Отандық фармацевтика оңалмай тұр

Отандық фармацевтика оңалмай тұр

Отандық фармацевтика  оңалмай тұр
ашық дереккөзі
223

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса болды, дәрігерге жүгініп, дәрі іздейміз. Күнделікті телеарналардан беріліп жатқан шетелдік дәрі-дәрмектің жарнамасын көрген қарапайым жұрт бағасы қымбат болса да, сол дәрілерге әлі де тәуелді болып отыр. Елімізде науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің барлық алғышарты жасалған. Керек десеңіз, кешегі кеңестік кезеңдегі базалық жағдайлары толық жасалған зауыттар да елімізде жұмыс жасап жатыр. Үкімет те оларға әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында инвестиция құйып, жобаларға қаржылай көмек көрсетуде. Алайда, бізде өндірілетін аспирин, аналгин, парацетамолдан гөрі, өзгенің аналгині өтімді болып тұр қазіргі уақытта. Неге бұлай? Бұл саланың өркендейтін кезі жетті емес пе? 

Фармацевтика отандық өнеркәсіптің ең кенже қалған саласы ретінде көрініп келеді. «Халықтың басты байлығы – денсаулық» дейтін болсақ, бұл сала қай елде болмасын қуатты саланың бірі болуға тиіс. Алайда, елімізде дәрі-дәрмек өндірушілер саласына қатысты өзекті мәселе көп. Қазір ауру көп, дәрі-дәрмектің түрі одан да көп. Ең өкініштісі, еліміздің фармацевтика саласындағы отандық өндірушілердің үлес салмағы 20-ақ пайызды құрап отыр. Қалған 80 пайыз өнім шетелдікі деген сөз. Демек, бізде бұл сала серпінді қуат алып, отауын әлі тіге алмай отыр. «Мәңгілік ел» болу үшін бүгінгі жарқын болашақтың басты байлығы – денсаулық қуатты болу керек. Ұрпағымыз алаңсыз болуы үшін бүгінгі отандық фармацевтика өндірісінің әлеуетін арттыру керек. Бүгінгі күні шетел асып келген дәрі-дәрмек бағасы да айды аспанға шығарады. Сонда да халқымыз сол қымбат дәрі-дәрмекке зәру болып отыр. 

Тәуелсіздік алғанымызға 23 жыл уақыт болды. Содан бері аталған саланың көрсеткіші әлі де сол баяғы шамада. Ел экономикасының тұралап қалған алғашқы жылында бұл сала үлкен ауыртпалықты бастан өткерді десек, артық айтпағандық шығар. Енді ғана есін жиып, ғылым мен білім саласына баса назар аударған жас мемлекеттің фармацевтика саласында заңы мен дәрі-дәрмегі табыла қоймады. Мойындау керек, сол жылдары еліміздің денсаулық сақтау саласына сенім артушылар саны кеміп, күдікпен қарайтындар саны артты. Маман жағынан да, техникалық жабдықталу жағынан да сапа мен сан құлдырады. Отандық медицинаның басына осындай қиын сәт туғанда, халық, амал жоқ, шетелдік дәрілер мен мамандардың көмегіне жүгінді. Ол кезең де кейінде қалды. Көппен бірге отандық фармацевтиканың күні туатын кезі жетті. Елімізде отандық дәрі-дәрмек өндірісін жолға қоятын барлық мүмкіндік бар. Біріншіден, ғылыми әлеуетіміз бұл саланы тікесінен тік тұрғызатындай қабілетке ие болса, екіншіден, елімізде әлемнің басқа түкпірінде өспейтін дәрілік қасиеті бар жүзден астам шөп түрі өседі. Яғни дүниежүзінің 90 пайызының дәрі-дәрмек өндірісінде пайдаланып жүрген биологиялық қорларының Қазақстанда жеткілікті болуын да басты артықшылығымыз деуге болады. Үшіншіден, елімізде кешегі кеңестік кезеңен қалған, ірі жобадағы фармацевтика саласында жұмыс атқарып келген 5 зауыт бар. Дәрі-дәрмек өндіру саласындағы жекеменшік 79 кәсіпорын да олармен үзеңгілесе қызмет атқарып келеді. Нақты айтып өтер болсақ, Шымкенттегі «Химфарм» АҚ, Алматыдағы ірі фармацевтика зауыттары «СП Глобал-Фарм», «Нобел АФФ», «Нұр-Май-Фарм» ЖШС, Павлодардағы «Ромат-Фарм», Қарағандыдағы «Фитохимия» ғылыми-өндірістік холдингі, Астанадағы «Ұлттық медициналық холдингі» сияқты толық циклді кәсіпорындар. Осы зауыттардағы дәрі-дәрмекті сату үлесі алғашқы жылдары 3 пайызды құраса, соңғы жылдары 10 пайызға дейін артып отыр. Демек, дәрі-дәрмек өндіру саласы біздің басты байлығымызға айналуы керек. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет алдына 2014 жылы ішкі сұраныстың 50 пайызын отандық өндірісте өндірілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндетін нықтап қойған болатын. Елбасы өз сөзінде: «Бұл – қолымыздан келетін нақты іс. Біз бүгінде дәрі-дәрмектердің 90 пайызын сырттан әкелудеміз. Бұл үшін мүмкіндіктер бар. Қазір Астанадағы еркін экономикалық аймақта фарм-фабриканың құрылысын, сондай-ақ дәстүрлі түрде дәрі-дәрмек өндірілетін Шымкентте осындай нысанның құрылысын салу мәселесі пысықталуда. Уағдаластықтар, арнайы келісімшарттар бар. Біз бұл жұмысты тезірек жасауды бақылап отырмыз», – деген болатын. Сол кезде, тіпті, Елбасы Н.Назарбаев баксин, инсулин, антибиотик және басқа да дәрілік препараттарды өзімізде өндіретін зауыттардың құрылысын салуды Үкіметке 1 ай мерзім ішінде пысықтауды тапсырған. Содан бері 4-5 жыл уақыт өтті, баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр. Содан бері көрсеткіш алға 10 пайыз ғана жылжыды. Елбасы нықтап тапсырған міндеттер қайда қалды? Әлде қаржы мәселесі бас ауруына айналды ма? Былтыр республикамызда Елбасы қатысуымен жалпыұлттық телекөпір ұйымдастырылған. Телекөпір арқылы Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған бірнеше өндірістік жобаны іске қосу жайында сөз қозғай келе, тағы да кенже қалған фармацевтика саласының төңірегінде өңдіріс қуатын күшейтуді айтып өтті. «Қарағанды, Шымкент сияқты қалалардағы фармацевтика зауыттарын қайта өндірістік қуаттан өткізіп, жаңарту керек, Себебі бұл индустрияландыру бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бұл кәсіпорындар – дәрі-дәрмек шығаратын және фармацевтикалық өнімнің ішкі өндірісін 50 пайыз қамтамасыз етіп отырған аймақтағы ірі зауыттар», – деген болатын Елбасы Н.Назарбаев. Содан бері енді ғана есін жиып, көшін түзей бастаған фармацевтика саласына Үкімет те дендеп кірісті. Олай дейтініміз, былтырғы жылы ҚР Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев: «Отандық дәрі-дәрмек өндіру қуаты бірден артады», – деген болатын. Сондай-ақ: «Қазір біз фармацевтика саласын дамыту бағдарламасын әзірледік және біздің кәсіпорындардың алдағы 7 жыл ішіндегі жұмысына арналған ұзақ мерзімді бағдарлама жасалды. 20 млрд теңге инвестиция салынған 16 жоба жүзеге асырылып жатыр. 2014 жылы асқазан-ішек ауруларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің 20%-ы, онкологиялық дәрілердің 50%-ы импортталады, ал күрделі аппараттар, яғни фармацевтика өнімдерінің көпшілігі өзімізде жасалатын болады», – деп көрсеткен болатын. Министр мәлім еткен ақпарат жүзеге асар болса, еліміздегі Қарағанды, Шымкент, Астана сынды қалаларда дәрі-дәрмек зауыттарының құрылысына қатысты жобалар жүзеге асып, күнделікті қолданыстағы дәрі-дәрмектің үлес салмағын отандық өндірушілер өндірер еді. Үкімет осыны өте болса ескерсе болар. Жалпы, фармацевтика бизнесі – болашақ ұрпақ үшін әлі де қажет сала. Өйткені дәрі-дәрмек халықтың сұранысына қай уақытта да ие болады. ТМД елдеріне, әлем фармацевтикасына елеулі үлес қосып отырған «Химфарм» мен «Фитохимия» сынды ірі зауыты бар Қазақстанның дәрілері бүгінгі күні әлемдік сұранысқа ие болуы қажет. Сондай-ақ өзге өңірлерімізде фармацевтика зауыттары салынып, күнделікті аспирин, аналгин, парацетамол дәрілерінің халыққа қолжетімді болуы шарт. Қайткенде де, фармацевтика ұтылатын сала емес. Ендеше халық денсаулығына тікелей қатысты салада ешкім де ұтылмайды.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары