Қызғалдақты қастерлеген көне түркілер

Қызғалдақты қастерлеген көне түркілер

Қызғалдақты  қастерлеген  көне  түркілер
ашық дереккөзі

«Көлсай көлдері» респуб­ликалық мемлекеттік мекемесі «Саябақтар шеруі» халықаралық табиғат қорғау акциясын жыл сайын өткізіп келеді. Бұл акция Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің арнайы бұйрығымен 22 наурыз бен 5 маусым аралығында өткізілетін халықаралық маңызға ие шаралардың бірі.

Саябақтар шеруін өткізудің басты мақсаты – жергілікті тұр­ғындарды, оқушыларды, турис­­­терді табиғатты қорғау жұ­мыстарына араластыру, азаматтарды ұлт­тық парктер мен қорықтардың гүлденуіне өз үлестерін қосуға тарту болып табылады. 

Шеру кезінде көптеген акция­лар жүзеге асырылады. Мысалы: «Орман – отан байлығы» акциясы негізінде парк аумағында экологиялық сенбіліктер ұйым­дастыру, ағаштар отырғызу, ауылдарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, өзен бойлары мен көлдерді тұрмыстық қалдықтардан тазарту, экологиялық соқпақтар мен туристік автотұрақтарды қалпына келтіру сияқты шаралар атқарылады. 

«Құстарға ұя жасайық» – құстар күніне байланысты акция өткізу, ең үздік құстар ұяларын жасағандарды іріктеу; «Жасыл желек – жанға сая» акциясы кезінде елді мекендердегі жол бойларына ағаштар отырғызу, орманның сиреп қалған жерлерін молықтыру жұмыстары атқарылса, парк қызметкерлері мен ғылым және мониторинг бөлімі мамандарының басшылығымен емен ағашын жерсін­діру жұмыстары қатарынан үшінші жыл атқарылып келеді. Биылғы жылы бұл ағашты өз тұқымынан уақытша тұқымбақта өсіру арқылы жерсіндіру жұмыстары қолға алынып отыр. «Сулы жер – нулы жер» акциясы бұлақ көздерін, арықтарды тазарту жұмыстарын қамтиды. «Саябақтар шеруін» өткізу барысында акцияға белсенді қатысушыларды марапаттау үшін демеушілермен – коммерциялық, жеке кәсіпкерлермен, туристік фирма директорларымен, мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс жүргізіледі.

Шеру кезінде қамтылған акциялардан жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтарға ие болады.

Сонымен қатар, шеру барысында жарнамалық жұмыстар да өз мәнінде атқарылады. Олар: бильбордтар шығару, жарнамалық тақталар шығару, жұқа кітапшалар және күнтізбелер шығару жұмыстары.

2010 жылы Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бұй­рығымен «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясының белгісі мен ұраны бекітілді. Бұл эмблеманың негізі болып – қызғалдақ алынса, «Табиғатты аялайық, болашақты ойлайық» деген сөз ұраны болып отыр. Сондықтан, қызғалдақ дегеніміз – көктем мен жаңарудың, рухтанудың, табиғат әлеміндегі жаңа жыл мен жаңа өмірдің басталуының жаршысы деген сөз.

Ал енді, «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» атты акцияның өткізілуі қызғалдақтардың түп отаны қазақ жері екендігін дәлелдеу. Мысалы: Қазақстан жерінде қызғалдақтың 34 түрі өседі десек, оның 12-сі эндемикалық, яғни тек қана Қазақстанның жабайы табиғатына ғана тән өсімдіктер. Көшпенді халықтың көне ғимараттарында да қызғалдақ суреттері аз емес. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі кесенелерінде қолданылған кірпіштерде қызғалдақтар бейнеленген. Қызғалдақ тарихы 1050 жылдардағы парсы дастандарында да жазылған. Ол Азия еліне «тюльпан» есімімен танымал. Себебі, ертедегі түріктің бас киімі қызғалдаққа ұқсастығы себеп болған. 

Ұлттық парк ұжымы биылғы жылы да «Саябақтар шеруін» ұйымшылдықпен өткізу жұмыстарын бастап кетті. Мұндағы басты мақсат­тардың бірі – аудан көлемінде немесе ұлттық парк аумағындағы елді мекен­дермен шектеліп қана қоймай, көрші аудан тұрғындары мен мектеп оқушылары арасында да ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыру, оларды Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тыныс тіршілігімен таныстыру жұмыстары болып отыр. Жоғары оқу орындары және колледж студенттерімен жұмыстар қолға алынып отыр. Мысалы, биылғы жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экология-география факультеті студенттері арасында «Саябақтар шеруі» барысында Көлсай, Қайыңды көлдері мен Ботамойнақ шатқалдарына 10 күнге арналған экологиялық экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Осыған орай, «Саябақтар шеруі» – 2014 халықаралық табиғат қорғау акциясы 17 мамыр күні парк аумағындағы Саты ауылдық округіне қарасты А. Түркебаев және Ә. Ниязбеков атындағы орта мектепте өтті. 

«Сулы жер – нулы жер» акциясы бойынша Саты ауылында орналасқан А. Түркебаев атындағы орта мектептің 9 – 10 сынып оқу­шылары Саты өзенінің жа­ға­лауын қоқыстардан тазартты. 

«Құстарға ұя жасайық» шарасы кезінде А. Түркебаев атындағы орта мектептің 8 сынып оқушылары ұя жасап, мектеп ауласына орналас­тырды.

«Табиғат – халық қазынасы» акциясына байланысты ұйымдас­тырылған қолөнер туындылары бойынша Ә. Ниязбеков мекте­бінің оқушылары үздік қолөнер бұйымдары көрмесін көрсетті. Сондай-ақ, осы мектептің оқушы­лары орманда кездесетін аңдардың, өсімдіктердің, ағаштардың бейне­сінде тігілген киім үлгілерімен ерекше көзге түсті.

«Қазақстан – қызғалдақтар Ота­ны» шарасы кезінде оқушылар өз қолдарынан қызғалдақ бейнесіндегі киім үлгілерін тігіп, көпшіліктің назарына ұсынды.

Ұлттық парктердің басты мақ­саты – табиғатымызды қорғау болса, бұл акциялар жас ұрпақты табиғатты аялау мен қорғауға үйре­тетін маңызы зор шаралардың бірі.

Әділхан Батанов, «Көлсай көлдері» МҰТП PMM-нің туризм 

және экологиялық ағарту бөлімінің бастығы