851
ҚАЗАҚЫ ТАЗЫ ҚАЛМАДЫ
ҚАЗАҚЫ ТАЗЫ ҚАЛМАДЫ
Қазақы тазының тұқымы құрып барады. Оларды сақтап қалу үшін кейбір аймақтарда арнайы клуб та құрылыпты. Өкініштісі, бұл жеткіліксіз. Мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбесе, ұлттық құндылығымыз болып саналатын тазыны тек «Қызыл кітаптан» ғана тамашалайтын боламыз.
Тазыға құжат керек
Жеті қазынаның бірі саналатын ит қазақтың тұрмыс-тіршілігінде аса маңызды. Исі түркі үшін әсіресе қазақы ит, құмай тазының жөні бөлек. Мәселен, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігінде (ХІғ.) «тайған» сөзіне «тазы, алғыр ит» деген анықтама берілген (Қашғари М., Түрік сөздігі, А., 1998, 3-том, 238- бет). Қырғыздар осы күнге дейін тазыны «тайған» деп атайды ал, өзге түркілерде тазыны «тазы», «тази» деп атау қалыптасқан. Қазақтар иттің еркегі – төбет немесе арлан, ұрғашысы «қаншық», бірге туғаны «ұялас», кішкенесін «күшік» дейді. Кейбір деректерге сүйенсек, қазақ жерінде ақылды тазының тұқымы сонау сақ заманында да болған. Оған дәлел, жартастардағы мыңдаған жылдар бұрын салынған суреттерде тазыға ұқсас иттердің болуы. Тазы – орташа бойлы, жүні тықыр келетін, құйрығының ұшында шашақты жүн болатын ит. Құлағы салпиған, ал басы ұзыншалау келеді. Өзге иттерден ерекшелігі мен артықшылығы сол, ақылды әрі батыл. Иесіне өте адал, жұмсағанда тіл алғыш, бірақ басқа иттермен тіл табыса алмайды. Қара күштің иесі болмаса да, жүгіргенде басқаларды шаң қаптыратын тазының бойында артық ет жоқ, арық келеді. Сондықтан аңға салғанда түлкі, қарсақ, қоян сияқтылар тазыдан қашып құтыла алмайды. Оның үстіне, айлакер келетін тазы алған аң не құсқа арандап қалмайды, яғни, сирағын сындырып не қайырып алу, мойнын шығарып алу деген болмайды. Өкініштісі сол, бүгінде жоғалудың алдында тұрған тазы «қызыл кітапқа» енген. Ертең сан соғып қалмас үшін қазақы тазының ұрығын таратуды қолға алу қажет. Осы орайда, Ақтөбеде қазақы тазы өсірушілер арнайы клуб құрыпты. Аталған клубтың жетекшісі Талғат Ермағамбетов деген азамат Ақтөбе облысы аумағындағы 20-дан астам қазақы тазыны есепке алып, әрқайсысына құжат жасатуды көздеген екен. Басты мақсат – құжаты бар қазақы тазыларды әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыстырып, Қазақтың, елдің, жердің атын шығару. Сондай-ақ, керекулік қандастарымыз да біраз жылдан бері қазақы тазының тұқымын көбейтіп, оны сақтауға ат- салысып келе жатыр. Олар: «Бұрын аталарымыз «екі тазы бір ауылды асырауға қауқарлы» деп бекер айтпаса керек. Біз қазақы тазының тұқымын сақтап қалуға мүдделіміз. Шынында да, осы қазақы итті сақтап қалсақ, ұлттық дәстүріміздің бір парағын да аман сақтап қалар едік», – деп отыр. Керекулік Әмір деген бауырымыз тіпті, өз тазыларын сенімді кісілерге тегін беруге ниетті.
Сақтарда да тазы болған
Біз көз жүгірткен kk.wikipedia.org сайтында иттердің шығу тарихы туралы былай депті: «Мезолит дәуірінде қолға үйретілген ит екі түрлі жабайы тұқымнан оңтүстікте шибөріден, солтүстікте қасқырдан шығып жер бетіне тегіс тараған хайуан дейді қазіргі ғылым. Иттің шығу тегі туралы бір ғана ортақ ит тұқымынан бастау алған және түрлі тұқымдар ұзақ эволюциялық (тарихи дамудың нәтижесі деп қарайтын монофилетикалық және көп негізден шықты дейтін полифилетикалық теориялар бар. Жартас бетіне салынған суреттерді есептемегенде тазыға ұқсас кейіптегі бейнелер Мысыр перғауындарының ескерткіштерінде белгіленген. Осыдан 3400 жыл бұрынғы деректерде ұзын сирақты тұрықты, тұмсығы үшкіл, құлақтары тік, құйрықтары иректеліп дөңгеленген иттер бейнеленген. Қысқасы олардың сұлбасы тазыға көбірек келіңкірейді (ат пен иттің басқа тұқымдары бұдан көп кейін бейнеленген, яғни кешірек қолға үйретілген). Тазының шыққан жері, мекені туралы мәселе аса тартысты болғанымен қазір адамзаттың көбі Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Батыс Азияның үстіртті даласы деп түсінеді. Қазіргі кезде тазының таралған аймағында оған жақын тұқымдас деп айтуға келетін екі түрлі ит тұқымы бар: ол Абиссиния иті (бірақ оның 6 азу тісі бар, әрі шиебөріге жақын. Күллі ит тұқымдасының азу тісі 8) және үнділердің дол (колсун) иті. Соңғы тұқым тазы тәрізді аңды үндемей баспалап келіп алады, көп үрмейді, әрі батыл, түсі түлкіге ұқсас. Бірақ олар ну орманды мекендейді, қимылы баяу, аяқтары шомбал. Мысыр перғауындарының итіне ұқсайтын, Судан мен Кордофанда тағылау, кесек бітімді иттер тазының ең көне «туысқаны» деп долбарланады. Бірақ Ніл дариясы аңғары қолға үйретілген тазының шыққан жері деп саналады. Ол аумақтан Араб түбегіне, ары қарай кіші Азия мен Парсы жеріне, онан әлемге жаппай таралған делінеді. Осылай таралған иттер бірнеше ондаған ғасырлар барысында жергілікті жердің аумалы-төкпелі ауа райына үйлесіп, түрленіп, сұрыпталып отырды». Яғни, «Еуропаға қарай арийлермен келген тазы тұқымды иттер кеңінен таралып, аңшылық пен күн көрудің негізгі арқауына айналды, солтүстікте Балтық теңізі жағалауына таралды. Ал тазылар бұлардан кейінірек Батыс Африкадан көне Испания (Иберия) жері арқылы кельттерге, Галлиялықтарға жетіп, солардың атымен аталатын тазы тұқымдары пайда болғандығын Ұрым заманындағы жазбаларында жазылған, онан әрі Ирландия, Шотландияға дейін таралған. Соның айғағы қазіргі әлемдегі көптеген ит тұқымдарының аталған қарт құрлықтан кездесуі. Орта ғасырда тазымен аң аулау, тазыны тарту ету еуропалықтарда үлкен қызығушылыққа ие болған. Әсіресе, ағылшындарда таза қанды тазы иттерді сұрыптау, белгілі мақсаттарға пайдалану кеңінен етек алған», – делінген. Сонымен қатар «араб бәдеуилерінің ермегі болған тазылар арабтардың дін тарату жорығы кезеңінде Азияға кеңінен таралған дейді зерттеушілер. Дін таратумен тазы да бірге келді деуінің себебі ислам діні таралған аумақта, дәлірек айтқанда Алтай, Гималай тауларына дейінгі аралықта (Батыста Испания жеріне дейін) арабтардағы тазыға ұқсас иттер ұшырасады. Орта Азияның қатал табиғатына үйлесу үшін тазыларды ғұндардың итінің сипатына ұқсайтын ұзын сабалақ жүнді, салпаң құлақты жергілікті тұқыммен будандастырып, жаңа сұрып – шығыстың салпаң құлақ тазысы дүниеге келді. Оның құйрығы мен шонданайы ұзындау, сабалақ жүнді иттер еді және оның пайда болған және таралған аймағы тарихи кезеңіне қарай бұл тұқымды «түрік-татар тазысы» деп атауға болады дейді. Батысқа қарай ығысқан түрік халықтары өзімен бірге салпаң құлақ тазысын ала келіп, оңтүстік орыс даласы мен күнгей шығыс Еуропада тазыға ұқсас жаңа ит тұқымдарының пайда болуына негіз етті». Бір қызығы, мұсылман емес халықтарда тазы туралы мүлде ақпарат жоқ көрінеді. Халықаралық саяхатшы Марко Поло өз жазбаларыңда моңғол императорларының аушы құстар мен басы қазандай, ірі тұлғалы иттерді айтып өтеді. Алайда, Монах Иакинф қытайлар Шығыс Түркістанды басып алғаннан кейін ғана тазымен етене таныса бастаған екен», – дейді.
Итке қатысты ырымдар көп
Қазақтың тұрмыс-тіршілігінде аса маңызды саналатын итті аталарымыз үйге келетін құт деп білген. Жаңа туған балаға «ит көйлек» кигізу, үбірлі-шүбірлі болсын деген ниетпен қазақ келінінің көйлегінің етегімен итке жем бергізу, жүкті әйелге босанғанша итке «кет» дегізбеу т.б. бәрі де итті ерекше қастерлегендіктен. Бізде «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген де бар. Ал бұрынғы қазақтар алжыған иттің аузына май тығып, басын Құбылаға қаратып, мал сияқты бауыздаған көрінеді. Қазір мұндай үрдіс еліміздің көп жерлерінде кездеспейді. Салт-дәстүрге келсек, қалыңдығына ұрын барған күйеу жігітке «ит ырылдатар» деген ырым қолданылады дейді. Анығы, күйеу жігіт үйге жақындай бергенде алдынан бір әйел шығып, жерге отыра қалады да, итше ырылдайды. Ал күйеу жігіт оның кәдесін беріп құтылуы шарт. Тағы бір қызық, тазының алғаш рет аң алғанын иесі тойлауы керек. Бұл итін қазынасының бірі деп білетін әрі ойын-сауыққа құмар қазақтың сылтау іздейтін әдетінен де шықса керек. Ал аяғы ауыр әйелге олжасынан бір жапырақ ет те бермейді. Өйткені, қазақтар жүкті әйелді о дүниемен байланысы бар деп сенеді. Егер атып алған аңы жүкті әйелдің жерік асы болса, арнайы кәдесін жасап барып, етінен ауыз тиген. Ал аңға шыққанда мылтығы атылмай қалса не тазысы аңға шаппай қалса, аңшы бірден аттың басын кері бұратын болған. Бұл да қазақы ырымның әсерінен. Бүгінде қазақы тазы туралы деректер көп. Солардың бәрін жетік білетін мамандарды көбірек тартып, тазының тұқымын аман сақтап қалуға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі тиіс.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ