БАҚЫТЫМ ДА, БАҚЫТСЫЗДЫҒЫМ ДА – ӨНЕРІМ, –

БАҚЫТЫМ ДА, БАҚЫТСЫЗДЫҒЫМ ДА – ӨНЕРІМ, –

БАҚЫТЫМ ДА,  БАҚЫТСЫЗДЫҒЫМ ДА – ӨНЕРІМ, –
ашық дереккөзі

Күнделікті тіршілікте ойлы, көзі қарақты кейбір оқырмандар газет тілшілеріне табыс тілей отырып, өздерінің де тілек-өтініштерін білдіріп, ұсыныстарын да айтып жатады. Солардың бірі, сонау жетпісінші жылдардың соңында, өнер әлеміне өзіндік сүрлеуімен келген «Отырар сазы» оркестрінің белді әншісі Майгүл Қазтұрғановаға іздеу салуымызды өтінген еді. Оқырман өтініші бойынша дауылпаз сазгер Нұрағаң, Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға жеңгейге хабарласып, тыңдарман жоғалтып алған әншінің мекен-жайын да таптық. 

– Өте қуаныштымын, араға қаншама жылдар салып, өзіңді тыңдарманың іздеп, тіпті газет арқылы сұрастырып жатса, неге қуанбасқа? Әрине, кездесуге келемін, – деді телефонда сыңғырлай күлген әнші. 

Қазақстанның Халық артисі, Еңбек сіңірген артисі Майгүл ханыммен болған әңгіме де бірден «Отырар сазынан» басталып кетті. 

– Қазақта «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, менің де өнерге қадамым осы өнер ұжымымен тығыз байланысты. Алғашқы өнердегі отауым – «Отырар сазы» болса, ұлы ұстазым марқұм Нұрағаң екенін жасыра алмаймын. 

Қазіргі Алматы облысы, бұрын­ғы Талдықорған облысының Қа­ра­бұлақ ауданына қарайтын, Қа­ра­­талдың жағасындағы кішкен­тай ғана Еңбек ауылында көп­ба­лалы отбасының тұңғышы бол­дым. Әкем Ибрагим ауылға жер аударылып келген шешен қызы Пашаға өлердей ғашық болып қосылыпты. Бүкіл ауылды тамсандырған олардың кіршіксіз таза махаббатынан тұңғыштары мен дүниеге келгенмін. 1 мамыр – менің туған күнім. Еңбекшілердің ынтымақ күні елдің бәрі Қаратал өзенінің жағасын саялап, мереке-думан жасап жатқанда анам марқұм үйде жалғыз қалып қойыпты. Үй дейтіндей де емес, жертөле там болатын. Қызының айы-күні жетіп отырғанын білді ме, әлде жалғыз қалғанын іші сезген болар, нағашы әжем келіп қалса, анам толғатып жүр дейді. Білекті сыбанып, жалғыз өзі кіріседі ғой. Өзен жағалап кеткендер ожауды ұмытып кетіп, сол сәтте кішкентай ғана Шәкен деген қызды ауылға жібереді. Біздің үй ауыл шетінде, жанынан өтіп бара жатып іңгәлаған сәби үнін естиді де, жертөле тамның кішкентай ғана терезесінен үңіледі. Есі-шығып жүгіріп жүрген әжеме қарап, біресе өзінің қолындағы алқызыл қызғалдақтарға қарап: – Әже, бұл қыздың аты Майгүл болсын,– депті де, ожауын да ұмытып, сүйіншілеп өзенге қарай жүгіріпті. 

Солай, менің атым – Майгүл осылай қойылыпты. Кішкентай ғана періште қыз терезе көзінен Майгүл атапты. Неге мереке күні тудың, туған күнімді дұрыстап тойлай алмаймын деп шешеме өкпелейтінмін. Сонда әкем марқұм: – Сенің туған күніңді бүкіл ел болып, ауыл-аймақ тойлайды ғой, түрлі-түсті шар ұстап шеруге шығады,– дегенде, шынымен-ақ қуанып әрі сеніп қалатынмын. 

Ата-анам өмірге он үш бала әкелді. Екеуі жастай шетінеп кетті де, қалғандарын адам қатарына қосқанша, әке-шешеге көмекші болуға, қолғабыс болуға тырыстым. Сөйтіп жүріп, оқу іздеп қалаға келдік. Ән саламын, даусым әжептәуір. Сыңғырлап тұр. Өзге ұлттың өкілі болса да, анам марқұм өте шешен, сөзшең, қазақтың мақал-мәтелдерін араластыра сөйлейтін әдемі кісі еді. Ауылда анамсыз той өтпейді екен. Мүмкін ана сүтімен дарыған болар, содан өнер ауылына бет бұрдым.

Алматыға келіп, консерва­то­рияда оқып жүрген кезімде де қарны тойып тамақ ішпеген, жарқырап киім кимеген қарабайыр шопан қызына оқумен қатар жұмыс істеуге тура келді. Қасымдағы құрбым екеуміз сабақтан кейін еден жуып, 60 сомды бөліп алып жүрдік. Ауылға барған сайын әкем: «Саған беретін қаражат жоқ, жаным, тек Алла тағаладан жақсы адамдарға жолықтырсын, жақсылардан шарапат болса екен деп қана тілеймін» дейтін. Әкенің бұл шарасыз сөздері жанымды ауыртып, онсыз да өнерге деген махаббат сыздатқан жас жүрегім езіліп-егіліп қайтатынмын. 

Ол жылдары ұлттық өнер, ұлттық мә­дениет деген сөздерді ауызға ал­май­тын қиын бір кез еді, сабақтың бәрі Еуропаша, әлем классиктерінің шы­ғармаларынан дәріс оқытылады. Доцент-педагог Надежда Дмитриевна Юмашева вокалдан сабақ беретін-ді. Онда ұлттық бөлім жоқ. Бәрі классика! Шетел композиторларының ғана шығармаларымен айналысамыз. Талай сынақ үстінде оқытушылардың: «Кулаштын даусы, белый звук, Байсейтовская, не европейский, национальный» деп жақтырмайтынын естідім. Тіпті, Қыздар педагогикалық институтына ауыстырып жіберген кездері де болды. Таза, ашық, сыңғырлаған, ұлттық әуендерге жақын деген сылтаумен біраз қудаланып, құтылғылары да келген. Сөйтіп, менің табиғи даусымды классикалық шығармаға бұрамын деп, мен әуелі ән айтпақ түгілі, адам сияқты сөйлеуден қалдым. Даусым құм сияқты судырлап, тіпті соны уайымдаймын деп жүйкеме салмақ түсіп, ауырып қалдым. Дауысы жарамайды, голосовой связкасы сырқат деген сылтау қосылды. Содан біреулер арқылы медицина институтына іздеп барып, атақты Тойбағаров деген еліміздегі тұңғыш лор-дәрігерді іздеп таптым. Қандай мінезді болғанмын десеңші, өзімнің табиғи даусым үшін күресуге, дәлелдеуге тура келді. Бала болсам да, жас болсам да, қайсарлықпен, әнші бола алатынымды көрсетемін деген бір мақсат қойдым. Қазіргі Жандосов пен Манас көшесінің қиылысында емханада қабылдайды екен. Дәрігерді көргенде өз туған әкемді көргендей жылап жібердім. Әбден қорланған болуым керек, ағыл-тегіл жылап отырып, ауылда да, қазір де әжептәуір ән салатынымды, тіпті атақты Бибігүл апамның репертуарындағы «Бұлбұлдан» бастап, қазақтың халық әндерін де айтып жүргенімді айтып отырып, ағылдым-ай кеп. Дәрігер де, жанындағы медбикелер де шошып кетсе керек, орындыққа отырғызып, бірнеше медбике тамағыма сыртынан дәрі жағып, жарты сағаттай уқалап массаж жасады да, сосын барып дәрігер асықпай тексере бастады. Көмейімді әбден тексерді. «Бәрі де орнында», – деді. Бірақ әнді дұрыс таңдау керек екенін де айтты. Дәріс берушілерге сәлем айт, дәл менің сөзімді жеткіз, свзякаларың өте жақсы. Бекенге де сәлем айт», –деді. Сөйтсем, Бекен Жылысбаевпен бұрыннан таныс екен, ол кісінің үнемі қаралып, тексеріліп жүретін дәрігері болып шықты. 

Содан ептеп қулыққа барып, өз бетімше дайындалуға кірістім. Дауысқа көп салмақ салмай, өзімнің табиғи даусыма келетін халықтық сарындағы әндерді орындаймын. Осы ретте концертмейстр Наталья Сергеевна Дремина деген ұстазымның еңбегі ерекше. 1980 жылы консерваторияны бітірдім. Арманымыз – елге мәлім Құрманғазы оркестріне орналасу. Бірақ, Наталья Сергеевнаның «Саған оркестр емес, опера театрының да керегі жоқ, саған ұлттық, табиғи әуезіңді танытатын халықтық ансамбль керек» деген ақылымен сол кезде енді ғана ансамбль болып бес-алты адамнан ғана құралған «Отырар сазына» келдім.

Келсем Болат Сарыбаев: «Сен кон­серваторияны бітіргенсің, бізге қазақи-табиғи әуенді орындаушылар керек», – дейді. –Аға, тыңдап көріңізші мені, – деп бой бермеймін. Еуропаша дәріс алғанмен, классикалық шы­ғармалармен айналысқанмен, мен қазақтың халық әндерін де орын­даймын, – деймін.

Ол кісінің ат-тонын ала қашып, ұлт­тық ансамбльге жолатпай отыр­ға­нын да ішім сезіп отыр. Бір күні мүмкіндік туды-ау. «Қарағым-ай», «Алқоңыр», «Бір бала», әсіресе, Манарбек Ержановтың «Қуанамын» атты әндерін шырқадым-ай кеп… Ішімдегі өкпе-ренішім бар, намыс бар дегендей, барымды салдым. 

– Ой, не деген дауыс, не деген таза ашық үн! Күләштан кейінгі на­қы­шына келтіріп орындаған сен бол­дың, қарағым,– деп балаша қуа­нып орнынан тұрып кетті. Сөйтіп, ан­с­амбльге толық мүше болдым, ре­пер­туарым да өсті. 

Қазақ музыкасының жанашыры, өнер зерттеушісі, профессор Болат Сарыбаев өз ұсынысының арқасында құрылған ансамбліне жетекшілік жасайды екен. Болат аға Қонаевқа барып: «Ұлттық музыка мұражайында жатқан көне музыка аспаптарын тірілтейік, халыққа жақындатайық, осындай ұлттық ансамбль керек» деп жүріп ашқан ғой. Сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз, қылқобыз, то­қылдақ, тайтұяқ сияқты көне ас­пап­тарды әлдебіреулердің «ескі за­манның қалдықтары, шаманизмге қайта апаратын аспаптар» деген сөз­деріне де тойтарыс берген жалғыз адам, сол – Сарыбаев болды. Ансам­бль­дің жетекшісі әрі сыбызғыда ойнайды, маған тайтұяқты беріп қойды. Репертуарда Құрманғазының «Шалқымасын» ойнайды, ал мен «Тол­қыманы», яғни Жібектің ариясын айтамын. Бақыт апай Қарабалина өте қалжыңбас, әзілқой, айналасына шуақ шашып отыратын еді. Арасында демалып, жайбарақат шақ туа қалса ансамбльдің алты-жеті мүшесі сол кісінің төңірегінен шықпаймыз.Не концерттерге қатыспаймыз, не гастрольге шықпаймыз, өйткені репертуарымызда екі-ақ номер. Арасында Қаршыға Ахмедияров, Мәлкаждар Әубәкіров, Сейілхан Құсайынов сияқты танымал кісілер келіп, араласып жүрді, әрине. Бірақ, біздегі таңсық ескі музыка ас­паптарының табиғатын түсіне ал­май­ды. «Біздің репертуарымыз өте бай, «Шалқыма» мен «Толқыма», «Толқыма» мен «Шалқыма» деген Бақыт апайымыздың ащы да болса шындық әзіліне біресе күлеміз, бі­ресе жылаймыз. Жарты жылдан асып барады, обалы не, айлық жүріп жа­тыр, бірақ ешқандай қозғалыс, өз­ге­ріс жоқ. Бір күні бәріміз жиналып алдық та, республикалық Жамбыл атындағы филармонияның директоры Төлеутай Ибраевқа бардық. Тұрақты бастық, музыка өңдеуші, әншілер қажет екенін, ансамбльдің құрамы жайлы ұсыныстарымызды айттық. Осындай қозғаудан кейін бір күні Нұрағаң, Нұрғиса Тілендиев келді бастық болып, сол жылдары «Қыз Жібектің» дүрілдеп жүріп жатқан кезі. Фильмнің музыкасын жазған композитор Нұрағаңның да абырой-атағы кең жайылған тұс. «Қыз Жібек» музыкасымен Қыз Жібек болды ғой шын мәнінде. Республика басшысы, қазақ халқының адал ұлы бола білген Димаш Ахметұлы өзі шақырып алып, Тілендиевті «Отырар сазына» басшылық жасауды тапсырады. Мінезге бай, таза шығармашылықтың адамы Нұрағаңмен бірге «боран» келгендей болды. Филармонияда дауыл соққандай қозғалыс басталды да кетті. Тікмінезді, талапшыл. Бетің бар, жүзің бар демейді. Өзін де, өзгені де өнер үшін аямайтын. Алғаш «Ата толғауын» берді. Жамбыл атамыз қартайған шағында көк есегіне мініп алып, есектің тұяғы тық-тұқ, тақ-тұқ етіп кетіп бара жатады. Ал, мен тоқылдақта ойнаймын. Арасында вокалды дыбыс кетеді, соны орындаймын. Оркестрге арналған шығармаға вокаль кіргізген де алғаш Нұрағаң болды. 

– Әй, Майгүл, саған осы мүйіз жарасады екен, өте жарасады,– дейтін, мен күйіп-пісіп ыза болып қаламын. Кейде жылап қаламын. Консерваторияны бірге бітіргендер де тұяқтас ойнайтынымды әзілге бұрып жүрді. Жүре-жүре барлық музыка аспабының үні жаныма да, құлағыма да жаға бастады. Сондықтан да болар, сахнада ән салып тұрып ешқашан дирижер жаққа қарамайтынмын. Өйткені әр аспаптың, әр орындаушының шы­ғар­маны қалай орындап отырғанын іштей жан-дүниеммен түйсініп қабылдап отыратынмын. Қай шығарманы болса да жүрек сүзгісінен өткізетінмін. Ән орындауды ғана емес, музыка аспабында қалай орындауды да жан-тәніммен түсіндім. Сезіне бастадым. Әнді орындап тұрып, өз-өзіме бейнебаян жасайтын дәрежеге жеттім. Әннің басталуы мен аяқталуы арасындағы тыныс алу, үзіліс сынды сәттерден кейін қай аспаптың қосылатынын да іштей сезініп, дайын едім. Өйткені өзім де сол тылсым да жұмбақ аспаптардың бірінде ойнадым ғой.

Тіпті, алғашқы кездері мик­ро­фон­сыз, жанды дауыспен айттық. Өйткені әр аспаптың дыбысы анық естілуі үшін әрбір музыканттың алдына бір-бір микрофон керек болды. Ал, мен мик­рофонсыз-ақ ән салғанда, кәдімгі табиғаттың аясында жүргендей, бұлбұлдың сайрағаны, тап-таза мөлдір бұлақтың сылдыры, таудан ескен әдемі бір қоңыр салқын леп бетімді шымшып, жүректі шымырлатып, керемет бір күй кешемін. Таудың саф ауа­сы көкірегімді кернеп, көмейіме күй болып құйылғандай әсерде, қалықтап ұшып жүремін. Жүрек тулайды, сыздайды, жылайды. Сол ән арқылы, сол музыка арқылы жаным толқиды.

– Жүрек жылайды демекші, Нұрағаңның «Жүрегім менің» әні сіздің орындауыңызда ерекше шықты, ән қайта туғандай болды деген қауесет бар… 

– Ел айтса, дұрыс айтатын шы­ғар, менен бұрын орындағандар да танымал әншілер. Оркестр құрамы да өсе бастады. Өнер сапарлары да көбейді. Менің репертуарымдағы «Толқыма», «Есік алды топ шеңгел», «Әпитөк», «Дедімай-ау», Кенен атамыздың «Ой, жайлауымен» толықты. Сөйтіп жүргенде, «Жүрегім меніңді» берді Нұрағаң. Ол енді, тұтас бір эпопея! Бүтін бір драма! Тұла бойы тұнған трагедия ғой! «Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» дегенді осы ән орындауда түсіндім. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым десем, артық айтқандық емес. Менің алдымда Бақыт Әшімова, Нұрғали Нүсіпжанов сынды әншілер орындағандықтан, әнді салайын десем, солардың әуеніне ілесіп кете беремін. Орындамаймын дейін десем, Нұрағаңнан қорқамын. Тығырыққа тірелдім де қалдым. Бір күні ән нотасын құшағыма қысып, ағыл-тегіл жылап жатып ұйықтап қалыппын. Түн ішінде оянып кеттім. Жарық та сөнбеген, әсем Алматымыз қараңғы түн құшағында. Маңайым да қалың ұйқыда. Көмейіме әдемі бір әуен, таныс әуен келеді, бірақ өзгеше. Байқаймын, тым бөлекше сияқты. Өзі жүрек болса, ол мына жарық дүниемен қоштаса алмай, өмір мен өлім арпалысып жатса, жүрек қан жылап, бірде бәсеңсіп, енді бірде соғысы жиілеп азапқа түсіп жатса, ол неге бүгінгі эстрада әуендері тә­різді тым қысқа, ритмді болуға тиіс деген ой санамды жаулады. Бұл жәймен, үзілдіріп, созылыңқы ритммен орындалатын ән деген ойға тоқтадым да, орнымнан тұрып сызылта сала бастадым…

Әнді таңға дейін бірнеше рет­ қайталадым. Тұтас ғұмыр көз­ алдымнан кинолентасындай зы­рыл­­дап өтіп жатыр. Ол неге тез рит­м­да орындалуы керек, менің орын­дау­ымдағы нұсқасы дұрыс деген тоқтамға келдім. Жүрегі ауырып, сыздап тұрған адам қалай жылдам ән сала алады? Осы оймен таңды атырып, ертеңіне жұмысқа келдім. Қабылдаса осылай қабылдайды, ал қабылдамаса ше?! Адам баласы өлім, ажал алдында ғана емес, тіпті басыңа бір қиыншылық түскенде де ойға батып, жүрекке салмақ түседі емес пе? Ал ондай жағдайда қалай ғана ән саласың, бұлай болмаған жағдайда ән дұрыс жазылмаған деп айта саламын деп өзімді жігерлендіріп келдім ғой.

Репетиция басталды. Жәймен бас­талды. Нұрағаң жаққа қарамаймын, бір шумақ кетті, тыныштық. Үшінші шумаққа келгенде, жәймен басымды бұрмай, көзімнің қиығымен қарасам, ұлы композитордың омырауын жас жуып кетіпті. Ақшыл сары түсті жеңіл көйлегінің алды тұтас малмаңдай, бір қолымен оркестрді басқарып, екінші қолымен көзінің жасын сүртіп тұр екен. Шошып кеттім. Өмірбақи қатал, өнер десе жерге қағып жіберетін қаталдығына тәнті болып жүрген кісіңіз, көз алдыңызда балаша еңкілдеп тұрғанын көру, әрине, өте ауыр екен. Ал, мен болсам әннің образына еніп кеткенім сонша, оның үстіне автор қалай қабылдайды деген де ой жоқ емес, ол кісі жаққа қарамауға тырыссам керек. Сөйтсем, ән басталғаннан композитордың жаны тебіреніске түссе керек. Төртінші шумаққа кірісіп кеттім, өйткені басталған әнді аяқтау керек қой.

Өкінбеймін, күн зулап өте берсін,

Кейінгілер, жүрегім, мені көрсін

Жырым мені ешқашан өлтірмейді,

Әнім мені алысқа жетелерсің, жетелерсің…

Ән аяқталды. Жүрек қанша жы­ласа да, қанша сыздаса да өмір­дің соңғы нүктесі, тірліктің соңғы нүктесі қойылатынын мойындамасқа амал жоқ дегендей, осылай патриоттық жеңіліспен аяқталатыны бар. Қаншалықты қимасаң да бойұсынасың, қашып құтыла алмайсың, бірақ жыла жүрек, жыла!!!

Бәріміз де үнсізбіз. Нұрағаңның жанарындағы жас бәріміздің еңсемізді езіп жібергендей, жүзіне қарай алмаймыз. Бір кезде: «Бері кел!» деген даусы саңқ ете қалды. Іле «орындарыңнан тұрыңдар» деген зілді дауыс ере шықты. Тарс-тұрс дыбыс та жоқ, оркестр мүшелері орындарынан атып-атып тұрысты.

– Мына ән бүгін қайта туылды! Өмірге жаңа келді! Ана қырттар дұрыс айтқан жоқ, бүгін жаңа ән келді! Майгүл дұрыс айтты, біріншіден, ал екіншіден Майгүл де әнші ретінде өмірге бүгін келді! Кел, бері, жақында!– деді сосын. Жанына қалай жетіп барғанымды, маңдайымнан сүйгенін,одан әрі не дегенін білмеймін. Бір қарасам, иығына басымды қойып егіліп жылап тұр екенмін…

«Отырар сазымен», Нұрағаңмен талай өнер сапарларында бірге жүрдік. Өнерде жүргеніме, өнерге бүкіл ғұмырымды арнағаныма ризамын.

– Әдемі әйелсіз, керім әншісіз, осы өміріңізде ғашық болып көрдіңіз бе?

– Біреуге ғашық болу, ессіз сүю бақыты менің тағдырыма жазылмаған бақыт. Әйел-әнші болу үшін өнер адамының екі ғұмыр кешуі керек сияқты. Менің өмірім де – өнер, бақытым да, тіпті бақытсыздығым да – өнер! Көп балалы отбасында, бірде бар, бірде жоқ тірлік кешкен әке-ше­шеме жаным ашитын. Қазақ отбасылардың бәріне тән, тұңғыш баланың сүйретер ауыр көшін бастап, мен де өмірбақи өнермен қатар арпалыса күресіп өткен бауырмал әпкемін. Бойымдағы ана сүтімен дарыған қабілет-қарымымды жоғалтып алмайын деп, жаным қалаған өнерді өрге сүйреймін деп, «ана қу тұяқ Ыбыштың қызы сұмдық әнші болып кетіпті, теледидардан көрдік» деп шулаған, бірі шын қуанып, енді бірі мысқылдаған шақтарда ата-анамның байлығы жоқ болса да, еңсесі биік жүрсінші деген намыс та алға сүйреп бақты. Тіпті жастау кезімде «егер жағдайлары болмаса, үлде мен бүлдеге орамаса да, жарқыратып киіндіре алмаса сонша баланы өмірге әкеліп несі бар екен» деген ата-анаға өкпе де болды. Осы бір отбасындағы қиындық менің де тағдырыма балта шапқандай, өмірбойы жалғыз өтуге бел байлаған шақтарымда еріксіз жанарыма жас келетін. Сөйтіп жүріп отыздың бел ортасына келгенде ғана ел сыйлаған, беделді бір азаматқа жолықтым. Ақыл тоқтатқан, әйелімен ажырасып жүрген кезінде жолықтым да, көз жұмып соның етегінен ұстадым. Әбуғали билік басында жүрген азамат болғандықтан, оған да бұл тірлігіміз оңай болған жоқ. Сандуғашым екеуміз бір жыл болды, ол әкеден, ал мен қиын-қыстау шақтарда демеу болған жақсы жолдасымнан айрылдым. 

Бүгінде сол жалғызымның аман­­дығын тілеп, немеремнің тәтті былдырына мастанып ғұмыр ке­шіп жатқан жай бар. Тағдырыма ри­замын, біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмыс-тіршілігім бар шығар. Ал көмейімде әлі де сыңғырлаған үн, жағымды даусым бар, одан артық не керек?! 

Шынында да, алпыстың бел ортасына таяп қалған әншінің сұлу жүзіне, өнер жайлы әңгіме шерткенде жалт-жұлт етіп жанып тұрған жанарына қарап, біз де өнер адамдарының жаратылысы шын мәнінде ерекше екеніне, халық айтса қалт айтпайтын «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген» деген дана сөзін іштей мақұлдағандай болдық. Әсіресе, таудан аққан мөп-мөлдір бұлақтай сыңғырлап тұрған даусына қарап отырып, Майра апайдың бес жасар немересінің жалына айтқан сөзі ойымызға оралды. «Әжеке, екеуміз дау­сымызды айырбастайықшы» деген сәби жүрегінен шыққан ақиқатқа қалай қарсы дау айтар едіңіз?!

Сұхбаттасқан Таңсұлу Алдабергенқызы