КАПИТАЛДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ – АДАМ

КАПИТАЛДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ – АДАМ

КАПИТАЛДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ – АДАМ
ашық дереккөзі
265

Еліміз егемендік алған тұста халықтың әлеуметтік жағдайы мәз емес-тін. Бұл әсіресе, тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай әсерін тигізді. Бұрынғыдай алыс шалғайда жатқан ауылдар мен елді мекендерге барып, медициналық көмек көрсететін жәрдем пойыздары мен көліктері де құрдымға кеткен кез. Тіпті, теміржол бекеттеріндегі медициналық пункттердің өзі есігіне қара құлып салғанда, басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт қайдан, кімнен көмек сұрайтынын білмей дал болған. 

Иә, қазір «Біздің заманымызда мемлекеттің негізгі капиталы – адамға жағдай жасалушы еді… Бүгінде жабылып қалған дүниенің бәрі істеп, халыққа тегін қызмет көрсетуші еді…», – деп сол кеңестік кезеңнің кейбір артықшылығын айтып, еске алатындар көп. 

Уақыт – емші. Оның бір орында тұрмайтыны да заңдылық. Еліміз етек-жеңін жиған кезден бері халықтың денсаулығына көңіл бөліне бастады. Мемлекеттің тірегі – халық десек, олардың денінің сау болғаны керек. Сондықтан да Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында түрлі шараларды қолға алуда. Атап айтқанда, дәрігер мамандығының беделін көтеруге байланысты шетелде тәжірибе алмасуға жіберу де күн тәртібіне қойылды. 

Астана қаласында әлемнің білікті онкологтары мен радиолог мамандары бас қосқан VІІ съезде мамандар онкологиялық ауруларды зерттеу, емдеу жұмыстарына байла­ныс­ты өз ойларымен бөлісіп, тә­жі­рибе алмасты. Оңтүстік Швейцария Онкологиялық институтының директоры, онкогематолог, профессор Франческо Кавалли: «Егер бұдан 40 жыл бұрын бұл ауруларды 20 пайызға ғана ем­дей алсақ, қазір ауру­лардың 70 пайызға жуығы сауы­ғып кете алады» деді. Осы ретте ол Президент Н.Назарбаевтың Қа­зақ­станда ұлттық онкологиялық орталық ашу туралы ұсынысын қолдап, қуаттайтынын, біздің елімізде аталған ауруды емдеу мақ­сатында кешенді жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл – біз үшін қуантарлық жайт. 

Елбасы бұған дейінгі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында денсаулық сақтау саласын назардан тыс қалдырған емес. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты» атты Жолдауындағы «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» атты тарау­да: «Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдық­талуын бірыңғайландыруға тиіспіз» деді. Сондай-ақ Елбасы баланы қорғау мен ана денсаулығын жақсарту, туу мен көп балалы болуды ынталандыру жүйесін реформалауды – жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік қызмет, еңбек нары­ғында жаңа мүмкіндіктер беру және сол сияқты материалдық және материалдық емес ынталандыруларды қамтитын шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. 


«Саламатты Қазақстан» және аурудың алдын алу


Бүгінде медицинамыздың ілгері қадам басуы мен дамуы да мемлекет саясатының жемісі. Осы уақыт ішінде қаншама аурухана мен емхана салынып, халықтың денсаулығын жақсарту жолында игі бастамалар қолға алынды. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша аудандар мен елді мекендерде типтік емхана мен ауруханалар бой көтерді. Бұрын жабылып қалған медициналық пункттердің тірлігіне жан бітіп, «Жәрдем» пойызы да шалғайдағы тұрғындарға жете бастады. Мұның бәрі тұрғындардың өмір сүру жасын ұзарту мақсатында жасалған шаралардың бір парасы. 

Медицина, расымен де, мәңгілік мәселе. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ерекше көңіл бөліп отырған бұл сала соңғы жылдары расымен де жаңалыққа толы. Әлемдік стандарттардың елдегі медицинаның барлық саласына енгізілуі, ана мен баланы қорғау, ана мен бала өлімін азайтуға, олардың денсаулығын сақтауға бағытталған жаңа заманғы, инновациялық технологияларды енгізу нәтижелілігі, микроскоппен миға жасалатын отаның Қазақстан тәжірибесіне дендеп енуі – мұның барлығы медицина саласындағы соны қадамдар.

Қазақ елінің алдында қазір дамыған отыз елдің қатарына ену міндеті тұр. Денсаулық саласын дамыту, медицина саласындағы соңғы реформалар, міне, осы міндетті орындауға бағытталған басты қадамдар деуге болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асқан бұл қадамдар нәтижесінде ауруханалар мен емханалар заманауи технологиялармен жабдықталды, көптеген денсаулық сақтау мекемелері бой көтерді. Тар профильді ауруларды емдеуге жол ашылды. Салаға нақты ресурстық қолдаулар жасалды. Кардиохирургиялық қызмет, қан құю қызметі дамыды, ана мен бала өлімін азайту, олардың саулығын максималды тұрғыда қорғауға жол ашылды. Әлемнің ең дамыған елу елінің қатарына қосылу үшін де, мұндай рейтингілік жүйеде әлеумет әлеуеті, әлеуметтің әл-ауқаты, бұқара саулығының басты рөл ойнайтыны белгілі. Халық арасындағы өлім-жітім, өмір сүру деңгейі, туберкулез ауруының таралуы, ВИЧ инфекциясы мен бала өліміндегі көрсеткіштердің елулікке ену атты ғаламдық бәсеке­лестіктің басты индексі болып табылатыны анық. Міне, осындай талаптар үдесінде қазақ елінің медицинасы қол жеткізген жетістіктері аз емес. Демек, мемлекеттік қана емес, жеке медициналық секторлардың кеңінен дамуы – алдыңғы қатарлы елу елге енудегі жетекші қадам деген сөз. 

АҚШ, Корея, Ресей, Беларусь, Украина және т.б. елдердің 300-ден астам жетекші ғалымдары, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен денсаулық сақтау ұйымдарының жетекшілері қатысқан «Онкология – қазіргі заманғы аспектілер және басым бағыттар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медицина саласының алдында тұрған мақсаттары мен міндеттері, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, онко­логиялық диспансер құрылғаннан бас­тап онкологиялық қызметтің дамуы нәтижелері шығарылып, болашақта оны одан әрі дамыту стратегиясы айқындалды. 

Онкология саласында әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер көп, сондықтан бізге алда әлі талай тер төгуге тура келеді. Онкологиялық ауруларға шалдығу мен өлім көрсеткішін төмендету, диагнос­тика мен емдеу дәрежесін арттыру, онкоқызмет деңгейін жақсарту міндеттері тұр. Елбасы Жолдауын іске асыру жұмыстары аясында онкологиялық қызметті дамыту бойынша салалық бағдарлама қабылданған, онкологиялық қызмет көрсететін ұйымдар туралы ереже жасалған. Салаға бөлінетін қаржы көлемі арттырылған. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 261 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 27-тармағына сәйкес, Қазақ­стан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. 

Мәселен, еліміздің Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова бүгінде Қазақстанда онкологиялық ауруларды кешенді түрде зерттеп, емдеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, елімізде онкологиялық материалдық-техникалық базасын нығайту үшін мемлекет алдағы бес жылға 211 млрд. теңге немесе 1 млдр. еуродан астам қаржы бөліп отырғанын жеткізді. Сонымен бірге ол Қазақстанда 5 онкологиялық орталықтың құрылысына 170 млрд.теңге қарастырылғанын атап өтті.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы Жолдауында онкологиялық диагноздан болатын өлім-жітімді азайту мәселесін алғашқы кезекке қойды. Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан «Саламатты Қазақстан – 2011-2015» мемлекеттік бағдарламасы мен Президенттің биылғы тапсырмасына сәйкес, онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы жасақталса, еліміз бойынша аталмыш дерттің саны азаятыны сөзсіз. Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, саламатты өмір салтын алға бастыру адами әлеуеттің деңгейін арттырудың келесі маңызды бағыты болып табылады. Нәтижесінде  денсаулық сақтау жүйесі сапалы дамып келеді. Халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсы серпімділігіне қол жеткізілді. Бала туу өсіп, өмір сүру ұзақтығы ұлғайды. Қан айналу жүйесі ауруларынан болатын өлім көрсеткіштері 1,7 есеге төмендеді. 

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Астанада онкологиялық аурулардың алдын алу әдісі ретінде елорда тұрғындарына  скринингтік зерттеулер жүргізілген болатын. Санақ мәліметтеріне сәйкес, гематологиялық және онкологиялық аурулар Қазақстанда бір жастан асатын балалар арасындағы өлім, оқыс туындайтын қатерлі жағдайлар, өзіне-өзі қол жұмсау, жарақаттар мен автокөлік апаттарынан кейінгі екінші орында. Сонымен бірге, өлім-жітімнің ең көп жағдайы, әсіресе, ер адамдарда 61 жастан асқандарда, қатерлі ісік ауруының 3-4 кезеңіндегі адамдарда байқалады.

Мемлекеттің «Саламатты Қазақ­стан» денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасында осы аурумен күресте екі негізгі кезеңге ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, ерте диагностика мен халық арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау арқылы осы аурулардың алдын алуға назар аударылған. Ол үшін ерте диагностикалау бағдарламаларын (скринингтерді) дамыту арқылы онкологиялық аурулардың профилак­тикасын жетілдіру; ғылыми негіздел­ген тиімділікпен диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістеріне қолжетімділікті арттыру; онкологиялық науқастарға оңалту және паллиативтік көмектің қазіргі заманғы жүйесін құру қажет. 2016 жылға дейін асқазан, бауыр сияқты ағзалардағы қатерлі ісікті ерте анықтаудың скринингтік бағдарламасы жүзеге асады. Жыл сайын елімізде отыз мыңнан астам адам онкологиялық ауруларға шалдықса, қазіргі тіркеуде тұрғандардың саны 140 мыңнан асқан. Медициналық көмекті қолжетімді ету мақсатында Астанада ғылыми-онкологиялық орталық салынады. Сондай-ақ, Алматы, Семей, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында бес жоғары технологиялық мекеме ашылады. Ал, ауылдық және қалалық емханаларда маммологиялық және проктологиялық, аймақтық онкологиялық диспансерлерде амбулаторлық химия терапиясының кабинеттері жұмыс істемек.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов: «Дүние жүзінде қандай озық технология бар, соның бәрін мемлекетке әкеп орналастырамыз. Яғни, неғұрлым ертерек ісікті тапсақ, солғұрлым оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Бәрі адамның өзіне байланыс­ты. Ертерек барып тексеріліп, дер кезінде шаралар қабылданса, өмірін ұзартуға толық мүмкіндік туатын болады», – дейді. Онкологиялық патологиядан өлімді 2014 жылы 100 мың халыққа шаққанда 97,2 дейін, 2016 жылы 95,5 дейін; ІІ сатыда анықталған қатерлі ісіктердің үлес салмағының ұлғаюын 2014 жылы 51,5 пайызға дейін, ал 2016 жылы 53,5 пайызға дейін төмендету көзделген. 

Елбасы биылғы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берді. Онда: «Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастырған жөн. Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1 шілдеден бас­тап енгізуді тапсырамын. Ол қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс», – делінген. 

Ғалым Әділбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор: 

–  «Қазақстан жолы 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын тарихи құжатта ел дамуының басым бағыттары айқындалған. Атап айтқанда, 2050 стратегиясының жүзеге асырылуы, Қазақстанның 30 дамыған ел қатарына қосылу жайы нақтыланған. Бұл орайда Елбасы 10 ілкімді идеяны ұсынды. Сондай-ақ, Президент Жолдауда «Қазақстан 2050 жылға дейін өмір сүру үшін ең қауіпсіз және қолайлы ел болу керек» деп атап көрсетті. Ендеше бұл мақсаттар барша қазақстандықтарды қанаттандырады, ел ертеңіне деген сенімді нығайта түседі деп ойлаймын. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында қазақстандықтардың денсаулығын қорғауға аса көңіл бөлетіні белгілі. Сонымен бірге, мүгедектердің де жағдайына барынша мән беріп келеді. Биылғы Жолдауда да мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік қорғалуын басым бағыттардың бірі ретінде алып отырғаны қуантты. Әсіресе, мүгедек балалары бар ата-аналарды әлеуметтік қолдау, оларға жалақы төлеу туралы Елбасының атап айтқан сөзі барша қарапайым жандардың көңілін өсірді. 

Роман Қарақұлов, медицина ғылымдарының докторы, профессор: 

– Салауатты өмір салтын және медициналық-технологиялық дамудың арқасында қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, сол арқылы өмір сүру жасын 80 жасқа дейін ұзарту мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың жасампаздығына көз жеткізіп келеді. 

Бүгінгі күні елімізде инновациялық жобаларды дамыту, жүзеге асыру – өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты баламалы энергия көздерін пайдалану, оны өмірге енгізу жұмыстары нақты қолға алынуда. Жолдауда елімізде мобильді және мультимедиялық, нано және космостық технологиялар, роботтық техника саласын, гендік инженерияны дамыту, болашақтың энергиясын жасау міндеті өмірлік маңызы зор міндет ретінде ерекше атап өтілді.

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары