КЕЛЕШЕК ҚОҒАМНЫҢ ҰСТАХАНАСЫ

КЕЛЕШЕК ҚОҒАМНЫҢ ҰСТАХАНАСЫ

КЕЛЕШЕК ҚОҒАМНЫҢ ҰСТАХАНАСЫ
ашық дереккөзі

Өткен аптада Астанада Назарбаев Университетінде Жоғарғы білім көшбасшыларының үшінші Еуразиялық форумы өтті. Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын басқосуға биыл отыздан аса мемлекеттен келген делегаттар және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Жетекші спикерлер қатарында Торонто университетінен Джейн Найт (Канада), Кембридж университетінен Ян Вермунт (Ұлыбритания), Хартфорд университетінен Хамфри Тонкин (АҚШ) және басқа да беделді мамандар шақырылған. 

«Табысты университетті құру жолдары» тақырыбын талқылаған форумда беташар сөз сөйлеген премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова жоғары оқу орындарының мемлекет дамуындағы ролі туралы айтып өтті. «Қазақстан-2050» стратегиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев республикамыз әлемнің отыз көшбасшы мемлекеттері қатарына енуін мақсат етіп белгіледі, бұл мақсатқа жету жолында адам капиталын дамыту бірінші кезектегі мәселе. Қазіргі заманның талаптарына қажетті деңгейде білімі мен тәжірибесі бар жоғары білікті маман ғана төтеп бере алады. Бұл жерде университеттердің ролі өте жоғары», – деді вице-премьер.

Ал Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов табысты университет туралы былай дейді: 

– Осыдан 50 жыл бұрын студенттер өмір философиясын үйрену, интеллектуалды элита болу үшін оқитын болса, қазір олардың басым көпшілігі еңбек нарығында өз орнын табуға, болашақ табыс көлемін арттыруға мүмкіндік іздейді. Оларға күні ертең табыс болып қалтаға құйылатын білім керек. Ал білім беру орындары да осы талап үдесіне сай жұмыс істеуге көшті. Бірақ университет – білім сататын коммерциялық фабрика емес, бұл – қайталанбас білім беру кеңістігі, онда ертеңгі күннің қоғамы қалыптасады. Табысты университет маман дайындап қана қоймай, қоғамның элитасы болатын азаматтарды, өз елінің патриоттарын тәрбиелейді.

Осымен үшінші рет өткі­зіліп отырған форумның биыл­ғы жаңалығы – «Қазақстан Респуб­ликасының 2015-2020 жылдарға арналған білім беру ісін реформалаудың стратегиялық бағыттарын қалыптастыру» Жол картасының нәтижелері жарияланды. Халықаралық мамандар жасаған баяндамадан соң форумға қатысушылар соңғы жылдардағы білім беру ісінде жүргізілген реформалардың тиімділігі жайлы пікір алысты. 

Ашылғанына төрт жыл болған Назарбаев Университеті табысқа жету үшін білім беру сапасын көтерумен қатар, ғылыми зерттеулер орталығына айналуды көздейді. Бүгінде Назарбаев университетінде түрлі бағытта 45 ғылыми жоба жасалып жатыр. Оның ішінде қайталанбалы қуат көздерін өндіру, қоршаған ортаны қорғау, компьютерлік технологиялар, биохимия, робототехника және физика салалары бар. 

Бүгінде студенттерге белгілі бір мамандық бойынша білім беріп қана қоймай, олардың бойында шығармашылық ойлау машығын қалыптастырып, бастамашылдыққа баулып, ұжымда өзгелермен тіл табысып жұмыс істеуге тәрбиелеу керек. Табысты болу үшін университеттер алдында тұрған міндеттің бірі осы.

Гүлбиғаш ОМАР

Астана