ТОТЫДАЙЫН ТАРАНҒАН

ТОТЫДАЙЫН ТАРАНҒАН

ТОТЫДАЙЫН  ТАРАНҒАН
ашық дереккөзі
364
Астана барынша жасанып, таранып, өзінің 16-жылдық кішігірім мерейтойын бастап та кетті. Осы жылдар ішінде Астананың туған күні жалпыұлттық мерекеге айналғаны даусыз. Мұны елордаға аймақтардан ағылған қонақтардың нөпір санынан да, мерекелік бағдарламаның кең ауқымынан да көруге болады.

 

АСТАНА – ЖАСЫЛ ҚАЛА

 

Жаз келе жасыл желекке оранған Астана қала күні жақындаған сайын түрлі-түсті гүл дестелерімен көмкеріліп, сәндене бастады. Астананың жасыл қалаға айналуы барысын Елбасының жіті бақылауда ұстайтыны белгілі. Жылдағы дәстүрге сай, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада арнайы кеңес өткізіп, одан соң елорда маңайындағы жасыл орманды аралап, оның жай-күйін өз көзімен көріп шықты. Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматуллин, қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қаппаров, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, Ақмола облысының әкімі С.Кулагин, сондай-ақ қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Е.Нысанбаев қатысқан кеңесте елорданың айналасында жасыл аймақты қалыптастыру жұмыстарының қазіргі барысы мен келешегі талқыланды. Жалпы алғанда, 1997-2013 жылдар аралығында отырғызылған ағаш көшеттерінің жалпы ауданы 70 мың гектарды құраған, оның 15 мыңы қала аумағында, қалған 55 мыңы қала сыртында егіліпті. «Содан бері 16 жыл өтті, Астананың айналасында нағыз «жасыл белдеу» орнады. Оның жазық даладағы нағыз орманға айналғаны маңызды. Бұл жер жарамсыз болғандықтан, ағаш өспейді деп санағандар болды. Алайда біздің орманшылар мен ғалымдардың бұл мәселеге біліктілікпен қарау, қажетті көшеттерді іріктеп алуы ғажап нәрсе жасауға мүмкіндік берді – қаланың айналасында 60 мың гектар, қала ішінде тағы 20 мың гектар аумаққа ағаш егілді. Егілген орманның жалпы ауданы 2020 жылға дейін 100 мың гектарға жетеді»,– деді Н.Назарбаев. Қала күні қарсаңында жасыл алқапқа 16 марал, 2 кермарал, 150 қырғауыл жіберілді. Жасыл алқап қазірдің өзінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін табиғат аясында тыныстайтын жайлы демалыс орнына айналып келеді. «Жасыл аймақ» тұжырымда­ма­сы­ның бірінші кезеңі аясында 2020 жылға дейін жасыл желек аумағын 100 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Екінші кезеңде қазіргі ағаш көшеттері арасындағы бос жерлерге ағаш отырғызу арқылы Астананың жасыл аймағын тығыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазір қала шегіндегі орман аумағы 14,8 мың гектарға жуықтап, онда 9,6 миллионнан астам ағаш және 1,9 миллионға жуық бұта өсіп келеді. 2030 жылға дейін 9,8 мың гектар аумақта ағаш отырғызу жоспарланған. Бәлкім, Президент айтпақшы, болашақта Астананың айналасындағы жасыл аймақты Бурабай өңіріндегі орманға жалғайтын күн де туар?

 

30 МЕТРЛІК БАТПЫРАУЫҚ – «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫҢ» СИМВОЛЫ

 

Биылғы туған күн қарсаңында астаналықтар мен елорда қонақтарын таң-тамаша қылатын түрлі шаралар тым көп. Кейбірі бұрын-соңды Астанада болмаған өзгеше шоу, ерек фестивальдар. Мысалы, 5 шілдеге жоспарланған «Астана аспаны» деп аталатын батпырауық фестивалінің өзі неге тұрады десеңізші! Ақбұлақ өзені жағалауындағы саябақта өтетін фестиваль аясында осы спорттың халықаралық шеберлері өнер көрсетіп қана қоймай, балақайларға батпырауықты жасау мен оны ұшырудың әдіс-тәсілдерін үйретеді. Ұйымдастыру комитеті өкілдерінің айтуы­на қарағанда, ең алып батпырауықтың ұзындығы 30 метрге дейін жететін көрінеді. Барлық батпырауықтар бамбук пен қайта өңделетін қағаздан жасалған, сондықтан да ұйымдастырушылар осылайша бұл фестиваль «жасыл экономиканың» қағидасымен үндес деседі. Шілденің алғашқы күні «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнері фестивалі басталып кетті. Сегіз күнге созылатын фестиваль осымен жетінші рет өтіп отыр. Оған Ресей, Қытай, Моңғолия, Вьетнам, Беларусь, Якутия, Украина, Өзбекстан және Қазақстан цирк өнері шеберлері бақ сынасады.

 

ӘКІМ ВЕЛОСИПЕДПЕН БЕС ШАҚЫРЫМДЫ БАСЫП ӨТТІ

 

Астана күніне санаулы күндер қалғанда елордада ұйымдастырып жатқан той-томалақ, фестиваль-шоуларда есеп жоқ. Мұның бәрі жазғы Астананың ауасын мерекелік көңіл-күйге толтырғандай. Маусымның соңғы күндерінің бірінде Астанада «Сабантой-2014» мейрамы өтті. «Жастар» сарайының алды достық пен еңбекті насихаттайтын дәстүрлі мерекенің мекеніне айналды. «Бәйтерек» медиа-орталығы таратқан мәліметке сәйкес, той-шараға Парламент Мәжілісінің, Қазақстан халқы ассамблеясының, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері қатысқан. Олар татар мен башқұрт ұлттық тағамдарынан дәм татып, ұлттық ойындарда күш сынасты.

Бұдан соң астаналықтар Олимпиа­да чемпиондарын құшақ жая қарсы алып, олардың веложарысына куә болды. «Қайсар Керуен» деп аталатын веложарысқа 1500 астаналықпен бірге Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те қатысты. Бес шақырымдық жолды велосипедпен басып өткен әкім астаналықтарды қала күнімен құттықтады: «Астана – жастардың қаласы. Мұны бүгінгі веложарысқа қатысқандардың қатарында жастардың көп екенінен-ақ байқауға болады», – деді И.Тасмағамбетов. Бұл шара салауатты өмір салтын насихаттаудың бір амалы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстан түскен қаржы мүгедек жандарға көмек беруге жұмсалады.

ЖАРАСЫМДЫ ОТБАСЫ – АСТАНАНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

 

Ал дәл мереке күндері, яғни 5-7 шілдеге жоспарланған іс-шаралардың тізімінен көз сүрінеді. Астана күнін тамашалауға келген қонақтар үшін www.astanaday.kz сайтында таңдау көп. Ең басты шаралардың бірі – үш күн қатарынан «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда қанат жаятын «Шуақты қала» отбасылық фестивалі. Бұл жерде ата-ананың да, балалардың да көңілінен шығатын сауық-сайран табылады. 16 аумаққа бөлінген алаңда балаларға арналған мастер-кластар, ересектерге арналған спорттық жарыстар, өнер сабақтары, ән-күй фестивалі т.б. көптеген ойын-сауық ұйымдастырылады.

Жалпы, Астана күнін тойлауда отбасылық мерекенің сипаты басым екені соңғы жылдары айқынырақ сезіле бастады. Отбасыларға арналған тағы бір мерекелік шара – «Мерейлі отбасы» сайысы. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 отбасы республикалық сайыста бақ сынаспақ. Биыл бұл сайысқа барлығы 44 астаналық отбасы қатысқан екен, олардың ішінен 67 адамы бар теміржолшылар отбасы үздік шығыпты. Ал 16 жанұяның ішіндегі маңдайалдысы алдағы қыркүйек айындағы ақтық сында айқындалады. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде Астанада 800 мың адам тұрады. «Астана таңдауы-2014» байқауы мұғалім, дәрігер, қоғамдық көлік жүргізушісі, құрылысшы, энергетик, жол сақшысы, полиция инспекторы сияқты мамандық иелерінің маңыздылығын айшықтауға арналған. Екі жылдан бері өткізілетін байқаудың жеңімпаздарын қала тұрғындары онлайн дауыс беру арқылы анықтайды. Биылғы байқауда дауыс беруге 160 мың адам атсалысқан екен. Бұл күндері балалар шығарма­шы­лығы да басты назарда. Дәстүрлі «Аялаған Астана» музыкалық байқауы елорда сахнасына жас таланттарды жинайды. 8-12 жастағы өнерпаздар ән, би өнері сайысында бақ сынаспақ. Биылғы ақтық сынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 17 талапкер қатысады. 4-6 шілде аралығында өтетін сайыстың жеңімпазы 1 миллион теңге және балалардың «Жаңа толқын» байқауына қатысуға жолдама алады.

 

ӨНЕРПАЗ БОЛСАҢ, АРҚАЛАН…

 

Биыл Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана жұлдызы. Ұлттық музыкалық бәйгесі-2014» осымен екінші рет өткізілгелі отыр. Қазақстандық шоу-бизнес, кино және өнер жұлдыздары қызыл кілемнің үстімен жүріп өтіп, салтанатты шеру жасамақ. «Қазақстандық музыканың келешегі» деп аталатын тақырыпта ой салуды көздеген шоу Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырған. Былтыр «Астана жұлдызы. Ұлттық музыкалық бәйгесі» сыйлығының иегерлері болып Роза Рымбаева, «МузАрт», «Ұлытау», «Musicola», «КешYou», Маржан Арапбаева, Әли Оқапов, ағайынды Задарновтар таңдалған еді. Ал биылғы лау­реаттар кім болатыны 3 шілдеде анықталады. 4-7 шілдеде «Хан Шатыр» орталы­ғы­ның алдында «Астана маңайындағы мыңжылдықтар» атты дәстүрлі фестивалі өтеді. Жеті жылдық тарихы бар фестиваль Астана күнінің мерейін асырып, көшпелі өркениеттің насихатшысына айналды. Көшпелі дәуірдің мұрасы айшықталып, қолөнер туындылары паш етілген фестиваль ашық аспан астындағы мұражайдан бір мысқал да кем емес. Ал биылғы игі жаңалықтардың бірі – Қырғызстаннан келген ағайынды Дикамбаевтар бастаған каскадерлер «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Көкпар», «Жамбы ату» сияқты ұлттық ойындар көрсетіп, көрерменді қазақтың бай өнеріне тамсандырмақ. Фестиваль аясындағы ұлттық музыка аспаптарының концерті айрықша атап өтуге тұрарлық. Күй, толғау, терме, халық әндері Астана аспанында шарықтап, қала күнінің құлақ күйін келтіретініне күмән жоқ. Бұл аз десеңіз, «Астана самалы» атты халықаралық үрмелі аспаптар фестивалі мерекелік күндердің сәнін кіргізеді. Онда Ұлттық гвардияның Орталық әскери оркестрі, Қорғаныс министрлігінің үрмелі аспаптар оркестрі (Астана), Ұлттық гвардияның «Оңтүстік» үрмелі аспаптар оркестрі (Алматы), Астана қаласының Мем­ле­кеттік филармониясының үрмелі аспаптар оркесті және Тыва Республикасы үкі­метінің үрмелі аспаптар оркестір өнер көрсетеді. 5 шілде күні үрмелі аспаптар шеруі бас алаңнан басталып, орталық көшелерді бойлай салтанат құрмақ. Ал 6 шілдеге жоспарланған «Асқақ­тай бер, Астана!» атты бас концерттік ша­раға американдық R’n’B әншісі, компо­зитор әрі музыкалық продюсер Akon шақырылған. Ұйымдастыру комитетінің өкілдерінің айтуынша, барлық концерттік шаралардың билеттері Астана күнінен он күн бұрын алдын-ала сатылып кеткен. «Сарыарқа» велотрегінде өткізілетін «Асқақтай бер, Астана» гала-концертінде шетелдік және жергілікті өнер жұлдыздары өнер көрсетеді. Бұған қоса «Астана Шаттық» авто­керуені осымен бесінші рет қала көше­ле­рін аралайды. 5-7 аралығында үш күн бойы қазақ эстрада жұлдыздарынан құралған топ көрермендерге түрлі жанрда ән-шашу жасамақ.

 

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – АСТАНАНЫҢ БІР СИПАТЫ

 

Астана күніне орай өткізілетін концерттер мен шоу-бағдарламалардан түскен қаражаттың «Бәйтерек» қайырымдылық қорына аударылатынын бұған дейін жазғанбыз. Төрт жылдан бері билет сатудан түскен пайда мүгедек балалардың ем-домына жұмсалып келеді. Бүгінге дейін 96 ауру балаға жалпы шамасы 100 миллион теңге көлемінде көмек берілген. Мереке күндерінде ұйымдасты­рыл­ған басқа да қайырымдылық шаралар баршылық. Оның бірі – көпбалалалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардан шыққан 1200 бүлдіршін әлемдік иллюзионистердің өнерін тегін тамашалайды. Қала күніне орай «MagicAstana» атты халықаралық фестивалі аясында екі күн бойы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында әлемдік иллюзионистердің өнер көрсететіні белгілі. Бұл шоу-бағдарламасының билеттері жарты ай бұрын түгел сатылып кеткен көрінеді. Сондықтан осындай ғажайып шоудың астаналық балалар үшін тегін көрсетілетінінің өзі де ғажап жағдай. 6 шілде күні Көшпелі өркениет фестивалі аясында «Мұра» әлеуметтік акциясын өткізу жоспарланып отыр. Атақты қолөнершілер мереке күндері жасаған өз туындыларын Астана қаласындағы балалар үйлері мен мектептерге сый-тарту етеді. Бұл шара көзі жәудір жеткіншектерді ұлттық өнерге баулу үшін ойластырылған екен. Бәлкім, хас шеберлер қолынан шыққан ұлттық музыка аспаптары балалар үйіндегі бүлдіршіндердің талантын ашуға себеп болар, кім білсін? Мұның бәрі – Астана күніне орай өткізілетін түрлі іс-шаралардың бір парасы ғана. Мерекенің шын сипатын сезініп, оның ауқымына куә болу үшін бұл күндерді Астанада өткізу керек. «Той десе, қу бас домалайды» демей ме…

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары