйырды. Оның отставкаға кетуі де сондықтан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары