АҚПАРАТ АГЕНТТІКТЕРІ ЖЕТЕКШІЛЕРІНІҢ АҚОРДАДАҒЫ МӘЖІЛІСІ

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ақпарат агенттіктері жетек­шілері кеңесінің ХVІІІ мәжілісі Ақордада өтті. Мәжіліске қатысушылармен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлабаев кездесті. Кездесуде тараптар мемлекетаралық ынтымақтастық, ақпарат саласындағы ынтымақтастық төңірегіндегі өзекті мәселелерді талқылады. 

Бағлан Майлыбаев ТМД елдері ақпараттық кеңесінің және Ұлттық Ақпараттық Агенттік Қауымдастығының ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастырудағы үлесін атап айтты. Тараптар арасындағы әңгіме барысында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  Еуразиялық эконо­микалық одақ құрудағы тарихи ролі жөнінде де өзіндік пікірімен бөлісті. Сонымен қатар, Бағлан Майлыбаев мемлекеттік ақпараттық агенттік жетекшілерінің сауалдарына жауап берді. Оның ішінде этникааралық диалогтың бірегей үлгісіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы, Тәуелсіз Қазақстанның символы болып табылатын Астананың даму сатысы жөнінде де сауалдар кездесті. 

 Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығына қатысушы елдердің ақпараттық ресурстарын тиімді пайдалану үшін 2004 жылы Ақпарат кеңесінің шешімімен Ұлттық ақпарат агенттіктері қауымдастығы халықаралық ұйым ретінде құрылған болатын. Ұлттық ақпарат агенттіктері  қауымдастығы құрамына ТМД елдерінің ұлттық ақпарат агенттіктері кіреді. Атап айтар болсақ, Тәжікстанның Ховар, Ресейдің ИТАР-ТАСС, Молдованың МолдПресс, Қырғызстанның Кабар, Беларусьтің БелТА, Арменияның АрменПресс, Әзірбайжанның Азертадж ұлттық агенттіктері. 

Мәжіліске қатысқан ақпарат агенттіктерінің жетекшілері Астана қаласының бүгінгі келбеті, 16 жыл ішінде елорданың мұндай қарқынмен дамығанына таңданыстарын білдірді. Астананың күн сайын гүлденуі, инвестиция үшін тартымды қалаға айналуы, экономикалық дамуы – қазақ елінің үлкен жетістігі. Осындай жетістікке жету жолында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің айшықты көрінісі деп атап өтті жиынға қатысушылар. 

Әсел ӘНУАРБЕК

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button