ӘЛЕМ НАТО-НЫ НЕГЕ МОЙЫНДАЙДЫ?

ӘЛЕМ НАТО-НЫ НЕГЕ МОЙЫНДАЙДЫ?

ӘЛЕМ НАТО-НЫ  НЕГЕ МОЙЫНДАЙДЫ?
ашық дереккөзі
219

Украинадағы саяси оқиғалар әлемді екіге бөліп тынатын секілді. Қырғиқабақ соғыстың жаңа қыры пайда бола бастады. Әсіресе НАТО-ның Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қарқыны күшті. Солтүстік альянс бұрынғы кеңестік елдердің саясатына дендей еніп келеді. 

Ресей Өзбекстан мен Қырғызстандағы Америка жауынгерлерін саяси және өзге де тетіктерді пайдалана жүріп, қуып шыққанымен, НАТО басқа бос кеңістіктерге мықтап орнығуға кірісті. Орталық Азияға ауыз салғанда, АҚШ-тың Ауғанстан атты күшті сылтауы бар еді. Енді Шығыс Еуропаға әскерилерін енгізуге тағы бір себеп табылды. Ол – Украинадағы саяси тұрақсыздық.


НАТО және ҚАЗАҚСТАН


НАТО-ның Орталық Азияға көз тігуі бүгіннен басталған жоқ. ХХ ғасырдың соңындағы геосаяси оқиғалар жарты әлемді билеген КСРО-ны күйретіп кетті де, АҚШ-тың бүкіл әлемге қожа болуына есік ашты. Алайда Ресей АҚШ пен Батыстың ықпалына төтеп беріп, тойтарыс жасау керек екенін түсінгеннен бері әлем тағы да екіге жарыла бастады. Бұл жолы Ресейдің одақтасының бірі – Қытай болуы әбден мүмкін. НАТО Қазақстан аумағына енуі арқылы Орталық Азия мен Каспий маңы елдеріне бірдей көз тастай алады және бақылауды күшейтеді. Сол үшін Қазақстан аумағына енуді мақсат етуде. Қазір тым тереңдеп кетпесе де, НАТО мен Қазақстан арасында жасалған кейбір келісімдердің бар екенін ұмытпауымыз керек. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжіліс жақында НАТО-ның Ауғанстандағы әскери жүктерін Қазақстан аумағы және Ақтау порты арқылы шығару жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл ретте Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ұлы Британия және Италия мемлекеттерінің қорғаныс саласымен жеке-жеке келіссөзге келді. Мәжілістің мақұлдаған келісімі ресми түрде «Ұлы Британияның Ауғанстандағы арнайы тауарларын Қазақстан арқылы шығару жөнінде» деп аталады. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың түсіндіруінше, келісім бойынша, Британияға тиесілі жүктерді Қазақстан аумағы арқылы темір жол және теңіз порты арқылы тасымалдау қарастырылған. 

«Темір жол транзиті бір жағынан Қазақстанның Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасындағы, екінші жағынан Ресей шекарасындағы өткізу пункттерінде жүзеге асады. Теңіз транзиті – Ақтау порты арқылы өткізілмек. Каспий теңізінің өте маңызды зона екенін білеміз. Сол себепті де, Ақтау порты арқылы тасымалданатын жүктің барлық аспектілері қарастырылды. Бұл ретте біздің Каспий теңізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайлы мүддеміз ескерілді. Яғни Ақтау порты арқылы қауіпсіз, әскери сипаттағы емес жүктер тасымалданбақ. Арнайы жүктер темір жол арқылы тасымалданады», – деген Сыртқы істер министрі бұл жүктерді Қазақстан көлік экспедиторлары тасымалдайтындығын және транзитті қорғау жұмысы «Әскери теміржол қорғанысы» акционерлік қоғамға жүктелетіндігін жеткізді. 

Бұл келісімде, сондай-ақ, тараптардың бір-біріне әскери-техникалық көмек көрсетілуі қарастырылып отырғандығы айтылады. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Англия тарапынан құны 2 миллион фунт-стерлинг тұратын квадроциклдер мен тепловизорларды қайтарымсыз алу туралы келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. 

Дәл осындай келісім-шарт Қазақстан мен Италия арасында да жасалды. Мәжіліс жазғы демалысқа кетер алдында оны да мақұлдап кетті. Бұл келісім бойынша, Италия Ауғанстандағы әскерін және әскери тауарларын Қазақстан аумағы арқылы тасымалдамақ. Италияның әскерилері мен әскери тауары әуе тасымалы арқылы шығарылатын болады. Италияның Ауғанстандағы әскерилерінің жалпы саны – 4 мыңға жуық. 

Демек, НАТО Ауғанстаннан әскерін шығаруды сылтауратып, Қазақстанның әуе, темір жол және теңіз флотын пайдалануға қол жеткізіп отыр. Демек, бұл келіссөздер алда да жалғасын таба беруі ықтимал. Дегенмен, Ресейдің Украинадағы оқиғаларға қатысы бар деп білетін НАТО Ресеймен арадағы келісім-шарттардың барлығын жойып, қарым-қатынасты үзетіндігін мәлімдегені бар. Ал Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ тұрғысынан Ресейдің одақтасы, Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы тарапынан әскери бір одаққа енеді. Қырғызстандағы «Манас» әуежайындағы американдықтарды күшпен шығарған Ресей Қазақстанның да НАТО-мен байланысын құптай қоймасы анық.

Ал қазіргі жасалып отырған келісім-шарттар да тым тереңдеп кете қойған жоқ. Дегенмен, Қазақстан Орталық Азия аумағындағы НАТО-мен әріптестік іс-қимылдың жеке жоспарына қол қойған бірден-бір мемлекет. НАТО әскерилерімен бірлескен әскери оқу-жаттығуларына Қазақстан бірнеше рет қатысып үлгерді. Қазақстан НАТО-ның халықаралық алтыжылдық «Жоспарлау және талдау процесі» бағдарламасына қатысқан болатын. Солтүстік альянс одағы бұл бағдарлама арқылы Қазақстанның НАТО күштерімен бірге өткізетін операцияларына бөлінетін қаражат пен күшті есептеуіне мүмкіндік алды. НАТО сондай-ақ, Қазақстанның энергетикалық ресурстарын зерттеуге де қол жеткізуді мақсат етеді. НАТО-ның ғылыми және табиғатты қорғау бөлімі Қазақстанның мұнай-газ қорын зерттеуге де мол қаржы бөлді. 


НАТО және ШЫҒЫС ЕУРОПА 


«Росбалт» агенттігінің хабарлауынша, Литва Қорғаныс министрлігінің Қауіпсіздік саясаты департаментінің директоры Вайдотас Урбялис Балтық жағалауындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілуі тиіс деген мәлімдеме жасаған. АҚШ-тың халықаралық қауіпсіздік департаментінің басшысы Дерек Холлет Литва, Латвия және Эстония елдерінің қорғаныс саясаты департаменттерінің басшыларымен кездесу өткізді. Осы кездесу барысында аймақтағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында Солтүстік альянс тарапынан қосымша 1 миллиард доллар бөлу туралы ұсынысы қолдау тапты. 

Ресейдің Украинадағы іс-әрекеті және оның Балтық жағалауы елдеріне төндірген қаупін ескерген Эстония Премьер-министрі Таави Рыйвас НАТО жауынгерлерінің Эстонияда тұрақты түрде қалуын қалайды. Оның айтуынша, Балтық жағалауы елдері мен Польша жаңа «майдан маңындағы елдерге» айналды. Сол үшін, Солтүстік альянс әуе бақылауын күшейтіп, Балтық жағалауы елдеріне Зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін қондыру керек деген пікірде ол. Таави Рыйвас Батысты 2008 жылғы Ресей-Грузия арасындағы соғыстан кейін Ресеймен арадағы қарым-қатынасты бірден қалпына келтіргендігі үшін айыптаған болатын «Reuters» агенттігіне берген сұхбатында. Ал Финляндия Қорғаныс министрі Карл Кристоффер Хаглунд Фин елінің НАТО-ға енуін жылдамдату қажет деген пікірде. 

НАТО-ның Бас хатшысы Фог Расмуссен Ресей тарапынан көрсетіліп жатқан қауіп-қатер салдарынан стратегиялық өзгерістер қажеттігін сөз етті. Оның айтуынша, Альянс күштерін Шығыс Еуропаға ендіру мәселесі 2014 жылдың қыркүйек айында шешілмек. Маусым айының басында Брюссель қаласында Альянсқа мүше елдердің қорғаныс министрлерімен өткен кездесуде Ресейдің қазіргі ұстанып отырған саясатын еуроатлантикалық аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке төнген қатер деп бағалады. АҚШ президенті Барака Обаманың АҚШ әскерилерінің НАТО елдерінде орналасуы үшін 1 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлетіндігі туралы мәлімдемесін құп ала отырып, өзге мемлекеттердің ұлттық бюджеттеріндегі қорғаныс саласындағы қаржысының азайып кетпеуін қадағаламақ. Кездесуге қатысушылар 2014 жылдың қыркүйегінде Уэльсте басқосып, Шығыс Еуропаның Польша, Румыния, Литва, Латвия және Эстония секілді елдерінде НАТО әскерилерін орналастыру туралы мәселені шешейік деп тарасты. 

Бұның алдында НАТО Ресеймен арадағы барлық байланысты үземіз деген шешім қабылдаған болатын. Биылғы наурыз айының соңында Балтықжағалауы елдерінде НАТО авиациясы мен АҚШ-тың қатысуымен екі күндік оқу-жаттығу ойындары өтті. Оны Германия тарапы басқарды. Ұлыбритания, Дания және Франция бұл жаттығу үшін өз әскери ұшақтарын берді. Литва Қорғаныс министрі бұл оқиғаны көрші елдердегі оқиғамен түсіндірген. Яғни, ашып айтпаса да, Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың ушыққаны сабақ болды деген. Алайда НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен НАТО Ресеймен шекаралас мемлекеттерге өз әскерилерін әзірге енгізбейтіндігін, мәселені дипломатиялық және саяси тұұрғыда шешуге талпынатындығын ескерткен. Дегенмен наурыз айының орта шенінен НАТО ұшақтары Балтық жағалауы елдерінің төбесінен үнемі ұша бастаған, Польшадағы әскерилердің саны артқан. 

Ресей де қарап жатқан жоқ. НАТО елдері орналасқан мемлекеттерге өзінің бомбалаушы күштерін жіберген. Балтық жағалауы елдерінде өткен НАТО әскерилерінің оқу-жаттығу ойындарымен қатар, Калининград облысында оқу-жаттығу ойындарын өткізді. Бұл жаттығуға қатысушылардың саны, әскери техниканың күшін НАТО-ның Балтық елдеріндегі әскерилер санымен бірдей дәрежеде болған. Маусымның 11-інде Ресей Калининград облысындағы өз аумағына стратегиялық бомбалаушы ұшақтары мен басқа да әскери ұшақтарын жіберген. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, олар Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын және Балтық теңізіндегі теңіз коммуникациясын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін оқу-жаттығуларына қатысатын болады. Ресей Қорғаныс министрлігінің баспасөз-қызметі таратқан мәліметке жүгінсек: «Оқу-жаттығу алаңындағы авиация тобы – Су-27 истребителімен, Су-34 бомбалаушысымен, Су-24МР барлаушы-ұшақтарымен, А-50 ұзақты бақылағыш ұшағымен толықты. Әуе патрулі қызметін атқару аймағында алыс авиация бомбалаушысы – Ту-22М3 ұшағы орналасқан». Калининград облысындағы оқу-жаттығулар НАТО елдерінің Балтық елдерінде өткізген Saber Strike – 2014 және Baltops-2014 маневрларымен бір мезгілде өткізілді. 


НАТО және ӨЗБЕКСТАН


Ресей сарапшылары НАТО-ның өткен ғасырдың 90-жылдарында өз аумағын Шығыс Еуропаға қарай созбауға уәде бергендігін айтады. Ресей қос Германияның бірігуіне рұқсат бере отырып, НАТО тарапынан осындай уәде алған екен. Алайда, 1999 жылы НАТО-ға Польша, Чехия және Венгрия секілді бұрынғы Варшава шарты одағына мүше елдер қабылданды. Бұдан кейін НАТО қатарын Болгария, Румыния, Словакия және Балтық жағалауының үш мемлекеті толықтырды. 2009 жылы бұрынғы Югославия қатарында болған Албания мен Хорватия енді. 

НАТО-ның ендігі көздегені Орталық Азия елдері. Грузия мен Украина да НАТО-ға енуге мүдделі. Жақында Ташкентте НАТО өкілдігі ашылды. НАТО мен Өзбекстан арасының жақындауына Ауғанстаннан Альянс әскерилерін шығарып әкету себеп болған. Ташкент 2012 жылдан бері Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына мүшеліктен бас тартты. Оның бұл одақтан бас тартуы бір бұл емес. 1999 жылы, 2005 жылы және 2012 жылы. Сол себепті де сарапшылар Өзбекстанның сыртқы саясатының тұрақсыздығын айтуда. Өйткені Өзбекстан 2005 жылға дейін Батыспен қоян-қолтық қарым-қатынас ұстанып келді. 2005 жылғы Андижан оқиғалары Өзбекстан мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың ушығуына себеп болды. Соңғы жылдары Өзбекстан АҚШ әскерилерін өз аумағына енгізуге рұқсат берсе, енді НАТО кеңсесінің ресми ашылуын қамтамасыз етті. Сол себепті де Өзбекстанның сыртқы саясаты көпке түсініксіз. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары