ЭКОНОМИКАЛЫқ ОДАҚ ҚҰРЫЛДЫ

ЭКОНОМИКАЛЫқ ОДАҚ ҚҰРЫЛДЫ

ЭКОНОМИКАЛЫқ  ОДАҚ ҚҰРЫЛДЫ
ашық дереккөзі
269

Үш елдің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық одақтың басты мақсаты қандай? Экономикалық, әлеуметтік және қаржылық тұрғыда кімге тиімді? Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында ортақ валюта енгізіле ме? Елбасының осыдан жиырма жыл бұрын білдірген ұсынысын жүзеге асыруда қандай қиындықтар кезікті?  


«Шарттың астарында саяси сарын жоқ»


Үстіміздегі жылдың 29 мамырында Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш ел арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ ресми түрде күшіне енеді. Осы одаққа қатысты жасалған мәлімдемеде ҚР Президенті Н.Назарбаев құрылған бірліктің экономикалық одақ екенін, мүше-мемлекеттердің тәуелсіздігі мен саяси егемендігіне ешқандай қатысы жоқтығын ескертті. Оның себебі, ЕЭО құрылмай тұрып, базбіреулердің «Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында келмеске кеткен КСРО-ны қайта тірілтетін болды» деген желсөзі ел ішінде түрлі күдік тудырғанн. Бірақ Елбасы ешқандай саяси одақтың құрылмайтынын, яғни, экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға күш салынатынын баса айтты: «Тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд. долларлық мөлшерге жетті. Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63 пайызға ұлғайып, 6 млрд. доллар болды. Бұл абстрактілі сандар ғана емес. Олардың артында жүздеген нақты кәсіпорындар мен компаниялар, қазақстандық, беларустік және ресейлік серік­тес­термен арадағы өзара іс-қимыл­дың жаңа желілері тұр. Бұл – мың­даған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық және өзіне жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесінің табыстылығының өсуі». Ал тарихи құжатқа Астанада қол қоюының астарында саяси маңыз бар: «Астана Еуразияның дәл жүрек тұсында орналасқан. Бұл – қазіргі заманның ең жас елордасы. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың саммиттері өтті. Біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындалудамыз. Қазақстан еуразиялық интеграция идеясының ілгерілеуіне тарихи үлес қосты. Нақ осында ғасыр басында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды, біздің интеграциялық үдерісіміздің барысы мен қарқынын айқындаған бірқатар маңызды шешімдер қабыл­данды». 

Келісімшартқа қол қою барысында Елбасы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастаманы осыдан 20 жыл бұрын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жиырма жыл бұрын жария еткенін еске салды: «Тек уақыт қана түбегейлі көз жеткізу қасиетіне ие. Жаңа еуразияшылдықтың екі онжылдық тарихының тәжірибесі осыны дәлелдейді. Еуразиялық интеграция идеясы Ресей және Беларусь президенттерінен қолдау тапты. Дәл сондықтан да біз бүгінгі күнге – Шартқа қол қоюға жеттік».

Н.Назарбаевтың айтуынша, бүгін­де үшжақты шартқа Армения мен Қырғызстан да қосылуға дайындалып жатқан көрінеді. «Басты мақсаттың бірі – экономикаларымызды бірлесе жаңғырту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін елдердің әрқайсысының мүмкіндіктерін біріктіру. Бізге өзге интеграциялық бірлестіктердің, ең алдымен Еуроодақтың тәжірибесін ескеру маңызды. Әңгіме қатысушы елдің бірде-бірінің деиндустриализация үдерісіне ұрынып қалмауы, ұлттық экономикада өнеркәсіптің дәстүрлі салаларының, ауыл шаруашылығының құлдырауын болдырмау туралы болып отыр. Еуропа экономикасындағы рецессияның беретін сабағы осында», – деп атап көрсеткен Н.Назарбаев экономикалық интеграцияның арқасында ұзақмерзімдік тұрақтылық пен елдің әлеуметтік ахуалын нығайтуға мүмкіндік туатынын ескертті: «Еуразиялық экономикалық одақты біз жаһандық байланыстармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия ареалдары арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз. Еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, біз заңды кезеңдер – еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік арқылы батыл ілгерілеп келеміз». 


Ортақ валюта бола ма?


Тауар, қызмет көрсету, жұмыс күшінің еркін қозғалысы, экономика саласындағы жүйелі, алдын ала келісілген және біртұтас саясатқа негізделген Одақ кімге тиімді? Дәл осы сұрақпен бас қатырғандар көп. Бастысы, ортақ валюта. Негізі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ валюта болады деп Шартта көрсетілмесе де (есесіне, біртұтас макроэкономикалық саясат түзу жайлы айтылған), ресейлік БАҚ «келешекте ортақ валюта болады» деп жұрттан сүйінші сұрауда. Олар аталған құжаттың 64-бабындағы интеграцияны тереңдету мақсатында «келісілген валюталық саясат жүргізіледі» деген тіркесті арқаланып отыр. Қаржылық салада әзірге үш бағытқа көңіл бөлін­ген. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде мемлекеттік басқару секторының бюджет тапшылығы Жалпы ішкі өнімнің 3 пайызынан аспауы тиіс, мемлекеттік қарызы – ЖІӨ-нің 50 пайызынан төмен болуы тиіс және инфляция деңгейі 5 пайызбен шектелуі қажет. Дәл осындай шарттар 1999 жылы Еуропалық Одақтың іргетасы саналатын Маастрихт келісімінде бекітілген екен. Ал аталған құжат ЕО-ға ортақ валюта – еуроны түзіп берді. Осы деректерге сүйенген ресейлік ақпарат құралдары «ЕЭО экономикалық көрсеткіштермен шектелмейді, үш елдің ортақ валютасы да болады», – деп болжауда. «Газета.Ru» жариялаған бір мақалада: «Иә, ортақ валюта интеграияның логикалық жалғасы болар еді. Одаққа мүше тараптардың экономика, әлеуметтік сала, бизнесте бір-бірімен етене араласуы үшін», – деп жазылған. Дәл осы ойды күні кеше ғана РФ вице-премьері Шувалов та растады. Ал ҚР бірінші вице-премьері Бақытжан Сағынтаев болса, ортақ валютаның болмайтынын, керісінше, үш елдің өздерінің ұлттық валюталары сақталатынын айтады. Тағы бір маңызды жайт, 2015 жылы үш елге ортақ Еуразиялық Орталық банк құрылмақ. Ал Алматы Еуразиялық экономикалық одақтың қаржылық орталығына айналады. Алайда, Орталық банктің келешегіне күмәнмен қарайтындар да жетерлік. Мәселен, Ресейдегі «Альфа банктің» сарапшысы Н.Орлова РФ Орталық банкінің өз тізгінін Еуразиялық орталық банкке беріп қоятынына күмән келтіреді. Ал америкалық Merrill Lynch банкінің қызметкері В.Осаковский: «Ортақ валюта енгізілсе, ол түгелімен бір қолда болуы керек. Өйткені инфляцияға жұтылып кетуі мүмкін», – дейді. Ресей жақ осылай жаймашуақ ортақ валюта мәселесін талқыға салып жатқанда, Қазақстан мен Беларусь жағы керісінше, бұл тақырыпты ашық қаузаудан қашқақтайды. Себебі, ұлттық валюта – тәуелсіздіктің кепілі. Егемендікке, территориялық тұтастыққа селкеу түсіріп алмауға тырысқан Қазақстан жағы әсіресе, өткендегі Жириновскийдің Қазақ­стан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты орталықазиялық елдердің тәуелсіздігін тартып алып, оның орнына Ресей губернияларын орнату туралы сандырағына шамданып қалған. Сонымен қатар ресейлік кейбір саясаткерлердің еліміздің солтүстік аймағындағы бес облысты Ресейге қосу туралы ұсынысы тағы бар. Әлбетте, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ешкімге қарыс сүйем жер берілмейтінін, Қазақстанның территориялық тұтастығына ешкім қатер төндіре алмайтынын ашық айтты. Өткенде Беларусь президенті А.Лукашенко теңге де, ресейлік және беларусьтік рубль де ортақ валюта болғанын қаламайтынын ашық айтқан. Десе де, көкейіндегісін жасырын ұстамайтын ресейлік сарапшылар үш елге тиімді әрі ортақ валюта ретінде Ресей рублін алсақ деген емеуріндерін жиі байқата бастады. Егер ресейлік рубль ортақ валютаға айналса, сөз жоқ, Ресей экономикалық және геосаяси тұрғыда ықпалын жүргізуге көшеді. Ең бастысы, тауар айналымы мен экономика. Тәуелсіздік алғалы бері өндіріс орындарын жолға қоюға асықпаған Қазақстан экономиканың шикізаттық емес саласын дамытуды қолға алып, отандық өнімдерді көптеп шығаруы қажет. Оның үстіне, Осаковскийдің пікірінше, егер қазіргі дағдарыс толық ауыздықталмай, керісінше, ушыға берсе, Ресей экономикасы әлсіреп, ЕЭО-ның келешегі бұлыңғыр тартады: «Ресей мен Қазақстан экономикасының негізі саналатын мұнай бағасы төмендесе, одақ құрам деген талпыныс пен құны қымбат жобалар жоққа шығарылады». Сонымен ЕЭО құрылды. Енді небары жеті айдың ішінде ресми түрде іске кіріседі.  

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары