АНТ БЕРГЕН ПЕТР ПОРОШЕНКО

АНТ БЕРГЕН ПЕТР ПОРОШЕНКО

АНТ БЕРГЕН ПЕТР ПОРОШЕНКО
ашық дереккөзі

Жарты жылға жуық аласапыранды бастан кешкен Украина мемлекеті кезектен тыс президенттік сайлауды да өткізіп тастады. Әу баста Еуромайданда наразылық танытушылардың да басты талаптарының бірі осы болатын. Жаңа президентін ұлықтаған Украинаны алда не күтіп тұр? Тап қазір бәрінен де осы сауал жұртты қатты мазалайтыны анық. 

Украина президентін ұлықтау рәсімі өте қарапайым жағдайда өтті. Салтанатты шараға мемлекеттің бұрынғы үш президенті – Леонид Кравчук, Леонид Кучма және Виктор Ющенкодан бөлек, Литва президенті Даля Грибаускайте, Белоруссия басшысы Александр Лукашенко, Польша президенті Бронислав Коморовский, Швейцария президенті Дидье Бургхальтер, Еуропалық кеңестің президенті Херман ван Ромпей, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов, бас-аяғы 56 делегат қатысты. Тіпті, сайлауда Порошенкоға лайықты бәсекелес болған экс-премьер Юлия Тимошенко да арнайы құттықтай келіпті. 

Жоғарғы Радада халық атынан сай­лан­ған депутаттардың алдында ант қабылдап, пре­зиденттік міндетіне кіріскен Петр Поро­шенко сенімді түрде елді ты­ғырықтан алып шығатындығын және мем­ле­кеттің біртұтастығын, бейбітшілігі мен қауіп­сіздігі үшін қызмет ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ, «Үш ай мерзім ішінде елдегі бейберекетсіздікті ретке келтіруге күшімді саламын» деген ол қақтығыс кезінде жазықсыз қамауға алынғандардың жақын арада өз отбасына оралатындығын да қаперге салды. 

Соңғы кезде Украинаның саяси-әлеуметтік жағдайы ушығып кеткені белгілі. Бүкіл әлем көз тігіп отырған елдің қалпына келтіретін шаруасы да шаш-етектен. Президент Петр Порошенко өзінің сайлауалды бағдарламасында да кеше ғана референдум арқылы Ресейдің уысына өтіп кеткен Қырымды бейбіт жолмен қайтаруға басымдық берген болатын. Ол ұлықтау рәсімінде де осы пікірін нықтап айтты. «Қырым – Украинаның жері әрі болып қала береді. Бұған ешкімнің күмәні жоқ. Біз оны соғыспен емес, арнайы келіссөздермен шешуге тырысамыз», – деді ол. Алайда ұрымтал сәтті аңдып отырған ресейлік ақпарат құралдары «Порошенко Донбастағы жағдай туралы тілге тиек еткенде орыс тіліне көшіп кетті» деп жарыса хабарлады. «Біз осы аптадан кешіктірмей елдегі қарулы қақтығысты тоқтатуымыз керек. Қантөгістен құрбан болған әр украиндық үшін біздің қабырғамыз қайысады. Біз үшін үлкен қайғы. Сондықтан елдегі барлық сепаратистерді қаруларын тастауға шақырамын» дегенді айтты. 

Ал тіл мәселесіне келгенде Порошенко еш қысылған жоқ. «Украинадағы мемлекеттік тіл – украин тілі болуы керек. Бостандықта өмір сүру деген сөз өз туған тіліңде де еркін сөйлеуді білдіреді», – деп түйіндеді президент.

Бүгінде Украина мен Ресей арасындағы шиеленіс тым күрделеніп кеткен. Өзара қордаланып қалған мәселені шешу кезек күттірмейді. Демек, екі елдің басшысы бір үстелдің басында алқа-қотан әңгімелесетін уақыт жеткен сияқты. Әрине, бұған араағайындық жасап жүргендер де бар. Бұған дейін Украинадағы ахуалдың реттелуіне барынша көмек көрсетуге қолұшын созып жүрген АҚШ, Еуропа мемлекеттері, Еуроодақ басшылары бұл жолы да қарап қалған жоқ. АҚШ президенті Барак Обама: «Халықаралық қауымдастық Порошенконың Ресеймен келіссөз жүргізуіне қолдау көрсетуі керек. Яғни, Мәскеу бұдан әрі Украина аумағында сепаратистерді қаруландыруды тоқтатқаны абзал» десе, бұған Порошенко: «АҚШ билігіне ұзақ уақыт бойы қолдау көрсеткеніне алғысым шексіз. Біз бірінші күннен бастап шығыстағы кикілжіңді бейбіт жолмен реттеу үшін жоспар құрамыз» деді ілтипатын білдіріп. 

Украинаның бесінші президенті Петр По­рошенко ұлықтау рәсімінен кейін Норман­дия­ға одақтық әскердің 70 жылдығына арналған мерекелік рәсімге атбасын бұрған сапарда Ресей президенті Путинмен он бес минутқа сөйлесіп үлгерді. Екеуінің не жайында әңгімелескені белгісіз, бірақ шетелдік ақпарат құралдары «Путин мен Порошенко бір-бірінің қолын қысумен болды» деп жазды. Ал бұл кездесуді Франция президенті Франсуа Олланд пен Германия канцлері Ангела Меркель ұйымдастырған көрінеді.


Динара Мыңжасарқызы