МӘСКЕУДЕГІ «ҚАЗАҚҚА» АЙНАЛҒАН ГАСТАРБАЙТЕРЛЕР

МӘСКЕУДЕГІ «ҚАЗАҚҚА» АЙНАЛҒАН ГАСТАРБАЙТЕРЛЕР

МӘСКЕУДЕГІ «ҚАЗАҚҚА»  АЙНАЛҒАН ГАСТАРБАЙТЕРЛЕР
ашық дереккөзі
183

«…Өздерін «қазақпын» деп таныстыратынын 

талай байқадық»


Бану ОҢДАСЫНОВА, 

Мәскеу мемлекеттік 

педагогикалық университетінің 

аспиранты:

– Елдеріндегі экономикалық дағдарыс салдарынан жанбағыс қамымен басқа елдерге ағылған көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтарының тағдыры – Орта Азиядағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. 

Гастарбайтерлер саны жөнінен Ресей Еуропа бойынша 1-орын, ал әлем бойынша АҚШ-тан кейінгі 2-орында. Ресей, әсіресе, оның астанасы әрі қуатты экономикалық орталығы (әлемдегі ең ірі мегаполистердің бірі) ­­­­– Мәскеу қаласында гастарбайтерлер өте көп.

«Гастарбайтер» ­– неміс сөзі, «гастар» – «қонақ», «байтер» – «жұмысшы» деген мағынаны береді, демек, уақытша жұмыс істеуге басқа елден келген азаматтарға қатысты атау.

Мәскеу көшелерінде көптеп кездесетін еңбек мигранттары – өзбек, қырғыз, тәжік азаматтарына мәскеуліктердің көзі үйреніп қалды. Статистикалық деректер ресейлік гас­тарбайтерлер қатарында Ауғанстан, Үндістан, Вьетнам, Қытай және басқа да елдердің азаматтары да бар екенін көрсетеді. Дегенмен олардың саны ортаазиялық гастарбайтерлерге қарағанда елеулі аз. 

АҚШ гастарбайтерлерінің басым бөлігін мексикалықтар мен латынамерикалықтар құрайды екен. Мәскеулік (Мәскеу облысындағы) гас­тарбайтерлер ­­– негізінен Украина, Молдова, Орта Азияның Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің азаматтары.

Саны көбейген сайын гастарбайтерлер Ресей қоғамы өмірінде әлеуметтік статусқа ие бола бастады. Гастарбайтерлерді әлеуметтік-саяси мәселе ретінде үнемі журналистер, қоғамтанушы, саясаттанушы мамандар назарда ұстайды. Ресей ақпарат құралдарында гастарбайтерлерге қатысты статистикалық деректер, олардың құжат мәселесі, еңбек нарығында атқаратын рөлі, экономикалық өсімге, демографияға ықпалы туралы әлеуметтік-саяси сараптама тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Тіпті арнайы ғылыми зерттеулер де жазыла бастады.

Өзбек, қырғыз, тәжік азамат­тарының әртүрлі қылмыс жасап, ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзатыны, арзан пәтерлерде он шақтысы қысылысып бірігіп тұратыны ақпарат құралдары арқылы халыққа мәлім. Жалпы орыс тілін нашар білетіндігі, әлеуметтік жағдайының төмендігі оларды қоғамда бөліп көрсетеді. Мәскеу көшелерінде өріп жүрген қырғыз, өзбектерге қорқа қарайтындар бар, көпшілік халық оларды менсінбей, қоғамдық көліктерде тіпті жирене қарайды. Орта Азия елдерінен келген жұмысшыларды күлкі-келемеж нысанына айналдырған әртүрлі ресейлік телевизиялық шоу­ларды көрермен жақсы біледі. Гас­тарбайтерлер өздерінің әлеуметтік статусына алаңдайтыны түсінікті. Жұмысшы қырғыз, өзбек, тәжік қыз-жігіттерінің таза киініп, бойларын түзеп, қала халқына сіңісуге тырысатыны байқалады. 

Мәскеуде қара жұмыста жүрген славян халықтары ­­­– молдован, украин ұлты өкілдерінің көп жағдайда өз ұлтын атамай, «орыс» ретінде көрінгісі келетіні, ал тілі ұқсас, кескіні жақын қырғыз жұмысшылары өздерін «қазақпын» деп таныстыратынын талай байқадық. Шын мәнінде, ресейлік «қазақ» гастарбайтерлердің басым көпшілігі – Қазақстанда жұмыс істеп, қазақ тілін үйренген немесе Қазақстан азаматтығын алған қырғыз, өзбектер. Ресейдегі гастарбайтерлердің этникалық құрамын анықтағанда, қазақстандықтар алдыңғы қатарда болған. Мәскеу қаласында біраз тұрған қазақтар біледі: «қазақпын» деп жүрген жұмысшылардың басым бөлігі қырғыздар мен өзбектер. 

Қазақстанның әлемге танылған имиджі – «татулықтың символы». Ресейдің қарапайым тұрғындары Қазақстанды Ресейдің ең жақын көршісі деп таниды, әріптестікті құптайды. Қазақ халқына, президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа көзқарасы жақсы. Ресейдегі Орта Азиялық гастарбайтерлердің әлем елдері санасатын, әлемдік саясат сахнасында өзіндік орны, салмағы бар, экономикасы біршама өрлеген Қазақстанның, қазақ елінің атын жамылуға тырысып, «қазақпын» деп танысатыны түсінікті…


«Әрбір жан өзінің қай «ұядан ұшқанын» ұмытпауы керек» 


Әлия Шуриева,

Халықаралық гуманитарлық- 

лингвистикалық 

институтының 2-курс студенті: 

– Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік дамуы жылдан жылға өсіп келе жатыр. Шет елдерде білім алып жатқан қазақ жастары: «Мен қазақпын!» деп өз ұлтын мақтанышпен айтып, қоғамдық ұйымдар құрып, «Қазақстанның мәртебесін биіктетеміз» деген мақсатпен бірігеді. Өзім танитын Мәскеуде білім алып жатқан қазақ жастары білім алуға өте құштар, бірнеше тілді меңгерген, «қазақ» десе, жанын беретін азаматтар. Мәскеуде білім алып жатқан кейбір достарым Еліміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлын «әке» деп атайды екен. Біздер, Мәскеуде білім алып жатқан қазақ жастары «Туған елдей» ел болмас, туған жердей жер болмас» деген сөзді әрқашан жадымызда сақтаймыз. 

 Меніңше, әрбір жан өзінің қай «ұядан ұшқанын» ұмытпауы керек. Өз ұлтыңды жасырып, өзіңді басқа ұлттың өкілі ретінде көрсеткеннен жұрт не пайда көреді екен? Бұл сұрақтың екі жауабы бар: біріншісі – Мәскеуде қазақ болып өмір сүрудің өзі мақтаныш, ал екіншісі – елімізге, біздің Қазақстанымызға басқа елдердің көзінше кір келтіру. Өзіңнің туған жерін жасырғаны сатқындықпен бірдей емес пе? Мәскеудегі қырғыздар күн ұзақ қара жұмыс жасап, кешке қазақша әндерді тыңдайды екен. Тыңда, жақсы музыканы тыңдау керек! Бірақ өз ұлтыңды ешқашан жасырма! 

Мәскеуде қазақ музыкасын тыңдап, өзіңді қазақ етіп көрсетуге тырысқаныңмен, бәрібір басқа ұлтсың. 

Достарымның арасында қырғыздар да бар. Таяуда осы тақырып арамызда әңгіме болды. Біз қазақ жастары Мәскеуде білім алып, елімізге ораламыз, елімізге қызмет етеміз деп жүрсек, олар керісінше Ресейге Қырғызстаннан қашып келгендей келеді екен. Меніңше, бұл мәселенің бәрі сол елдің саяси-экономикалық дамуына байланысты. Ау, еліңнің болашағын құратын сенсің! Өз туған жеріңнен қашсаң, онда не болады? 

«Экономикалық-саяси ахуал төмен болса, ұлтын жасыруы керек пе?» 

Әсел Әлімжан, Мәскеу

мемлекеттік педагогикалық    

университетінің магистранты:

– Мәскеу – әлемдік қала. Сол себепті де, мұнда шетелдіктер өте көп. Бейресми түрде шамамен Мәскеуде 15 миллион халық тұрады. Бұл қалада көшеден өзбек, қырғыз, тәжік халқының өкілдерін жиі кездестіресіз. Бәрінің мақсаты бір: жұмыс істеп, ақша тауып, отбасын асырау. Ауыр жұмыс істеп, шаршаған, қажыған олар метрода қалғып-мүлгіп, ұйықтап отырады. Мені таңғалдырғаны және ашындырғаны: өзбек, қырғыз азаматтарының біразы өзінің ұлтына қарамастан: «Мен қазақпын» деп жатады. Біз олардың қырғыз не өзбек екенін танып тұрамыз, бәрібір өздерін «қазақпын» деп таныстырады. Өз ұлтын жасырудағы мақсаттары: өзгелер дұрыс көзқараспен қарасын деген ойлары болар. 

Иә, әрине, Мәскеуде Қазақстан азаматтарының беделі бар. Көршілес жатқан біздің елге орыстар құрметпен қарайды. Жергілікті халық кез келген жерде Қазақстаннан екенімізді біліп, сыйлап жатады. 

Мәскеуге Қазақстан азаматтары негізінен жоғарғы оқу орнында білім алуға немесе іскерлік сапармен келіп жатады. Арнайы күнкөріс үшін келген, қара жұмыс істеп жүрген қазақты мүлдем кезіктірмейсің. Бұл – біздің елде экономикалық жағдайымыздың, тұрмыс-тіршілігіміздің жақсы екенінің дәлелі. Осыған ерекше қуанамын. Азиялықтардың арасынан қазақ азаматтарын бірден байқауға болады. Жүріс-тұрысынан, өзін-өзі ұстауынан, киген киімінен, көзқарасынан, сырт келбетінен, этикалық-эстетикалық нормасының дәрежесінен ажыратуға болады. 

Қысқасы, Мәскеуде қазақтарға деген көзқарас жақсы. Өз ұлттарын жасырып, «қазақпын» дейтіндер, әрине, мұны біледі. Бәлкім, олардың өздерін «қазақпын» деп таныстыруы: өздерін бір үрейден құтқарғаны және қорғаштағаны шығар?! Шет елде жүрген, әсіресе әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында келген әрбір адамда үлкен психологиялық өзгеріс болады. Қорқыныш, қобалжу, күйзеліс сезімдері жиі болады. Өзін-өзі құтқару мақсатында өзін қорғаған түрі болар. «Қазақпын» деп мақтанғанының себебі осында болуы мүмкін. Десе де, өз ұлттарын жасырып, намыстанғаны мені қатты қынжылтады. Елінде экономикалық-саяси ахуал төмен болса, ұлтын жасыруы керек пе? Қай жерде болмасын, әр адам өзінің туған жерін, туған топырағын мақтан тұтып, әрқашан жүрегінде сақтау міндетті деп білемін. 

         

Аягүл МАНТАЕВА

Мәскеу

Серіктес жаңалықтары